1202
Ел бірлігін аңсаған ақын
Ел бірлігін аңсаған ақын
Даусыз дарын екенін бүкіл қазақ мойындаса да, әлі лайықты бағасын толық алмаған бір ақын бар. Ол – дауыл жырлар тудырған дауылпаз Дулат Бабатайұлы. Кеңес үкіметі кезеңіндегі зерттеулерде ақынға деген көзқараста біржақтылық орын алды. Дулат шығармашылығын зерттеушілердің ақынның елді бірлікке шақырған идеясын ғылыми талдап жеткіземіз деген талпынысы бос әурешілікке айналды.
Большевиктік билік оған тек діншіл, ескішіл ақын деп қарады. Алдымен ақын шығармаларын жинап, қолжазба қорына тапсырған халық ақыны Шәкір Әбенов сол кездегі Ғылым академиясының басында отырған Сақтаған Бәйішевтің қатал сынына іліксе, кейіннен 1959 жылғы қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері қаралған ғылыми конференцияда жасаған баяндамасы үшін жас ғалым Ханғали Сүйіншәлиев Манап Хасенов деген ғалымның сынына ілікті. Конференция қорытындысында академик Мұхтар Әуезов те Дулатты кертартпа ақындардың қатарына қосып, орта мектептерде оқытпауға өз үлесін қосты. Классик жазушымыз олай жасамаса, өз өміріне қауіп төнетін еді. Өйткені Дулат шығармаларының дұшпандары алыста емес, өзінің айналасында жүргенін білді. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл өтсе де, сол салқындық сызы әлі сезілетіндей. Олай дейтініміз, Абай Құнанбайұлына үлгі болғаны жырларынан көрініп тұрса да, оны ұлы ақынның ұстазы ретінде ұлықтауға қарсы адамдар әлі де болса арамыздан табылады. Сол салқындықтың әсерінен ақынның атына үлкен қалалардан дұрыс көше беріліп, еңселі ескерткіш орнатуға бөгет болып келе ме дейміз. Бірақ Дулаттың ел бірлігін толғаған жырларын тарихтан ешкім өшіре алмайды. Басты ескерткіш сол ғой деп өзімізді жұбатамыз.
ХІХ ғасырдың алғашқы жартысы Ресей патшалығының кең қолтығына кірген қазақ даласындағы хандық билік жойылып, империялық жымысқы саясаттың сыналап ене бастауымен ерекшеленді. Аз халықтарды отарлаудың сан-қилы әдіс амалдарын меңгерген патша үкіметі батыстың «бөлшекте де билей бер» деген сан ғасырлық қалыптасқан қағидасы бойынша айрандай ұйыған елдің ішін бірнеше округке бөліп, қаймағы бұзылмаған қазақ руларының арасына іріткі салды. Олар қазақты отарлауды қазақтың қолымен жасады. Яғни, билікқұмар ел жақсыларын шен-шекпенмен сатып алу әдісін қолданды. Елді ояздықтарға бөлу, бұрынғы төре тұқымынан билікті тартып алып, қарадан аға сұлтандар сайлау елдің ішін таққұмарлыққа, парақорлыққа, орыс ұлықтарына жағынған жағымпаздыққа апаратын былыққа белшеден батырды. Қазақ ұлтының біртұтастығына қауіп тудырған мұндай келеңсіз жағдайлар қалың бұқараның наразылығын тудырды. Наразылық жанайқайы сол кезеңдегі алдыңғы қатарлы ақындардың жыр-толғауларында кеңінен көрініс тапты. Әсіресе, қазақ өлеңінің өлкесіне бұрынғыдай сырттай топшылап толғау емес, қоғамдағы барлық оқиғаларды өз жүрегінен өткізіп, ішіне еніп, жанымен сезініп, яғни барлығын өз атынан жырлау үлгісін әкелген Дулат Бабатайұлы шығармаларында сол кездегі ел ішіндегі берекесіздік, ұлық атаулының ұлтқа жасаған сатқындығы өткір сынға алынды. Ол батыстан төніп келе жатқан ақ патшаның отарлау саясаты қазақ халқының болашағына үлкен қауіп екенін ескертеді. Сол қауіпті сезбеген елдің бейғамдығына налиды.
Батыстан патша түнегі,
Жеріңе келіп түнеді.
Жоныңнан таспа тіледі,
Ішіңе әбден кіреді.
Оны Дулат біледі.
Серпуге тұяқ жарамай,
Елді басқын басқандай –
деп ішкі қарсылық ойын ашық айтады. «Кезқұйрықты лашын деген, кенеусізді асыл деген, құладынды сұңқар деген, шабан жабыны тұлпар деген» жұрттың келешекке немқұрайлылығына, билікке табынғыштығына, майырға жағынғыштығына күйзеледі. Олардың «Күнбатысқа көз салмай, күншығысты еске алмай, бізді алатын жау жоқ деп, бізден мықты дәу жоқ деп» еліргендігіне өкінеді. Елбүлдіргіштердің билікке келуіне ашық наразылық көрсетеді. Ақын тілімен түйрелген «кезқұйрық», «кенеусіз», «құладын», «жабылар» «майырдың бұйрығын алса, борбайға құйрығын қысып» жортатын, өзінің жеке құлқыны үшін орыстың бодандығын мойындап, ұлықтардың нұсқауымен қажыған халыққа тізесін батырған «ел пысықтары» еді. Дулат Бабатайұлы шығармашылығын кеңінен зерттеген ғалым Құлмат Өмірәлиев: «Дулат қазақ халқының қорлыққа түскен күні үшін «ел жақсыларын» аяусыз сынады, «күшік ит», «қорқау қасқыр», «жемтікке қонған күшіген», «үйінді тас мола», «өлексе», «аузын буған қой», «жаман ит» т.б. деп бар жағымсыз дүниеге соларды балап, мазақты образдар жасады», – деп түйіндеуінің мәнісі сонда жатыр.
Дулаттың көксегені – ел бірлігі, ұлт бостандығы. Елде бірлік, ұлықтарда иман болмайынша, қоғам түзелмейтінін кесіп айтады. Ол осы ұлы идеясын жүзеге асыру жолында ешкімнің де бет-жүзіне қарамайды. Барақ, Кеңесбай, Сүлеймен сияқты аға сұлтан, төрелерге қасқайып тұрып қоғамның ащы шындығын ақтарады. Қазақ халқының бойындағы барлық жағымсыз мінездерін қатал сынға ала отырып, ұлттық тұтастықтың негізі адамгершілікте, ауызбірлікте жатқанын уағыздайды. Кешегі Абылай, Әбілпейіз сұлтандар заманындағы елдің ауызбірлігін мысалға келтіріп, Сыбан елінің билеушілеріне арғы аталары Нар дауысты Нарынбай, Қу дауысты Құттыбай, Ақтайлақ шешен секілді жұрттың басын біріктірген қара тілдің ділмарларын үлгі тұтуға шақырады. Дулаттың «Бараққа» деген толғауы Бұхардың Абылай ханға қаратып айтқан толғауымен өзектес. Хандық билік жойылғанымен, қолынан әлі биліктің күші кетпеген, беделі бес атанға жүк болатын атақты Солтабай төренің Барағына сүйектен өткізе сөйлеуі оның ақындық ұстанымының нық болғанын айқындайды. Академик Қажым Жұмалиевтің: «Ел» – Дулат өлеңдерінің негізгі мотиві. Елдік, бірлік, «Замана», «Ақтан жас», «Сүлейменге» т.б. өлеңдерінде жырланады. Елдің бірлігі азайып, бұл елдікке нұқсан келтіргенін, аға сұлтан, бай-феодал, ел басқарушылар халықты емес, өз тіршілік құлқындарын ойлайтынын айта келіп, бір өлеңінде жырау құмырсқа мен бөденені мысалға алады:
Елдігің кетіп ыдырап,
Білгені өсек сыбырлап.
Алтын жығаң сөгіліп,
Абыройың төгіліп,
Барыңнан да жақсы еді
Жоқ болғаның мұнан да, –
деп, Дулат ашына жырлап, көпшіліктің бәріне ұрсады. Ел боламын десең, өсек, өтіріктен аулақ қаш. «Алтын жығаң» – бірлігіңді бұзба деп басалқылық айтады», – деген ойы пікірімізді қуаттай түседі.
Ақын шығармаларында елдің орнына өзін қоя сөйлейтін тұстары бар. Бұл үрдіс ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Дулаттан басталған деп айтуға толық негіз бар. Себебі оның замандастарында мұндай үлгі кездеспейді. «Біреудің отын үрледім, өз отымды жақпадым», «Азын-аулақ жиғаным, өзіме де бұйырмай» т.б. сияқты соны тіркестер – соның дәлелі. Ақынның біреудің отын үрледім деп отырғаны – отарлаушылардың айтқанына көніп, айдағанына жүретін, өз ішінің бірлігі мен тірлігін ойламайтын сол кезеңдегі қазақ қауымының жай-күйі. «Азын-аулақ жиғаным өзіме де бұйырмай» деп қазақтың жиған малы, байлығы, шұрайлы жері үстем елдің қанжығасында кетіп бара жатқанына қиналған қауіптің жанайқайы. Жалпы, сол кезеңде басталған отарлаушылардың арам пиғыл, ашкөздігінен қауіптенген ақынның толғанысы жарты ғасырдан астам уақытта жүзеге асқанын тарих дәлелдеді. Ақынның көрегендігіне қайран қалмасқа шарамыз жоқ.
Ұлт тұтастығының тағы бір көрінісі – белгілі бір территориялық жерді мекендеуі. Ол кезде қазақтың тұтастығын сақтап тұрған төрт түлік малына қоныс болған жаз жайлауы мен қыс қыстауы еді. Елдің сауыр жерден айырылып қалуына қауіптенген ақынның ішкі жан толғанысы «Ата қоныс Арқадан», «Ақжайлау мен Сандықтас», «О, Сарыарқа, Сарыарқа», «Сауыр жерден айырылып» толғауларында көрініс тапты. Алғашқы толғауда Дулат өзінен бұрынғы кезеңдегі қазақ пен қалмақ арасындағы соғыста атақонысынан айырылып шұбырған елдің басын қосқан Абылай ханның айбынын үлгі қылады.
Атақоныс Арқадан
Қалмақтың таймай іргесі,
Сөлі кетіп қазақтың,
Қалған кезде сіргесі
Әбілмансұр хан болды:
Хан болмады қазаққа,
Ағарып атқан таң болды, –
дейді. Ақын «қалмақты Алатаудан асырған», «бозбалаға сәйгүлік пен саңлақты мінгізген», «толағай тұлдыр қыратты төрт түлікке толтырған», «оңы – күн, солы – ай болған» Абылай заманын армандайды. Бодандыққа бой ұсынған елдің келбетін «қайраңдаған кемеге» теңейді. «Қабырғасы сығылған, үріккен қойдай бір-біріне тығылған» жұрттың шарасыз халіне алаңдайды. «Ақжайлау мен Сандықтас» толғауында:
Қаларсың бір күн Сандықтас,
Құлан жортпас бел болып,
Жоныңнан тас бастырып,
Тамырыңды қопарып,
Шошқа түртіп қыдырып,
Самалың салқын соғатын
Сары ызғырық жел болып, –
деп жырлауының астарында егер жерден айырылса, қазақтың келешекте ел болуына деген үлкен күмән жатыр. Бұл жердегі «шошқа», «сары ызғырық жел» образдары отарлаушылардың бейнесін білдіреді. Ақын осыларды ойлап «ұйқы беріп, қайғы алады». Ақын туған өлкенің басына түскен қайғысын жырлай отырып, көркем тілмен бүтін бір пейзаждар галереясын жасайды. Мәселен, «Жылқыңның шабы бусаған, Ыңыранып қойың жусаған», «Масаты кілем жайғандай, Қоныстың шұрай жері едің» деген тіркестерінен көз алдымызға тамыздың тамылжыған шағындағы жайлаудың мамыражай көрінісі елестері сөзсіз. «Сауыр жерден айырылып» толғауында «сай-саласы толған жеміс», «қыры – малдың кіндігі», «ойы – өнім егіс» болған Аягөз өзенінің маңын жайлаған елге келген отаршылықты ақын зобалаң деп қабылдайды.
Жағаңа дуан түскен соң,
Суыңды орыс ішкен соң,
Аягөз суы қағынды, –
деп толғанады. Бұл жердегі «су» – қалың елдің образы. «Шайқады қулар тағымды, тайдырды бастан бағымды» немесе «Ұзын өріс қысқарып, кең өрісім тарылды», «Ағайын араз болған соң, ел екіге жарылды» деген жолдардан ел басшыларының құлқынқұмарлығына, қазақтың алтыбақан алауыздығына деген өкініштің табын көреміз. Дулат шындығында елдік пен еркіндіктің жолында барлық ақындық қуатын сарп етті. Оның ойында ұлттың рухы, қазақтың болмысы ақ патшаның әкелген өзгерісімен бірге жойылып кетеді деген қорқыныш болды. Ол ойының астарында ұлы ақиқат жатқаны айдан анық еді. Академик Зәки Ахметовтің: «Түгелдей алғанда қазақтан шыққан ел билеушілердің билігі шектеліп, ақ патшаның үстемдігі әбден күшейді. Ел жақсы қонысынан, жайлауынан айырылып, ығыстырылды. Дулат міне осы бір жаңа тарихи кезеңнің жыршысы, елдің еркіндігін шектеген отаршылдықтың сыншысы, елдіктің, қолдан шығып бара жатқан еркіндіктің жоқшысы, жаршысы болды. Дулаттың ұлылығы да осында еді», – деген пікірі ақынға берілген әділ баға деп түсінеміз.
Дулатта «Енді қазақ ел болмас» деген тіркес бар. Ақын оны заманға сай адамдардың арам пиғылдарына, «қан шыққан жерді қасқырменен аралас жұлмалайтын жаман иттей» кертартпа мінездеріне ашынғаннан айтты. Оның түсінігінде елдің екіге жарылуына біліксіз басшылардың парақорлығының, елге жасаған зорлық-зомбылықтарының әсері мол. Екіншіден, Дулат өмір сүрген кезең – Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ баһадүрлерінің қаймана елдің қамы үшін атқа қонған кезі. Бұл уақытта да қазақ ұлықтарының бір парасы Кенесарыны жақтаса, бір парасы билігі мен тағын күйттеп орыс әскеріне көмектескені белгілі. Ақынды ашындырған сатқындардың сипатын екінші топтан көреміз.
Дулат Бабатайұлы – ұлт ақыны. Биыл 220 жылдық мерейтойын атап жатқан тұста солай деуімізге толық негіз бар. Оның арманы мен мұраты қазақ ұлтының елдігі мен бірлігі болды. Шығармаларының көркемдігі тұрғысынан салыстырсақ, өз замандастарынан мойыны озық тұрады. Өзі өмір сүрген заманның шындығын терең оймен көркемдеп жеткізе алған ақынның ғана туындылары өміршең болмақ. Бұл тұрғыда ұлы абыздың көркем туындыларының қазақ әдебиетінде алатын орны мәңгілік. Осы уақытқа дейін Дулаттың мерейтойларын туған ауданы Аягөзде ғана тойлап келді. Ақынның алда 225 жылдық мерейтойы келе жатыр. Соны бүкіл республика болып кең көлемде атап өтетін тұлғалардың тізіміне қосса құба-құп болар еді.
Ақынның 220 жылдық мерейтойына орай, 26 мамыр күні сағат 11.00-де Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Поэзиядағы Дулат Бабатайұлы дәстүрі және ұлттық тұтастық идеясы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты