51099
АҚШ-та қазақ мектебін ашып, Қазақстан туын желбіретіп жүрген Жұлдызай
АҚШ-та қазақ мектебін ашып, Қазақстан туын желбіретіп жүрген Жұлдызай
Өткен аптада қазақстандық БАҚ Американың Пенсильвания штатындағы Филадельфия қаласында тұңғыш қазақ мектебі ашылғанын жарыса жазған еді. Kazakh American қауымдастығының президенті Жұлдызай Исмаилова бұл мектепті ашуға бес ай уақытын жұмсаған. Оған дейін ол Американың алғашқы астанасы саналатын Филадельфияда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Ата Заңымыз қабылданған күнге орай іс-шаралар өткізіп, 800-ге жуық адам бас қосқан Наурыз мерекесін ұйымдастыруға атсалысқан. Ұлық мерекеміздің ашық аспан астында дүркіретіп тойлануына тіпті Филадельфия қаласының әкімшілігінде жұмыс істейтін қызметкерлер қызыққанын айтқан Жұлдызайға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Әлеуметтік желіде Америкадағы қазақтарға арналған топтар көп. Сондықтан ол жақта белсенді жұмыс істейтін қазақ қауымдастығы көп шығар деп ойлайтын едік. Бірақ Филадельфияға үш жыл бұрын қоныс аударған сіз бара сала Kazakh American қауымдастығын ашып, азғана уақыт ішінде бірталай іс атқарыпсыз. Тіпті, ондағы Тулар аллеясындағы желбіреп тұрған тулар қатарына Көк байрағымыздың қосылуына атсалысыпсыз. Сонда ол жақта сізге дейін қазақтардың басын қосатын ешкім болмағаны ма?
– Бастапқыда түсініспедік. Филадельфияға көшіп келген кезде мұнда қырғыздар мен өзбектерді көп кездестірдім. Тіпті, мен тұратын үйден ары екі қадам аттасаң өзбектер ашып алған бірнеше дүкенді көзің шалады. Алғашында «бұл қалада қазақтар жоқ-ау, шамасы» деп ойладым. Кейіннен белгілі болғандай, мұнда ұлттық мерекелерді ұйымдастырып жүретін белсенділеріміз бар екен, десе де олар тек мерекеде бас қосатындықтан әрі ресми тіркелген қауымдастық мүшелері саналмағандықтан, көпшілік көзіне түсе бермейді. Ал мен бұл қауымдастықты ашуда екі мақсатты көздедім. Осында түрік, өзбек қауымдастықтарының белсенді жұмыс істеп жатқанын көрген соң қазақтар қауымдастығын ашу қажет екенін түсіндім. Сөйтіп, оны заңды тіркеу, қала әкімшілігіне бізді мойындату үшін біраз жүгіріп, тер төгуге тура келді. Екіншіден, Американың алғашқы астанасы саналатын Филадельфиядағы тулар аллеясында көптеген мемлекеттің туы желбіреп тұр. Бірақ ол қатарда біздің Көк байрағымыз жоқ. Мұны байқаған кезде «Біздің Туды сол жерде көтеру үшін не істесек болады екен?» деп бас қатырғаным бар. Сол кезде әкімшіліктегілер ол үшін ресми түрде қауымдастық ашып, сол қауымдастық атынан хат жазу керек екенін айтты. Қажетті процедураның барлығынан өткен соң, 4 қазан күні қауымдастықты заңды түрде тіркеп, жұмысты бастап кеттік. Былтыр Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған іс-шарада әлгі мен айтқан аллеяда Туымыз көкке көтерілді. Сол іс-шарада Филадельфия қаласының әкімі сөз сөйлеп, бізді айтулы мерекемізбен құттықтады. Сондай-ақ 100 адамның қатысуымен Ата заңымыз қабылданған күнге орай іс-шара ұйымдастырдық. Осылайша, бірнеше штатта жұмыс істейтін қазақтар қауымдастықтарының қатарын Филадельфиядағы біз ашқан қауымдастықпен толықтырдық. Енді біз көппіз.
– Филадельфияда екі жыл қатарынан Наурыз мерекесін дүркірете тойлатқандарыңыз да ел аузында жүр. Оны да сіз ұйымдастырды деп естідім.
– Былтыр 200 адам бас қосқан Наурызды бір өзім ұйымдастырдым. Ал биыл Нью-Йорктегі қазақтардың басқосуына ұйытқы болып жүрген Бағдат Әріповтің қасына бірнеше қазақ бірігіп, бауырларымыздың ұлық мерекемізді ерекше тойлауына жағдай жасадық. Сол мерекелік басқосуға 600-ден астам ересек, 200-ден астам балалар жиналды. Биылғы іс-шараның ерекшелігі көп, бізге бірнеше демеуші қолдау көрсетті, сондай-ақ елден киіз үй, текемет, кілемше, тоғызқұмалақ тақтасын алдырттық. Сонымен қатар биыл бізбен бірге Наурызды тойлауға Нью-Йорктағы қырғыз, түрік, өзбек, литва қауымдастықтарының басшылары мен өкілдері келді. Негізі, Америкада жылқы сою үшін рұқсат алу керек, ал біз биыл жасырынып жүріп, жылқы сойып, қазы-қарта әзірледік. Сырттан келген қонақтар ұлттық тағамдарымыздың, соның ішінде қазының дәмін ұнатып, ыстық лебізін білдірді.
– Жуырда елдегі БАҚ жарыса жазған, Филадельфияда ашылған тұңғыш қазақ мектебі туралы сөз қозғасақ. Онда оқуға ниет білдірген бала саны қанша? Сабақ беретін мұғалімдерді қалай іріктедіңіз?
– Негізі, бұл жаңалық елде осындай резонанс тудырады деп ойламадым. WhatsApp-тағы топтарға қазақ мектебінің ашылу салтанатына шақыру жолдаған едік. Содан соң сол топқа тіркелген Kazunite онлайн газетінің журналисі сұхбат алды. Ертесінде «жұлдыз» болып ояндым (күліп). Белгілі меценат Қайрат Құдайберген ризашылығын білдіріп, біз жүктеген видеоны пост қылып жариялапты. Үйдегілер әлгі видеоның ақжолтай жаңалық ретінде «Хабар» арнасынан көрсетілгенін айтты. Әлі де құттықтап жатқандар баршылық. Тіпті, Қазақстанда отандық өнімдер әзірлеумен айналысатын бауырларымыздың «Бізден қандай көмек қажет? Мына өнімді салып жіберейік. Бізден сыйлық болсын» деп тілектес болып жүргеніне риза болдым. Бір қызығы, көпшілік қазақ мектебі дегенге кәдімгідей үлкен мектеп деп ойлап жүрсе керек. Бұл – Филадельфияда тұратын қазақ балаларына қазақ тілін, салт-дәстүрімізді үйрететін мектеп. Америкада туған балалардың көбі қазақ тілін білмейді. Қазақтілді орта болмағандықтан, көп нәрседен бейхабар. Сондықтан қай елден таралғанын ұғындыру үшін осы мектепті ашуды жөн санадық. Қазақ тілінен бөлек, олар біздің мектепте домбыра, қобыз секілді ұлттық аспаптарды үйрене алады. Сондай-ақ оларға әнұран, мақал-мәтелдер жаттатқызамыз. Одан бөлек, ата-анасының рұқсатымен Құранды жатқа оқуға үйретеміз. Мектебіміздің ашылғанына он күн ғана болды. Сол себепті қазір бізде оқып жүрген бала саны аз, 15-20 шақты оқушы ғана. Мектеп туралы енді естіп-білетін жатқан көпшілік алдағы уақытта балаларын өздері ертіп әкелер деген үміттемін. Біз тұратын қаладан Нью-Йоркке және Нью-Джерси штатына бір жарым сағатта жетуге болады. Сол жақта тұратын қазақтар хабарласып, болашақта балаларын біздің мектепте оқытқысы келетінін айтып жатыр. Сабақ күндерін сейсенбі және бейсенбіге бекіткен едік, бірақ осында тұратын балалардың өздері оқитын, жалпыға білім беретін мектептегі оқуынан бөлек, түстен кейін баратын түрлі секциялары бар. Сондықтан әзірге олардың қолы бос болатын күндерін реттестіре алмай, сабақ кестесін нақты бекіте алмай жүрміз. Негізінен біздің мектепте баланың оқуына барлық жағдай жасалған. Әзірше үш кабинет жалдап отырмыз, бірақ болашақта өз орталығымызды ашқымыз келеді. Ал мұғалімдер туралы сұрасаңыз, «Болашақ» бағдарламасымен оқуға келген студенттердің көмегі көп тиді. Солардың ішінде балаларды оқытуға бар күшін салатынын айтқан, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі Дариға есімді қыз ән-күйден сабақ береді. Қазақ тілі сабағын елде жүргенде ағылшын тілі пәнінен сабақ берген Ақбаян есімді қыз өткізеді. Ал Құранды жатқа оқуды түрік орталығында сабақ беретін арнайы маман үйрететін болды. Ал осында жұмыс істеуге келген қазақтар Әнұран, Қазақстан тарихы, мақал-мәтелдер туралы сабақты тұрақты түрде жүргізіп отыруға ниет танытып отыр. Жалпы, бос уақытында біздің мәдениет туралы тегін сабақ өткізуге дайын екенін айтқандар өте көп. Балалар саны көбейген кезде барлығына білген-түйгенін бөлісуге мүмкіндік береміз. Байқап қарасам, мектепті қазақтар көп шоғырланған жерден дер кезінде ашыппыз. Егер қала сыртынан немесе қазақтар тұратын ауданнан алыс ашқанда, ешкім баласын ертіп келмейтін еді. Тіпті, олар 30 минуттай жүріп баратын жолды алыс дейді. Мұнда тұратын америкалықтар уақытты қатты бағалайды. Сол секілді осында тұратын қазақтар да уақытын тектен-текке өткізгісі жоқ. Біздің мектепте сабақ беретін мұғалімдердің де алтыннан қымбат уақытын арнауға келіскенін ескеріп, ай сайын жалақы төлейтін боламыз.
– 15 баланы екі топқа бөліп оқытасыздар ма? Бір сабақтың құны қанша?
– Иә, екі топқа бөліп оқытамыз. 6-9 жас аралығындағы балаларға әріптерді үйретсек, 10-16 жас аралығындағыларға күрделі тақырыптар жөнінде сабақ береміз. БАҚ таратқан видеоны көрген болсаңыз, кабинеттер қазақы стильде безендірілген. Текемет төселген кабинетте ұлттық аспаптар үйретеміз. Екінші кабинетте қазақ тілі сабағы өтсе, үшіншісінде Құранды жатқа оқу сабағы өткізіледі. Қазір әріптерді басып шығарып, «Әліппенің» мазмұнына сай сабақ құрылымын дайындап жатырмыз. Бір сабақтың құны – 15 АҚШ доллары. Баласын алып келген ата-анаға «Балаңыз қазақ тілін үйренеді, домбыраның құлағында ойнайтын болады. Діннен де хабары болады. Баланың бойына осыншама білімді «үйіп-төгетін» мұғалімдерге жалақы төлеу керек» деп барлығын түсіндіреміз.
– Нью-Йорк қаласындағы Қазақстан Бас консулдығы да көмектесетін болар?
– Ондағылар былтыр Наурыз мерекесін ұйымдастырғаныма ризашылық білдіріп, кеңсеге шақырған. Сол кезде «алдағы уақытта Филадельфия қазақтарына арнап мектеп ашамын дегенімде, қазақ тілін үйретемін десеңіз қажетіңізге жарап қалар» деп қазақ тілі, тарихы туралы кітаптар беріп жіберген. Десе де, оларға мектептің ашылғанын әлі айтқанымыз жоқ. Консулдықтағыларға хабарлассақ, олардан тағы көмек болатыны сөзсіз. Жалпы, алдағы бір ай ішінде мектептің жұмысын реттестіріп алған соң, жеке кәсіппен айналыссам деймін. Ел есінде осы мектептің негізін қалаушы ретінде қалғым келеді. Алдағы уақытта жеке кәсіп жүргізуді қолға алған соң мектеп ішінде отырмай-ақ сырттай көмектессем деймін. Негізі, бұл игі іске атсалысқысы келетін кәсіпкерлер жетерлік. Сондықтан болашақта мектептің жұмысы алға баспаса, кері кетпейді. Жалпы, Американың бірнеше штатында жұмыс істейтін қазақтар қауымдастығы бар, онда қазақ тілі мен мәдениетін наисхаттайтын қазақ мектептері ашылған. Лос-Анджелесте Раушан апай, Хьюстонда Қуатбек ағай ашқан мектеп жұмыс істейтінін білемін. Жуырда Анар есімді қыз ел астанасы Вашингтоннан қазақ тілі мектебін ашты деп естідім. Сіздерге білінбес, бірақ қазір Америкада қазақ мәдениетін танып-білуге бағытталған іс-шаралар жиі өткізіледі. Сыртта жүрген ересек қазақтар көбіне орысша сөйлейтін еді. Ал қазір менімен бірге жұмыс істейтін қыздар олардың тек қазақша сөйлеуге тырысып жүргенін айтады. Расымен, қазір қазақтар бас қосса, тек қазақша сөйлеп жүргенін байқадым. Әрқайсысы өз өңірінде ұстанатын салт-дәстүр туралы тың деректер айтып, бір-бірінің әңгімесін ұйып тыңдап отырады.
– Филадельфия қаласының әкімшілігі өткізетін жиналыстарға жиі баратыныңызды айтып қалдыңыз. Бұл жиындар әкімнің қатысуымен өте ме? Онда қандай мәселе талқыланады?
– Иә, Филадельфия қаласының әкімшілігі ай сайын өтетін дөңгелек үстелге шақырады. Ол жиынға қауымдастық президенті ретінде кейде мен қатысамын, кейбірде осында адвокат болып жұмыс істейтін әрі біздің қауымдастықтың вице-президенті Балсұлу Басқанова барады. Сондай-ақ бізде есепші болып жұмыс істейтін Гүлнар Үсембаева қатысады. Үшеуміз кезектесіп барамыз. Әзербайжан, түрік, қырғыз, өзбек қауымдастықтарының, жалпы саны 15-ке жуық ұйым мүшелерінің басын қосатын бұл дөңгелек үстелде әкімшілік өкілдері бізге не көмек қажет екенін сұрайды. Әркім өзін алаңдатқан мәселесін ортаға салады. Олар мәселені бірден шешіп беруге тырысады. Осындай қауымдастықтың көбейіп жатқанына қуанатынын айтады. Өткен айдағы жиналысты ашқан қалалық кеңес мүшесі Дэвид Оу әлеуметтік желідегі парақшамызға жазылған. Наурызды жоғары деңгейде атап өткенімізді көріп «Қандай күшті! Керемет ұйымдастырыпсыздар! Келесіде бізді де шақырыңыздар, бізді қалдырмаңыздар. Міндетті түрде барамыз» деп қызығушылық білдірді. Шынымды айтсам, олар біздің мерекеге осыншалық қызығады деп ойламаппын.
– Алдағы уақытта жүк тасымалдау қызметімен айналысқыңыз келетінін айтып қалдыңыз. АҚШ-та бұл қызмет түріне деген сұраныс артқанын білеміз. Десе де, әйел баласына ұзақ сапарға шығып, көлік жүргізу қиын емес пе?
– Жалпы, Американың үлкен трассасында жүк көлігі түгілі, жеңіл көлікпен жолға шығу да қауіпті. Оның үстіне, ол жүк көліктің артына трейлер тіркеледі. Сондықтан, оны ұзақ уақыт бойы жүргізу оңай емес. Десе де, қазір осы қызмет түрімен айналысып жүрген қазақ қыздары жетерлік. Әр жұмыстың өзіндік қиындығы бар. Бірақ бұл жүк тасымалдау қызметінің табысы мол. Содан соң өзім бала кезден ерлермен тең жұмыс істегенді құп көремін. Қатарластарым университетке оқуға түсуді армандап жүрсе, мен «әскерге барамын, үлкен көлік айдаймын» деп үнемі айтатынмын. Бірақ ата-анам қарсы болғандықтан, есепшінің оқуын оқыдым. Дегенмен өз қолым өзіме жеткен соң, түбі ерлерге «тән» жұмысты атқарамын деп ойлап жүретінмін. Америкаға келердің алдында мұнаралы кранды меңгерудің оқуын оқығалы жүргенмін (күліп). Бәрібір елде жүргенде ерлермен бірге жұмыс істеп жүрер едім.
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ