Қартың қайда, қазағым?

Қартың қайда, қазағым?

Қартың қайда,  қазағым?
ашық дереккөзі
490

 7 мыңнан астам адам қарттар үйінде өмір сүруде

ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін  қазақтың қариялары Қарттар күні деген атаулы күн барын білмейтін. Ал қазір қазан айы жақындаған сайын Батыстан келген мерекені асыға күтетін, қоғамға керек екендерін жылына бір күн болса да сезінгісі келетін қарт көп.  «Өзіңнен туған ұл мен қыз сыйламаса, сол қайғы» деп Төле би бабамыз бүгінгі тірлігіміздің тұрпатын өз заманында-ақ болжап қойғандай. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген аталы сөзді ұмытқандар ата-ананы қарттар үйіне жетектеп апару былай тұрсын, көшеге қаңғыртып жіберуден, тіпті әке-шешені соққыға жығып, қару кезенуден тайынбайтын болды.

Өткен аптада Қазмедиа орталығында мемлекеттік БАҚ басшыларымен кездескен Елбасы «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» бағдарламасына қонақ болғаны белгілі. Сол бағдарламада қарттар үйінде қазақтың қариялары көбейгенін айтқан Нұрсұлтан Назарбаев: «Естеріңде болсын, анаң мен әкеңе жасаған жақсылығың да, жамандығың да өзіңнің алдыңнан шығады. Оларға бірдеңе бөліп берудің керегі жоқ, жалақыңның жартысын апарып берудің қажеті жоқ. Бес минут жанында отырып, мойнынан құшақтап: «папа, мама» десең, соның өзі жетеді. Оларға басқа ештеңе керек емес», – деді жастарға. Әкені таяққа жығып, шешеге қару кезенуден тайынбайтын қайырымсыз ұл мен мейірімсіз қыздың құлағына жетті ме екен осы сөз? Президент қарттар үйі мәсе­лесін алғаш рет көтеріп отырған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын  «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жеңім­паздарын марапаттау рәсі­мінде сөйлеген сөзі де жүректі шы­мыр­латқан еді: «Егде жастағы 7 мың­нан астам адам қарттар үйінде өмір сүруде, ал олардың көбінің дені сау, табысты балалары бар. Қартайған ата-анасын тастап кету деген біздің дәстүрімізде жоқ, ата салтымызда болмаған. Қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді масқара құбылыс ретінде бағалауы тиіс», – деп Нұрсұлтан Назарбаев кейбір безбүйрек перзенттің қарт ата-анасына қасірет шектіруге дейін төмен құлдырағанын айтты. Расында да, мұсылман елде­рін­де, әсіресе, қазақ қоғамында жал­ғызбасты қария, қараусыз қалған қарт деген ұғым мүлдем болмаған. Қазақтың ұл-қызы әке-шешесін ешуақытта қамқорлықсыз, назарсыз қалдырмаған. «Алаш баласы үлкендердің «тәрбиесіз, жетесіз» деген сөзінен қорыққан. Өйткені бұл сөздерді ата-анасының да ар-абыройына жағылған күйе деп қабылдаған. Ойда жоқта қателік істелсе, тәрбиелеудің аса қатаң жолын ұстанған. Дала демократиясы мұны қолдаған. Халқымызда «үлкенді сыйлау» деген дәстүр, қағидат мықтап орныққан. Қазақ қоғамында аға буынның сөзін бөлу, алдын кесу, жолын бөгеу, жаға жыртысу жоққа тән болған», – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы.

Әкені өзектен тепкендер

Өткен аптада Қарағандыда туған әкесін қорлап, буындырғысы келген азаматтың әрекеті жұрттың жағасын ұстатты. Облыстық соттың баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, Осакаров ауданының тұрғыны әкесімен жанжалдасып,  былапыт сөздермен қорлап қана қоймай, өз қолымен өлтіргісі келген. Сот шешімімен безбүйрек  перзент жарты жыл бойы әкесіне жақындау құқығынан айрылды. «Осакаров аудандық сотының қаулысымен ер адам Қазақстан Рес­публикасы ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 тәулікке әкімшілік қамау жазасына тартылды. Азаматтың мiнез-кұлқына ерекше талаптар белгiленді. Сонымен, 1 жыл ішінде жәбірленушіні былапыт сөйлеп қорламауға, атыс қаруын және қарудың басқа да түрлерiн сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға тыйым салынады. 6 ай ішінде жәбірленушінің келісімінсіз оған тақалуға және үйіне баруға ты­йым салынады», – делінген Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада. Қарашаның соңғы күні тағы бір безбүйректің қылығы көпшіліктің наразылығын тудырды. Өскемен қаласының тұрғыны туған анасын үскірік аязда далаға қуып шыққан. Егер бейтаныс жандар 83 жастағы қартқа көмек көрсетпегенде, кейуананың қыстың қаһарлы күндерінде аман қалуы екіталай еді. Қарияға Шығыс Қазақстанның гендерлік саясатының арқасында ашылған күйзеліс орталығының мамандары көмекке келді. Анна Васильевна екі ұлын ешкімнен кем қылмай өсірген. «Перзенттерімнің кигені жылы, жегені жұғымды болсын» деп, өмір-бақи еңбек еткен. Жарты жыл бұрын тұңғышы дүниеден өтеді. Қайғылы қазадан соң кенже ұлының қолына көшкен. Содан бастап қиямет күні басталған. «Алдымен ішіп келіп, айғай салуды шығарды. Одан қол көтере бастады. Бауыздап тастаймын деп қорқытатын. Мен болсам,  «Балам, менің не жазығым бар? Не істедім саған?» деуден басқа амалым болмады» – дейді жәбірленуші Анна Лошкарёва. Соңғы рет үйді жинамадың деген желеумен желкеден алып, 30 градус қақаған аязда далаға қуып шыққан. Ананың жергілікті тілшілерге айтып берген әңгімесіне құлақ түрсең, денең тітіркенеді. Баласы емес, нағыз жендеттің тұтқыны болғандай. Баратын жері болмаған қарт таяққа шыдап жүре беріпті. Жарадан жарылуға жақын тұрса да ана жүрегі баласын ақтаудың амалын іздейді. «Бізге өте ауыр халде түсті. Ұзақ жылады. Жалғыз ұлы қартайған шағында пана болады деп ойлапты. Қазір жәбірленушінің арыз жазуға әлі де,  ары да жібермейтіні анық. Себебі қатты соққы жеген. Қол-аяғы толық көкпеңбек, ісіп кеткен», – дейді «Ульба» әлеуметтік дағдарыс орталығының кезекші психологы Александра Романовская. Психологтар қариямен бірнеше күн әңгімелескен. Қазір сәл де болса беті бері қарап, жүзіне рең кірген. Алайда баласы туралы сөз қозғалса, денесін үрей билейді. Үйіне қайтуға үзілді-кесілді қарсы. Үйсіз-күйсіз жандардың орталықта болу мерзімі шектеулі болғандықтан, мамандар қарияға тұрғылықты орын қарастыруда. Заң бойынша еңбекке жарамды баласы бар адам қарттар үйіне қабылданбайды. «Ульба» әлеуметтік дағдарыс орталығының директоры Сәния Әубәкірованың айтуынша, мамандар анасы мен баласын татуластыруға тырысып көрген. Перзенті кәрі шешесін іздеп келеді деп үміттенген. Алайда безбүйрек ұл қарасын көрсетпеген соң, үміттерін үзіпті. Осыған ұқсас оқиға 2014 жылы Семейде де болған. Отбасылық жанжалдың куәсі болған жергілікті құтқарушылар баласы далаға қуып шыққан кейуананы құтқарған еді.  Араққа сылқия тойып алған жігіт ағасы анасын көйлекшең күйде далаға тентіретіп жіберген. Алайда құтқарушылар жеткенде баласының өзіне жасаған қатыгездігін ұмытқан қария «Ұлым өзіне қол жұмсап қоймай ма екен?» деп перзентінің жанына барғаннан басқаны ойламайды. Есікті іштен жауып алған мас азамат, құтқарушыларды терезе арқылы кіруге мәжбүрлейді. Мамандар пәтерге енген кезде елудің екеуіне келген есерсоқ ішімдіктің буымен еденде ұйықтап жатқан. Құтқарушылар тоңып қалған кейуананы үйге кіргізіп, туғанымен татуластырып қайтқан еді. Мәмілеге келе алмай, баласымен заңгерлер арқылы сөйлесіп жүрген ата-аналар да жетерлік. Мәселен, мау­сым айында Ақтөбеде қыздарымен соттасқалы жүрген азамат отбасылық түсініспеу­шілік­терді жайып салды. Бар жиғанынан айырылып, үйіне кіре алмай жүрген азаматтың арызын полиция қызметкерлері де жауып тастаған. Өйткені қызы облыстық ІІД қызмет етеді екен. «1979 жылы бірінші әйеліммен қосылдым. Гүлмира, Эльмира есімді екі қызымыз бар. Екеуі де университетті бітірді. Қырық жыл отасқан отбасылар ала алмайтын құндыз тонды қыздарыма студент кезден кигіздім. Олар оны да ескірді деп бірнеше рет жаңартты. Беделімді салып, жұмысқа орналас­тырдым. Бірақ оны бұлдап отырған жоқпын, мен оны балаларым үшін жасадым. Жүгіріп жүріп тапқан машинамды ІІД-де жұмыс істейтін қызымның астына мінгіздім. Алты айлық кішкентай баламыз суық тиіп шетінеп кетті. 2008 жылы әйеліміз екеуміз жараспай, ол үйден кетіп қалды. Ол кезде 52 жастамын», – дейді Бақтыгерей Ережепов. Аналары кеткеннен кейін қыз­дары әкесімен ара-қатынасын үзген. «Үлкен қызыма бірнеше рет шешесіне үйге қайтсын деп бардым. Ренішімізді кешірейік деп наурызда бардым, хабар болмады. Жалғыз өзіме қиын болған соң, 2009 жылы басқа әйелмен көңіл қостым. Онымен арада екі балам бар. Жұмыс жасап жүріп тапқан дүкен, саяжай, екі үлкен машина, 80 мың доллардай ақшам болды. Бәрін соларға бердім. Балаларымның анасы болған соң одан ештеңе сұраған жоқпын. Өзім екі бөлмелі үйімде жаңа отбасыммен тұра бердім», – дейді ол. Отағасы тұрып жатқан үйінің өзінің атында емес екенін кейін білген. «2015 жылы жеке құжат ауыс­тыру керек болған соң, олардан тұрған үйімнің құжатын сұрадым. Барлығын алып кеткен екен. Қызым «үй менікі» деп құжатты бермей қойды. Мен олардың үйді де өздеріне аударып алғанын сол күні түсіндім. Бір күні «үй менікі, мен де осы үйде тұрамын» деп қасыма келді. Мұнысына көніп, бір бөлмені босатып бердік. Ол мен кеткенде әйелім мен балаларыма қысым жасайды екен. Өзі қорғаушы жалдап алған. Дәретхананың есігін құлыптап тастады. Шыдадық, мен кеткенде түнгі сағат 12-ге дейін ас үйде «баламның сабағын оқытып жатырмын» деп үйдегілерді кіргізбейді екен. Бұлар аш жатады. Қызым тұрмысқа шыққан жоқ, баласы бар», – дейді қызының қылығы шектен шыққанын айтқан әкесі. «Жұмысқа кеткенде үлкен қызым әйелім мен екі баламды қуып шыққан. Ол балалармен сіңілісінің үйіне барған. Мен келгенде ол жақтан тамағымды ішіп кетіп, өзімнің үйімде жатып жүрдім. Таңертең кетем, кешке келем. Бір күні келіп есікті аша алмадым. Есіктің кілтін өзгертіп тас­тапты. Қыстың күні машинада жаттым. Болмаған соң үш күннен кейін учаскелік полицияға барып арыз жаздым. Олар соңғы барғанымда «арызды қысқартып тастадым» деп қарап тұр. Мен енді полиция қызметкерлерін де сотқа бергелі отырмын, прокуратураға арыз жазып қойдым», – деген еді амалы таусылған әке. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірген қыздарымен жеке қорғаушылар арқылы байланыс жасап жүрген азамат бала тәрбиесінде қай тұстан мүлт кеткенін түсінбей дал.

Анасын аямаған  адамды аяй ма?

Үйден қуып шығу былай тұрсын, үй үшін ата-анасын өлтіруден де шімірікпейтіндер бар. Мәселен, осы жылдың маусым айында Қостанай қаласында тұратын қария облыстық сотқа шағымданып, қызы А.-ны өлтірген жиен немересін мұрагерліктен шеттетуді өтінді. Іс бойынша ақсақалдың немересі ҚР ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігі бо­йынша 6 жылға сотталған. Оның сотталуына себеп –мас күйінде анасының, яғни мұраның заңды  иесінің денсаулығына қасақана зиян келтірген. Ауыр соққы салдарынан азаматша А. ауруханада көз жұмды. Сол себепті жәбірленушінің әкесі өз анасын соққыға жыққан немересін одан қалған пәтерді иемдену құқығынан айыруды жөн көрген. Қостанай облыстық соты шағымды қанағаттандыру туралы қаулы қабылдады. ҚР Азаматтық кодексінің 1045-бабына сәйкес, мұра қалдырушыны немесе мүмкiн болатын мұрагерлердiң бiреуiн қасақана өлтiрген немесе олардың өмiрiне қастандық жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ. Бұл тізімге өсиет қалдырушының өмiрiне қастандық жасалғаннан кейiн өздерiне қатысты өсиет қалдырған адамдар кiрмейдi. Мұндай оқиға Қостанай облысының сот практикасында алғаш рет кездесіп отыр. Азаматтық істі қайта қарау нәтижесіне сәйкес сот бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жою туралы қаулы шығарды. Облыстық сотта арыз иесінің  талаптары қанағаттандырылып, азамат Т. лайықсыз мұрагер ретінде анасынан қалған пәтерді иелену құқығынан айырылды. Өткен жылы Ақтөбеде тағы бір ана өз ұлының қолынан қаза тапты. Зейнеткер әйел қайғылы оқиғадан 3 жыл бұрын жүрек-қан тамыры ауруы салдарынан сал болып қалған. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын әйелді дәрігерлер арнайы есепке алады. Өзге жанашыры болмағандықтан оның күтімі 39 жастағы ұлына жүктелген. Прокуратураның айыптау актісіне қарағанда, аналы-балалы екеуі былтырғы жылдың 18 ақпанында ренжісіп қалады. Екеуара ұрыс-керіс үш күн бойы жалғасқан. Сол күні мүгедек әйел теледидар көріп болған соң  ұлына ас бөлмеге апаруын өтінген. Оған ашуланған жігіт анасымен ұрыса бастайды. Ашуын жеңе алмаған күйі шешесін бетінен, маңдайынан, төсінен қос қолымен төмпештеп ұра берген. Тап осы жағдай ертеңіне тағы да қайталанады. Аяусыз соққы нәтижесінде зейнеткердің бас сүйегі мен миы жараланып, басынан қан кеткен. Екі жақ қабырғасы сынған. Жанжалдың үшінші күні, яғни 22 ақпанда онсыз да әлсіреп жатқан әйелді ұлы тағы да аяусыз соққыға жыққан. 66 жастағы мүгедек әйел сол күні өз үйінде қаза тапты. Ал оның өліміне күдікті деп танылған 39 жастағы баласы бірден тұтқынға алынды. Өкінішке қарай, өз перзентінің қолынан қаза тапқан әкелер де аз емес. Солардың бірі –  биыл қаңтар айында жер қойнына тапсырылған Алматы облысының тумасы. Облыстық соттың дерегіне сүйенсек, отбасы қайғылы оқиға болатын күні қоныстойын тойлауға әзірленіп жатқан. Дастарқан басында әкесі мен ұлы қонақтардың көзінше керісіп қалады. Сол мезетте өзіне қол көтерген әкесін ұлы бірнеше жерден пышақтап тастаған. Алған жарақатынан әкесі жедел жәрдем келгенше жан тәсілім еткен. Қылмыстық іс бойынша облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы ер адамды ҚР ҚК 96 бабының 1-тармағы бойынша айыпты деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айырды. Қаныпезер ұл  жазасын қатаң режімдегі түзеу колониясында өтеуде. Өмір сыйлаған ананы атып, тәлім берген әкені төмпештегендерді темір тор түзей алар ма екен?..

Серіктес жаңалықтары