1462
Керексіз пәннің кесірі, ұлардай шулаған ұстаздар
Керексіз пәннің кесірі, ұлардай шулаған ұстаздар

Біздің елде соңғы ширек ғасырдан бергі дәуірде «түрлі сынақтардың полигонына айналған»
сала – білім беру саласы. Оны сол салада жүргендер ғана емес, жалпы халық та жақсы біледі. Алдымен оқулықтар кеңестік кезеңдегі идеологиядан тазартылды. Бұл ең дұрыс өзгеріс еді. Бірақ кейін өзгеріс енгізу сәнге айналып кетті ме, әйтеуір Білім министрлері ауысқан сайын бір өзгеріс пайда болатын болды. Ал оның зардабын тартатын білім саласында істейтін мұғалімдер мен білім алатын оқушылар ғана...
Дегенмен соңғы үш жылдан бері еліміздің білім саласын ұстаған жаңашыл министр Асхат Аймағамбетов халықтың ғылым-білімге қатысты талап-тілектерін ескере отырып оңды өзгерістер жасап жатыр дей аламыз.
ОҚУЛЫҚТАР ЖАЙЛЫ ДАУ АЗ ЕМЕС
Жасыратыны жоқ, осыдан ширек ғасыр бұрынғы оқулықтар мен қазіргі оқулықтардың арасы жер мен көктей. Бұрынғы классикалық түрде білім беретін оқулықтардың орнын адамның басын қатыратын тапсырмаларға толы оқулықтар басқан. «Әліппені» «Сауат ашу» деп өзгертіп, пәлен жылда бүкіл халық болып шулап жүріп әрең қайтарып алдық. Ал қазақ мектептерінің ең негізгі пәні – қазақ тілі сабағы баяғыда ғалымдарымыз жазған классикалық оқулықпен өтілмейді. Тілдік ұғымдарды толық түсіндіретін тақырыптар келмеске кеткен. Оның орнына бір, екі абзацтан тұратын болар-болмас үстірт түсініктеме беріліп, жаттығуларды үйіп-төгіп тастаған. Ол жаттығуларының көбі логикалық жаттығу, тілдік құбылыстарды түсіндіру үшін емес, адамның басын қатыру үшін жасалғандай... Әдебиет оқулығында бұрын ақын-жазушылар туралы мәліметтермен қатар оның бір шығармасының мәтіні берілсе, қазір мәтін жоқ. Оны мұғалім де, оқушы да кітапханадан не интернеттен тауып оқуы керек. Шамасы, жоғары оқу орындарының жүйесін мектепте сынап көргісі келгендердің ісі болса керек. Шынына келгенде, дәл қазіргі оқулықтар «қазақ тілі мен әдебиеті пәнін ешкім оқымасын» деп жасалған сияқты.
Мектеп оқулықтарын жасағанда «Интернет заманы, балалардың өздері ізденіп, үйренуге мүмкіндік мол» деген ұстаным болған да шығар, бірақ сол интернет заманында «балалардың назары қайда ауып жүр, одан қалай алып шығуға болады?» деп басын қатырып жүрген адам бар ма екен? Әрине, формалды түрде әр жерде мәселелер көтеріледі, газет-журналдарда, сайттарда жазылған болады, бірақ мәселені шешу емес, белгілі бір проблеманы көтеріп, елдің назарын аудару үшін ғана жасалатын тірлік.
Айтпақшы, оқулық мәселесінде де түрлі «жаңалықтар» жүз бергенін де айта кету керек. Орта мектепке негізделген валеология деген пәннің енгізілуі кезінде көп дау тудырған. Оны «мектептен алып тастау керек», «жоқ қалдырылсын» деп жақ-жақ болып айтысулар болды біраз. Кейін ол «Салауаттану» пәніне айналған соң дау тоқтаған сыңайлы.
Ал енді оқулық мәселесінде «қазақстандық оқулық», «отандық ақыл-ойдың жемісі» деп талай дәріптеліп, мектепке арнайы пән ретінде кіргізілген «Өзін-өзі тану» қандай еді?
Шынын айту керек, өзің оқушы кезіңде не жоғары оқу орнының студенті кезіңде пайдаланып көрмеген пән туралы пікір айту оңай емес. Бірақ оқулықты парақтап көрсең бірдеңе деуге болады.
О баста бұл пән туралы мектеп мұғалімдерінің «баяғы сынып сағатында айтылатын нәрселер ғой» дегенін есітетін едік. Бақсақ-көрсек, ол сөздің де жаны бар секілді. Оқулықтағы материалдарың дені сондай, дидактикалық материалдарға құрылған. Ал оның көбі әдебиет, тарих сабағында да өтілетін мәтіндерден құрастырылған. Сондай-ақ музыка пәнінен де ән мәтіндер беріледі екен.
Мәселен, мен өзім жалпы орта білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған «Өзін-өзі тану» оқулығын парақтап көрдім. Бұл оқулық «Қоғамға қызмет ету» жобасы бойынша төрт кезеңге бөліп оқытылады. Бір жылда 34 сағат оқытуға арналған. Бұл аптасына бір рет өтеді деген сөз. Тақырыптарына қарайық. Бірінші кезеңде өтілетін тақырыптар: «Бұл әлемге келген соң», «Ар-ұждан үні», «Шынайы білімнің нұры», «Сүйіспеншілік –таным жолы ретінде». Екінші кезеңде өткізілетін тақырыптар: «Қайырымдылық көкжиектері», «Достық айнасы», «Сыйластық бастаулары», «Отанға жол». Үшінші кезеңде өтетін тақырыптар: «Отбасын қадірлеу», «Менің сыныптасым», «Өз мұратына жету», «Мен әлемді сүйемін». Төртінші кезеңнің тақырыптары: «Даналықтан қанып іш», «Қалаулар шегі», «Шығармашылық қанатында», «Болашақты жасаймыз», «Қандай әсем әлем».
Көріп отырмыз, тақырыптардың қажетті екеніне дау жоқ. Бірақ ол тақырыптарды түсіндіру үшін кітапта ғылыми жағынан түсіндіретін теориялық мәтін берілмеген. Тек әдеби, тарихи және музыкалық мәтіндер. Сосын әр тақырыптың соңында тапсырмалар, тестер берілген. Оқушыларға бұл пән үшін баға да қойылмайды екен. Сонда «Өзін-өзі тануды мектепке жеке пән ретінде кіргізудің қандай қажеттілігі болды?» деген ой келеді.
Біздің ойымызша, қандай да бір пәнді оқытудың ғылыми негізі болуы керек. Ал өзін-өзі тану пәнін оқытудың ғылыми негізі бар ма? Ғылыми тұрғыдан алғанда, негізі бар деп айту қиын, өйткені бұл пәннің ғылыми бағыты жоқ.
Кеңестік кезеңде орта мектептің 10-сыныбында жас ұрпаққа өзі өмір сүріп жатқан қоғамның қоғамтану деген пән өтілетін. Қазір оның орнына құқықтану сабағы өтіледі. Міне, осы пәнді баланың жас ерекшелігіне сай адам мен қоғам туралы нақты түсінік беретін етіп 1-11 сыныптар арасында толық оқытылатын пәнге айналдырса қалай болар еді? Сонда бір мезгілде бала әрі білім, әрі тәрбие алып өспес пе еді? Әрі өз құқықтары туралы да білер еді. Тек батыстық әсіресілтеуге салып, балаға ұрысқаны, бір-екі шапалақ бергені үшін ата-анасын сотқа беруді үйретпей, ұлттық тәрбие негізінде жасалса деген тілек бар. Әйтпесе қазір қазақи тәрбие, ұлттық құндылықты қадір тұту деген нәрсе қалып бара жатыр...
«ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУДЫҢ» ТАҒДЫРЫ ЖӘНЕ
25 МЫҢ МҰҒАЛІМНІҢ ПРОБЛЕМАСЫ
«Өзін-өзі тану» бағдарламасы 2001 жылы жылдан бері саралаудан өткізіліп, біртіндеп оқу жүйесіне енгізіліп, 2010-2011 жылдан жалпы білім беретін мекемелердің барлығына жаппай оқытыла бастады. Бірақ біраз жылдан бері ата-аналардың да, мұғалімдердің талайы орта мектепте жеке пән ретінде өтілетін бұл сабақты пайдасыз деп танып, оны орта мектеп бағдарламасынан алып тастау жөнінде тиісті орындарға хат жолдап та жататын. Сондықтан халықтың және білім беру мекемелері қызметкерлерінің талап-тілегімен санасуды жөн көрген болса керек, жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ендігіден былай жалпы білім беретін орта мектептерде өзін-өзі танудың міндетті пән ретінде оқытылмайтыны жайында мәлімдеген болатын. Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында бұл жайында түсінік берген министр: «Қазір аталған пән қосымша емес міндетті пән ретінде бірнеше жыл оқытылып келді. Жұмасына бір сағат өткізіліп жүр. Жүргізілген талдаулар нәтижесінде осы пәнге қатысты шешімдер қабылдадық. Келесі оқу жылынан бастап өзін-өзі тану пәні бір сыныпта ғана оқушылардың таңдауымен оқытылады. Мысалы, егер 5-сынып оқушылары осы пәнді оқимыз деп таңдау жасаса тек сол 5-сынып кезеңінде ғана пән кіретін болады. Таңдамаса, міндетті пән ретінде мүлдем оқытылмайды», – деген болатын. Ал бұрыннан өзін-өзі тану пәнін оқытып келе жатқан мұғалімдер мен бұл пәннің болашақ мамандары жайлы Асхат Аймағамбетов: «Оның ең бірінші мамандығы – әлеуметтік педагог. Сондықтан диплом алған жастар әлеуметтік педагог ретінде жұмыс істей береді. Ал мектептерде бұл пәннен көбіне басқа пән мұғалімдері қосымша оқытқан. Олар өз мамандықтарымен сабақ беруді жалғастырады. Жоғары оқу орындарында осы мамандықтың бастапқы бірінші, екінші курсында оқып жүрген студенттер басқа мамандыққа ауыса алады», – деп пікір білдірді.
Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық академияның осы пәнді мектептегі негізгі сабақтан алып тастау ұсынысын қанағаттандырған министрдің бұл ұстанымы біраз жылдардан бері «ары тарт та, бері тарт» болып келе жатқан бір оқулыққа қатысты дауға нүкте қойғандай болғанымен, ол шешімге қарсы болып жатқандар да баршылық. Мәселен, мұғалім, Білім беру ісінің үздігі Сұлтан Сүлеев өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында өзін-өзі тану пәнін қолдайтын мектеп мұғалімдерінің Білім және ғылым министріне жолдаған хатын жариялады. Хатта былай делінген:
Құрметті Асхат Қанатұлы! Сізге еліміздің әр өңірінен өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдері хабарласуда. Әлеуметтік желілерде өзін-өзі тану пәнінің мектеп бағдарламасына қажеттілігі туралы мәселе қызу талқылануда. Біз, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдері, өз пәніміз бірегей, тәрбиелік әлеуеті жоғары деп есептейміз. Ол әр баланың жеке басының ең жақсы қасиеттерін ашуға мүмкіндік береді. Өзін-өзі тану мектеп пәнінің шеңберінен әлдеқашан шығып кеткен – бүкіл оқу-тәрбие процесі жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды біріктіру негізінде ұйымдастырылып, өз бойында білім беру жүйесінің қасиеттерін қалыптастырады. Өзін-өзі тану пәнін оқытудың мақсаты – ұлттық және әлемдік мәдениеттің озық дәстүрлері бойынша тәрбиеленген, адамгершілігі мол тұлғаны қалыптастыру. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу – өсіп келе жатқан тұлғаның мейірімділікке, жанашырлыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке негізделген ішкі мүмкіндіктерін ашуды көздейтін мектептің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл әдіс біздің білім беру жүйеміздегі алдыңғы қатарлы бағыттардың бірі болып табылады және жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің игілігіне бағытталған. Бүгінгі таңда адамды рухтандыратын, ұлттың жасампаздық әлеуетін дамытатын, өмірді руханият пен адамгершілік, махаббат пен мейірімділік, бейбітшілік пен ізгілік ұғымдарымен толықтыратын жанды білім бұрынғыдан да қажет. Білім мен тәрбие біртұтас, ажырамас процестің бөлігі болып табылады, өйткені мектеп оқушыларына дұрыс адамгершілік тәрбиесінсіз жемісті оқу процесі іс жүзінде мүмкін емес. Өзін-өзі тану пәні мектеп бағдарламасынан алынып тасталса немесе факультатив санатына ауыстырылса, мектептегі ғана емес, қоғамдағы бүкіл білім беру жүйесі зардап шегеді. Елімізде болған қаңтар оқиғасы қалаларымыздың алаңдары мен көшелерінде дүрбелең жасаған лаңкестер, тонаушылар мен арандатушылар жастайынан адам бойындағы мәңгілік мызғымас құндылықтарды ашып, оның адамгершілік қағидаларын қалыптастырудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Адамгершілік, рухани тәрбиесіз агрессивті, қатыгез, жеккөрінішті ұрпақ шығатыны баршамызға ащы сабақ. Жасыратыны жоқ, пәнді басқару мәселелерінде проблемалар бар: әрбір мұғалім өзінің әрбір шәкірті үшін қандай жауапкершілік жүктейтінін әлі түсіне бермейді. Дегенмен өзін-өзі тану пәні мұғалімдерінің көпшілігі – руханият пен имандылық қозғалысының нағыз көшбасшысы болып табылатын, өзін толығымен бала тәрбиесіне арнаған адамдар. Өзін-өзі тану сабағында өзін және әлемді танитын Тұлға тәрбиеленеді. Балалар мен ата-аналардың көптеген оң пікірлері бұл пәнді оқу бағдарламасына міндетті түрде енгізуді ұсынады, өйткені ол әрбір адамға өзінің адамдық тағдырын ашуға, отбасындағы, ұжымдағы, қоғамдағы шығармашылық рөлін түсінуге көмектеседі. Өзін-өзі тану пәні – еліміздің қауіпсіздігінің, бірлігі мен тұтастығының кепілі! Құрметті Асхат Қанатұлы! Мемлекеттік білім стандартына міндетті пәндердің қатарында өзін-өзі тану пәнін қалдыруыңызды сұраймыз!Әрине, хат иелерінің жанайқайын түсінуге болады. Олардың араларында осы пән бойынша ЖОО-да жоғары білім алып, бала оқытып нан тауып отырғандары бар. Дегенмен бұл жөнінде біраздан бері талас-тартыс та жоқ емес. Бір ата-аналар бұл пән керексіз деп таныса, енді бір ата-аналар балаларының осы пәнді жақсы көретінін айтады. Сондай-ақ мұғалімдер арасында да өзін-өзі тану пәнін қалдыруды қолдайтындар да, қажетсіз деп санайтындар да аз емес. Қанша дегенмен бұл мәселеде мамандардың пікірі маңызды ғой, сондықтан өзіміз әлеуметтік желіге осы пән туралы жұрттың пікірін сұрап жазба қалдырып едік, қолдайтын ұстаздардың бір парасы «Өзін-өзі тану пәнін мектепте оқыта беру керек, себебі елімізде бұл пәнге маманданған 25 мың мұғалім бар және осы пән бойынша болашақ мамандар оқып жатыр» деген дәлелді алға тартса, қолдамайтындары «Оқулық әдебиет пен тарих және музыка пәндеріне қатысты материалдардан құрастырыла салған, жеке концепциясы жоқ және бұл пәнді оқығаны үшін балаларға баға қойылмайды, сондықтан оқу процесінде маңызы жоқ» деген тұжырым айтады. Жоғарыда бір топ ұстаздың Білім және және ғылым министріне хатын оқысаңыз, онда өзін-өзі тану пәнін оқытуды қолдайтындардың ортақ пікірі жинақталған. Ал енді бұл пәнді мектепте оқытудың қажеті жоқ деп санайтын мұғалімдердің пікірі қандай? Оларды да тыңдап көрейік: Нұржау Досжанов, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің мұғалімі:
– Жалпы өзін-өзі тану деген пәннің оқытылуына қарсымын. Неге десеңіз, бақылап көріп байқағаным – оқушының өзі бұл пәнге қызығушылығы жоқ әрі ол мектепте екінші дәрежелі пән деп қаралады. Мектептің тығыз жұмысы (жиналыс, дайындық, консультация) болатын болса сол пәндермен ауыстыра салады, сондай-ақ бұл пән негізінен соңғы сабақтарға және өзге сабақтар тығыз болса пәндер арасына қоя салады. Ендеше, оқушы өзін-өзі танудан жалықпағанда қайтеді? Дүниеде баланың сабақтан жалығуынан жаман нәрсе жоқ, ол оның басқа сабақтарға деген қызығушылығын да төмендетіп тастауы мүмкін. Мен көрген жерде өзін-өзі тануды, көбіне, сертификатпен сабақ жетпеген мұғалім оқытып жүр. Сонда оны оқытуда не мән бар? Егер бұл пәннің уақыты босап қалады десе, тіл-әдебиет секілді пәндердің сағатын көбейтсін немесе жас ұрпақты ұлттық дүниетаным мен патриотизмге тәрбиелейтін ұлттану, мемлекеттану секілді пәндерді жасауға болады ғой! Бүгінде қазақтың көбі қалаларда тұрады, ал қалада өскен балалардың ұлттық тәрбие, әдет-ғұрып, салт-сана туралы түсінігі аздау келеді. Оларды «қазақ тілін шала біледі, ұлттық болмыстан алшақтау өседі» деп кінәлаймыз. Сол үшін баланы жасынан қазақи болмысқа жақын қыламыз десек, оны ұлттық мәдениетке қызықтырудың жолын ойлауымыз керек.Бағила Дощанова, Ақтау қаласындағы №3 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші:
– Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәлімдемесінен соң өзін-өзі тану пәні туралы мұғалімдер пікірі екіге бөлінді. Бұл пән керек дейтіндер, әрине осы пәнді оқытып жүргендер. Негізі, бұл пәннің материалдары көбіне әдебиет пәнінде өтілетін туындыларға ұқсайды, сондық жұрттың көбі өзін-өзі тануды әдебиеттің көшірмесі деп ұғады. Жеке пән ретінде оқытылғанмен балалардың білімі тексеріліп, қорытылып, баға қойылмайтын болған соң оқушылар оған жауапкершілікпен қарамайды. Сондықтан мұндай сабақ негізгі пән емес, факультатив сабақ түрінде оқытылғаны дұрыс болар еді. Ал оны мектептен алып тастаса осы сабақты оқытып жүрген мұғалімдер жұмыссыз қала қоймас, министрлік оның шешудің жолдарын қарастырып жатқан шығар деп ойлаймын. Тәуелсіздіктен кейін орта білім саласына жүйесіз көп эксперимент жасалды, соның бірі – осы өзін-өзі тану сабағының кіргізілуі. Ал оқушыға аса қажет бейнелеу, сызу деген пәндер жойылып кетті. Жалпы эксперимент жасап бір пәнді кіргізіп, бір пәнді алып тастап немесе оқулықтарды қайта-қайта өзгерте берген дұрыс емес. Бұл – оқу жүйесіне зиянын тигізетін құбылыс. Мектепте қандай пән өтілсе де ғылыми негізі бар, оқулығы баланың санасына шектен тыс салмақ түсірмейтін пәндер оқытылса дұрыс болар еді деймін.Міне, өзін-өзі тану пәні керексіз деп санайтын жалпы жұрттың пікірі жоғарыда біз ойларын беріп отырған екі ұстаздың сөзімен қабысады. Байқағанымыз, өзін-өзі тану пәнінің оқытыла беруін қолдайтындар сөзінің дәйегі – балаға қажетті рухани білім беретін оқулықты сақтау, осы пән мұғалімдерін жұмыссыз қалдырмау керектігі болса, ал оқытылмау керек дейтіндердің дәлелі – өзін өзі тану пәні ғылыми негізі, жеке бағыты жоқ, балаға білім дағдыларын қалыптастыруға тигізетін пайдасы жоғын көрсетеді. Біз екі жақтың да пікірін жоққа шығарғымыз келмейді. Дегенмен бұл жайлы тиісті орындар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мәселенің нақты шешімін айтса дейміз. Әйтпесе министрлікке шағым жасап, хат жолдаудың тоқтайтын түрі көрінбейді.