Асылбек ТӨЛЕШОВ: Әлия мен Мәншүктей ерлік көрсетсе де, елеусіз қалғандар бар

Асылбек ТӨЛЕШОВ: Әлия мен Мәншүктей ерлік көрсетсе де, елеусіз қалғандар бар

Асылбек ТӨЛЕШОВ: Әлия мен Мәншүктей ерлік көрсетсе де, елеусіз қалғандар бар
ашық дереккөзі
51144
Сұм соғыста хат-хабарсыз кеткен қа­зақ майдангерлерінің сүйегі Ре­сей жерінен табылғаны туралы жаңа­лық­ты жиі естиміз. Онда келтірілген тың де­ректермен қатар, Мәскеу болат және қо­рытпалар институтының профессоры Асылбек Төлешовтің есімі үнемі аталады. Теміртаудағы Қарағанды металлургия ком­­бинаты жанындағы жоғары техни­ка­лық оқу орнында он жыл бойы оқытушы қызметін атқарған ол кезінде қалалық кеңес­ке депутат болып сайланып, Темір­тау­дың экологиясын жақсартуға атсалыс­қан. Отыз жылға жуық Мәскеуде тұрып жат­қан профессор оқытушылық қызметі­нен бөлек, Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан қазақстандықтар туралы зерттеу жүргізеді. Бірнеше жылға жал­ғасатын, жауынгерлердің сүйегін із­дестіру жұмысына белсенді қатысып, ізін­ше туыстарына хабарлайды. Осы жұ­мысы үшін екі жыл бұрын «Жыл еріктісі» сыйлығын алған Асылбек Қуантайұлымен хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Бір басылымнан Алматыдағы белді уни­верситеттердің біріне оқуға түсе ал­маған соң, Теміртаудағы институттың де­каны құжаттарыңызды сізге айтпай алып кеткенін, осылайша болаша­ғыңыз­ды инженер-құрылысшы мамандығымен байланыстырғаныңыз туралы оқыдым. – Негізі мен Ақтөбе облысы Мұғалжар ау­данына қарасты Ембі стансасында туып-өс­тім. Сол жердегі № 457 теміржол мектебін бі­тір­дім. Алғашында Алматыдағы Поли­тех­ни­калық институттың электр жүйелері мен же­лі­лері мамандығы бойынша оқуға тапсырған едім, бірақ бір ұпай жетпей, ол діттегенім іске ас­пады. Сосын әкем екеуіміз университетке құ­жаттарымызды алуға барсақ, ондағылар оны Теміртаудан келген бір декан алып кеткенін, мені кешкі оқу бөліміне қабылдағанын айтты. Содан ақырында Теміртаудағы Қарағанды ме­таллургия комбинаты жанындағы жоғары тех­никалық оқу орнының күндізгі оқу бөлі­міне оқуға түсіп, инженер-құрылысшы ма­ман­дығын алып шықтым. Оқуды бітірген соң, жол­дама бойынша Ақтөбе облыстық кәсіби бі­лім беру басқармасына қарайтын № 107 қа­ла­лық кәсіби-техникалық училищеге оқытушы болып жұмысқа тұрдым. Кейін сол басқармада жұ­мыс істедім. Сосын Теміртауға оралып, өзім оқы­ған оқу орнында оқытушылық қызмет ат­қар­дым әрі ғылыми жұмыспен айналыстым. Ол кезде ғылымға ден қойған қазақтарды Ре­сей­де оқуға жиі жіберетін. Сол уақытта Мәс­кеу бо­лат және қорытпалар институтының (МБж­ҚИ) еңбек және қоршаған ортаны қорғау ка­фед­расында тағылымдамадан өтіп, кейіннен аспирантура бөлімінде оқыдым. Онда төрт жыл білім алған соң, Теміртауға келіп, он жыл­ға жуық оқытушы болып жұмыс істедім. Оқы­тушылық қызметтен бөлек, қоғамдық жұмысқа көңіл бөлдім. Әсіресе, Теміртаудың эколо­гия­лық мәселелерін шешуге жауапты тұрақты ко­миссияның төрағасы болдым. Ол кезде Те­міртау экологиялық жағдайы ушығып тұрған ошақ болатын. Қазір де жақсарғаны шамалы. 1989 жылы қала тұрғындарының дауыс беру нә­тижесінде қалалық кеңестің депутаты бо­лып сайландым. Әлі есімде, 80 депутаттың 5-еуі ғана қазақ, қалғаны орыстар болды. Сосын білімімді жетілдіру үшін 1994 жылы жылы МБжҚИ-дің докторантура бөліміне оқуға түстім. Оны бітірген соң, сол университетке жұ­мысқа тұрып, ақыры Мәскеуде қалып қой­дым. Сөздің шыны керек, менде Мәскеуде қаламын деген мақсат болмады. Сәті түсіп, өзім оқыған кафедраға жұмысқа шақырды, онда доцент болып жұмыс істеген мен профессор ата­ғын алдым. Қазақстандық студенттердің осын­да келіп оқуына себепкер болдым, атап айтсам, екеуара ынтымақтастық нәтижесінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде оқитын 2-курс студенттерінің МБжҚИ-де білімін жалғастыруына кө­мек­тескенім бар. Бірақ қаңтар айынан бас­тап онда жұмыс істемеймін. Десе де Мәскеудегі оқу ор­та­лықтарында өзім оқыған мамандық бойын­ша қосымша сабақ беремін. Одан бөлек, Пре­зидент істері басқармасына қарасты өнімдерді жет­кізу бойынша кәсіпорында жарты став­камен жоба жетекшісі болып жұмыс істеймін. Сон­дай-ақ, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе уни­верситетi мен ондағы Қазақ-орыс халықаралық уни­верситетінде онлайн форматта дәріс оқимын. Бәлкім, алдағы уақытта елге қайтатын шығармын.  width=– Ал Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің қайда жерленгені мен туыстарын іздес­тіру ісіне араласуға кім түрткі болды? – Алматыдағы Политехникалық инс­ти­тут­та, сосын Шымкент педагогикалық инс­ти­тутында ректор болған Әшім Омаров 2005 жы­лы Мәскеуге келді. Әшім Құрамбайұлы да мен секілді МБжҚИ-де оқыған. Сол кезде ол кісі осында 1978 жылы ашылған Әлия Мол­да­ғұлова атындағы мектеп әрі ішінде музей бар екенін айтты. Сосын сол мектепте Ұлы Жеңіс­тің 60 жылдығына арналған іс-шараларға қа­тыстым, музей ішін араладым. Сол кезде Қа­зақстан елшілігі музейге көп көмектесті, Әлия Молдағұлованың бюстін жасап әкелді. Ақтө­бе­ден арнайы делегация келді. Осылайша, мек­теп әкімшілігімен байланыс орнатып, мек­тепке жиі келетінді шығардым. Ал іздестіру жұ­мысы туралы сұрасаңыз, сол жылы Ақ­тө­бедегі тумаларым Екінші дүниежүзілік соғыс ке­зінде Вязьмада қаза тапқан туыстарын іздеу үшін арнайы Мәскеуге келген болатын. Оларға кө­мектесу үшін қан ең көп төгілген шайқас Ржев қаласы арқылы өтіп, Вязьмаға бардық. Сол кезде Ржев түбінде қаза тапқан, хабарсыз кет­кен қазақтар туралы көп естіген соң, іздес­тіру жұмысына араласқанды жөн санадым. – Машақаты көп іздестіру жұмыс­тары­на сізге көмектесетін арнайы команда бар ма? – Жоқ. Барлығын жұмыстан тыс уақытта өзім іздестіремін. Негізі, орыстар қолы қалт ет­се қала сыртындағы саяжайға қарай «жү­гі­ре­ді», ал бізде ондай мүмкіндік болмаған соң, бос уақытта пайдалы іспен айналысқанды жөн кө­ремін. Жалпы, бос уақытты тектен-тек өт­кізу­ге жаным қас. «Невада-Семей» халықаралық ан­тиядролық қозғалысы туралы конфе­рен­ция­ларға жиі қатысатындықтан, осы тақырып төңірегінде зерттеу жүргіземін. Сондай-ақ, ер­лікпен қаза тапқан солдаттардың өмірін зерт­теймін. Бірақ бүкіл жұмысты бір өзім ат­қара­мын деп айта алмаймын. Ресейлік із­дес­тіруші топ ерлікпен қаза тапқан солдаттардың сүйе­гін тапқанда оларға тиесілі медальон, кас­ка, тіпті қасық пен саптыаяққа қашап жа­зыл­ған аты-жөндерін жария қылады. Я бол­ма­са олар табылған кейбір деректердің славян емес, азиаттарға тиесілі екенін анықтайды. Со­дан кейін сол деректерді негізге ала отырып, ма­қала жазамын, артынша жан-жаққа тара­тамын. Сол аймақтың журналистеріне көп жаза­мын. Шайқас болған, жерленген жерге өз қаражатыма барып, деректер іздестіремін. Кейде туыстары бірден табыла кетсе, енді бірде 7 жыл­дан соң табылып жатады. Мысалы, Қос­танай облысы Денисовка ауданының тұрғыны Светлана Корольдің Жетіқарада туып-өскен, соғыста қаза тапқан әкесінің інісі туралы де­рек­тер іздеп жүргеніне көп уақыт болған. 2021 жылдың мамырында 7 жыл бұрын мен газетке берген деректі интернетте кездейсоқ оқып қа­лып, ағасының жерленген жерін білді. Іздес­тіру жұмысына студенттер де көмектеседі. Оле­нин округінде болған «Марс» операциясы деп аталған шайқаста Қазақстанда жасақ­тал­ған ұлттық атқыштар бригадасындағылардың түгелі қаза тапқанын білетін боларсыз. Ондағы әкімшілік Жеңіс күніне орай өткізілетін іс-шара­ларға қазақтарды жиі шақырады. Сол кез­де студенттерді де ерте барамын. Сондай бір сапарда Қызылордадан келген бір қазақ сту­дент қаза тапқан солдаттың тегі өзінікімен ұқсас болған соң, үйіндегілерге хабарласып сұра­ған кезде расымен туысы болып шықты. Сә­тін салса, биыл 9-10 мамыр күндері өтетін іс-шараға барып қайтпақшымыз.  width=– Осы кезге дейін қанша жауынгердің туы­сы табылды? – Жаңылыспасам, он шақты-ау деймін. Жы­лына 1-2 жауынгердің туыстары табылып жа­тады. Мен жария еткен деректер бойынша туыс­тарын тапқандар бірден маған хабар­ла­сады. Оларды күтіп алып, қонақүйге орналас­тыра­мыз. Кейін жерленген жеріне алып бара­мыз. Негізі, шын іздеген адам табады екен. Со­ған көзім жетті. Туыстарының арасында ерек­ше белсенділер соңына дейін жүгіреді. Ал кей­бірі туысы екенін біле тұра, зират басына бар­ғысы жоқ. Кейбіреуі қабір басына барып, Құран оқытады. Моласынан бір уыс топырақ алып кетеді немесе елден топырақ алып келеді. Ал кейбірі жағдайы жоқтығынан мұнда келе ал­майды. Бірақ сыртта жерленген батыр туы­сы­ның басына қатты барғысы келеді. Ал енді бірі пандемия салдарынан келе алмай қалып жа­тады. Мысалы, Қазмағамбет Жұмамұра­тов­тың немересі атасы жерленген Ленинград об­лысына қарасты Синявино ауылындағы бауыр­ластар зиратына келіп, Құран оқыт­пақ­шы. Қазір пандемияға бола енгізілген шек­теу­лердің алынып тасталғанын күтіп отыр. Кей­біреуі­не қай елде жерленгені белгілі болса да, ел­шіліктен басқа ешкім көмектесе алмай­ты­нын айтамын. Мысалы, ең бірінші Ақтөбе об­­лысы Қарабұтақ ауданынан соғысқа аттан­ған, мықты снайпер болған Қуанай Әбдіра­х­ма­новтың туыстарын таптым. Олар ол кісіні соғыста хабар-ошарсыз кетті деп ойлап жүр екен. 2012 жылы архивтерді ақтара келе, оның Польшаның Лассен қаласында жерленгені мә­лім болды. Десе де ол аймақтың нақты қай жерін­де жерленгені әлі белгісіз. Туыстарына Поль­шадағы Қазақстан елшілігіне хат жазың­дар деген едім, әлі жазбады-ау деймін. Дегенмен туыстары табылғандардың түгелімен жақсы байланыс орнатып алдым. Тіпті мереке күн­дері бір-бірімізді құттықтаймыз. Сөйлескен сайын мені елге қонаққа шақырады. – Екі жыл бұрын 1942 жылы Смоленск об­лысы, Темкинск ауданында жан тап­сыр­ған майдангер Медет Аманжоловтың сүйе­гі елге жеткізілді. Жауынгерді 78 жыл­дан соң туған жеріне жерлеуге мүм­кіндік берген бұл игі істің басы-қасында өзіңіз жүріпсіз. – Иә, Қарағанды облысының Шет ауда­нын­да туған Медет Аманжоловтың сүйегін іздестіру жұмысына атсалыстым. Көп адам кіріс­кен бұл жұмыстың нәтижесінде оның Смо­ленск түбінде жерленгенін білдік. Темір­тауда жұмыс істегендіктен, Қарағанды об­лы­сын жақсы білемін, бір-бірімізге айта отыра, туған-туыстарын тауып, ақырында сүйегін елге алып келді. Жалғыз жерленген жауынгердің сүйе­гін туған еліне алып кетуге болады. Ал бірақ бауырластар зиратында көппен бірге жерленгендердің арасынан кім екенін анықтау қиын ғой. Дегенмен көпшілігі бөлек траншеяда жерленген. Бірақ олардың сүйегін алып кетуге ешкім ниет танытпады. Осы ретте айта кететін жайт, біздің елде «бұл – біздің жерлесіміз, өзі­міз жерлеп, белгі қоямыз» деп, сүйегін елге алып кетуге мүмкіндік беретін заң шығарылса игі еді. – Соғыста қаза болған боздақтардан бө­лек, елге аман-есен оралған, десе де ер­лігі еленбей қалған батырлардың өмі­рін зерттеп, марапат иесін табуға да сеп­ті­гін тигізген екенсіз. – Иә, тек қаза тапқандарды емес, сонымен қа­тар елге оралғандардың арасында кім қан­дай медаль алғанын да зерттедім. Ақтөбенің пер­зенті Гайнедин Өтешов пулеметші бол­ған­дықтан, майданда үнемі алдыңғы шепте жүр­ген. 1945 жылы жараланып, Алматыдағы гос­пи­­тальдердің біріне жеткізілген. Ол ем-дом алып жатқанда майданда оған «Даңқ» ордені берілген. Оны біз архивтерді ақтарғанда ғана білдік. Бірақ ол оны білмеген. Ол ауылына ора­лып, сонда көп жыл бойы ұстаздық етіп, 1975 жылы қайтыс болды. Осылайша, ол тірі ке­зінде осындай марапатқа ие болғанын біле ал­май кетті. Кейін Ақтөбе жақтағы Жаңажол ауы­лында мектепке немесе сыныпқа оның есі­мі берілді-ау деймін, бірақ ескерткіш тақта ор­натылғанын нақты білемін.  width=– Сұхбаттарыңызда ерлігі Әлия мен Мән­шүктен кем түспейтін қаһарман­дары­мыз бар екенін жиі айтасыз. – Қазақ мықты халық қой. Сол сұрапыл со­ғыста қайсарлық танытқан қазақтар қан­ша­ма. Негізі, Кеңес Одағының Батыры атағына көп қазақ ұсынылған, бірақ жоғары жақ рұқ­сат бермеген. Ерлігін күллі Кеңес Одағы білген батырларымызбен қатар, есімі аталуға тиіс жауын­герлер жетерлік. Мысалы, Жезқазған жақ­тан аттанған танкист, аға лейтенант Жұмаш Рахметов Оленин түбінде болған шай­қасқа қатысып, немістің 11 танкісін атып тү­сіріп, ерлікпен қаза тапқан. Түсінген адамға, осын­шама танкіні жою – ерліктің ғажайып үлгісі. Ол кісінің қайда жерленгені белгілі. Бірақ балалар үйінде тәрбиеленіп өскендіктен, туған-туыстарын табу қиын. Ол кісі Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ атақ орнына оған орден берген. Жалпы, атақ ал­маса да, ерлік танытып, адам жанын ажалдан ара­шалап қалған қазақтар жетерлік. Мысалы, Невель қаласында бірінші әскери комендант болып, қаланы азат ету жолында қаза тапқан командир, павлодарлық Әбілқайыр Баймолдин де Кеңес Одағының Батыры атағын алуы керек еді. 2014 жылы Невельде оған ескерткіш орнатылып, алаң атауы берілді. Жамбылдық Ыбырайым Сүлейменов те ерлік көрсетіп, Мән­шүк Мәметовамен бірге жаудың бетін қай­тарған. Ол да Мәншүкпен қатар үлкен атақты алу­ға лайық деп танылған, бірақ жоғарыда­ғы­лардың нұсқауы бойынша оған да берілмеген. Осы ретте сізге бір қызық деректі айта кетейін. Осы жылы қаңтар айының басында Әлия Мол­дағұлова жерленген Псков облысы Ново­соко­льники ауданының азат етілгеніне 78 жыл тол­ғанына орай іс-шараға шақыртылдым. Сол са­парда Невель қаласының музейіне бардық. Му­зей жетекшісі біздің делегацияға Мәншүк Мә­метова туралы 1944 жылы Қызыл Армияның жо­ғары саяси басқармасы басып шығарған қазақ­ша үндеухатты көрсетті. Онда Мәншүктің суреті бар, өмірбаяны жазылған. Бір қызығы, екінші бетінде «Оқы да, жолдасыңа бер» деп жа­­зылған. Мұны мен қазақтың қайсар қы­зы­ның ерлігін насихатта деп түсіндім. Қазақ ті­лінде жазылған бұл құжатты көргенде қатты таң­ғалдым. Музейдегілер естелікке сол үн­деу­хаттың фотокөшірмесін берді.  width=Олар биыл Мән­шүк Мәметованың туғанына 100 жыл толуы­на орай пошталық ашықхат жасап шы­ғар­мақшы. Бірақ алдымен Невельдегі Мәншүк Мә­метованың ескерткішін орнатқан автор­лар­дың келісімі керек екен. Қазір сол мүсін­ші­лер­дің туған-туыстарын іздестіріп жатырмыз. Із­дестіру демекші, қазір аты-жөні мен қай ай­м­ақтан жіберілгені белгілі солдаттардың туған-туыстарын іздеп жүрмін. Тверь облысы Зубцовский ауданының аумағында 1942 жылы 25 қараша мен 20 желтоқсан аралығында өт­кен шайқаста 326 атқыштар дивизиясының са­пында болған мыңнан астам қазақстандық қа­за тапты. Қазір қолымда сол мыңның үш жү­зінің аты-жөні, қай облыстан аттанғаны тура­лы деректер қамтылған құжатты ұстап отыр­мын. Бұл тізімдегі 300 батырдың 100-і – Оң­түстік Қазақстан облысының перзенті, қал­ғаны басқа облыстардан аттанған. Аймақ­тан аттанған солдат саны көп болған соң, бұл дерек­терді «Южный Казахстан» газетіне бер­дім, олар жариялаған болуы керек, бірақ еш­қан­дай реакция болмады. Мен сол тізімді сізге жі­берейін, бәлкім сіздер арқылы батыр туыс­тарының сүйегі қайда жатқанын білетін болар. Ме­нің басты мақсатым да – осы. Жанқиярлық көрсеткен батырларымыздың туған-туыстары, ар­тынан қалған ұрпақтары оларды ұмытпа­сын, ерлігі туралы біліп жүрсін, есте сақтасын деймін. Ауылдың, мектептің, кем дегенде сы­ныптың аты берілсе де батырлар есімі ел ау­зында жүреді ғой. – Әңгімеңізді тыңдап отырып, 2020 жы­лы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бастамасымен құрылған «Жыл ерік­тісі» халықаралық сыйлығының жеңім­пазы атанған сіздің бұл марапатқа әбден лайық екеніңізге көзіміз жетіп отыр. – «Еріктілер жылы» болып бекітілген сол жы­лы «Жыл еріктісі» халықаралық сый­лы­ғы­ның «Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды із­деу жұмысына белсенді атсалысу» номинациясы бойынша жеңімпаз атандым. Көп қазақ­стан­дық маған дауыс беріп, көш басына алып шық­ты. Пандемиямен тұспа-тұс келгендіктен, мара­паттау рәсімі онлайн форматта өтті. Кейін­нен осындағы біздің елшілік мені ар­найы шақырып, жеңімпаз кубогін табыстады. Одан бөлек, жоғарыда атап өткен, шайқас бол­ған аудандардың әкімшілігінен де көп гра­мота алдым. Ярославль облысында Әлия Мол­дағұлова оқыған мектеп әкімшілігі жыл сайын оның атымен мергендер турнирін өткізеді. Ол жа­рысқа біз де қатысамыз, түрлі марапат қа­ғаз­дарын алып қайтамыз. Айтпақшы, ол мек­тепте Әлия алған бағалары бар журнал әлі сақ­­­таулы тұр. Әлия кілең бестікке оқыған екен.  width=– Орыстілді журналистер сізді үнемі «Ақ­төбе жерлестері» қауымдастығының мүшесі» деп жазады. Ақтөбеліктер Мәс­кеу­де жеке қоғам ашып алған ба сонда? – Кезінде Ақтөбеден Мәскеуге көп орыс қо­ныс аударған. Олардың арасында Ақтөбеде, кейін Ақмолада прокурор болған, кейін осын­да прокурордың орынбасары қызметін ат­қар­ған Олег Майданов осы қоғамның ашылуына түрт­кі болған. Осы қауымдастықтың жұмы­сы­на қатысымыз болғандықтан, журналистер үнемі солай атайды. Одан бөлек, бірнеше қа­зақ­тар қауымдастығының жұмысына да ара­ласамын. Ұлттық мерекелерді бірге атап өтеміз. Ұйым­дас­тырушылар қазақстандық әншілердің қатысуы­мен өтетін концерттерге шақырады. Наурыз мере­кесінде ВДНХ маңынан арнайы па­вильон­да көрме ұйымдастырылып, киіз үй тігіледі. – Сұхбаттың басында «Бәлкім, елге ора­лармын» деп айттыңыз. Қай қалаға барып тұрғыңыз келеді? Елдегі универ­си­теттерден шақырту болмады ма? – Негізі, Нұр-Сұлтанға барып жұмыс іс­те­гім келеді. Ол мүмкін болмаса, кіндік қаным там­ған жер Ақтөбеге барып тұрақтасам ба дей­мін. Негізі, елдегі бірнеше университетке түйін­демемді жібергенмін. Бірақ ешқай­сы­сынан жауап келмеді. Бір естігенім, олар ма­ман­ның жасына қарайды екен, алпыстан асқан ма­мандарды жұмысқа алғысы келмейді. Десе де елге барсам, маған жұмыс табылатынына се­нім­дімін. Бастысы, пәтер мәселесі шешілсе бол­ғаны.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары