50273
Жаңаөзендік шенеунік жетімге қарыз бергені үшін 3 жылға сотталды
Жаңаөзендік шенеунік жетімге қарыз бергені үшін 3 жылға сотталды
Жаңаөзен қалалық пробация бөлімінің бұрынғы бастығы жетімді жебеймін деп 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Осылай деп оның жақындары айтып отыр. Айтуларынша, қоғамдық жұмысқа тартылған азаматқа қарыз беріп, оны қайтарып алған Ғабит Кузамов «пара алды» деген желеумен темір торға қамалған. «Жала жапты», «әділдік керек» деген етжақындары елордаға арнайы келіп, Жоғары сотқа арызданған деп хабарлады turkystan.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Экс-бастықтан қарыз алған Ержан Сақтағанов былтыр 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды. Ол жазасын еңбекпен өтеп жүріп, Жаңаөзен қалалық пробация бөлімінің бастығы болған Ғабит Кузамовтан қарызға 40 мың теңге алған. Жетім жігіт «ақшаны жалақымнан қайтарамын» деп қолхат жазып беріпті. Келісімге сай, ол берешегін екі бөліп төлепті. Бірақ құқық қорғау органдары Ғабит Кузамовты 40 мың теңгені пара ретінде алды деп ұстап, сот 3 жылға бас бостандығынан айырған.
«40 мың теңге взятканы екі бөліп ешқашан да ешкім алмайды, біріншіден. 25 мың теңге айдың басында, 15 мың теңге айдың ортасында. Егер взятка болған жағдайда 40 мың теңгені ешкім де жеке банктік счетына аудартпас еді. 70-80 пайыз дәлеліміз бола тұра, оны Жаңаөзен қаласының соты ескермей, 3 жыл шешім шығарып жіберді», – дейді сотталушының ағасы Ғани Кузамов.Соттың шешіміне қарыз алушы Ержан Сақтағановтың арызы себеп болған. Ол өзіне полицейлер қысым көрсетіп, арызды күштеп жаздырды деп отыр. Тіпті өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері қалған 15 мың теңгені беріп, Ғабит Кузамовқа жіберткізген көрінеді. Жаңаөзен қалалық сотында жалған айғақ бергенін айтуға тырысқанымен, сот сөзін тыңдамағанын айтады. Тіпті апелляцияда облыстық сот та құлақ аспаған.
«15 сәуір күні сотрудниктер келіп, қорқытып арыз жазғызып алды, Кузамовтың үстінен. Яғни, берген қарызымды пара ретінде. Адвокатымнан да бас тартып, өзім жауап беруге қол қойдыртып алды», – дейді қарыз алушы Ержан Сақтағанов.Ержанның айтуынша, сот шешімі шыққанша құқық қорғаушылар оны жалдамалы пәтерде қамап ұстаған. Ешкіммен жолықтырмай, сотта алдын ала жазып берген мәтін бойынша сөйлеуді бұйырыпты. Сотталушының ағасы Ғани Кузамов Ержан Сақтағановқа да адвокат жалдап, шындықты дәлелдеуге тырысып жүр. Алайда тергеу ісіне кедергі келтірдің деп оның да үстінен іс қозғалыпты.
«Бұл іс біржақты қаралды. Кез келген қылмыстық істе сот күмәнді әрі түсініксіз жайттардың бәрін жойып барып, шешім шығаруы тиіс. Ал мына істің шикілігі – сот екі азаматтың арасында қарыз беру-алу келісімшартының болғанын қолхатқа қарап растай отыра, Кузамовты пара алды деп айыптауы. Бұл - нағыз заң казусы», – дейді адвокат Ераман Өтешов.Ғани Кузамов бауырының жетімді жебеймін деп жазықсыз жаза арқалағанына күйінеді. Шындық үшін шарқ ұрып жүрген жаңаөзендік азамат енді тек Жоғарғы соттан әділдік табатынына сенімді.