50325
Таразда алып нәресте дүниеге келді
Таразда алып нәресте дүниеге келді
Таразда алып бала дүниеге келді. Жаңа туған қыз баланың салмағы – 5 келі, бойы – 62 сантиметр деп хабарлады turkystan.kz.
19 сәуір күні сағат 09:45-те Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы перинаталдық орталығының қабылдау бөліміне 29 жастағы толғағы қысқан жүкті әйел түскен. Дәрігерлердің қарап-тексеруінен кейін бірден консилиум ұйымдастырылып, онда босандыру әдісі туралы мәселе шешілді. Өйткені шарана анасының құрсағына басымен емес, жамбас ұшымен, яғни бөксе жағымен келген және басқа да зерттеулерге қарағанда нәрестенің салмағы әдеттегіден үлкен көрініп тұрды.
Мамандардың айтуынша, кейде анасының құрсағына жамбаспен келген үлкен салмақты балалар табиғи жолмен туады және бәрі жақсы болады. Бірақ бұл жағдайда қиындық тудырғаны – ұрықтың үлкен салмағы мен ананың метаболикалық синдромы.
Ана мен бала амандығын қамтамасыз ету үшін дәрігерлер шұғыл түрде кесар тілігі арқылы босандыру туралы шешім қабылдаған. Нәтижесінде сағат 10:46-да салмағы 5 мың грамм және бойы 62 см болатын қыз бала дүниеге келді. Мұндай нәрестелер «алып» деп аталады.
Алып баланы дүниеге әкелген анаға хирургиялық араласу жасап, кесар тілігімен сәбиді аман-есен шығарған дәрігерлер - Бағдат Нұрмахан мен қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ақерке Тоқбергенованың айтуынша, үлкен салмақты нәрестенің туылуы – қалыпты жағдай. Тек мұндай кезде көбіне салмақ анаға түседі. Бұл жолы көп қиындықсыз, үлкен ауыртпалықтарға жол берілмей, сәби оңай дүниеге келді.
Тағы оқи отырыңыз: Салмағы 7 келі нәресте дүниеге келді