2328
Дағдарыс дақпыртпен бітетін іс емес
Дағдарыс дақпыртпен бітетін іс емес
Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс болжап-білмеген түрлі өзгерістің себебі болды. Геосаяси ахуалдың салдары импортының 42 пайызын Ресей тауарлары құрайтын біздің елді де айналып өткен жоқ. Коронадағдарыстың әсері сейілмей жатып, Үкіметке тағы бір дағдарыстың алдын алатын шаралар әзірлеу міндеті жүктелді.
2 наурыз күні Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың үкімімен Үкімет жанынан дағдарысқа қарсы шараларға байланысты жедел штаб құрылды. Сол кезде жедел штаб Ресей Федерациясына салынған санкциялардың ел экономикасына тигізетін әсерінен туындаған мәселені шешетін болады деп айтылған еді. Оның құрамына негізгі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, кәсіпкерлік қауымдастықтардың өкілдері және салалық сарапшылар кірді. Сонымен қатар жедел штабтың алдағы жұмысына отандық бизнес пен сарапшылар қауымдастығының басқа да өкілдері қатыса алады делінген болатын. Одан соң Президент 16 наурыздағы Жолдауында дағдарыстың алдын алу шаралары туралы сөз қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шаралардың «кезек күттірмейтінін», геосаяси ахуалдың қатты ушығып кетуіне байланысты Қазақстан тарихта болып көрмеген қаржылық-экономикалық қиындықтарға тап келіп отырғанын айтты.
– Қатаң санкция тайталасы қазірдің өзінде жекелеген елдерді ғана емес, тұтас жаһандық экономиканы елеулі шығынға ұшыратып отыр. Ахуал жедел, тіпті сағат сайын өзгеріп жатыр. Әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршіді. Өндіріс және сауда жүйелері күйреп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ресеймен тығыз экономикалық байланыстан туындаған қиындықтардан бөлек, Қазақстанға да тікелей санкция салу туралы бастама көтерген елдер де болғанын еске сала кетейік.
Бірақ соған бола байбалам салуға негіз жоқ деген Мемлекет басшысы бізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резервтер мен амал-тәсілдердің бәрі бар екенін айтқан болатын. Сондықтан Үкіметке дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын тез арада жүзеге асыру міндеті жүктелді.
14 сәуір күні Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров дағдарыстың алдын алатын жоспар дайын екенін мәлімдеді. 2022 жылға арналған бұл жоспар 5 бағыт бойынша жүзеге асырылмақ екен.
«Дағдарыстың алдын алу – кезек күттірмейтін мәселе»
Экономикалық дағдарыс кезінде нарық жағдайы күрт нашарлайды, ұлттық экономика тұрақсыз болып, өндірістердің жұмысы жүйесіз екені сезіледі. Одан бөлек, сатылмаған өнімдердің көбеюі, өндірістік капиталдың артық қорлануы, яғни өндірістің шала жұмыс істеуі, жұмыссыз адам санының көбеюі байқалады. Өндірістегі шығындар өседі, баға мен пайда, жалақы төмендейді, халықтың тұрмыс деңгейі де кері кетеді, мұның бәрі – экономикалық дағдарыстың жалпы нәтижесі.
Сонымен, Үкімет және басқа да жауапты және құзырлы мекемелерге қойылған ең басты міндет – ұлттық валютаны тұрақты ету. Бұл – ел экономикасындағы қауіпсіздіктің негізгі факторы. Геосаяси ахуалдың шиеленісуі теңгеге оңай тиген жоқ. 1 доллар 520 теңгеден асып кеткен кездер де байқалды. Күн сайын қырық құбылған доллар-теңге бағамы, валюта нарығындағы тұрақсыздық халықты абыр-сабыр қылды, бір доллар 700-1 000 теңгеге дейін өседі деген сияқты түрлі қауесет, болжамдар жаппай доллар сатып алушылардың науқанына ұласты.
Бұдан бөлек, теңгенің құбылуын Президент капиталдың елден шығарылуымен, трансшекаралық «жасырын» ақша аударымдарымен байланыстырып, валютаны шетелге шығаруға шектеу енгізетін Жарлыққа қол қойған еді. Сондықтан қаржы саласында өршіп тұрған жасанды сұранысты, соның ішінде сырттан келген сатып алушылардың белсенділігінен туындаған сұранысты азайту қажет екені айтылды.
– Ірі институционалдық құрылымдар шетел валюталарын тек өздерінің шарттық міндеттемелерін орындау аясында сатып алып, сұранысты қамтамасыз етуі керек. Мемлекеттің қатысуымен экспорттық валюта түсімдерін сату көлемін арттыру мәселесін пысықтаған жөн. Жер қойнауын пайдаланушы жеке сектордың да өз валюта түсімдерін сатуын күтемін, – деген нақты тапсырмалар берілді.
Екінші деңгейдегі банктер шарттық міндеттемелерін орындау кезінде клиенттерінің валюта алуына бақылау және мониторинг жүргізуге тиіс екені, банктердің осы талаптарды сақтауын қатаң бақылауға алу туралы да айтылды.
Осылайша, Жолдауда Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне ұтымды, нәтижелі шаралар қабылдау туралы тапсырма берілген еді.
Дегенмен қазір теңге біраз нығайғаны байқалады. 20 сәуірде таңертең биржадағы соңғы мәміле бір доллар 442,5 теңге бағасымен, ал 19 сәуір кешкісін бір доллар 446 теңгеге сатылған.
Оған қоса, JPMorgan банкі егер Еуроодақ Ресей мұнайына эмбарго енгізсе, Brent бағасы 185 долларға дейін өсуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Сонымен, жақында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жолдаудағы тапсырманы орындау үшін 10 бағыт, 36 іс-шарадан тұратын Жалпыұлттық жоспар бекітілгенін хабарлады.
Министрліктің жұмысы негізгі үш бағыт – елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқару жұмысын жүйелендіру және дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шаралар бойынша жүргізілетіні мәлім болды.
Дағдарыстың алдын алу жұмыстары 5 бағыт бойынша жүргізілмек. Министр оны іске асыру шиеленіскен геосаяси ахуалдың салдарынан туындаған қиындықтарды реттеу және қаржы жүйесін тұрақтандыру, инфляцияны бақылау және төмендету, сыртқы сауда және экономика салаларын қолдау және инвестицияларды тарту сияқты бағыттар бойынша жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашатынын айтты.
Үкімет пен Ұлттық банктің мәлімдемесіне сүйенсек, өнеркәсіпті мемлекеттік қолдаудың негізгі бөлігі өнімділігі жоғары кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртуға және дамытуға арналмақ. Ел экономикасын индустрияландыру және инвестициялық жобаларды тарту арқылы импорттық тауарларды алмастырудың маңызы зор екені де айтылды. Бұл ретте мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындарға жұмысшылардың еңбекақысын, оның ішінде еңбек өнімділігін ұлғайту арқылы көбейту бойынша қарсы міндеттемелер жүктелмек екен.
Одан бөлек, шенеуніктердің халықтың банктердегі теңгемен салынған жинақ-депозиттеріне алаңдайтыны айтылыпты. Сондықтан қазынадан депозиттердің сыйақысына деп қосымша қаржы бөлінбек.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға Үкімет пен Ұлттық банк басымдық берген екен, оның ішінде несиелерді субсидиялауға ерекше көңіл бөлінбек. Бизнесмендердің жүктемесін азайту жоспарланып отыр.
Бірақ әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына бақылау жүргізілетін болады деп сендіреді жауаптылар. Монополияға қарсы агенттік шағын және орта кәсіпкерлік саласындағылардан халықты дүрліктірмей, бағаны қолдан жасамауды әрі оны көтермеуді сұрайды. Әйтпесе, тапшылық тудырып, құнын өсіргендер айыппұл арқалайтыны да ескертіліпті.
Дегенмен қаржыгер, сарапшы Расул Рысмамбетов жауапты органдардың азық-түлік дағдарысы мен тапшылығына байланысты жүргізіп отырған саясаты ақылға қонымды көрінбейтінін айтады.
Расул РЫСМАМБЕТОВ,
Financial Freedom қоғамдық қорының директоры, қаржы кеңесшісі, сарапшы:
Жауапты мекемелер не істеу керек екенін түсінбей отыр деген ой қалыптасады
– Жауапты органдар дағдарыстың алдын алуға байланысты мінсіз жұмыс істеп жатыр деп айтуға келмейді, әрине. Өйткені мұндай дағдарысқа біз алғаш рет тап келіп отырмыз. Дегенмен құзырлы мекемелер бар күш-жігерін салып жұмыс істеп жатыр. Бірақ біздің жауапты органдар көптен бері инвестиция тарту бойынша жұмыс істеген жоқ. Айтылғанымен, орындалған жоқ, жоспарлар болғанымен, шын мәнінде жүзеге асырылған жоқ. Оған қоса, оның жөн-жосығы қандай болуы керек екенін де түсінбеді деп айтуға болады. Енді-енді сең қозғалғандай болып жатыр.
Ал азық-түлік дағдарысына байланысты атқарып жатқан шараларына қарап, жауапты мекемелердің жалпы жағдайды, не істеу керек екенін түсінбей отыр деген ой қалыптасады. Мәселен, экспортқа тыйым салу немесе басқа да бюрократиялық барьерлер қою нәтиже бере бермейтін шаралар. Өйткені біздің экспорттаушылар (ет, қырыққабат сияқты өнімдер) экспорттық бағалар бойынша табыс табуға, салық төлеуге мүмкіндіктері жоқ, келесі жылға қаражаты да қалмайды.
Біздің елде экономика көп жағдайда жекеменшікке негізделген. Сол себепті бизнесті қолдаудың дұрыс шешімдері мен тетіктері керек деп есептеймін.
Дегенмен ең бастысы, дәл қазір бізге мына үш мәселені реттеу керек.
Біріншіден, бізге сот жүйесін реттеп, түзету керек. Сот жүйесінде барлығы ашық, анық болуға тиіс. Барлық шешімдер, экономикалық сот жүйесінде барлығы түсінікті болуы керек.
Екіншіден, дұрыс, бізге түсінікті, дұрыс Салық кодексі қажет. Қазіргі қолданыстағы Салық кодексі, қанша дегенмен қиын әрі түсініксіз.
Үшіншіден, жекеменшікті қорғау мәселесі. Бұл жерде де басы артық, түсініксіз, әкімшілік, бюрократиялық барьерлер болмауға тиіс (мәселен лицензиялауға байланысты).
Инфляция деңгейі 12 пайыз болды
Наурыз айының төрт апталық қорытындысы бойынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы 18,6 пайызға өскен. Ресми мәлімдемеге сүйенсек, бағаның өсуіне наурыздың екінші аптасындағы тауарларға деген сұраныс айтарлықтай әсер етіпті.
Басқа тауарлардың бағасы да 8,6 пайыздан 10,9 пайызға қымбаттапты.
Ал ақылы қызмет бағасының өсімі 8,3 пайызға жеткен, сәйкесінше бұл – нарықтағы бірқатар қызметтің қымбаттауына әсер еткен.
Бағаны ауыздықтауға қанша тырысқанымызбен, геосаяси ахуал, жалпы әлемдік экономикадағы дағдарыс ел экономикасының еңсе тіктеуіне мүмкіндік бермей тұр.
Былтыр жыл аяғында Ұлттық банк 2022 жылдың бірінші тоқсанында инфляцияның ең жоғары шегі күтіледі, бірақ содан соң жағдай реттеледі деген болжам айтқан еді. Алғашқы болжам дәл келгенін байқап отырмыз, ал екінші болжамға байланысты күдік жоқ емес.
Биыл наурыз айының қорытындысы бойынша, инфляция деңгейі 12 пайыз болды. Бұл – 2016 жылғы қыркүйектен бергі ең жоғарғы көрсеткіш.
– Қазақстанда инфляция деңгейі 2016 жылдың қыркүйегінен бері ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Бір айда 8,7 пайыздан 12 пайызға жеткен. Инфляцияның өсуіне азық-түлік тауарларының қымбаттауы айтарлықтай үлес қосқан. Баға өсімі 10 пайыздан 15 пайызға жетті. Ең жоғары баға өсімі қырыққабат, қант, картоп пен қызанақ сияқты тауарлардың бағасында байқалады, – деді Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматов.
Әрине, бұл – ресми дерек, дегенмен сарапшылар елдегі инфляция деңгейі бұдан да жоғары екенін айтады.
Жауапты мекеменің жауабы
Ауылдар мен моноқалалардың өркендеуіне 200 миллиард теңге бөлінбек. Жалпы ,дағдарыстың алдын алатын шараларға бюджеттен қанша қаражат қарастырылып отырғаны, ол бағыттарға байланысты қалай бөлініп-жіктелетіні туралы Ұлттық экономика министрлігіне арнайы сұрақ жолдап көргенімізбен, нақты жауап ала алмадық.
Одан бөлек, жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамытуды қолдауға бағытталған жоспарлар да жүзеге асырылмақ екен. «Қаржыландыру мен кәсіпкерлерді қолдайтын бағдарламалар да көбейеді», –дейді Ұлттық экономика министрлігі. Жауапты орган өкілі жоғарыда сарапшы маман айтып кеткен бизнестегі кедергілер реттеледі деп сендіріп отыр.
Тимур ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:
Бизнесте әділетсіз артықшылық беретін барлық заңнамалық актілердің күші жойылмақ
– Жалпы, 2015 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде елімізде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуында оң нәтиже байқалып отыр. ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 7,9 пайызға өсіп, 34,7 пайызға жетті. Шағын және орта кәсіпкерлік өнімдерін шығару 2 есеге жуық артып, номиналды мәнде 29,7 триллион теңгеге жетті. Жұмыс істеп тұрған ШОК-тың жалпы саны 15,2 пайызға артып, 1,4 миллион
субъектіге жетті. ШОК-та жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10,6 пайызға артып, 3,5 миллион адам болды.
Қазір Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде ШОК-ты қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шаралары ұсынылды. Бизнеске арналған талаптарды қайта қарау бойынша жұмыс екі кезеңде жүргізілетін болады.
1-кезең – 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында сауда, көлік, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтану сияқты төрт негізгі салада реттеу жүргізіп, талаптарды қайта қарау. Бұл салалар ШОК субъектілерінің шамамен 60 пайызы.
2-кезең – 2022 жылдың екінші жартыжылдығында және 2023 жылы денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп және басқа да салалардағы бизнеске қойылатын талаптар қайта қаралатын болады.
Мемлекеттік бақылауды автоматтандыру арқылы құқық бұзу жағдайларының алдын алуға көшпекпіз. Бұл бақылау және қадағалау органдарын бизнестің проблемалық субъектілеріне шоғырландыруға және оларды ретке келтіруге мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлік қызметті реттеудегі жаңа тәсілдерді іске асыру бизнестегі жүктемелер мен кедергілерді азайтуға және экономикалық ахуалға қарай іскерлік белсенділікті дамытуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 8-съезінде ШОК-тың 2030 жылға дейінгі жаңа даму стратегиясын айқындау міндетін қойған болатын. Осы тапсырманы орындау үшін Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы әзірленіп отыр. ШОК-ты дамыту тәсілдері пирамида қағидаты бойынша жүзеге асырылмақ. Соның ішінде кәсіпкерлік белсенділікті дамытатын институционалдық орта құру, бизнес-ахуал мен бизнес-ортаға әсер ететін кәсіпкерлік қызметті реттеуді дамыту, мемлекеттік қолдау шаралары тиімді болуы үшін кейбір нарықтағы жекелеген тұлғалар мен қатысушыларға әділетсіз артықшылық беретін барлық заңнамалық және реттеуші актілердің күші жойылмақ. Одан бөлек, кедергілерді азайту, ұжымдық пайдаға артықшылық беру, жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған бизнес үшін сапалы өнеркәсіптік, инновациялық және креативті инфрақұрылымның артық ұсынысын жасауды ынталандыру, бизнестегі есеп беруді автоматтандыру және цифрландыру, кәсіпкерлікке рұқсат беретін құжаттар санын қысқарту жоспарланған.
Осы жоспарланған мақсат-міндеттің барлығы шағын бизнесті орта және ірі бизнеске айналдыруға ықпал етеді, бұл өз кезегінде тұтастай экономикаға оң мультипликативті әсер ететін болады.
Үкімет және басқа да жауапты мекемелер жүктелген міндетті қандай дәрежеде орындайды, шаралардың нәтижесі қандай болмақ, ол жағы белгісіз. Дегенмен дағдарыстың алдын алу шаралары қисапсыз сандар мен қисынсыз сөздердің жинағынан тұратын баяндамалар емес екені анық. Қаңтар оқиғасынан кейін ел экономикасына елеулі реформа қажет екеніне көзіміз анық жеткен еді. Ал елдің дағдарысқа төтеп беруге қабілетті болуы айтылып жатқан жаңа қоғамды құрудың басты алғышарты.