Жанкештілер жыршысы

Жанкештілер жыршысы

Жанкештілер жыршысы
ашық дереккөзі
Теңізі тартылған, ауасы жазда қапырық ыстық, ара-ара­сын­да топырақ суырып, азынаған желі тұратын сол өңір­де кіндігінен байланып, нәпақасын теріп жеп, ілгері-кейін­ді тіршілік кешіп жатқан жаны сірі адамдардың тұр­мыс-тіршілігін, төрткүл әлеммен сабақтасқан әлеуметтік мә­селелерін тереңірек сезінгіңіз келсе, мархабат! Белгілі жазушы, Ха­­­лықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиен­байдың прозасын оқыңыз. «Ән салуға әлі ерте», «Даңқ түрмесінің тұт­қыны», «Жер үстінде де жұмақ бар» романдары ма, «Құлан жа­нарын­дағы ғұмыр», «Тоқта, өлемісің» повестері ме, болмаса көптеген әң­гімелерін айтасыз ба, алдыңыздан сол өңірдің сыры терең, арман-мұра­ты асқақ, мінезі қайсар адамдары шығады. Оу, бұл өңірдің мәселесін атақты жа­зушы Ә.Нұрпейісов «Соңғы парыз» романында үңгіп жазды ғой, одан артық не айтуға болады дейді пен­де көңілің. Мәселе көп екен, тым көп. Төңіректің апшысын қуырып, от-жалын шашып, көкке бет түзеген Байқоңырдың ғарыш кемелері, жер жүзін дүр сілкіндірген әлемдік сенсациялар... Әлемдік өркениетке мүлде қарама-қарсы теміржол бойындағы жұпыны Төретам стансасы... Сөйте тұра, қа­зақ деген текті халық қой, бүкіл түркі жұр­тының киесіне, даңқына айналған Қор­қыт баба күмбезі осы жерде. Ен даланы шар­лаған көне қобыз сарыны... Теңіз тартылып, құрлықпен жалғасқан Барса­кел­мес қорығы... Табанында йод тұнған Қам­баш көлі... Тағысын тағылар. Адам мен табиғат арасындағы бай­ла­ныс, адамның табиғатқа жасап жатқан аш­көздігі мен табиғаттың кері әсері, пи­ғылдар қарама-қарсылығы мен ұлы дер­жа­валық үстемдік, туған жерге кіндігінен бай­ланған қарапайым адамдардың тір­ші­лік үшін арпалысы мен үміті, арманы жа­­­зушы Қуаныш Жиенбай шығар­ма­ларының үзілмес желісіне айналған. Бір шы­ғармада басталған желі келесі туын­дыда жаңа қырымен тереңдеп дамиды. «Оу, аяқ астынан не бүлініп қалды? Жау қуып келе жатқандай жеңіл мә­ши­не­сімен темір қақпаға соғыла жаздап, оқыс тоқтағанын қайтейін; ізінше есігін тарс жауып, сыртқа атып шыққанын қайтейін; мі­не, сонан бері бетон табалдырықтан не ары, не бері өте алмай селтиіп әлі тұр. Күр­тешесінің жағасын көтеріп алды. Жиек-жиегіне зер жалатқан қоңыр кө­зәй­негі де төсқалтасынан оп-оңай табыла кет­ті» («Даңқ түрмесінің тұтқыны» ро­­маны). Жазушының роман-повес­тері­не де, әңгімелеріне де осы стиль тән. Кейіпкерінің жан дү­ниесіне алғашқы сөйлемнен енгізе са­ла­ды. Автордың өзі тасада. Алдыңнан мың тол­­қып, мың кейін шегінген адам пси­хо­ло­гиясының терең иірімі ашылады. Же­тек­теп барады... Тосырқамайсың. Өйткені осы бір көңіл күй саған да, маған да жа­қын. Етене. Оу, адамның жан дүниесі мұ­хит емес пе?! Шалқиды, тасиды, кейде ке­­­­нересі кеуіп суалады. Автор оның де­талін тапқан. Романның бас кейіпкері біл­дей қызметкер Баймырза Нұртайштың әйелі онкологиялық емханада жатыр. Оңай деймісің? Жаның темірден жара­тыл­маса, ішкі әлеміңді азаптаған түрлі күйге түс­пей көр. Апырай, жұрттың көзіне қа­лай түсер. Мына, емхананың көрінісі қан­дай суық. «Онкологиялық аурухана: алдымен заһар шашқан дәрі-дәрмектің иісі ты­ны­сыңды тарылтар; кірпіктері әзер қимыл­дай­тын міскін жанарлар тұла бойыңды тінт­кілер; ақыры өзің де ыңғайсыздау хал ке­шерсің. Жаның ышқынып, тұмсық ұшы­на тіреледі. Тұла бойыңды әлдеқайдағы әл­сіздік билейді. Жә-жә, ендігі арманы – жа­затайым біреу-міреудің көзіне түсіп қал­мау. Есепке жүйрік. Қатерлі ісікке шал­дыққан жүз қаралы адамның кем де­ген­де үш жүзге тақау тамыр-танысы бар. Біл­сеңіз, үш жүз адамыңыз – бір қауым ел. Олар осы қаланың тұрғылықты халқы ма, әлде шабан пойыздың артқы вагонына әзер билет алып, сонау Сырдарияның теңіз құяр сағасындағы балықшылар ауылынан келетін бейтаныс біреулер ме – Баймырза үшін бәрібір. Мұның да бармаған жері, бас­паған тауы қалды ма?! Қызмет бабымен та­лай дастарқаннан дәм татқан. Міне, сол та­ныстарының бірі Баймырзаны қапе­лім­де танып қалмай ма: «Оу, Баймырза Нұр­тайш, мұнда не ғып жүрсіз?..» Сасқалақ­та­ған­да аузына жөнді сөз түсе ме: «Салтанат­тың сырқаттанып қалғаны». Арқасын бе­ріп, теріс бұрылар. Сізбен сөйлесуге көңі­лім­нің хошы жоқ дегенді түсіне қоя ма бұл қа­зақ? Қазымырланып тағы нелерді сұра­ғыштап, кісінің жүйкесін жұқартар: «Әйе­ліңіз ауырса сізге де қиын болған екен...» – деп жаны ашығансиды ғой және де. «Замминистр Баймырза Нұртайұлының ісік аурулары ауруханасын жағалап жүр­гендігін, оу, қалай түсінуге болады? Тегін жүріс пе? Әйелін сылтауратып... сыңайы...» Сол күні-ақ әлгі «жаңалық» жарты қа­лаңыз­­ды жаулап алар». Жазушы, марқұм Дүкенбай Дос­­жан қанша дегенмен шы­ғар­машылықтың қайнауын­да піскен тұлға ғой. Қ.Жиенбайдың жазу сти­лінің ерекшелігін дәл анықтайды. «Қа­зақ әдебиеті де авангард үлгісінен ада-кү­де емес, ол әрдайым әлемнің төрт бұры­шын­да туындаған ауқымды коллизия мен жанрлық фабуланы бойына молынан сіңі­ріп дамыды. Мұхтар Әуезовтің 20-жыл­дар басында жазған «Кінәмшіл бойжеткен», «Қара­лы сұлу» әңгімелерінде батыстың таң­дай қағып, бас ұрып мінажат еткен осы­нау әдіс-тәсілінің нышаны айқын се­зіледі. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы қазақ бойжеткені Ақбілек пен орыс офицерінің бірін-бірі тілмен емес, ишара, мегзеу, сезім иірімдері арқылы тү­сінуі – қазақ прозасындағы авангард ны­шандары. Арада қаншама жыл өтті, не­­­шеме майталман жазушылар шың­далу­дың шыңына көтерілді, маңдайалды неше алуан тақырыптарды игерді. Арнасы кең ал­қапқа жайылып ағатын дария секілді сөз өнерінің бүгінгі бастау бұлағының бір тармағы Қуаныш Жиенбай есімімен тығыз байланысты. Бұрқырап шығып жатқан өзге кі­таптарға ат ізін салмай-ақ, Қуа­ныш қаламынан туған хикаяттар мен әңгімелерге арнайы тоқталу себебіміз: оның сөз саптасында авангард нышаны, ой ағыны анық көзге ұрып, менмұндалап тұрады. Жазғыштығында сөз жоқ. Қалам­гер қалай жазады?.. Нендей көркем тәсілге жү­гінеді, гәп сонда» деп таниды аға жазу­шы. Авангард нышаны... Иә, Қуаныш Жиен­байдың прозасын өзге­лер­ден даралап, шоқтандыра тү­сетін де осы басқаға ұқсамайтын өзіндік жазу стилі тәрізді. Бұл оңайлықпен игеріл­мей­тін жазу мәнері. Ара шекті қатаң сақ­та­маса, автордың қазымырға, езуі көпірген көк мылжыңға айналып сала беруі бір-ақ пәс­те. Дегенмен осынау кірпияз жазу тә­сі­лін автор жақсы игерген деп білеміз. Енді жоғарыда келтірілген үзіндіге қайта оралайық. Романның бас кейіп­кері Баймырзаның кім еке­нін, басына қандай іс түскенін образ­дың жан дүниесіндегі тынымсыз сілкіністер аңғартады. Замминистр... Екінің бірінде жоқ биік мансап қой. Сонда да оның басында өзгеден қуыстану тәрізді пенделік сезім бар. Жазушының артықшылығы да осында. Қатаң, стандартты кейіптен қа­ламгерлік бағытын аулақ салады. Романда зам­министр болып сіресіп қалған Бай­мырзаны көрмейсіз. Ол да ет пен сүйектен жарал­ған. Әсілі, ол осы пенделік сезімімен сізге жақындай түседі. Пенделік сезімнен Сіз адасыз ба? Пенделік сезімсіз адам бола ма? Кейіпкердің плюстен минуске, ми­нустен плюске ауытқуын жазушы осы­лайша қалт жібермей үңги суреттейді. Осы ретте ой ағынымен үндескен авангардтық стиль – қопара бейнелеу жазушының оң­тайынан келген. Шығармадағы өзге кейіпкерлер де осылай өріледі. Жалпы, Қ.Жиен­байдың қай-қай туындысы болмасын психологиялық тар­тысқа, кейіпкерлердің жан дүниесінің ішкі иіріміне құрылады. Соның деталін сәтімен табады. Салтанаттың күтпеген тұс­тан аты жаман кеселге ұшырауы өзіне де, өзгеге де жеңіл ме? Режиссерлік жұ­мыс­та әзірге жолы болмай жүрген ұлдары Ға­физге анасының дерті оңай тимеген. Тұр­мыс құрып, жолы болмаған бір кездегі уыз­дай жас келіншек Ұмытқанның қазіргі күйі ше? Тағдыр айдап, Барсакелмес ара­лы­нан бір-ақ шыққан оның жан дү­ние­сінде де дәл осы мезетте дүниені өртеп жі­­­берердей ма­засыздық бар. Жалғыз ұлы Қа­был ор­та­лықта түрмеде отыр. Жазығы – вертолетпен арал­ға құлан атуға келген әкімсымақ, жар­­тыкеш байлардың масайраған бала­ла­рының мылтығын тартып алып, төбе­лерінен бір атып, қуып шыққаны. Қабыл бір кездегі беделі дүркіреп Аралға, одан Барсакелмеске келген қадірменді Бай­мыр­заның ұлы болып шықса қалай? Міне, осын­дай шиеленіскен ситуацияларда ав­тор­ды оқиға емес, ең алдымен, сол оқи­ға­ның кейіпкер жүрегіне түсірер барша сал­мағы мен кері серпілісі қызықтырады. Әр кейіпкер өзінше күй кешіп толғанады. Көзқарас-пайымдары бөлек. Тіпті, қарама-қарсы. Автор олардың ісіне, көзқарасына араласпай, еркіне жібереді. Алайда бір қы­зығы – романда әр қиырдан бас көтер­ген кейіпкерлер бәрібір бір нүктеде тоғы­сып, бірін-бірі толықтырып, мінез-бол­мыстарын ашып жатады. Бірінің сырттай дүркірегенімен, пенделік-пұшайман кейпі, екіншісінің өмірдің соққысына ілініп, қиын күй кешкенімен, сақталып қалған кісілік тұлғасы айшықталады. Мәселен, әкесі Баймырзаның көңі­лі толмайтын ұлы Ғафиз­дің режиссерлік бейнесінен Алматыдағы желтоқсан көтерілісінің шы­найы кадрларын түсіруге ұмтылған өлер­мендік іс-әрекеті байқалады. Кейін­нен онысы жойылып, жасаған туын­ды­лары жарық көрмесе, оның жалын атқан кеу­десінде наразылықтың оянуы, іштей күйінуі заңды емес пе? Ғафиздің өнер жо­лын­да өзіндік ұстанымы бар. Жасанды­лық­қа қарсы. Автор кейіпкерін бәрібір то­маға тұйықта қалдырмайды. Қазіргі уа­қыт құрсауда қалған жабық кезең емес. Сол Ғафизің енді шетелдік үлкен ға­лым­дар­мен бірігіп, жер бетіндегі ең қаны таза ха­лық – қазақтар екендігі жөнінде фильм тү­сірмек. Шығармашылық процестің ше­ші­мін таппай, тынымсыз ой кешуде. Ал сол экспериментке ілігіп, қазақтың ең таза қа­нын араб ханзадасына беріп, өмір сый­лау­шы Қабыл болып шықса ше? Жазушы адам жаратылысының соншалықты күр­делі һәм кереғарлығын сөйтіп образ ба­сын­дағы әр алуан күй арқылы алға тар­та­ды. Кейіпкерлердің күрделі тағдыры ту­ған жер экологиясымен бай­ла­нысқан. Баймырзаны да сонау астанадан жетектеп Аралға әкеліп отыр­ған да сол Кіші Аралдың проблемасы. Жер­­­­­лестерінің қолқалауымен келген. Қо­лын­да Байқоңыр айлағының жерасты суы­ның картасы бар. Тылсым табиғаттың пәрша-пәршасын шығарып, мезгіл-мезгіл коммерциялық ракеталарды аспанға ұшы­рып жатқан алпауыттардың іздегені осы емес пе – мол су қоры? Баймырзаның өмі­рі­не жететін қаражатты бір-ақ аударар. Кі­ші Аралдың теңіз құмынан үйілген бө­геті күшті дауылда жырылып кетіп, соқпа тол­қын Баймырзаны қаңбақтай ұшырып, бат­паққа тыққан. Табиғаттың іштей тын­ған дүлей мінезін, қаһарын көріңіз. Бай­мыр­за есінен танып, әупіріммен аман қал­ған... «Ән салуға әлі ерте» романындағы Әб­ді­мәлік пен Қаражан да ойсыз, қамсыз жан­дар емес. Іргеден қара дауылды құйын­датып аспанға көтерілетін ракеталардың зар­дабын жақсы біледі. Бірақ атамекеннен безу ойда жоқ. Ыстығына, суығына көнген. Әрекетшіл де тынымсыз. Айлақтың ас­там­шыл әскери шенділерімен тіл табысып үл­гер­ген. Әбдімәлік байқоңырлықтарға х­алықтың сенімді өкілі болып танылса, Қара­жан – теміржол стансасының басты­ғы. Заманның беталысын тамыршыдай түй­сінген Әбдімәлік өзі басқарған совхоз тара­ған соң да қарап қалмай, космодром іргесінен жеке меншік түйе фермасын аш­қан. Сөйтіп денсаулыққа аса пайдалы кеп­тірілген шұбат Байқоңырда әлемдік брендке айналған. Ғарышқа көтеріліп пайдаланғанда, кенеттен кеме ішінің жусанның жұпар иісіне бөленуін айт­саңшы бәрінен. Боз жусанды дала ғарыш­қа көшіп келгендей. Ғарышкерлер аңыз қы­лады. Әбдімәліктің пайдасы шаш етек­тен. Бірақ оған тоқтап қалар Әбекең жоқ. Табанында йод тұнған Қамбаш көлі қа­заққа Жаратқанның бере салған ғажап сыйы екен ғой. Йод жетіспейтін адамдарға бірден-бір ем көзі екен Қамбаш көлі. Кос­мостық зерттеу де осыны дәлелдеген. Енді осы байлықты неге игермеске?! Неге көл жа­ғасына ақшаңқан шипажай үйлерін сал­масқа. Сонда әлемнің түкпір-түкпірі­нен йод жетіспейтін ауру адамдар Қамбаш­қа ағылмай ма?.. Содан соң көр, дөй Әб­дімә­лікті. Ой-қиялы шарықтап, іске құм­был кірісіп кеткен. Қаражанның ой-өрісі одан кем емес. Романда қытымыр табиғатқа қара­май, туған жердің тірлігін дөң­гелетуге ұмтылған кейіпкерлер сурет­теледі. Бірақ мұнда да автор оқиға со­ра­бында кетпей, басты желіні кейіп­кер­лердің ішкі әлеміндегі тартысқа құрады. Әр­қайсысының жан дүниесін сөйлетудің оң­тайлы кілтін табады. Жалпы, Қ.Жиенбай про­засындағы басты ерекшеліктің бірі осы деп білеміз. Ойсыз-қамсыз адам бол­майды. Кім-кімнің де көңіл түкпірінде үлкен­ді-кіші түйткіл, жан жарасы жатады. Жаратқан ие адам деген пақырды жаратқанда осындай ойлауды, мазасыз күй кешуді қоса берген. Осы сипат автор туын­дысында басымдыққа ие болады. Күйеуі Әбдімәлік екі қабатты коттедж салып беріп, сырт қарағанда аста-төк өмір кешіп жатқан Патшагүлдің бала көтеріп, әйел бақытын сезіне алмауы, оған кері­сінше Әбдімәліктің қайтыс болған бірінші әйелінің қызы Мейрамкүлдің аяғының ауыр болуы, жастайынан аурушаң болып, пансионатқа өткізілген Әбдімәліктің үл­кен ұлы Әнуарбектің жазылмас жан жа­ра­сы, Әбдімәлік пен Қаражан арасындағы бәсекелестік пен қызғаныш қаламгердің романда індете суреттейтін нысанына ай­налған. Тұтастай алғанда, әлеуметтік өткір мәселелер мен адам жан дүниесіндегі қым-қуыт қайшылықтар жазушы шығар­маларында қос өрім болып тұтасқан. Автордың «Жер үстінде де жұмақ бар» ро­маны жөнінде бұған дейін баспасөз бе­тінде пікір білдіргенбіз. Жалпы, бір өңірдің Тәуелсіздік жылдарындағы өзгерісі мен Арал теңізінің тартылуымен келген қай­ғы-қасіреті, қандай қиындық болса да, туған жерінен бір елі ажырамаған адам­дарының жанкешті тірлігі мен әр алуан психологиясы Қ.Жиенбай туындылары­ның үзілмес алтын арқауына айналған. Өзіне етене жақын тақырып әр алуан ай­шық­талады. Кейіпкерлері тағдырдың ай­дауымен басқа өңірге көшіп, Алматының, басқа да ірі қалалардың қақ төріне орна­лас­са да, бәрібір туған жерін, көк теңізін са­ғы­нып жүреді. Түсінде шалқыған ай­дын­ды көреді. Үміт өлмейді. Биыл 70 деген мерейлі жастың жел­кенін керген Қуаныш Жиен­бай – қазіргі қазақ прозасының көрнекті өкілі. Оның жазған туындылары өзге қаламгерлердің шығармаларына ұқ­са­майды. Бақытын да, абыройын да қала­мы­нан тапқан. Асығып, аптығып біреу­лер­дің алдына түссем деп өзеуремейді. Өзіне се­німді. Біз байқағанда, бүгінгі аға қалам­гер­дің жастарға айтар тілегі бар: қазіргі прозашылар тым батысшыл болып кеткен тәрізді, олар, ең алдымен, қазақ проза­сы­ның қайнарымен, классикасымен сусын­дауы қажет емес пе дейді. Новель сый­лы­ғын алып жатқан кей шетелдік жазу­шы­лардың деңгейі өзіміздің Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, тағы басқалардан артып ке­тіп жатқаны жоқ. Ойланарлық-ақ пайым. Солардың қатарына Қуаныш Жиен­байдың да салмақты прозасын қосар едік. Оның туындылары Сырдарияның тө­менгі ағысын қоныс еткен дүйім елдің өт­кен ғасырдың 70-жылдарынан бері ба­сынан не өтіп, қалай тірлік кешкенінің көр­кем шежіресі іспетті. Арпалыс та, жан­кешті еңбек те, табиғаттың тозуынан ту­ған зауал да суреткер көңілінен таса қа­л­майды. Аға жазушыға зор денсаулық, шығар­ма­шылық табыс тілейміз. Жазарыңыз кө­бейсін.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, филология ғылымдарының докторы, профессор,

Тараз қаласы