Ел спортына шұғыл реформа қажет

Ел спортына шұғыл реформа қажет

Ел спортына шұғыл реформа қажет
ашық дереккөзі
50335
Төрткүл дүние көз тіккен «Олимпиадаға әлі төрт жыл бар» деп жүргенде уақыт сырғып өтіп, «қай спорттан алтын алады екен­біз?» деп бәс тігіп отырғанымызды сез­бей қаламыз. Атлеттеріміз көпшілік бол­жа­ғандай алтын жүлде иеленсе «Қазақстан спор­тының бәсі қашан да биік» деп ұранда­та­мыз, ал медальсіз қалсақ «Дайындықты екі жыл қалғанда бастаушы ма еді? Мұнысы несі?» деп налимыз. Спортшылардың Олим­пиада сайын алтынсыз қайтпайтынына сенімді жанкүйерлер алтыннан басқа ме­даль­ды мойындағысы жоқ. Күні кеше Жа­понияда өткен бокс кешінде Муратаны сұла­тып салған Головкинге болысып, тіпті үзіліс кезінде экран арқылы бетін «сүртіп», тақымын қысып отырған елдегі спортсүйер қауымның төртжылдықтың басты додасы­на қызығушылығы одан да жоғары екені айтпаса да түсінікті. Десе де, ел тарихында ең сәтсіз Олимпиада атанған Токио Олим­пиа­дасынан кейін жанкүйерлердің кө­терің­кі көңілі басылып, осыншама уақыт ішінде ел спорты шынайы көрсеткішке жете ал­мағанына бас қатырып жүрген жайы бар. Бүгінде бірінің соңынан бірі өт­кен Олимпиада ойындарынан күш алған әлем спортшылары келесі олим­пиадалық циклге дайындықты бас­тап кеткендей. Әлеуметтік желіден шет­ел спортшылаының бірсыпырасы «Келесі Олимпиада жүлдесі – менікі!» деп жа­зып, жанкүйерлерін осы бастан жел­пін­діріп жүргенін көзіміз жиі шалады. Тіп­ті, Олимпиадада жүлдегер­лер қата­ры­на ілінгендердің өзі төрт жылдан кейін тәтті жеңістің дәмін тағы татқысы ке­летінін жасырмайды. Сегіз ай бұрын ға­на Жапонияда өткен Олим­пиадада қо­ла жүлдені қанжыға­сына байлаған боксшы Сәкен Бибо­сы­нов «Токиодағы қо­ламды Парижде алтынға айыр­бас­таймын» деп 2024 жылы сән әлемінің аста­насында өтетін келесі Олимпиадада оқ бойы озуды көздеп отыр. Оның бұ­лай сенімді сөйлеуі құп­тарлық-ақ. Аты әлемге мәшһүр бап­кер Этери Тут­бе­ридзе бір сұхба­тын­да «Жеңіс тұғырынан түскен соң сен еш­кім емессің. Барлығын ба­сынан бастау қажет» дегені бекер емес. Олимпиада жүлдегері ретінде үлде мен бүлдеге орап, төбеге көтеріп жатса да, төртжыл­дық аяқталған бойда мықты екеніңді қайта дәлелдеу қажет екені әмбеге аян. Пандемия салдарынан бір жыл кейінге шегерілген жазғы Олим­пиа­дадан кейін келесі басты сайыстың өтуіне небәрі екі-ақ жыл қалғанын ес­кер­­сек, Сәкен секілді Париж Олимпиа­да­­сына үкілеп қосатын үміттеріміз ел ме­рейін үстем етеді деп сенгіміз келеді. Де­генмен өткеннен сабақ алып, бола­шақ­қа нық қадам жасау қажет екенін сіз бен біз жақсы білеміз. Мемлекет бас­­­­­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев То­кио­да жазғы Олимпиада ойындары аяқтал­ған күннің ертесі-ақ Twitter-дегі жеке па­рақ­шасында Олимпиадада шеберлігін көр­сеткен атлеттерге, соның ішінде қо­ла жүлдегерлерге алғысын білдіре отыра «Дегенмен ұлттық команда нәти­же­сі – 8 қола медаль мен жалпы коман­да­лық көрсеткіште 83-орын алғаны Қа­зақстанның спорт потенциалына сай кел­­мейді және мемлекеттің спорттың да­муына салған қаржысын ақтамайды»,– деп жазған болатын. Содан соң Мем­лекет басшысы Мәдениет және спорт ми­нистрлігіне Олимпиадаға дайындық жұ­мыстарында жіберілген олқылықтар­ды анықтауды, қателіктерді түзеуді тап­сырды. Ізінше спорт саласына жауап­ты шенеуніктер бас қосқан ассамблеяның отырысында Ұлттық Олим­пиада комитетінің бас хатшысы Анд­рей Крюков пандемия салдарынан жос­­пардағы жарыстар мен жаттығу жиын­­дары тұралап қалғанын, спор­т­шы­лардың моральдық-психологиялық жағ­дайы мен жиі жарақат алуы да өз ке­сірін тигізгенін айтып, дайындық жұ­мыстарына бөгет болған мәселелерді ті­зіп шықты. Резерв жоқтығы, ұлттық құра­­маның орта жасы 2 жылға қар­тай­ғаны да сөз болды. Көпшілік күткендей бірне­ше бапкер қызметінен босатылып, оқу-жаттығу жиындарын өткізу жүйесі қай­та қаралатын болды. Десе де, әр Олим­пиада сайын дәстүрден жаңыл­май, алтын жүлдені ешкімге бермей кел­­ген спортшыларымыздың Токио­да­ғы тоқырауы көпке дейін ел аузында жүре­­тіні анық. Оған араға бес ай салып атлет­теріміздің Бейжіңде өткен қысқы Олимпиададан құралақан қайтқанын қосыңыз. Бірақ Ақ Олимпиадада қола жүл­денің өзін қанағат тұтатын көп­ші­лік Бейжіңге бабы мен бағын сынауға бар­ған 34 атлеттің ішінен жүлдеге бір қа­дам жетпей сүрінген, отандық шорт-трек тарихында тұңғыш рет 4-орынға табан тіреген Абзал Әжіғалиевтің нә­ти­жесін тарихи жетістікке теңеп, ал­ғыс­ты қарша боратқаны бар. Тіпті, ел Пре­зиденті Абзалды бұл жоғары көр­сет­кішімен құттықтап, жеделхат жол­да­ған болатын. Жүлдеге ілінбесе де чем­­­пионға лайық құрмет көрсеткен қа­зақстандықтардың мақтауына ма­саймаған Абзал әлеуметтік желідегі же­ке парақшасында «Қазір осы мәселе өзек­ті болып тұрғанда мүмкіндікті пай­даланып, спортшыларымыздың Олим­пиа­даға дейін қандай кедергілерге тап бол­ғанын айтқым келеді» деп бірсы­пыра мәселелерді жайып салды. Елор­да­дағы «Алау» спорт кешенінің шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін Қазақстандағы жалғыз мұз айдыны еке­нін айта келе ол «...Бірақ бізге онда тұрақ­ты дайындалуға мүмкіндік беріл­мейді, біз сондықтан амал жоқ Еуропаға не­месе Ресейде жаттығуға шығамыз. «Алауда» барлығы керемет болғанымен, ол ұлттық құрамаға арналмаған. Бізге кемінде күніне таңертең және кешке екі сағаттан жаттығу керек. Бірақ мұз са­райы жекеменшік болғандықтан, бар­лығы ақшаға келіп тіреледі. Ал ұлттық құра­маларда ондай ақша жоқ. Бізде онда арнайы орын қарастырылмаған, тіпті жаттығу кезінде заттарымызды тас­тап кететін арнайы киім ауыс­ты­ра­тын жер де табылмайды. Әр өңірде мұз са­райлары салынған. Бірақ олардың еш­қайсысы шорт-трекшілердің жат­тығуына жарамайды» деп мәлімдеді. Сон­дай-ақ ол біздегі қысқы спорт түр­лері жазғы спорттың тасасында қалып ке­ле жатқанын, ол спорт түрі ешкімге қы­зық емес екенін айтып, жастар қыс­қы спортпен көптеп айналысса, ел бо­лашағы да жарқын болады деген игі ті­легін жеткізді. Сонымен қатар Абзал спорт­шылардың айлығы Қазақстандағы орта­ша жалақы мөлшеріне жетпейтінін, олар­ға тиісті деңгейде демеушілік көр­сетілмейтінін айтып, ренішін де біл­дір­ген еді. Сөз соңында айтар ойын «Қа­зір Олимпиада бітті. Иә, білемін, ешкім нә­ти­жесіне мәз емес. Біздің кішкентай ко­­мандамыз үшін бұл – өте үлкен және тари­хи көрсеткіш. Келесі Олимпиадада нә­­тиже жоғары болуы үшін қазірден ба­с­тап қимылдау керек, біздегідей Олим­пиадаға жарты жыл қалғанда емес» деп түйіндеген Абзал жазған­дары­ның барлығы тиісті жерге жететіне се­нім білдірген болатын. Абзалдың бұл на­зына құлақ түрген Мәдениет және спо­рт министрі Дәурен Абаев Щучинскі­де Бейжің Олимпиадасының қоры­тын­дысына арналған кеңейтілген отырыста «Ол мәселені спортшы ретінде көтеріп отыр. Сол арқылы кәсіби спортқа расы­мен жаны ашитынын дәлелдеді. Жарар­лық іс. Бұл жерде мәселе тек қолже­тім­сіз­­­дікпен байланысты емес. Бапкерлер де сұрақты уақытылы көтеріп отыру ке­рек. Министрліктің мұзайдыны және бас­қа да спорт саласындағы шешілуі тиіс проблемалардан хабары бар. Мә­се­лені кешенді және жүйелі түрде шешу­дің жолын қараймыз», – деді. Қос Олим­пиа­даның нәтижесі талқыға салынған Щу­чинскідегі сол отырыста Дәурен Абаев «Бұл Олимпиада жалпы спорт са­­ла­сында күрделенген проблеманың ба­рын көрсетті. Оларды шешу үшін жүйе­лі жұмыс істеу керек. Алда спорт­шы­лар мен жаттықтырушыларды тиісті дең­гейде әзірлеп, резервтер дайындау жос­пары бар. Сонымен қатар спорт инф­рақұрылымдарын жетілдіріп, ба­лалар спортын дамыту – күн тәрті­бін­де. Яғни, балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануы және оларға жағ­дай жасау қажет», – деп мәлімдеген бо­латын. Бүгінде жазғы Олимпиада ойын­дарының аяқталғанына сегіз, ал Ақ Олимпиаданың аяқталғанына екі ай өтсе де жанкүйерлер аз уақыт ішінде спорт саласында қордаланған мәсе­ле­лер­дің біразы оң шешілетініне үмітті. Әр ауыртпалықтың қайыры болатыны­на сенетін халық ең сәтсіз Олимпиада атан­ған қос ойыннан кейін жауапты тұл­ғалар келесі олимпиадалық циклде ел мәртебесін асыратын істерге мұрын­дық болса, бірте-бірте ел спортының өріс­тей түсетініне үміт артатыны сөзсіз. Де­се де, соңғы бір айда олардың бұл үмі­тін үзіп, ел спортына шұғыл реформа қажет екенін дәлелдей түскен деректер жал­пыға мәлім болды. 23 наурыз күні Спорттық арбитраж соты (CAS) 2016 жы­лы Рио Олимпиадасында чемпион атан­ған Нижат Рахимовқа антидопинг ере­жесін бұзып, «несеп анализін ауыс­тырған» деген айып тағып, одан Олим­пиа­даның алтын медалін қайтарып алу тура­лы шешім шығарды. Оған қоса, оның спорттан сегіз жылға шеттетілгені белгілі болды. Ал бес күннен соң, 28 нау­рыз күні тағы бір Олимпиада жүл­дегері, Токиода қола медаль иеленген Игорь Сонның допинг қолданғаны әш­кере болды. Қазақстан ауыр атлетика фе­дерациясы ұсынған мәліметке сәй­кес, 2022 жылдың 9 ақпаны мен 2 нау­ры­зы аралығында Қазақстан Ұлттық до­пингке қарсы күрес орталығы жарыс­тан тыс допинг-бақылау аясында ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрама ко­мандасының спортшыларын тесті­леу­ден өткізген. Сол кезде Алматы облы­сының атынан сынға түсетін алты зілтеміршіден оң допинг-сынама анық­талған, соның ішінде Игорь Сон да бар. Игорь­дің небәрі бір ай бұрын ғана тек­серіс­тен өткенін ескерсек, «сегіз ай бұрын сөгіс естіген бапкерлердің Токио­да­ғы тоқыраудан кейін де допинг дауына тосқауыл қоюға қауқары жет­пегені ме?» деген сұрақ мазалайды. Бай­қап қарасақ, Олимпиада сайын бокспен қатар, ауыр атлетикаға көп үміт артатын бізде қазір Алла Важе­ни­надан басқа Олимпиада чемпионы қал­маған екен. Кезінде Қазақстанды ауыр атлетика державасы ретінде мойын­датқан Илья Ильин, Светлана По­до­бедова, Майя Манеза, Зульфия Чин­шанлолар тыйым салынған пре­параттар қолданғанына байланысты Олим­пиадада тағылған алтын медаль­дарын қайтарып беруге мәжбүр болған еді. Ал 2008 жылы Бейжіңде өткен жаз­ғы Олимпиада ойындарында күміс жүл­дені місе тұтқан Алла өзінен бір бас жо­ғары өнер көрсеткен қытайлық ат­лет­тің допингпен ұсталуына байланыс­ты алтын медаль бұйырған болатын. Жазғы Олимпиада десе, ең ал­ды­мен боксшыларымыз бен ауыр атлеттеріміз еске түсетіні анық. Алайда 2024 жылы Парижде өтетін Олим­пиада ойындарынан кейін күллі әлемнің бұл екі спорт түрін ұмытып кету қаупі бар. Жуырда Халықаралық Олим­пиада комитеті (ХОК) 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойын­дарының бағдарламасына енген спорт түрлерінің тізімін жариялаған бо­ла­тын. Жалпы саны 28 спорт түрі ен­г­ен бұл тізімге бокс, ауыр атлетика мен қазіргі бессайыс кіріктірілмегенін көп­шілік төбеден жай түскендей қабыл­дады. Осыған орай Бейжіңде өткен ко­­­­­митеттің кезектен тыс сессиясында ХОК президенті Томас Бах бокс пен ауыр атлетиканы «проблемасы көп ба­ла­ларға» теңеп, екеуін олимпиадалық спорт түрлері қатарынан алып тастау кө­кейде көптен пісіп жүрген шешім еке­нін мәлімдеді. Бұған Халықаралық бокс федерациясы (AIBA) өткізген жа­рыс­тардағы төрешілердің әділетсіздігі, күмәнді шешімдер әрі зілтеміршілердің допинг дауынан көз ашпай келе жат­қаны себеп болғанын айтқан Томас Бах аталған спорт түрлерінің бағдарламаға қай­та енуі ХОК-тің 2023 жылғы сессия­сын­да қарастырылатынын жеткізді. Егер бұл екі спорт тізімнен мүлде алы­нып тасталса, алдағы Олимпиадаларда ел атын шығаратын басқа қандай спорт түрі бар? Жауап беру қиын.  width= Айгүл БЕКТЕНОВА, Мәдниет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары:
ӘР СПОРТ ТҮРІ БОЙЫНША БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫЛАРДЫ ҚАЙТА ТАҒАЙЫНДАУ ҚАРАСТЫРЫЛЫП ЖАТЫР
– Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың тапсырмасына орай, спортшылардың Токиодағы жазғы және Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарындағы сәтсіздіктерін талдай келе, бұрын жіберілген кемшіліктерді ескере отырып, қазір Париж-2024, Милан-2026 Олимпиада ойындарына дайындық бағдарламалары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ жүзу және шаңғы спортын дамыту бойынша 2025 жылға дейінгі арнайы бағдарлама дайындаудамыз. Сонымен қатар спортшылардың халықаралық додаларға сапалы дайындау мақсатында Үкіметтен ұлтық құрама командаларға құрал-жабдықтар алу үшін негізгі қаражатқа қосымша тағы 892 482 млн теңге қаржы бөлінетін болды. Осыған дейінгі Олимпиада ойындарында кеткен қателіктерді ескере отырып, әр спорт түрі бойынша бас жаттықтырушыларды қайта тағайындау қарастырылып жатыр.  width= Ғалым СҮЛЕЙМЕН, спорт журналисі:
АРЗАН АТАҚ ПЕН АБЫРОЙ ЖИЮ ҮШІН ШЕТЕЛДЕН ЛЕГИОНЕРЛЕР ШАҚЫРТУДЫ ДОҒАРҒАН ЖӨН
– Былтыр Токиода алауы тұтанған жазғы Олимпиада ойындары Қазақ­стан спортының шынайы әлеуетін бай­қатты. Аталған жарыста үнемі та­бысты өнер көрсететін саңлақтары­мыз сол жолы оңбай сүрінді. Бірде-бір Олимпиададан бас жүл­десіз оралмаған боксшылар қос қола медальды қанағат тұт­ты. Грек-рим күресі шеберлері құралақан оралды. Еркін күрес­тен қоланы қанағат тұттық. Дзюдодан да жалғыз жүл­де­мен шектелдік. Яғни, балуандарымыздың Олимпиаданың ал­тын тұғырына көтерілмегеніне ширек ғасырдан аса уақыт өт­ті. Әрине, бұл – қынжылатындай жағдай. Биыл қысқы Олимпиадада ең болмағанда бір медальдың сың­ғырын еститін шығармыз деп үміттендік. Бірақ Бейжіңде де жанарымызбен жер шұқыдық. Бұл жағдайдың барлығы елі­мізде спорт саласын дамытудағы жүйе дұрыс жолға қойыл­маға­нын аңғартады. Әйтпесе, Қазақстанда спорт саласына мол қара­жат құйылады. Спортшыларымыздың еш алаңсыз даяр­лануына барынша жағдай жасалған. Олардың оқу-жаттығу жиын­дары үздіксіз өтеді. Халықаралық додаларына қатысуына еш кедергі жоқ. Заман талабына сай нысандар да жетерлік. Со­лай бола тұра нәтиже төмен. Қазір спорт саласын басқаруға жаңа толқын, жігерлі жастар ке­л­іп жатыр. Келешекте жоғарыдағыдай келеңсіз жағдайларды бол­дырмау үшін сол мамандар барын салады деген үміт бар. Біз ең бірінші кезекте өз өрендерімізді тәрбиелеп, соларға арқа сүйеуіміз керек. Арзан атақ пен абырой жию үшін шетелден ле­гионерлер шақыртуды доғарған жөн. Өйткені қазақтың на­мысы мен абыройы қазаққа ғана керек.  width= Сәкен БИБОСЫНОВ, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері:
БОКССЫЗ ОЛИМПИАДА ҚЫЗЫҚ ЕМЕС
– Токиода қола медаль бұйыр­ған соң, Парижде сол қола жүлдені алтынға айырбастаймын деп мақ­сат қойған едім. Сол мақсатқа жету үшін осы бастан тыңғылықты дайын­далып жүрмін. Бапкерім екеуміз физикалық жағынан көп жаттығуға көңіл бөлудеміз. Олимпиададан келе сала әлем чемпионатында топ жарған соң, біраз демалыс алған едім. Қазір ұлттық құрама қатарына қосылып, оқу-жаттығу жиын­дарына қатысып жүрмін. Әлем чемпионатынан кейін төрт айдан соң Таиландта өткен турнирде жұдырықтастым. Биылғы басты жарыстардың бірі Азия ойындарында алтын жүлде алуды көздеймін. Оған дейін өз бабымды тағы бір тексеру үшін бірнеше жарысқа қатысу ойымда бар. Әлем біріншілігінде бокстасып, екінші рет әлем чемпионы атан­ғым келеді. Сосын Париж Олимпиадасына жолдама беретін ірік­теу турнирлерінде бақ сынау жоспары тұр. Негізі, әр ат­лет үшін Олимпиада – спорттың ең биік шыңы. Спортшы болған соң ол шыңды мен де бағындырғым келеді. Енді боксшылар Олимпиадада бұрынғыдай 8 емес, 7 сал­мақ дәрежесі бойынша жұдырықтасады. Салмағым 57 ке­ліге жетпейтіндіктен, 52-ден 51 келіге өттім. Бұйыртса, осы салмақта діттегеніме жетсем деймін. Бокс пен ауыр ат­летиканың Олимпиада бағдарламасынан мәңгіге алып тас­тайды деп ойламаймын. Нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Төрешілердің жұмысы реттелсе, боксты тізімге қайта кіріктіреді деп сенемін. Бокссыз Олимпиада қызық емес. Спортшылар мен жанкүйерлердің уәжін есепке алып, қайта қосады деп ойлаймын. Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарына дейін бізді «ауыр атлетика мен бокс державасы» деп таныған әлем атлеттері «Басқа-басқа қазақстандықтарға қарсы тыңғылықты дайындалып келдік» деп спортшыларымызды басты қарсылас санайтын еді. Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындары қарсаңында әйгілі CNBC агенттігі Қазақстан олимпиадашыларға беретін жүлде қорының сомасы жағынан әлемде көш бастап тұрғанын жария қылды. Алтын жүлде үшін 250 000 доллар, күміске 150 000 доллар, қола медальға 75 000 доллар көлемінде сыйақы бекіткен біздің ел туралы әлемдік БАҚ өкілдері «Бәрінен қымбат жүлде қоры – Қазақстанда» деп жарыса жазды. Бірақ 2024 жылы Парижде, 2026 жылы Миланда өтетін Олимпиадаға дейін спорттағы түйткілдердің түйіні тарқатылып, аталған салаға реформа жүргізілмесе, бізді алты құрлық атлеттері қалай атайтыны – үлкен сұрақ.

Серіктес жаңалықтары