51192
Елордада ақша айырбастау пунктері арқылы жалған доллар сатылды
Елордада ақша айырбастау пунктері арқылы жалған доллар сатылды
Нұр-Сұлтан қаласында 54 850 АҚШ доллары көлемінде жалған ақша сатқан қылмыстық топ сотталды деп хабарлады turkystan.kz қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.
Жасанды банкноттарды елорданың валюта айырбастау пункттері, банкоматтар арқылы жеке есепшоттарды толтыру, сондай-ақ OLIMPBET букмекерлік кеңсесіндегі жеке шоттарға салу арқылы айналымға тартқан.
«Сот үкімімен А.А.Жомарт, И.Х.Чекиев, Р.А.Иманбаев пен Б.Е. Төлеутай шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айырылды», - деді агенттіктің баспасөз қызметі.
Осыған орай, қаржы мониторингі агенттігі азаматтарды абай болуға және бейтаныс адамдардан шетел валютасын сатып алмауға кеңес берді. Жалған ақша белгілері анықталған жағдайда дереу сенім телефонына хабарласу керек.
«Жасанды банкноттарды анықтау қылмыс болып табылмайды, алайда жалған ақша белгілерін сату үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - деді агенттік мамандары.