Жаратқан ие бұл дүниені және өзімізді ғылым, ізгілік және сұлулық заңдарына сәйкес өзгертіп, түрлендіру үшін бізге өмір берді. Сол арқылы адам баласы ғұмыр кешіп, дарын қуатын паш етеді. Ал ондай адамдар туралы: олар өздерін жаратты, әлемді білді және өзгертті дейді. Мұндай тұлғалар барлық халықтардан табылады, құмықтарда да бар. АЛЬП-ИЛИТВЕР (АЛП-УЛАН) Альп-Илитвер (б.з. 7 ғ.) – даңқы күллі Хазарияға жайылған ғұндардың атақты мемлекет қайраткері. Ол билеген кезде Кавказ ғұндары экономикалық және саяси жағынан қуатты болды. Онымен хазар қағандары, албан патшалары және Византия императорлары санасатын. Ғұн мемлекетінің құрамында далалық түркі тайпаларынан кейін «құмық» (ғұндардың өз атауы – «хуннуг») этнонимімен белгілі болған халық қалыптасты. Моисей Каганкатваци (VII ғасырдағы армян тарихшысы. – А.Ө.) Альп-Илитвердің биікке көтерілу себептері туралы былай деп жазды: «Ол күш-қуатымен және ерлігімен көзге түсті. Грекия олимпиадаларында жеңімпаз ретінде танымал болды, басқалардың арасында күш-қуатымен ерекшеленді. Батыр Түркістанда хазар қағаны тұсында талай ерлік жасап, қағанның сүйіспеншілігіне ие болып, қаған оған қызын берді. Сондай-ақ ол Илтебер дәрежесіне ие болып, үш елде (Хазария, Албания және Византия) даңқы жайылды. Өйткені ол епископтың жарқын ілім туралы нұсқауларын даңқ тәжі ретінде қабылдады». М.Каганкатваци Альп-Илитвердің «үш елдің ішінде дәріптелетінін» (Гуниия, Иран және Византия) анық көрсетеді. Ол 682 жылы ғұндар арасында діни реформаны бастаған дарынды қолбасшы, реформатор басшы болды. Сол кезде ата-бабаларымыз христиан дінін қабылдаған болатын. Ұлы князь Альп-Илитвер «қартайғанша өмір сүрді, көптеген жерде шіркеулер тұрғызды және діни қызметкерлердің абыройын асырды». Мұны жазған «Агвандар тарихының» авторы Моисей Каганкатваци «Хазарлар қағаны тұсындағы Түркістандағы ерлік пен батырлықты (Альп-Илитвер)» дәріптейтін «йырлар» – ғұн эпостарымен таныс болғаны анық. Ата-бабаларымыздың Варачандағы атамекеніне ескерткіш орнатқан Кавказ Гунниясының бірінші шоқындырушысы Альп-Илитвер болуы әбден мүмкін. Мұны құмық аңыздары растайды, өйткені Қарабудахкент маңында қарулы салт аттыны бейнелейтін тас мүсін болған. Онда салт атты адам крест белгісін жасау үшін оң қолының үш саусағын маңдайына ұстап тұрған. СУЛЕЙМАН ИБН ДАУД АС-СУВАРИ (АЛЬ-ХАЗАРИ) Әдебиетші, теолог-ғалым. XII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген. Оның еңбектерінде эмбриологияға қатысты – ана құрсағындағы эмбрионның пайда болуы мен даму кезеңдері туралы мәліметтер бар. Түрік тарихшысы Зеки Велиди Тоған – Сулейманның тегі хазар-бұлғарлардан (яғни, қарашай-балқар, татар, құмықтардың ата-бабасы) дейді. Сулейман Ибн Дауд ас-Сувари – «Құпиялардың ақиқатынан сәулелердің жарқырауы» («Бахжат әл-әнуар мин хақиқат әл-асрар»), «Азап шеккен жүректердің қуанышы» («Нузхат әл-кулуб әл-мираз»), «Бақтардың гүлі – азап шеккен жүректердің қуанышы» («Зухрат әл-рияз ва нужат әл-кулуб әл-мираз») секілді дидактикалық және көркем шығармалардың авторы. Оның еңбектері көптеген дереккөздерге енген, оларға біраз ғалым мен теолог (ХХІІ ғасырдың бірінші жартысынан ХХ ғасырға дейін) сілтеме жасаған. Шығармалары Ыстанбұл және Қазан кітапханаларында сақтаулы. Махачкаладағы Ресей ғылым академиясы, Тарих, археология және этнография институты Дағыстан ғылыми орталығының Қолжазба қорында оның «Бахжат әл-анвар мин хақиқат әл-асрар» («Құпиялардың ақиқатынан сәулелердің жарқырауы») еңбегінің ең көне көшірмелерінің бірі сақталған. УММУ КАМАЛ (XIV ғасырдың соңы – 1475 ж.) Ұлы сопы ақын, Қойсу өзенінің бойындағы Гюен-қала (Қойын-қала) шаһарында, қазіргі Бавтуғай (Дағыстандағы Қызылюрт қалалық округіне кіретін қала типтес елді мекен. – А.Ө.) тұрған жерде дүниеге келген. Әртүрлі деректер мен аңыздарға қарағанда, ол алғашқы білімді өз елінде алған, кейін Ширванда ғылым мен өнерде білімін жетілдіреді. Өмірінің маңызды бөлігін Еділ бойында, Қырымда өткізіп, Қырым билеушілері мен ақындарының тәлімгері болған. Кейін тағдырдың жазуымен Осман империясының қолына түсті. Аңыз бойынша, Умму Камалды Мехмет сұлтан Фатих (Константинопольді жаулап алушы) шақырып, біраз уақыт оның әскерінде кадиаскер (Кадиәскер, Казаскер – Осман империясында XIV ғасырдың ортасында енгізілген әскери және діни істер жөніндегі жоғарғы судья лауазымы. – А.Ө.) қызметін атқарған. Ол әдебиет тарихына ең жарқын рухани жауынгерлердің бірі – сопылық поэзия мен философияның өкілі ретінде енді. Умму Камал өз дәуірінде кең қолданылған түркі әдеби тіліндегі поэзияның негізін қалады, сонымен бірге ол өз поэзиясында құмық диалектінің элементтерін қолданған. Дарын қуаты мен замандастарының санасына еткен ықпалына қарай зерттеушілер оны Юнус Эмремен (сопылық ағымды ұстанушы түрік ақыны. – А.Ө.) салыстырады. Көзі тірісінде оның тұлғасы мен шығармашылығының теңдесі жоқ танымалдығы және замандастарының оған деген шынайы махаббатының белгісіндей Түркияда Умму Камалды еске салатын жерлер көп. Болу, Қараман, Маниса, Мудурну аймақтарында ондай орындар бар. Еш жерде оның кесенесі жоқ, бірақ оны бүкіл мұсылмандар құрметтейді. ЧОПАН-ШАУХАЛ ТАРКОВСКИЙ Лақап аты – «Мухтешем». Тарков-құмық мемлекетін (1443 жылы құрылған) сақтап, нығайтқан жоғарғы билеуші («Шевкал патшасы»), оның тұсында Құмық мемлекеті құдіретті елге айналып, сол кездің державалары – Иран, Ресей және Осман империясымен қарым-қатынаста бірден-бір мойындалған субъектіге айналды. Барлық қауіп-қатерге төтеп бере алатын және көп жылдар бойы (XVI ғасырдың екінші жартысынан бастап) шетелдік әскери экспансияға (солтүстіктен Мәскеу мен Кабарда) тойтарыс бере алатын, аймақтық (Кавказ, Қырым, Астрахань) соғыстарға қатыса алатын, 15 мың садақшы жауынгер мен құмық атты әскерін жақсы дайындады. Тарков мемлекетінің шекарасы XVI ғасырдың соңғы ширегінде Шабран, Ширван, Лезгин тауларынан (Ахты, Ихыр, Рутул), Қайтақ, Черкес және Теректің сағасынан Каспий теңізіне дейін созылып жатты. Көптеген ғұн-бұлғар, қыпшақ (түркі) тайпаларынан феодалдық құмық халқы (құмықтар) қалыптасып, нығайып, жаңа «мұсылман халқын» құру жолына түсті. Оның құмық руханияты мен ұлттық-исламдық сана-сезімін қалыптастырудағы рөлі зор болғаны сонша, құмықтар кейінгі кездерде де өздерінің тарихи тамыры бар «менімен» айналасындағыларды таң қалдырды; олар өздерін «мұсылман елі», бүкіл Кавказдағы және көршілес елдердегі исламның тірегі және қорғаушысы санады. Олар: «Біз, құмықтар, мұсылман дінін ұстанатын халықпыз, Алла Тағаладан басқа ешкімнен қорықпаймыз!» – деп жар салды. Xопан Шаухал (Чопанидтер) шауһалдар әулетінің арғы тегі саналады. Буйнақ мешітінде Чопан Шаухалға тиесілі 1483 жылғы қасиетті Құран-и Кәрім киелі жәдігерлік ретінде қорғалған. Оның соңғы парағында жазылу түрі XV-XVI ғасырларға келетін «Вакф Мухаммед-Шаухал және Чопан-Шаухал» деген жазу бар. АВАБИ МҰХАММАД АКТАШИ ӘЛ-ЭНДИРАУИ (XVI ғасырдың соңы – XVII ғасырдың ортасы) Құмық шежірешісі, құмық тарихының атасы болып саналады. Құмық (түркі) жылнамасының дәстүрін жалғастырып, дамытқан; Шәуһал ұрпақтарының бірі Чопан-Бектің ұсынысы бойынша Аваби өзінің қолында бар ортағасырлық мұсылман деректерінің барлығын зерттеп, қорытып, «Дербенд-наме» деп аталатын өзіндік тарихи туынды жасайды. Эндирейден шыққан Арсланмұрзаның ұлы Мухаммед Аваби Акташи XVI ғасырдың аяғы – XVIІ ғасырдың басында өмір сүрген. Бұл бүкіл Солтүстік-Шығыс Кавказдың саяси тағдыры үшін маңызды тарихи оқиғалардың кезі болды: үш ірі держава – Мәскеулік Ресей, Осман империясы және Сефевидтік Иран арасындағы текетірес қайтадан жоғары шиеленіске жетті. Мұндай кезеңдерде алдыңғы ұрпақтар тарихының тәжірибесіне қызығушылық ерекше артады. Міне, сол кезде құмық тектілердің ортасында араб, парсы, түркі тілдерін жетік меңгерген, сол кездегі рухани-ғылыми элитаның жоғары интеллектуалдық талғамымен ерекшеленген Мухаммед Аваби Акташиге өз елінің маңызды қалаларының бірі Дербенттің көрші елдермен және Дағыстан иеліктерімен қарым-қатынасы тұрғысынан Дағыстан тарихына қатысты түркі тілінде шығарма жазуға тапсырма берілді. М.Акташи өзінің меценаты – Дағыстан билеушісі Герейханның ұрпағы Шамхалдың ұлы Чопан-бектің бұйрығын тамаша орындап, сол арқылы «Дербенд-наме» тарихи еңбегін жазуда ғылыми ерлік жасады, ол Дағыстан тарихнамасының бүгінгі күнге дейін жеткен алғашқы ірі ескерткіші. «Дербенд-наме» шежіресіндегі мәліметтердің басым көпшілігі ортағасырлық араб және парсы тарихи деректеріне жатады. Сонымен қатар, ол жергілікті бастапқы дереккөздерден алынған, әлі күнге дейін сақталмаған көптеген түпнұсқа мәліметтерді қамтиды. М.Акташи туындысы – ортағасырлық құмық тарихнамасының ескерткіштерінің ішіндегі ең танымалы және кең таралғаны. Қазір «Дербенд-наменің» түркі (әзербайжан, құмық) тілдерінде жазылған, сондай-ақ басқа шығыс және дағыстан – араб, парсы, авар, лак, даргин тілдеріндегі аудармаларының 40-тан астам қолжазбалары тіркелген. Ол XVIII-XX ғасырларда бірнеше рет жарық көрді, соның ішінде ағылшын, неміс, француз, орыс және т.б. еуропалық тілдерде басылды. АЛИ КУЛИ ХАН ДАГЕСТАНИ (ВАЛИХ) Валих поэтикалық лақап атын алған ханзада (навваб) Али Кули Хан Валих Дағыстани (1712-1756) – Дағыстандық Валий – Тарков шаухалдарынан шыққан, мұсылман шығысының көрнекті ақыны, жазушысы және энциклопедисі. Али Кули Хан Валих – 1748 жылы аяқталған Шығыстың поэтикалық антологиясын жасаушы. Ол әлем әдебиеті тарихына «Риоз аш-шуаро» («Ақындар бағы») деген атпен енді. Бұл бірегей алып еңбекте (934 бет) 10-17 ғасырлар аралығында өмір сүрген 2594 ақын туралы мәліметтер берілген. Олардың қатарында Рудаки, Низами, Хафиз, Хосрау, Навои, Жәми, Бедил сияқты көрнекті қайраткерлер, сонымен қатар автордың замандастары Дехлави, Орзу, Лохури т.б. бар. Сонымен қатар Али Кули Хан Валихтың бұл еңбегінде Хадиджи-Айсолтан Дағыстани, Махасти, Лала-Хатун, Гүлбадан-Хатун, Камила-Бегім, Бибі-Хатун, Бибі Орзу, Бибі Сафи, Айше, Махи Нихон секілді ақын қыздар мен олардың өлеңдері туралы әртүрлі мәліметтер берілген. Бұл – сол кезең үшін өте таңғаларлық іс. Антологияға сондай-ақ просодия, ұйқас, үздік ғазал үлгілері, түрлі ақындардың қасида, рубаи, қытьа, мәснеуиіне қатысты трактаттар енгізілген. Автор тарихи оқиғаларды суреттеуге, соның ішінде өзінің жеке өмірі, ата-бабалары – Тарковтық шаухалдары шежіресімен таныстыруға көңіл бөлген. Түркі-мұсылман әлемінде Али Кули Хан Валихтың шығармашылығына қызығушылық зор болды, сондықтан ол кейіннен антологияның қысқартылған нұсқасын құрастырды. Одан кейінгі ғасырларда Валих хрестоматиясын каллиграфтар көшіріп алған, олар қазір Үндістан, Иран, Ауғанстан, Англия, Германия т.б елдердегі кітапханаларда сақтаулы. Сонымен қатар оның 6-7 мың жұп жолды шумақтан тұратын адамгершілік туралы әлеуметтік-философиялық өлеңдер диуанын (жинағы) жазған. Бірегей әдеби антология («Риоз аш-шуаро») 36 жастағы құрастырушының есімін бүкіл мұсылман Шығысының көрнекті әдебиеттанушыларының қатарына мәңгілікке енгізді. ЙЫРЧИ ҚАЗАҚ (1830-1879) Құмық әдебиетінің бастаушысы, классик ақын, Құмықтар үшін Йырчи Қазақ туған халқының игілігі, бостандығы мен ұлттық болмысы үшін құрбан болған ақын ғана емес, халық батыры. ХІХ ғасырдағы Дағыстан, Солтүстік Кавказ поэзиясында, зерттеушілер дұрыс атап өткендей, адамның әділдік, теңдік, бостандық туралы арманын шабыттандырған, соншалықты айқын бейнелеген ондай ешкім жоқ. Ақынның қайраткерлігі арқасында «татар тілінің құмық (кавказ) диалектісі» (Т. Макаров) әдеби тілге айналды. Қазақ – академик В.В.Бартольд анықтамасы бойынша француздық «Ислам энциклопедиясы» (Encyclopedic de L Islam) оны «жаңашыл ақын, революционер, қазіргі құмық әдебиетінің атасы» деп атады. Қазақтың тағдыры – халық ақынының Кавказдағы орыс билігіндегі қиын тағдыры болса, оның шығармашылығы әлеуметтік және ұлттық езгіге қарсы наразылық жыры болды. Түрік зерттеушісі А.Джафероғлы дұрыс атап көрсеткендей, Й.Қазаққа «Ресей билігінде халық ақыны болу қиын әрі қауіпті болды». Оның тартқан азабы мен қазасының себебі де осы. Қазақты «Сібірге» жіберу арқылы патша өкіметі оның «рухани тірегін жойды». Құмықтардың өзін-өзі танығаны, тағдырын, ұлт алдындағы борышын түсінгені үшін ақынға қарыздар. Ақын ХІХ ғасырда «Құмықтардың жаулануымен ұмытылып кеткен, бірақ әлі күнге дейін халықтың жан дүниесінде сақталған ұлттық бостандығын» ешкімге ұқсамай жырлаған-ды. Осыдан кейін Қазақты кісендеп, «Сібірге», бір рота солдат түрмесіне, өзіне мүлдем жат ортаға айдап кеткеніне таңғалудың қажеті бар ма? Патшалық ақынға қатыгездік танытқанмен оның рухын сындыра алмады. Қазақ үшін оның поэзиясында екі құмық (екі Дағыстан) болды – қорланған және «құл болған». Мінсіз және «шындық пен бостандық саудаланатын» бүлінген Құмық. Яғни, Рух ақсүйектерінің Құмығы мен құлдығынан хабары жоқ құлдардың Құмығы. Бұл екінші – тарихы бұрмаланған Құмық, ол бірінші – мәңгілік және шыдамды Құмық үшін қамшылап, алыс болашақтың биігінен туған халқының ұлдарына өзінің өзгермейтін өсиеттерін жолдайды және осы өсиеттердің ішінде бірінші және соңғысы: «Қиямет күнінде ұялмау үшін өзі және отбасы үшін өмір сүру». Қазақ біздің мәдениетіміздің алып қайраткері болған және солай болып қала береді. Қазақтың өлеңдері бүгін де өмірдің, күрестің, махаббат пен ерліктің мәңгілік әнұраны сияқты естіледі. ХІХ ғасырдың ортасында Ресейде ұлттық жаңғырудың ірілерімен бір қатарда тұрған өз заманының ең ақылды адамы бола отырып, ол Ресей мен Кавказ арасындағы текетірестің ең күрделі кезеңінде абыроймен өмір сүріп, еңбек етті. Құмық халқы мен Дағыстан үшін Йырчи Қазақ шығармашылығының маңызы мен қайраткерлігінің құнын бағаламау қиын. Оның ұлттық тілдегі поэзияның негізін салушы ретіндегі рөлі – орыс тілі үшін Пушкиннің, украин тілі үшін Шевченконың, поляк тілі үшін Мицкевичтің, венгр әдебиеті үшін Шандор Петёфидің рөлімен бірдей. Оның есімі мәңгілік. Ол өз дәуірінің санасына орнығып, еуропалық әдебиет зерттеулеріне, ХХ ғасырда Будапешт, Париж, Ыстанбұл, Нью-Йорк және Лондонда әртүрлі тілдерде жарық көрген дүниежүзілік энциклопедияларға енді. Оның нұрлы поэзиясы әлемдік поэзияның ақиқатына айналды. Туған ауылында және Дағыстан Республикасының астанасында оған ескерткіштер орнатылды, қалалардағы көшелер аталды, оған өлеңдер, поэмалар, романдар арналды. Өлгеннен кейін де өмір сүре беретін Йырчи Қазақ – ұлтымыздың мәңгілік серігі! АХМЕД-САИБ КАПЛАН Түркияның екінші Конституциясын қабылдау қозғалысының негізін қалаған, Абдул-Хамид сұлтан озбырлығына қарсы күреске жетекшілік етуде үлкен рөл атқарған ғалым, тарихшы, Ыстанбұл университетінің профессоры, Мысырдағы жас түріктер жетекшілерінің бірі. Көптеген тарихи және саяси еңбектердің авторы, олардың көпшілігі осман түрік тілінде басылған. 1888 жылы Ресейден Осман империясына қоныс аударып, жас түріктер қозғалысына белсенді қатысушылардың бірі болды. Түрік еркін баспасөзінің негізін салушылардың бірі және жас түрік қозғалысының маңызды идеологиялық ағымдарының бірінің жетекшісі. 1899 жылдың қараша айынан бастап өзінің «Санджак» («Қызыл ту») атты тәуелсіз газетін шығарды, біраз уақыт «Шура-и-Уммет» («Жауап кеңесі») газетінің редакторы болды. Ахмед-Саиб Каплан ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы түрік (кеңірек айтқанда, түркі) қоғам және саяси қайраткерлері мен зиялылары ұрпағының «түрік арманын» – Түркияны «еуропаландыруды» жүзеге асыруды қолға алды. Ахмед-Саиб саяси өмірбаянының жарқын беттеріне 1915-1916 жылдарды, яғни Ресей империясындағы түркі халықтарының сол кездегі құқық қорғау қозғалысына қатысуын жатқызуға болады. Сондай-ақ ол Түркияда «Ресейдің езілген түркі-мұсылман халықтарының құқықтарын қорғау қоғамын» құрудың бастауында тұрды, сол жылдары Швейцарияда өткен Ұлттар Лигасы конференциясында сөз сөйлеп, «Құмық халқының жағдайы туралы меморандумды» әлемдік БАҚ-та жариялады. Сондықтан оны Ресейдегі түркі халықтарының адам құқықтарын ұстанатын теңдік қозғалысының негізін салушылар мен идеологтарының бірі деп санайтындармен келісу керек. Ол түрік ұлтының тарихи тағдырын түсінуге, оның жаңа болмысы мен либералды-демократиялық азаматтық құндылықтарын қалыптастыруға, Ресей империясындағы езілген түркі-мұсылман халықтарының, оның ішінде құмық халқының құқықтарын қорғауға өлшеусіз үлес қосты. Оның және серіктерінің арқасында Еуропа мен Ресейдің саяси өмірінің алдыңғы шебінде «түркі, ислам социализмі» мен либерализм идеологиясының интеллектуалдық алғышарттарын дайындаған қуатты халықаралық түркі-мұсылмандық құқық қорғау қозғалысы пайда болды және нығайды. ХАЙДАР БАММАТ (1889 -1965) Еуропада танымалдылыққа ие болған көрнекті қоғамдық-саяси және мемлекет қайраткері, дипломат және мәдениеттанушы, қоғамдық-саяси өмірде өшпес із қалдырған Таулы Демократиялық Республикасының («Таулы республика», 1918-1919 ж.) басшылары мен сәулетшілерінің бірі. ХХ ғасырдағы Дағыстанның және бүкіл Кавказдың қоғамдық-саяси тарихында өшпес із қалдырды. Оның Lе ргоblem du Саисаsе (Лозанна, 1919), Тhе Саисаsus Ргоblem (Вегn, 1919 ), Lе Саисаsе еt 1а геvolution russe (Париж, 1929), Lа Роsition de la Turquie (Париж, 1943), Visages dе L’Islam (1946, Париж, 1959 ), Islamiyetin Manevi ve Kulturel Degerleri (Istanbul. 1963), Apport des musulman a la civilization (Женeва. 1962), Muslim Contribution to civilization (Женeва, 1962), Der Beitrag des Islamszum Kulturgut der Menscheit (Женeва, 1962), Le Caucase du Nord атты еңбектері мәңгілік құндылыққа ие. Әйтсе де оның әлемнің көптеген тілдеріне аударылған «Исламның бейнесі», «Мұсылмандардың Батыс Еуропа мәдениетіне әсері» атты басты еңбектері ең үлкен атақ пен танымалдыққа ие болды. Хайдар Бамматтың өмірбаянын жазған жазушылардың бірі ислам әлеміне сіңірген қызметтеріне баға бере отырып: «Оның қайтыс болуымен мұсылман әлемі өзінің ең мықты ойшылдарының бірінен, көрнекті тұлғасынан айырылды»,– деп жүрекжарды сөздерін жазған. АБУСУПЬЯН АКАЕВ (1872 - 1931) Көрнекті құмық ағартушысы, қоғам қайраткері, арабтанушы ғалым. Әбусупянның, оның алдындағылардың және серіктерінің, бір сөзбен айтқанда, «мәдени есе қайтару» қозғалысының бастамашысы болған қуатты топтың – «ағартушы мұсылмандардың» теңдесі жоқ мәдени қызметінің арқасында Дағыстанда ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басында ислам прогреске кедергі болудан қалды. Басқа салаларда да реформалардың жолы ашылды: мұсылман халықтарының ортақ тілі, білімі және саяси ұйымы, бұрын-соңды болмаған жәдидтік (модернистік) жоба жүзеге асырылды. Осы мұсылман реформаторы Ә.Акаевтың және оның басқа серіктерінің сан қырлы ұйымдастырушылық, ағартушылық, баспа қызметі арқасында Солтүстік Кавказдағы құмықтар ана тілінде кітап оқитын, ал Дағыстан ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында ең сауатты халыққа айналып, мұсылмандық көзқарастағы елге айналды. ДЖЕЛАЛ-ЭД-ДИН АСЕЛЬДЕРОВИЧ КОРКМАСОВ (1877-1937) Ресей және Дағыстанның көрнекті мемлекет қайраткері. Ресей Кеңестік Федеративтік Республикасының (1920-1921) құрамындағы Кеңестік Дағыстан мемлекеттілігінің (ДСРО), қазіргі Дағыстан Республикасы негізін қалаушы. Республика құрылған жылы Ж.Коркмасовтың талабымен оның құрамына 10 әкімшілік-территориялық округтен тұратын Дағыстан облысы мен Терск өңірінің Хасавюрт (бұрынғы Құмық) округі енді. Оның жігерлі сан қырлы мемлекет құрушы қызметінің нәтижесінде Қарағонай, Ащықұлақ (1922), Кизляр ауданы да (1923) республика құрамына енді. Осылайша, Коркмасов басқарған Дағыстан үкіметінің жүргізген шаралары Дағыстан Республикасының аумағының екі есе ұлғаюына әкелді. 1921 жылы мамырда оның бұйрығымен республика астанасы Махачкала қаласына (бұрынғы Анжикала, Порт-Петровск) ауыстырылды. Оның қызметі мен саясатының жетістігі 1923 жылы құмық (түркі) тілінің Дағыстанның мемлекеттік тілі болып бекітілуі және 1928 жылы Дағыстан халықтарының жазба тілінің араб тілінен латын тіліне аударылуы халықтың тілдік және мәдени дамуы үшін орасан зор мүмкіндік болды. Өкініштісі сол, күні бүгінге дейін, Дағыстанның жаңа тұлғаларының қалыптасуына, оның өзегінде жаңа көпұлтты, көпқұрамды Дағыстан саяси ұлтының қалыптасуына орасан зор үлес қосқан Ж.Қорқмасовтың еңбегі дұрыс бағаланбай келеді. «Біз жаңа көп ұлттар республикасын құрдық, ендігі міндетіміз – олардың тілдерін, мәдениеттерін және этникалық жадын одан әрі еркін дамытуға жағдай жасай отырып, дербес ұлттық республикалар құру», – дегенін замандастары талай рет еске алғандай, ол осы мәселені бірнеше рет көтерген. Осы шаралардың барлығы республиканың алғашқы онжылдығындағы саясат пен экономикадағы жетістіктермен бірге Дағыстанды Солтүстік Кавказдағы «көшбасшы республикаға» айналдырды және оның «жарқын болашағын» болжады (Б.Чобан-заде). Алайда кейін республикада біріктіруші үрдістер басым болды. Ж.Қорқмасовтың өзі 1937 жылы жалған айыппен қуғын-сүргінге ұшырап, қайтыс болғаннан кейін 1956 жылы ақталды. МУРАД РАШИДОВИЧ КАПЛАНОВ (1915-1980) Радиобайланыс саласындағы көрнекті инженер-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, техника ғылымдарының докторы, профессор, авиациялық жүйелер мен радиобайланыс жабдықтарының бас конструкторы, терең ғарыштық радиобайланыс және телехабар таратудың алғашқы жүйелерінің, оның ішінде «Молния» жүйесінің бас конструкторы. М.Р.Каплановтың ұйымдастырушылық, ғылыми және инженерлік қызметі Үкімет тарапынан жоғары бағаланды: ол екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен және екі рет КСРО Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Каплановтың барлық бастамасы табысты болды. Ол туралы өмірбаян жазушылардың бірі: «Мурад Қапланов сияқты өмірдегі өнертабыстар мен кәсіби жетістіктердің каскады, оқиғалардың калейдоскопы, князьдік отбасында туу, революция, кеңес заманында мамандық алу, репрессия, соғыс, жеңіс, тұрмыстық, содан кейін супер-кәсіби техниканың дамытуда табысқа жету... Ол қайда, қашан болды? Бұл өзгерістер ХХ ғасырда және ірі ойлап табушыларды алға шығарған дәуірде КСРО-да ғана болды. Ол – Мурад Рашидович Капланов болатын». Ал егер бүгінде ғылыми-техникалық революцияның, оның ішінде ғарыштық (спутниктік) байланыстардың жетістіктерін күнделікті өмірде және кәсіби қызметте кеңінен қолданатын болсақ, инженер-ғалым Мурад Рашидханович Каплановтың ғылым саласындағы есімі мен орасан зор жетістіктерін, технологиясын біліп, есте сақтауымыз керек. P.S. Бүгінге дейін құмық элитасына арналған, Құмық саяси-экономикалық және рухани ақсүйектерінің (IV-XXI ғғ.) тарихи-өмірбаяндық анықтамалығын дайындадым. Өмірбаяндар алфавиттік хронологиялық ретпен берілген.
Орыс тілінен аударған Ахмет ӨМІРЗАҚ