798
Ешқашан ұмытпаймыз! Ұмытпаспыз...
Ешқашан ұмытпаймыз! Ұмытпаспыз...
Биыл, 1921-1922 жылғы Лениндік «Ет пен сүт» декретінен (Қаулысынан) кейін болған ашаршылыққа – 100 жыл, 1931-1932 жылғы сталиндік-голощекиндік қолдан жасалған арнайы ашаршылыққа – 90 жыл және 1937 жылғы қандықасап репрессиясының екінші толқынының басталғанына тура – 85 жыл. Бұл – жүрекке салмақ түсірген, санаға жара салған қасірет.
Қазақты асылдарынан айырған, ұлт ретінде табиғи өсіп-жетілуіне қиянат жасаған күндердің жарасы тез жазылып кетпейді... Тән жарасы жазылса да, жан жарасы жазылар ма?!
Біз, қазір бауырлас ағайын Түркия мемлекетінде өмір сүріп жатқан соң, төл тарихын қасиетті Құран деңгейінде аялап, бағалайтын Анадолы халқынан мемлекетшілдік сананың қандай болу керектігін көшеде жүріп-ақ ұғып, көңіл дәптеріне тоқыппыз. Ата тарихын жетік білген намысты ел – ғылым мен мәдениет, өнер мен медицина, туризмнің қарқынды дамуына жол ашып, әлем халқын өз тарихымен тамсандырып, таңғалдырып келеді. Көрермен біткен теледидар алдына отырып, Осман тарихы туралы сериал, фильмдерге телміріп кеткені жасырын емес. Осы түрік ағайын жыл сайын Ұлттық еске алу күнін атап өтеді. Бүгінгі Түркияның қарыс қадам топырағы үшін күресіп, жанын қиған әр боздағын аты-жөнімен атап тұрып, сағынышпен, құрметпен еске алып, мемлекеттік деңгейде шаһид ердің есімін ұлықтап, өнегесін жаңғыртып жатады. Әр түрік жасөспірімі балабақша жасынан «Отанымды қасық қаным тамғанша сүйемін! Бұл қасиетті топыраққа жау көзін алартса, Отан үшін шаһидпын! Жеңсем – Ғазимын! (Қаһарманмын!)» деп ұрандатып жатады... Кішкентай баланың бойындағы ұлтшылдық пен мемлекетшілдік сана белгілерін көргеніңде ойланып-ақ қаларсың... Міне, сондай толғаныс үстінде жүргенде қағаз бетіне түскен ой ұшқындарын оқырманға ұсынуды жөн санадық.
Еске алу күнінің маңызы мен мәнін айқындау керек!
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасында қабылдаған №456 Жарлығына сәйкес 1920-1950 жылдары сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, атылған немесе қуғындалған азаматтарды толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрылды. Яғни, Қазақстанда Кеңес Одағының орнауы, алғашқы жылдарындағы жеке басқа табынушылықтың салдарын жан-жақты зерттеуге жол ашылды.
Тарих – қоғамның даму айнасы. Өткеннің тарихынан сабақ алып, болашақта сол қателерді қайталамау үшін әрбір мемлекет өзінің ұлттық рухын күшейтіп, бағыт-бағдарын мығым қылады. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің даму барысындағы идеологиялық ұстанымына қатысты бірер ұсыныс білдіргенді азаматтық парыз санаймыз.
Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін арттыру үшін балалар мен жасөспірімдерге, жастарға қазақтың өткен ғасырлардағы бақытты мезетінен (Сақ, ғұн империялары, Қазақ хандығы тұсындағы жаугершілігі мен қайраткерлігі т.с.с.) бөлек, тартқан азабы мен бодандықтағы құлдық өмірін де жасырмай, ашық ұқтырғанымыз жөн. Құл, бодан болған ұлттың кеудесіне намыс, болмысына мінез орнықтыру – ең үлкен іс. Өйткені құл болған елдің, ұлттың тарихы үстемдік етуші күш тарапынан жазылады. Қазақ тарихы да Ресей патшалығы, Кеңес Одағы тарапынан сан мәрте өзгеріп, жалаң, үстірт және дерек-дәйексіз жазылған. Тәуелсіздігін қайта жаңғыртқан бүгінгі Қазақстан Республикасы үшін де бұл өзекті әрі күрделі мәселе. Бұл ретте, мемлекеттік идеологияның жұмысын одан әрі күшейткеніміз абзал.
Мысалы, Қазақстанда 1997 жылдан бері 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып келеді. Әрине, еске алу күні ретінде аталып өтілетіні дұрыс іс, алайда жыл сайын аталса да нәтижесі жоқ, құмға сіңген су секілді еш мағынасы да, құны болмай тұрғаны жасырын емес. Олай деуіміздің мәні бар. Біріншіден, 31 мамырда мектеп оқушылары түгелімен үш айлық жазғы демалысқа шығады. Екіншіден, арнайы және жоғары оқу орындарының студенттері көктемгі сессия, мемлекеттік емтихан және диплом қорғау жұмыстары сықылды маңызды оқу бағдарламаларынан шыға алмай, іс-шарадан қалыс қалып жатады. Үшіншіден, жыл сайын бұл тарихқа тағзым шарасына тек бірін-бірі жақсы танитын, Сталин дәуіріндегі тарих қасіретін жақсы білетін белгілі бір топ (Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен аталас туыстары, осы саланы зерттеуші тарихшы-ғалымдар мен жергілікті атқарушы билік, партия, қоғамдық бірлестіктер мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері) ғана қатысады. Төртіншіден, Қазақ тарихына шолу жасап қарасаңыз, қуғын-сүргін мен ашаршылық екеуі екі бөлек ащы да азалы тарих. Сондықтан 1917, 1921, 1931-1933 жылдардағы Қазақстандағы қолдан жасалған ашаршылықтың зардабын толық танып, зерделеу үшін 31 мамыр еске алу күнінен ашаршылықты бөліп алып, өз алдына арнайы күн ретінде белгілеп, атап, тағзым еткеніміз орынды болар еді. Бесіншіден, мамыр айын ресми түрде «Тағзым мен зиярат айы» деп атап, Президент қаулысымен бекіткен жөн. Бұл туралы ойымды айтайын: мәселен, күнтізбе бойынша 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Мамыражай мамырдың алғашқы күнінде жастар мен жасөспірімдердің санасына бірлік пен ынтымақты мықтап орнатамыз. Жөн. Сосын, 7 мамыр – Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылған күні, яғни ер-азаматтардың мейрамы ретінде арнайы күн белгілеп, Отанды қорғаудың мәні мен мағынасын, саяси маңызын ұқтырамыз. Бұл да керек! Ал 9 мамыр – Жеңіс күні. Дұрыс. Міне, осы жерде 8 мамыр күні жыл сайын екі атаулы күн (7, 9 мамыр) арасында «демалыс күні» болып, қызыл датаға кіріп кетеді. Ендеше, 8 мамыр Азалы күн болып белгіленуі керек. Осы күні бүкіл ҚР территориясында, ауыл, аудан, қала, облыс орталықтарында жалпыхалықтық шеру өтуі керек. Қоғамдық-саяси, рухани-мәдени, патриоттық тәрбие беру үшін осы күнді арнайы белгілеп, танымдық іс-шаралар ұйымдастыру кезек күттірмейтін мәселе болуы керек. Сол күні Қазақстанның тәуелсіздігі мен азаттығы жолында шаһид кеткен Сталиндік репрессия құрбандарын еске алып, оқушылар мен студенттер, қоғамдық жастар ұйымының белсенділері атылған арыстардың суреттерін ұстап, тағзым етсе, нағыз сананың жаңғыруы мен тарихи танымның орнауы болар еді.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің саяси және тарихи маңызын арттыру үшін төмендегі міндеттер 100 пайыз кем-кетіксіз орындалуға тиіс:
1. Бұл күні жыл сайын Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған мемориалдық кешендерге барып, тағзым етуі, оның зияратын бүкіл БАҚ арқылы насихаттауы керек;
2. Осы күні мемлекеттік құрылымдар мен заң шығарушы орган, атқарушы орган, қоғамдық ұйым өкілдері де тұрақты зиярат етуі тиіс;
3. Осы күні бүкіл телеарна, радио ойын-сауық, концерттік бағдарламаларын тоқтатып, оның орнына осы күннің маңызын ұқтыратын, патриоттық-азаматтық сезімін қалыптастыратын деректі фильм, зерттеушілермен сұхбат тағы басқа хабарларды қайталап беруі керек;
4. Бұл күні жыл сайын ҚР Мемлекеттік Туы тұғырынан түсіріліп, бүкіл Қазақстан бойынша Аза тұту күні болуы керек;
5. Осы күні Қазақстан Мұсылмандарының Діни басқармасы тарапынан бүкіл мешітте 24 сағат бойы құрбандардың рухына Құран хатым бағышталуы керек;
6. Мамыр айын «Тағзым мен зиярат айы» деп атаған жөн дедік. Мамыр – күн жылынатын, жастың да, жасамыстың да далаға шығатын мезеті. Міне, осы айда зираттар мен бейіт, қорымдарға тазалау жұмыстарын жүргізіп, марқұмдарға құрмет көрсеткеніміз де абзал. Мысалы, православ дәстүріндегі «Родительский день» сияқты ұйымдастыру да маңызды;
7. 31 мамыр күнін ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде ғана атап, сол күні мешіттерде барша 1917, 1921, 1931-1933 жылдарда қаза тапқан марқұмдардың рухына ас беріп, дұға ету шарасын ұйымдастыру керек.
Қазақ ұлтының ұлттық рухын көтеру, «Алаш» ұранын қайта жаңғырту, төл тарихымыздағы біртуар тұлғаларға деген махаббат пен құрметін, сүйіспеншілігін еселеу, арттыру арқылы Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің ұлттық рухы биік, жан-жақты дамыған, әлеуетті ұрпағын қалыптастырып, дүниетанымын кеңейте аламыз. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ тарихын шынайы әрі қоспасыз жазып, патриоттық, отаншылдық сезімдеріміз бен түсінігіміздің аясын кеңейтетін осындай атаулы күндердің мағынасы мен маңызын арттыруымыз қажет.
1929 жылдан 1933 жылға дейін ОГПУ органдары 9 805 қылмыстық істі қарап, 22 933 адамға үкім шығарды, олардың ішінен 3386 адам ең жоғары үкім – ату жазасына кесілді. Түрмелер мен лагерьлерге 3 жылдан 10 жылға дейінгі әртүрлі мерзімге 151 адам сотталды. Қазақстанда ұжымдастыру жылдары барлығы 100 000 адам сотқа тартылды.
1920 жылдары Қазақстанда Совет үкіметі түбегейлі орнағаннан кейін Алаш қайраткерлері мен олардың сенімді серіктері «байшыл-ұлтшылдар, социалистік қоғамға жат элементтер» немесе «халықты бай-кулактарды тәркілеуге қарсы үндеді, шетел агентурасымен астыртын байланыс жасады» деген жаламен тұтқындалып, азапқа ұшыраған. Мысалы, 1928 жылдың жазында Алаш Орда Үкіметінің министрі Халел Ғаббасұлы Қазақ АККР Жоспарлау комиссариатында қызмет істеп жүріп, Шыңғыстаудағы ағайын-туғандарына демалысқа келгенде «халықты бай-кулактарды тәркілеуге қарсы үндеді, шетел агентурасымен астыртын байланыс жасады» деген жаламен тұтқындалып, қамауға алынған. Дәлірек айтсақ, ГПУ алқасының 1930 жылғы 4 көкектегі қаулысымен осы 44 арыстың 13-і – ату жазасына, 14-і – 10 жылға концлагерьлерге, 15 адам 3 жылдан 6 жыл аралығына дейінгі мерзімге қамауға алынып, 2 адам тергеу барысында өлтірілді. 1931 жылы «үштіктің» шешімімен Жүсіпбек Аймауытұлы, Дінмұхамед Әділұлы, Ахметсапа Жүсіпұлы, Халел Ғаббасұлы Мәскеудің Бутырка түрмесінде атылды. Бұл – сталиндік репрессиясының бірінші толқыны. Осы жылы 73 жастағы Шәкәрім қажы Құдайбердіұлын Шыңғыстау баурайында себепсізден-себепсіз атып, сүйегін Бақанастағы Сорқұдыққа тастап кетті! (Ғұламаның сүйегі 30 жыл құдықта жатты). Ал 1931 жылдың күзінде Семей қаласының іргесіндегі Түйемойнақта Абайұлы Мекайыл бастаған 70 адамды бір сәтте атып тастады. Сол атылған жетпістің ішінде Абай әулетінің күйеу баласы, Алаш меценаты Санияз Медеуұлы Оразбаев та бар болатын.
1929-1931 жылдары қазіргі Қазақстан аумағында 80 мыңнан астам адамды қамтыған 372 шаруалар көтерілісі болған. Созақ, Ырғыз, Қарақұм, Қарақалпақ, Адай, Абыралы, Шыңғыстау, Балқаш, Ақсу, Сарқан, Шұбартау, Батпаққара, Қордай, Тама тағы басқа шаруа көтерілісі толық зерделеніп, зерттелмеді. Көтеріліске қатысқан азаматтар әлі ақталмады. Бұл да қоғамның тарихи дамуына кері әсерін тигізетін фактор.
ХХ ғасырдың 1921 жылынан бастап, яғни советтік билік орнағаннан кейінгі қазақ халқының тағдырына аяусыз қастандықтар жасалған. Бір ақиқаты – Ленин, Сталин, Голощекин, Мирзоян секілді комформистер қазақты ұлт ретінде жер бетінен жойып жіберуді мақсат еткен. Әкімшіл-әміршіл бюрократтардың қазаққа істеген қастандығы – қолдан жасаған ашаршылығы мен қуғын-сүргінді ұйымдастыруы. Бір сөзбен айтқанда, бұл – геноцид, ұлттық трагедия. Сұрапыл зұлматтың саяси бағасын нақты бере алмай келеміз. Осы жағы өкінішті. Қазақтың ХХ ғасыр басындағы алапат трагедиясын «геноцид» деп әлемге жария етіп, СССР-дың қандықол қылмысын әшкерелеу керек!
1931-1932 жылдары халықты ашаршылыққа ұшыратты, демограф М. Тәтімовтің есебі бойынша ашаршылық құрбандары 4 миллионнан асады, немесе бүкіл қазақ халқының 65-70 пайызы қырылған.
1937-1939 жылғы репрессия кезеңінде барлығы 120 мыңнан астам қазақ азаматы қуғын-сүргінге ұшырап, оның ішінде 25 мыңнан астамы НКВД-ның ату жазасына кесіліп кетті... Олар – нағыз ұлт зиялысы, оқыған-тоқыған, халқын ілгері дамытуды ойлаған мемлекетшіл қайраткерлер болатын-ды.
Орны толмас өкініш.
Өсер елдің баласы боламыз ба?!
Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» (05.01.2021) атты мақаласында: «...Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды», – деп жазған. Сол азаттық жолында күресіп, ақтық демі қалғанша ұлтына, жұртына адал болған аймаңдай азаматтарымыз ұрпақсыз қалатынын, нәсілінің азып-тозып, орыстанып немесе түрлі психологиялық дертке ұшырап, жүйке ауруынан өлетінін білді, сезді... Бірақ о бастағы ұлттық мүдде жолындағы күресінен, туған халқына азаттық сыйлаймын деген ұстанымынан, жұртқа берген уәдесінен («Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!») еш тайқымай, тайсалмай оққа кеудесін тосқан-ды. Біз соларды қаншалықты білеміз?!
Кейінгі уақыттағы елдегі саяси жағдайларға қарап, кейде осы біздің мемлекетімізде ұлттық идеология бар ма еді деп өз-өзіңе сауал қойып, соның жауабын бере алмай, дал болып отыратын сәттерің аз болмайтыны рас. Ұлттық идеологиясы дұрыс жолға қойылған елдің жастары алаңға шығып, теңдік айтса – ешқашан өз қаласын өртеп, ажарын қашырып, базарын тарқатпайды. Ешқашан мемлекет мүлкін, жекеменшік нысандағы бизнес нүктелерін тонап, қанап, сындырып, бұзбайды. «Қаңтар қасіреті» атанған бүліктің ұқтырғаны сол – төл тарихын, ділі мен мәдениетін білмеген жас пен жасамыста ешқандай ұлттық сана болмайды. Демек, біздің жастар мен жасөспірімдердің бойында патриоттық сезім жоғалып барады деген қорытынды жасауға болады. Мәселен, Алматының ең әдемі бөлігі – Абай даңғылының бойындағы бар ойын-сауық, сауда желілері мен брендтік дүкендер тоналып, өртеніп жатқанда «Алматыкітап» дүкенінің есігі бұзылмаған, терезесі сынбаған, іші тоналмаған-ды. Бұл – бүгінгі қазақ қоғамының рухани қайыршылыққа ұшыраған, дүние-мүлікке қызыққан тоғышар сиқы.
Ал күні кеше Алматыдағы 9 мамыр күнгі оқиғаны еске түсірейік: 28 Панфиловшылар саябағына Советтер одағына жеңісті жақындатқан ардақты Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдиновтардың емес, Мәскеу үшін жанын қиған Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұловалардың емес, Рейхстагқа СССР байрағын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың та емес, керісінше, қазақ халқын қойша қырып, табиғи демографиялық өсіміне орасан зор қиянат жасаған қандықол Сталин мен Берияның портретін алып шыққан ағайынның қылығы не?! Бұл қандай елдің өкілі?! Сұрақ көп, жауап жоқ. Егер, ұлттық идеологиясы жүйелі жұмыс істейтін мемлекет болсақ, әлдеқашан СССР атрибуттарын қолдануға Парламент арқылы тыйым салып, совет кезеңіндегі «бақытты» құлдық ғұмырын аңсап жүрген тентектерді тезге салып, өз қоғамына бостандық берген ерлерінің өнегесін, тағылымын танытар еді! Иә, сөзсіз солай істер еді!..
Екінші республика, Жаңа Қазақстанның міндеті – ұлттық идеология қалыптастыру. Экономикадан бұрын идеологияны қолға алмаса, тағы да бармақ тістеп, өз шаңырағымызды өзіміз шайқалтып аларымыз анық. «Ештен кеш жақсы» демекші, осындай сәтте ұлттық бағыт-бағдарымызды айқындап алғанымыз жөн болар еді дегіміз келеді...
P.S.:
Қадірменді Алаш баласы!
Мен де, сен де, ол да – кешегі атылып кеткен Алаш арыстарының ұрпағымыз! Олар қиын-қыстау заманда Қазақ елінің болашағы үшін қар жастанып, мұз төсенді. Алаш қайраткерлері дәуір тудырған біртуарлар болатын. Біздің алдымыздағы зор міндет – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне адал да шынайы қызмет ету.
Алаш сөзі, Алаш намысы, Алаш мұраты, Алаш мұрасы – әр қазақ баласының жүрегіне күш-жігер, мінез бен қайрат ұялататын, ұлттық рухыңды асқақтататын, ойыңды даралататын қасиетті құндылық. Біз осы аяулы тұлғаларымызға ұқсап, ана тілімізде сөйлеп, өзге тілдерді еркін меңгерсек, жан-жақты дамыған, білімді, білікті болсақ қана мықты ұлт, мәңгілік ел боламыз. Сонда Алаш рухы да жасай береді, еліміз аман, жеріміз бүтін болады.
P.S.S:
Атам қазақ айтады: «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деп. Ұрпақ ауысады, қоғам алмасады. Тәуелсіздік таңында туған, санасы коммунистік идеологиямен уланбаған жаңа буын – жас нәсіл Алашын танып, Алаш идеясына сусап өсіп келеді. Қоғамда Алашты тануға деген сұраныс бар, талпыныс бар. Бұл ұрпақ Алашты шын жоқтап, шын сағынатын буын боларына сенеміз.
Алаш арыстары өлген жоқ!.. Олар мәңгі тірі!
Советтік қоғамның қылмысын ешқашан ұмытпаймыз!
Ұмытпаспыз...
Елдос ТОҚТАРБАЙ