1 миллионнан астам жұмысшының жалақысы өседі

1 миллионнан астам жұмысшының жалақысы өседі

1 миллионнан астам жұмысшының жалақысы өседі
ашық дереккөзі
50278
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бір миллионнан астам жұмысшының жалақысы көтерілетінін мәлімдеді деп хабарлады turkystan.kz Үкімет халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында біраз шараларды қолға алды. Негізгі мақсаттардың бірі – жұмысшылардың жалақысын көтеру.
«1,1 миллионнан астам жұмыскердің еңбекақысын арттыру көзделген. Соның ішінде бюджет саласының 850 мыңнан аса қызметкерлерінің лауазымдық айлық ақысы ұлғайтылады. Мәселен, дәрігерлердің жалақысы 320 мыңнан 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 173 мыңнан 250 мыңға дейін өседі. Педагог мамандардың жалақысы да артады», - деді Тоғжанов Сенаттың жалпы отырысында.
«Самұрық-Қазына» қорына қарасты тағы төрт компанияда жылдың соңына дейін өндірістік персоналдың еңбекақысы 5-18 процентке көтеріледі.
«Бұдан бөлек, мемлекеттен қолдау шараларын алатын ірі бизнеске қатысты міндеттемелерді белгілеу есебінен онда істейтін 2,8 миллион қызметкердің орташа жалақысы өседі. Ашығын айту керек, біз мұндай талапты бірінші рет қойып отырмыз. Бүгінде мемлекеттің үлкен бағдарламаларына, соның мемлекеттік сатып алуларға қатысатын көптеген ірі компания бар. Олармен нақты келісім жасалған», - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Тоғжанов осы уақытқа дейін жұмысшылардың жалақысын көтерген ірі компанияларды да атап өтті. Олардың ішінде KAZ Minerals (15 процент), ҚазАзот (20 процент), ERG (25 процент), Қазақмыс (30 процент) және тағы басқа кәсіпорындар бар. Жалпы, 150-ден астам компания жалақыны көтеруге келісті.

Серіктес жаңалықтары