Жылан туралы жылы жыр

Жылан туралы жылы жыр

Жылан туралы жылы жыр
ашық дереккөзі
Жуықта ақын Ербол Алшынбайдың «Тарымшы» поэмасы «Қазақ әде­биеті» газетінде (2022 жылы 15 нау­рызда) жарияланды. Оқырманды елең еткіз­ген ақынның жаңа туындысына адам әле­мі мен табиғат әлемінің ортасында бола­тын айрықша тылсым қатынас арқау болып­ты. Ақын бабаларымыздың көне наным-се­ні­міне тән мифтік түсініктердің ізін көркем өлең­ге айналдырған. Халық жыланмен арба­са­тын жанды «тарымшы», «дарымшы» деп атай береді. Бұл – халық емшілігімен сабақтасып кет­кен ерекше сырлы, құпия жоралғы. Жы­лан­мен сайысқан небір дарымшылардың ар­бау-байлау жырларын А.Байтұрсынұлы, Ә.Ди­ваев, С.Сейфуллин, Ә.Марғұландар хатқа тү­сіріп, халық поэзиясының қайнар көзі, мә­дени ескерткіш ретінде бағалауы тегін емес. Мі­не, сол мөлдір бастауға, тұнық тұмаға Ербол ақын жыры оқырманды саяхат жасатады. Жылан туралы түркілік түсінік тотемдік са­на­мен де қабысып жатады. «Іштен шыққан шұбар жы­лан» деген сөз орамы, «Тұзбасты жылан», «Жы­лан қабықты жігіт», «Жылан жұтқан шаһар» секілді ер­тегі-аңыздардың тамыры тереңде. Міне, осындай ел арасында айтылып келе жатқан қасиетті әпсана ен­ді сәтті жырға айналыпты. Іле бойындағы Шо­шана, Шаншарбек секілді жыланмен арбасатын әулиелер туралы аңыз-әңгімелер ақынға бала кү­нінен әсер еткен болуы керек деп бағамдаймын. Ербол ақын сол ескілікті әңгімені өлеңінде өзгеше бояу беріп, әдеби тәсіл ретінде қолданып, оқыр­ман­ның қызығушылығын оятқан. Жырда тарымшының арбауы, салтты орындауы дәстүрлі танымның айнасындай дәлдікпен бей­не­ленеді. Ақын жырындағы арбауда айтылатын Құра­лай тау, дегелек құс, жыландардың неше түрлі ныс­­­­пылары, Жылан патшасы Шах-маран, Жылан-бапы, Абақай секілді бейнелер – халық мұрасында ежелден айтылып келе жатқан көнеліктер. «Жыл­қының жауы – бөгелек, жыланның жауы – дегелек» де­гендей, дарымшылар Дегелекті шақырып зиян­кеске айбат шегетін болған. Шах-маран, Жылан-бапылар – ертегілік кейіпкерге айналған, ел құла­ғына сіңісті атаулар. Осындай халық мұра­сындағы ежелгі рәміздерді Ербол ақын қазіргі поэзияға ше­бер­лікпен етене жанастырып-жарастырып жібер­ген. Мысалы: Түндік басты ақ жылан, Айыр тілді сақ жылан. Оралып нар құлатқан, Арқан бойлы абжылан. Көмейінен у шашқан, Танауынан бу шашқан. Мары жылан бастап кел, Ордаңды алып ну шаттан. Әлбетте, ақын ежелгі тарымшының арбау жы­рын сол қалпында жырына көшірмелей, оны әрлі де нәрлі теңеуге, айшықты баламаға, рәміз-ишараға ай­налдырып қолданады. Егер ескі мұрамыздағы ар­баулардың үлгісін оқысақ, онда көптеген түсі­ніксіз сөздерге тап болып, кідіріп-кібіртіктеп қалар едік. Ал мына Ербол ақынның жырын оқысақ, қазақ тілінің бал-қаймақ қазынасын қалқып пайдаланған зергерліктің үлгісіне куә болар едік, тосын образ­дарға тап болғанымызбен тосырқап қалмасымыз анық. Сана түкпірімізде мүлгіп жатқан ежелгі тү­сінік-түйсікті бұл жыр қайтадан оятуымен, жаңаша жаң­ғыртуымен мәнді де құнды болған. Жырдың кейіпкерлері – жыланға шағылған қыз, оның әзиз анасы, Түменбай бақсы, жылан­дар­дың иесі Шаһ Маран төртеуі өзара ширығысқан тар­тысқа түседі, бұлар – бір-біріне мүлде кереғар кейіп­керлер. Адам әлемін аттап сертті бұзғаны үшін жылан падишасының басы алынады, бірақ оның да сертті әу баста бұзған адамзат өкілі Тү­менбай бақсыға айтатын салмақты даты бар. Жетіге денесі бөлшектеніп көмілген Маран жеті қорымға ай­налады, ал сертінен айнығыш жыландарды ме­кенінен қуған өктем адамзат өкілдерінің өздері де ақыры опық жейді. Өйткені тілінен шағылып айыр тілді болып, басқаша мақұлықаттық сипатқа көшіп, бөтенге рухын билеткен қыз «желменен бірге иреңдеп қара жыландай» Жылан-бапы елінің ар­тынан еруге бойұсынады. Ақын осылайша та­би­ғатты таптап, алтынын аршып, байлығын қаққан, тұмса табиғаттағы жылан секілді тіршілік иелерін үркіткен адамзат баласының өзі де мекенсіз, тексіз, тұрлаусыз құбылмалы жан иесіне айналып бара жатқанын тұспалдайды. Адамзатқа экологиялық тепе-теңдікті сақтауды уәж еткен ізгі поэмада ұлт­тық мүдде өрнегі айқын көрініс табады. Себебі та­биғаттың ділін, жыланның тілін меңгерген сол Түменбай бақсының қазіргі тұқымдары, қазақтар, өз ана тілін де толық білмейтін дүбәра халге, меңі­реу күйге тап болып өзгерген жоқ па деген сауал да туады. Ғұннан таралған түрік-моңғол халықтарының то­темі жылан төңірегінде айтылатын ежелгі миф қа­зіргі қазақ поэзиясына өзек болып отыр. Сол себ­ептен де поэма авторы жырдың соңын түркі дәуіріне ұластыра аяқтайды: Сағымды белде, жеті де оба қасында, Тарымшы қалды тауға қараған тас балбал. Айналып уақыт тұйғынға, Тегеурініне таусылмай төзген осы жұрт. Сағымды белде тарымшы тастың иығында, Жусайды күнде жайылған бір топ кекілік. Тұмса табиғатымыз, түпкі таным-тамырымыз тура­лы тұма жырды оқығанда әйгілі А.Блок ақын­ның «Ерте заманда арбаумен, оған қатысты халық магиясының ғұрыптары әлі піспеген балаң поэ­зия­ның кеніші болған. Оның жарқыраған алтыны қа­зірге дейін кітаптағы «қағаз» поэзияға нәр беріп ке­леді» деген сөзі еріксіз ойға оралады.

Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ, ақын, фольклортанушы