«ЕХРО – 2017» нысандарындағы қазақстандық үлес 60 пайыздан кем болмайды
«ЕХРО – 2017» нысандарындағы қазақстандық үлес 60 пайыздан кем болмайды
Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «EXPO – 2017» көрме кешеніне бас сұқты. Елбасы көрме кешенінің болашақ халықаралық, тақырыптық павильондарының, сауық және қызмет көрсету нысандарының макеттерімен, Қазақстанның Ұлттық павильонында болатын нысандармен танысты.
Көрме кешенінің жалпы аумағы 174 гектар болмақ. Осы аумақта 38 нысан салынады. Аталмыш жобаға қазір 8 құрылыс ұйымы мен 3500-ден астам жұмысшы қатысуда. Көрме кешені аумағында диаметрі 80 метрлік шар пішіндес Қазақстанның ұлттық павильоны, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар, сауда, ойын-сауық және қызмет көрсету нысандары орналаспақ. Ал көрме сыртындағы аймаққа конференция орталығы, баспасөз орталығы, жабық қала және тұрғын үйлер мен қонақ үйлер енеді. «ЕХРО – 2017» көрмесінің нысандары жел, күн, басқа да балалмалы қуат көздерінен алынатын «жасыл» энергетикамен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда.
Қазіргі кезде «ЕХРО – 2017» көрмесіне 127 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Бұл туралы Мемлекет басшысына «Астана ЕХРО – 2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияев мәлімдеді. Оның айтуынша, инвестиция құйғандардың басым көпшілігі – отандық инвесторлар. Сондай-ақ, 3 шетелдік компания да қазақстандық «ЕХРО»-ға қаржы салған. Енді корейлік компания көрме кешеніне 200 миллион доллар инвестиция құюға ниет білідіріп отыр екен. «Астана ЕХРО – 2017» ұлттық компаниясы көрме кешеніне қатысты жұмыстарға отандық өнімдерді пайдалануға ниетті. Бүгінге дейін отандық өндірушілермен құны 60 миллиард теңгені құрайтын 19 келісімшарт жасалған. Отандық өндірушілермен жасалатын келісімшарттар ары қарай да жалғаса бермек. Халықаралық көрме құрылысының өзіне 50-ден 100-ге дейінгі орта және шағын бизнес тартылады деген болжам бар. Талғат Ермегияевтің мәліметіне сүйенсек, «ЕХРО – 2017» нысандарындағы қазақстандық үлес 60 пайыздан кем болмайды.
Көрме кешенінде арнайы кеңес өткізген Нұрсұлтан Әбішұлы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысына тоқталып, нысандарды іске қосу және әрлеу жұмыстарын 2016 жылдың қыркүйегіне дейін әзірлеу керектігін қадап айтты. Кешендегі жобалармен танысып шыққан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ЕХРО – 2017» көрмесін өткізу еліміз үшін үлкен тарихи оқиғаға айналатындығын айтты: «Әлемнің көптеген мемлекеттері арасынан біздің еліміз көрмені өткізу құқығын жеңіп алды. Кешен Астанадағы және бүкіл Қазақстандағы ауқымды нысандардың біріне айналады. Осыған байланысты түрлі жобаларды қарастыру керек. Біз конкурсқа қатысқан қазақстандық және шетелдік барлық архитекторларға, үздік жобаларды таңдап алатын комиссия мүшелеріне алғыс айтамыз. Көрме өткеннен кейін құрылыстарды, соның ішінде тұрғын үйлерді, қызмет кеңселерін, сауда ғимараттарын, ғылыми зертханаларды пайдалануды қамтамасыз ету қажет».
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы халықаралық көрме аясында салынып жатқан жаңа нысандардың көрмеден кейін бос тұрып қалмауын қадағалау керектігін ескертті. Бұл мәселені Үкіметпен бірлесе отырып шешудің басты міндет екендігіне тоқталды. «Қонақтарға арналған баспана, қонақ үй және Конгресс-орталық мақсатты пайдаланылады. Бұл ретте көрмеден кейін шетелдік мемлекеттердің павильондары мен өзге де көптеген орын-жайлар бос қалады. Кешен одан әрі қалай пайдаланылатынын қазірдің өзінде шешіп алған жөн. Мүмкін онда халықаралық шаралар, әскери, агроөнеркәсіптік көрмелер өткізілер. Әлемдік ірі компанияларды біздің нысандарымызды өз жұмыстарына пайдалануы үшін қызықтыру қажет. Сонымен қатар, мұнда халықаралық банктер, бұқаралық ақпарат құралдары өз кеңселерін ашуға тілек білдіруде. Жалпы алғанда, барлық ғимараттар 2017 жылдың күзінен соң әрі қарай пайдалануға берілуі тиіс», – деді Елбасы.
Халықаралық «ЕХРО – 2017» көрмесі арқылы Қазақстанның жетістіктерін әлемге көрсетуге мүмкіндік туғандығын айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы аталмыш жоба елордамыз Астананың да абыройын асқақтататынына назар аударды: «Біздің республикамызды көптеген аспектілер бойынша – ірі энергетикалық мемлекет, уран кенін өндіретін жетекші ел, астық экспорттаушы, бай табиғи ресурстарға ие мемлекет ретінде біледі. Енді болашаққа ұмтылған жаңа елді көрсету қажет. Ұлттық павильон тұжырымдамасының өзі де Қазақстан жеткен жетістігімен тоқталып қалмайтынын, әрдайым әрі қарай ілгерілеуді мақсат тұтатынын көрсетеді. Көрме елордамызды мүлде өзге қырынан көрсетеді, оны кеңейте және көркейте түседі. Бүгінгі таңда Астанада маңызды нысандар аз салынған жоқ. Алайда ЕХРО кешені – мүлде басқа сападағы, ХХІ ғасыр талаптарына толықтай сай келетін технологиялар қолданылатын жоба. Елорда тұрғындары мен меймандары үшін энергетика саласындағы болашақпен қауышудың, ғылыми жетістіктерді көрудің және бой көтерген нысандардың көркін тамашалаудың тамаша мүмкіндігі туады».
Мемлекет басшысының қатысуымен өткен кеңесте көрме кешеніндегі нысандардың құрылысын жүргізіп жатқан «Sembol», «BІ Group», «АБК Құрылыс-1», «Mabetex Group», «СК Базис», «Компания АДС», «MegaManagement» сынды мердігерлік құрылыс компанияларының басшылары да баяндама жасады.