Астана – кәсіпкерлік үшін қолайлы қала

Астана – кәсіпкерлік үшін қолайлы қала

Астана – кәсіпкерлік үшін қолайлы қала
ашық дереккөзі
344

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы биылғы жылды «Өңірлер жылы» деп жариялаған болатын. Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев бастаған топ бір айдан бері еліміздегі бірнеше өңірлерді аралап, кәсіпкерлермен және жергілікті билік өкілдерімен кездесуде. ҰКП басшылығы бастаған топтың он бірінші кездесуі Астана қаласында өтті.

Кезекті жиынның шымылдығын ашқан «Атамекен» ҰКП төрал­қасының төрағасы Тимур Құлыбаев биылғы жылы таңдап алынған негізгі үш тақырыптың барлық өңірлерде талқыланып жатқандығын айтты: «Біріншісі – индустриаландыру мәселелері. Өткен жылы ел Президенті тұңғыш бесжылдықтың қорытындысын шығарып, екінші бесжылдықты бастап берді. Бұл жерде біз үшін бизнестің сын-ескертпелері маңызды. Бүгінде барлық өңірлерде біздің палата әкімдіктермен бірлесіп, «Өңірлік даму картасын» әзірлеуде. Екінші мәселе – отандық тауарларды ілгерілету. 11 ақпанда Мемлекет басшысының бастамасымен «Қазақстанда жасалған» акциясы жарияланды. Сол арқылы қазіргі күрделі кезеңде қазақстандық та­уар өндірушілерді қолдау көзделуде. Тиісінше, жергілікті мазмұнды дамыту мәселелеріне бөлінетін көңіл күшейтіледі. Жиындарда үшінші блок ретінде ұлттық кәсіпкерлердің ағымдағы проблемалары қаралады. Біз осы арқылы Қазақстанда төл бизнесіміздің өзін қалай сезініп отырғанын анықтаймыз». Елордадағы ІІ кәсіпкерлер конференциясында Астана қаласында бизнесмендердің қолдауымен зообақ, қазақ және орыс драма театрлары, екі автовокзал, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін жаңа зауыт салынуы мүмкін екендігі айтылды.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған құрылтайға Аста­­на қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков те қатысып, бас қаланың кәсіпкерлеріне сын-ескертпелерін айтты. Елімізде кәсіпкерлердің табысты еңбек етуіне барлық жағдайдың жасалғандығын алға тартқан елорда әкімі Астана қаласын безендіру жұмыстарына белсене араласуы қажет екендігін алға тартты. «Елордада ғана емес, елімізде орта және шағын бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Кәсіпкерлердің табыс табуына барлық жағдайлар жасалуда. Астанада шағын және орта бизнестің жұмыс iстеп тұрған субъектілерінің саны шамамен 60 мың. Оларда еңбек ететіндер саны 233 мыңнан асады. Сіздер де ел экономикасын көтеруге, халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін! Бюджетке түсетін салық түріндегі экономикалық қайтарым сыртында, бизнес әлеуметтік жауапты болуға және қала өміріне атсалысуға тиіс деп санаймын. Біз кәсіпкерлердің қоғамдық-саяси іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ қаланы абаттандыруға, оның ажарын жақсартуға, көшелерді жарықтандыруға қатысты мәселелер, селге, су басуға қарсы шаралар, сенбіліктер, мерекелік шараларға қарай безендіруде белсенді болғанын қалаймыз», – деді Әділбек Жақсыбеков.

Қала әкімі Астана қаласының көшелері мен аумақтарын тазарту мәселесіне баса назар аударды. Тіпті, дәл осы мәселені өңірлік кәсіпкерлер палатасына бірнеше рет айтқан да екен. «Біз аумақтарды тазарту мәселесін әлденеше рет көтердік. Айналасын таза ұстау – әрбір кәсіпкерліктің міндеті. Мұны дамыған елдер де ұстанады. Бізде ше? Қыруар қаржы салып, сауда орнын, мейрамхана ашады, ал айналасы – көктайғақ, шалшық-батпақ. Соның қожайынында осыны көргенде өзі-ақ хабарласып, қолына күрек алып, өз меншігінің айналасын тазартып шығуға құлшыныс тумай ма? Жоқ, бәрі мұны коммуналдық қызметке жүктеп қоюға бейіл. Бизнесмендерімізді тәрбиелеулеріңіз керек. Бұл – клиент­теріңізге, жолаушыларға қамқорлық, олардың қауіпсіздігі, бизнес мекемесінің имиджі. Айналасы мұнтаздай болса, адамдардың көптеп келуіне септігін тигізеді. Оның басшысы қоластындағы ұжымды да өзінің үлгісімен тәрбиелеуге тиісті. Бұдан астаналық бизнес сырт қалмағаны жөн», – деді Әділбек Жақсыбеков.

Бүгінгі таңда еліміздегі кәсіпкерлер үшін ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізіліп, рәсімдер жеңілдетілген болатын. Мәселен, үй салғысы келген кәсіпкер ешкімнен алдын-ала рұқсат алмайды. Тек бұл туралы хабардар етсе жеткілікті. Құрылыс барысында қажетті құжаттарды рәсімдей берсе болады. Осыны оңтайлы пайдаланған адал емес құрылыс компаниялары өз жұмыстарын жандандыруда. Енді қалалық әкімдік мұндай алаяқтармен ҰКП-мен бірлесіп, күресу жүргізу қажет деп санайды.

«Бүгінде бірқатар құрылыс компанияларының лицензиясыз жұмыс жасап, тұрғын үйлерді сатып, үлестік құрылыс заңын елеусіз қалдырып жатқандығын көрудеміз. Біз астаналық кәсіпкерлер палатасын көмекке тартуды қалаймыз. Өйткені мұндай ниеті таза емес құрылыс компаниялары бизнестің абыройын төгеді, азаматтар арасында әлеуметтік наразылықтың өсуіне шарттар жасайды. Олар өз бетімен құрылысты бастап кетеді, үлескерлерден қаржы жинайды, кейін олар сол тұрғын үйлерін іске қоса алмайды. Нәтижесінде азаматтардың экономикалық мүдде­сіне нұқсан келтіреді, оларды сотқа баруға мәжбүр етеді», – деп атап өтті Астана қаласының әкімі.

Елорда әкімінің сын-ескерт­пелерін тыңдаған «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев кәсіпкерлерге Астананы үздік қалаға айналдыру міндеті қойылғандығын айтты. «Астананың кәсіпкерлік үшін қолайлы қала атануына да қолдан келгенше көмектесеміз. Билік пен бизнестің үйлесімді іс-қимылының моделі де осы Астанада пысықталады. Бүгін елорда әкімі көтерген мәселелерді қалалық бизнес шамасы келгенше шешуі қажет», – деді Тимур Құлыбаев.

Серіктес жаңалықтары