984
Басқарудың жаңа үлгісіне нық қадам
Басқарудың жаңа үлгісіне нық қадам
29 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгеріс енгізу үшін жалпыреспубликалық референдум өткізуді ұсынды, ал 5 мамырда осы референдумды өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.
5 маусымға белгіленген референдумды ұйымдастыруға, өткізу тәртібіне қатысты түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Нәтижесінде 33 бапқа 56 өзгеріс енгізілмек, бұл дегеніміз – Ата Заңның үштен бірі.
Мақалада «Жалпы референдум дегеніміз не?», «Өткізу тәртібі қандай?» «Халық қалай дауыс береді?» деген жалпы сұрақтарға жауап іздеп, Президенттің саяси күшін, ықпалын кеміту мәселесіне қатысты заңнамаға қандай өзгеріс енгізу ұсынылып отырғанын қарастырып көреміз. «Ұсынылған өзгерістер қабылданса, не өзгереді?» деген мәселелерге тоқталып өтеміз.
Ел болашағын шешетін шешімді дауысқа салу
Осылайша, елімізде 27 жылдан соң үшінші рет референдум өтеді. Нәтижесінде Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілмек. Бұл ұсынысты алғашында Президент наурыз айындағы халыққа Жолдауында мәлімдеген болатын. Жолдауда саяси реформалар жөніндегі бағдарламасын таныстырған Қасым-Жомарт Тоқаев реформаның алғашқы негіздері осы Президент билігінің суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты президенттік республика тәсіліне түбегейлі өту, «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүзеге асыру екенін айтқан еді.
Еліміздегі алғашқы екі референдум 1995 жылғы сәуірде тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту және тура осы жылғы тамызда жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты өткен болатын. Осылайша Тәуелсіздік алғанда қабылданған алғашқы заңның күші жойылып, жаңа Конституция қабылданған соң президент билігі ерекше нығайып, күшті президенттік басқару жүйесі сол кезде қалыптасқаны туралы көптеген сарапшы пікірі бар. Осыдан кейін заңға Президенттің билігін одан сайын нығайтатын өзгерістер оқтын-оқтын енгізіліп отырған. Енді сол референдумның нәтижесінде қалыптасқан жүйені өзгерту үшін қайта референдум ұйымдастырылмақ.
Ал заңның кейінгі 4 түзетуі Парламентте дауысқа салынып, қабылданған. Бастапқыда бұл жолы да «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын» Парламент қарайтыны айтылған еді.
– Осы реформаларды қолға алғанда Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Өйткені қолданыстағы заңнамада тәртіп солай. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын, – деп түсіндірген еді Мемлекет басшысы.
Яғни, референдум – ел болашағына айрықша әсер ететін, аса маңызды мемлекеттік немесе қоғамдық мәселені дауысқа салып, сайлаушылардың, халықтың пікірін білу. Демократияның тікелей институттарының бірі. Референдумға әдетте, Конституцияны қабылдау, оған өзгеріс енгізу, халықтың ұлттық, аудандық, облыстық негізде өзін-өзі анықтау заңдары мәселе ретінде шығарылады. Ауқымына қарай референдум жалпыхалықтық, яғни елдің бүкіл аумағында жүргізіліп, бар халықты қамтитын және жергілікті, яғни белгілі бір аумақта өткізілетін болып бөлінеді.
Референдум туралы, жалпы саяси реформалар туралы айтыла бастағаннан-ақ қоғам пікірі қақ жарылды. Бір топ бұл бастамалардан елеулі нәтиже не өзгеріс болмайды деген көзқарас білдірсе, өзгерістердің басы-қасында жүрген Конституциялық кеңес өкілдері бастаманың нәтижесі елдегі саяси жүйені өзгертетінін айтады.
Халық референдумға
қалай қатысады?
Референдум өткізу туралы бастаманы Президент көтереді, бірақ Үкімет, Парламент және халық та ұсыныс айта алады. Референдумға ұлтына және нәсіліне қарамастан, 18 жасқа толған ел азаматының барлығы қатыса алады. Тек сот шешімімен іс-әрекетке қабілетсіз деп танылғандар мен бас бостандығынан айырылғандар дауыс бере алмайды.
– Референдумға барлық қазақстандық қатысады. Қазақстанның түкпір-түкпірінде дауыс беру жүреді. Яғни, әркім референдумға қатыса отырып, сол конституциялық өзгерістерге, толықтыруларға өздерінің жауапкершілігін арттырады. Яғни, оны елдің, халықтың өзі қабылдағаннан кейін сол өзгерістерге, жаңғыруға біз бәріміз жауапты боламыз.
Референдум жауапкершілікті ғана емес, көпұлтты еліміздің бірлігін де арттыра түседі. Бірақ тұтастығымыз бен татулығымызға іште де, сыртта да көз алартып отырғандар бар. Президенттің айтуынша, бұл – ел ішіне іріткі салғысы келетін әлдебір топтың құйтырқы әрекеті, – деп Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев мәлімдеген еді.
Қоғамдық бiрлестiктер мен азаматтар референдумға шығарылған мәселелерге қатысты жиын, митинг өткізуге құқылы. Референдум өткiзiлетiн күнi және оған бір күн қалғанда үгiт-насихат жүргiзуге болмайды.
Референдумға қоғамдық бiрлестiктер, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері референдумға бақылаушы болып қатыса алады. Бірақ олардың өкiлеттiгi Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген тәртiппен куәландырылады. Бірақ байқаушыларға референдум комиссияларының жұмысына араласуға болмайды.
Учаскелiк референдум комиссиялары кемінде он күн қалғанда азаматтарға дауыс беру уақыты мен орны туралы хабарлайды. Әрбір адамға тізім бойынша бюллетень беріледі. Егер референдумға бiрден бiрнеше мәселе шығарылса, әр мәселеге түр-түсі бойынша ерекшеленетін бөлек бюллетень таратылады.
Бюллетень белгiленбеген болса, комиссия мүшесiнiң қолы қойылмаса, бюллетеньде көрсетілген жауаптардың бiрде-бiреуi сызылып тасталмаса, дауыс бергендердiң еркiн бiлдiруiн анықтау мүмкiн болмағанда жарамсыз деп танылады. Ал барлық жауап сызылып тасталған бюллетеньдер жарамды деп есептеледі.
Заң бойынша референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткiзiлген болып есептеледі. Олардың ішінде басым бөлігі шығарылған мәселені жақтап, дауыс берсе, оң шешiм қабылданады.
Референдумның қорытындысы бір апта – жетi күннің ішінде жариялануы шарт. Референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер референдумның қорытындылары туралы ресми хабар жарияланған күннен бастап күшiне енедi. Ол үшін президенттің немесе мемлекеттiк органдарының актiлерiн қабылдаудың қажеті жоқ.
Алғашқы қадам – заңды өзгертететін заңды өзгерту
5 мамырда Конституцияға өзгеріс енгізу туралы республикалық референдум өткізу туралы жарлықпен қатар «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңының өзіне де өзеріс енгізу туралы шешім шықты.
Жауаптылар бұл қадамды референдум туралы заңның ұзақ уақыт бойы қолданылмағанымен, ал ондағы кейбір мәселелердің бүгінгі күннің талабына сәйкес еместігімен байланыстыра түсіндірді. Мәжіліс депутаттары 4 мамырда «Республикалық референдум туралы» заңның бюллетенінің формасына да өзгеріс енгізген. Ал 5 мамырда Сенат Елбасының мәртебесін референдумда қарауға тыйым салатын бапты алып тастап, заң жобасын мәжіліске кері қайтарды, Мәжіліс өзгеріске сол күні келісім беріп, мақұлдады. Сөйтіп 3-баптың 2-тармағының жаңа нұсқасында енді тек «елдің тәуелсіздігі мен унитарлығы, оның аумақтық тұтастығы, басқару формасы республикалық референдумға шығарылмайды» деген қағидалар ғана қалды. Ал 5 мамырда Мемлекет басшысы референдум заңына өзгеріс енгізетін заң жобасына қол қойды.
Өзгерістің алды – Президенттің саяси ықпалын кеміту
5 мамырдағы видеоүндеуінде – Конституция реформасы мемлекеттің барлық моделін кешенді түрде трансформациялауға бағытталған. Өзгерістер суперпрезиденттік басқару формасынан ықпалды Парламент пен жауапты Үкіметі бар президенттік республикаға өтуді көздейді, – деген еді Президент.
Ал Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин түзетулердің бірінші блогы суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді қамтамасыз етеді деп түсіндірді.
Біріншіден, Президент өз өкілеттігі кезеңінде ешқандай саяси партия құрамында болмайды. Бұл тыйым Конституциялық соттың, Жоғарғы Соттың, өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, сондай-ақ ҚР жоғары аудиторлық палатасының төрағасы мен мүшелеріне қолданылады. Түзетудің артықшылығы – саяси бәсекелестікті арттыру және барлық саяси партиялардың дамуы үшін тең жағдай жасау. Екіншіден, Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы болмайды. Үшіншіден, Президенттің аудандар, қалалар мен ауылдық округтер әкімдерін қызметінен босатуға құқығы болмайды, – деген еді Ерлан Қарин. Ол реформаларды 5-ке бөліп түсіндірген еді.
Ал Әділет вице-министрі Алма Мұқанова реформаларды 12 блокқа бөліп, өтетін референдум нәтижесі бойынша оң шешім қабылданған жағдайда Президенттің өкілеттігіне бірқатар шектеу қойылатынын айтқан еді.
– Референдумға шығарылып жатқан конституциялық өзгерістердің ішінде қоғамда кеңінен талқылауға түсіп жатқан мәселенің бірі – Президенттің лауазымына байланысты шектеулер. Ол дегеніміз, алдымен, Президенттің жақын туыстары үшін саяси лауазымдар мен квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды атқаруға шектеу қойылмақ. Екіншіден, Президенттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партия мүшесі болуына тыйым салынады, – деді Алма Мұқанова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
«Республикалық референдум туралы» заңда елдің басқару формасы референдумға түспейді деген жол бар екенін айтып өткен едік, осыған қатысты түсіндіріп өтетін бір мәселе бар, бұл жерде біз мақсат етіп отырған суперпрезиденттік басқару формасы ресми басқару формасының түрі емес, саяси баға беруге көбірек келетінін айта кеткен жөн.
Президент саяси партияға
мүше бола алмайды
Референдум нәтижесінде Президент саяси партияға мүше бола алмайды (43-б. 3-т.).
Мұндай тыйым Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитетінің және Конституциялық кеңестің төрағалары мен мүшелеріне де қатысты болатынын атап өткен жөн.
Осылайша, заңнамадғы бұл өзгеріс Мемлекет басшысын барлық саяси ойыншылардан бірдей алыстатады, бұл бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына оң әсер етеді және барлық партияның дамуына тең жағдай жасайды деген нәтиже күтіліп отыр.
Сайланған президент белгілі бір саяси күштерден алыстаған жағдайлар әлемдік тәжірибеде де бар. Мемлекет басшысының еш партияға мүше болмауы туралы ереже Қырғыз Республикасы, Хорватия, Эстония кейбір елдердің Конституциясында, Ресей, Өзбекстанның саяси партиялар туралы заңында, Германия сияқты елдердің арнайы нормативтік актілерінде бекітілген. Сонымен бірге, басқару формасы Президенттің партияға мүшелігіне әсер етпейді, шектеулер президенттік және парламенттік елдер арасында да кездеседі.
Президенттің
жақын туыстары лауазымды қызмет атқара
алмайды
Заңның жаңа басылымына Мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда басшы лауазымдарға орналасуына тыйым салу ұсынылып отыр (43-б.4-т.).
Заңнамада жақын туыстарға ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа- сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады.
Бұл мәселе одан да бұрын көтерілген демонополизация мәселесімен жең ұшын жалғастырып жатыр. Осылайша, экономикада да, саясатта да шынайы, салауатты бәсекелестік қалыптаспақ, ол барлығына тең мүмкіндік береді деп уәде етіліп отыр.
Заңдарға қол қою
тәртібі өзгермек
Конституцияның қазіргі редакциясында Президенттің өкілеттіктеріне Парламент Сенаты ұсынған заңдарға қол қою жатады. Мәжілістің функцияларын күшейту және заңдарды қабылдау рәсімін өзгерту аясында заңдардың Президентке қол қоюға ұсынылатын бөлігіндегі тұжырымды Сенат қана емес, тұтастай Парламентпен бірлесе жүзеге асыратындай өзгерту ұсынылып отыр (44-б. 2-тармақша).
Президенттің әкімдерге қатысты өкілеттіктері қысқарады
Президент Жолдауында Президенттің кей өкілеттіктерін қысқартып және әкімдерді тікелей асқару құзыретін кемітіп, әкімдер мен мәслихаттарға шешім қабылдау кезінде дербестік беру туралы сөз қозғаған еді.
Осыған байланысты Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерінің актілерін тоқтата тұру немесе олардың күшін жою жөніндегі құқығына байланысты өзгерістер енгізу жоспарланып отыр (44-баптың 3-тармақшасы, 88-баптың 4-тармағы).
Яғни, ұсынысты көпшілік қолдар болса, Мемлекет басшысының аудан, облыс, шағын қалалар мен ауылдық округтердің әкімдерін тағайындау және қызметен босату құқы болмайды.
Комиссия пікірінше, бұл реформа жергілікті өкілді және атқарушы органдардың күшеюіне және тұтастай алғанда, саяси жаңғыртуға ықпал етуі керек.
Президенттің лауазымды қызметке тағайындау құзыретіне де өзгеріс енгізілмек
Сонымен қатар Президенттің Конституциялық Соттың Төрағасын тағайындауға және Жоғары Сот Кеңесінің құрамын қалыптастыруға қатысты құзыретіне де өзгеріс енгізу ұсынылып отыр.
Конституцияда белгіленген, қолданыстағы тәртіпке сәйкес Президенттің өзі Жоғары Сот Кеңесінің құрамын қалыптастырады, сондай-ақ Конституциялық Кеңестің төрағасын тағайындайды. Енді оларға Конституциялық Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің төрағалары қызметіне кандидатураларды келісу құқығын Парламент Сенатының депутаттарына беру ұсынылып отыр. Бұл ретте Жоғары Сот Кеңесінің құрамын қалыптастыру заңмен айқындалатын болады (44-баптың 4-тармақшасы).
Ермек ӘБДІРАСЫЛОВ,
з.ғ.д., профессор, ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі:
Шектеулердің өзгеріс әкелуге ықпалы болады
– Президент билікте болғанда партия басқармауы керек, әйтпегенде ертең Мәжілісте сол партияның мүшелері көпшілік болып келетін болса, онда Мәжіліс тәуелсіз деп айтуға келмейді. Бұл шектеудің, әрине өзгеріс әкелуге ықпалы болады. Екіншіден, Президенттің жақын туыстарын саяси лауазымды қызметке тағайындамау туралы шектеу ұсынылып отыр. Енді мұндай шектеудің бұрын болмауы сәтсіз тәжірибе болғанын қазір өзіміз байқап отырмыз. Президенттің жақындары көптеген ықпалды қызметтерді атқарды, оған қарап үлгі алған басқа басшылар да қорықпастан өз жақындарын жұмысқа орналастырды, осылайша елімізде таныс-тамырлық жайлап, жағымсыз тенденция қалыптасты. Мемлекет басшысы бұл мәселені Жолдауында айтқан болатын, осылайша топ мүшелері аталған норманы енгізді. Суперпрезиденттік жүйеден кетіп жатырмыз дейміз, ол үшін Президент өз өкілеттігін бөлісуі керек. Ассамблеядан бұрын Президенттің квотасымен 9 адам сайланатын, Президенттің ықпалы күшті болатын, Сенаттағы 15 адамды да Президент сайлайтын. Енді Президент тағайындайтын адам саны 10-ға азайды, оның 5-еуі Ассамблея мүшелері болады. Мәжілісті тек халық сайлайды, Мәжіліске Президенттің еш қатысы болмайды. Осының бәрі суперпрезиденттік басқару формасынан кетуге ықпал ететіні сөзсіз. Бұрын тек Президенттің өкілеттігін күшейтіп отырған болсақ, енді оған кері процесс жүреді.Жоба бойынша жетекші ғалымдар, құқықтанушылар жұмыс істеген. Конституцияның ескі және жаңа редакциясы арасындағы айырмашылық байқалуы үшін салыстыру арқылы ұсынғанды жөн көрдік. Ел үміт пен күдік аралас кезеңнің табалдырығынан аттаған сыңайлы. Ал жауаптылар бұл саяси реформалар ұзақ ойластырылғанын, қаңтар оқиғасынан бұрын қаперде жүрген мәселе екенін айтады.