1015
Ауыл шаруашылығы «жауыр» шаруашылыққа айналып бара жатқан жоқ па?
Ауыл шаруашылығы «жауыр» шаруашылыққа айналып бара жатқан жоқ па?
Былтырғы қуаңшылық пен қымбатшылықтан соң ауыл шаруашылығы саласының елеусіз қалып келген елеулі мәселелері анық байқала бастады. Содан бері жылға жуық уақыт өтті, министр ауысты, бірақ проблема азаймады, тіпті еселенді деп топшылауға болады.
Аграрлық елге айналамыз деген талпынысымыздың тауы шағыла беруіне не себеп? Әлеуетіміз жететіні анық, әліміз неге келмейді?
Субсидияның сарсаңы
Ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия мәселесі былтырдан бері көтеріліп келеді. Жыл басындағы қаңтар оқиғасынан кейін бұл мәселе ұмыт қалғандай көрінген еді. Дегенмен 1 ақпанда өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы субсидияның «бармақ басты, көз қыстымен» талан-таражға түсіп жатқанын айтып, мәселені реттеуді тапсырған.
Президент соңғы 5 жылда саланы қолдауға 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінгенін, бірақ сол ақшаның бастапқы мақсатынан басқа ниетте жұмсалып, бөліске түскенін тағы бір еске салды. Соның ішінде осы субсидияға қатысты қаншама схема табылғаны, 960 қылмыс тіркеліп, 450 адам жауапкершілікке тартылғаны да айтылды.
– Cубсидия көлемі қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер субсидияны таратып берумен ғана шектелген. Оған ешқандай талдау жасалған жоқ. Қаржының тиісті мақсатқа жұмсалуын да ешкім бақылауға алмаған. Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсті. Тіпті, ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көріп жатыр, – деді Президент.Бір ғана мысал жайылым жерлерін суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің жартысы қайда кеткені беймәлім. Тіпті, кей жобалар қағаз жүзінде ғана «игеріле» салған. 9 наурызда Мәжілістің бір топ депутаты Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа субсидияға байланысты мәселелерді санамалап, депутаттық сауал жолдады. Депутаттар мұның барлығы өңірлерде өткізген кездесулерден кейінгі қордаланған мәселелер екенін айтқан. Үкімет Президент сынынан кейін агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесін жетілдіруге кіріскен еді. Бұл жұмыстар шағын және орта кәсіпкерлердің, сондай-ақ қорасында мал ұстайтын жеке қосалқы шаруашылықтардың кедергісіз субсидия алуына жағдай жасауы керек. Министрлік осы мәселеге қатысты үлкен реформа жүргізілетінін мәлімдеп, қолданыстағы мемлекеттің қолдау механизмдерінде олқылық көптігін мойындаған еді. Жауапты органдардың кешенді талдау-тексерістері де мұны теріске шығармады. Сөйтіп Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия санының қысқаратынын мәлімдеді. Дегенмен депутаттар министрліктің субсидия бағдарламалары бойынша тұрақты ұстанымы жоқ екенін, аграршылар саланы мемлекеттік қолдау жүйесінің өзгеруін онша құптамайтынын айтыпты. Олар субсидия санын қысқарту ұзақмерзімді инвестицияларды талап ететін АӨК секторларына залал келтіретінін алға тартқан. Мәселен, ет өнімдері, сүт өнімдері, жемшөп өндірісі және басқа да секторлардағы инвестиция жобалары қолдауды аса қажет етеді екен. Ауыл шаруашылығы министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне берген жауабында субсидиялардың біразын жеңілдетілген несиеге алмастыруды ұсынған. Депутаттар бұл бастаманы да оң деп есептемейді: олардың айтуынша, қаражат тағы да фермерлерге емес, банктерге түседі. Сауалда субсидиядағы «бармақ басты, көз қыстыны» көп жағдайда шенеуніктер жасайтынын, сол үшін аграршылар зардап шекпеуі керек екені де айтылыпты. Оған қоса, субсидия алып отырған шаруалардың ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және сақтауға аса құлқы жоқ. Себебі субсидиялау жүйесі шаруаларды бұған ынталандырмайды. Мұны Мемлекет басшысы да айтқан. Жағдай түзелмесе, агроөнеркәсіп кешені шикізат өндіруден әрі аса алмайтыны анық. Сонымен, депутаттар АӨК-тің импортқа тәуелді секторларын мемлекеттік қолдауды сақтауды ұсынған. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында мемлекет техникалық және технологиялық жаңаруға бағытталған инвестициялық субсидияларға басымдық беретінін айтыпты.
– Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оған салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттарының өкілдері кірді. Жұмыс тобы отырыстарының шеңберінде субсидиялау рәсімін оңайлатуды, оның бағыттарын оңтайландыруды (субсидиялар түрлерінің санын 51-ден 7-ге дейін қысқарту жоспарланып отыр), барлық субъектілер үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуді, заманауи технологияларды енгізуді ынталандыруды және агроөнеркәсіп кешеніне инвестициялар тартуды, нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша фермерлердің қарымта міндеттемелер алу нормасын енгізуді көздейтін жаңа тәсілдер таныстырылды, – деп айтылған Үкімет басшысының жауабында.Бірақ Премьер-Министр де, Ауыл шаруашылығы министрі де бұл бастаманы жүзеге асыру келесі жылға қалдырылғанын мәлімдеді. Дегенмен субсидиялаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленіп, ол Ақмола облысында пилоттық жоба ретінде іске қосылатыны айтылыпты. Себебі бұған дейін жеке құрылымдар субсидия бөлуге байланысты түрлі портал ашып, өз қызметі үшін шаруалардан ақша алып отырған. Ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидия санының азайтылуына қатысты сұрақ жолдап көргенімізбен, мардымды жауап ала алмадық. Ал «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков субсидия санының қысқаруын құптайтынын, оған қоса жүйесінің де өзгергенін дұрыс деп санайтынын айтады. Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы: Субсидия санын азайтып, жүйені түбегейлі өзгерту керек
– Менің ойымша, екі-ақ түрлі субсидия түрін қалдырған жөн. Субсидияға бөлінетін 350 миллиард теңгенің 300 миллиардын тікелей ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге, өндірілген өнімге төлеу керек. Бірақ әрине, барлық өндірілген өнімге субсидия төлеуге ақша жетпейді, оның ішінде біріншіден импорт алмастыру бойынша ішкі нарықта бағасы өсіп жатқан өнімдерге төленгені абзал. Екіншіден, қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізілетін азық-түлік өнімдерін, үшіншіден экспортқа шығатындарды қолдауымыз керек. Бұған 300 миллиард теңгедей кетеді. Ал қалған 50 миллиард теңгесі қайта өңдеу кәсіпорнының несиесі болса, сол несиенің үстемеақысын арзандатуға жұмсалуға тиіс. Мысалы, қазір банктер 15-17 пайызбен беріп жатса, соның 10 пайызын арзандатса, кәсіпорындар 5-7 пайыз төлейді. Сонда қалған 50 миллиард теңге субсидия қайта өңдеу кәсіпорнының жеңілдікпен несие алуына мүмкіндік береді. Бірақ ол несие тікелей тек қана ауылшаруашылық тауар өндірушілерден кәсіпорындар ауылшаруашылық өнімдерін сатып алуға бағытталуы керек. Мысалы, шикізат ретінде ет сатып алуға, сүт сатып алуға, көкөніс, жеміс-жидек, тағы басқа. Одан бөлек, алдындағы 300 миллиард теңгені қосыңыз, сонда фермерлерге жылына 800 миллиард теңге ақша түседі, бұл ауыл шаруашылығын толығымен ақшамен қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Несиені фермерлер алып, соның үстемеақысын арзандатқан жөн деген де пікір айтылып жүр. Оның жолы қазір жабылған: несиеге кепілдік керек. Қай фермердің қолында банкке беретіндей кепілдік бар? Ондай мүмкіншілік жоқ. Инвестициялық субсидия туралы да айтылып жатыр, ол да қажет деп есептемеймін. Сондықтан фермерлер субсидияны кепілдіксіз, үстемеақысыз алса және тек ауыл шаруашылығы өнімін қайтарып отырса дұрыс болар еді. Егер фермердің қолында ақша болса, ол инвестицияны өзі-ақ жасайды. Менің ойымша, осы екі түрлі субсидияны ғана қалдыру керек. Бұл бізге не береді? Біріншіден, тауар өндірушілерге 100 пайыз субсидия қолжетімді болады. Ал қазір бар субсидия көздерінен фермерлердің тек 5-10 пайызы субсидия ала алады. Екіншіден, фермерлердің жауапкершілігі артады. Үшіншіден, биліктің ауыл шаруашылығына байланысты қойып отырған мақсаты бар: еңбек өнімділігі және экспорт көлемін ұлғайту. Егер бір фермердің иелігінде 10 мың гектар жер болса, бір жыл субсидия алып, келесі жылы одан да көп субсидия алу үшін ол өнімді көбірек алуы керек болады. Ал ол үшін тұқымды пайдалану қажет, тыңайтқышты пайдалану қажет, техника алу қажет. Осылайша, біз фермерлерді ынталандыра аламыз.Жайылым тапшылығын реттей алдық па? Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде шамамен 185 миллион гектар жайылым жер бар. Оның тек 36 пайызы мал шаруашылығына пайдаланылады екен. Қалған 64 пайызы бос жатыр. Бірақ ауыл халқы аздаған малын жаятын жайылым таппайды. Былтыр осы мәселе көтерілгенде, басқа-басқа бізде жер тапшылығы бары көпті таңғалдырған еді. 2021 жылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, жыл соңына дейін іске жаратылмай жатқан жайылымдарды қайтарып алып, ауыл тұрғындарының игілігіне беруді тапсырған болатын. Сол кезде кәдеге жаратылмай жатқаны заңды тұлғаның үлесіндегі учаскелер екені айтылған еді. Ал жайылымның 78 пайызын иеленіп отырғандардың қаншасы нақты жермен жұмыс істейді, оның қаншасын латифундистер иеленіп отыр деген мәселені Бас прокуратура анықтауға тиіс болатын. 2022 жылғы 3 қаңтарда Мемлекет басшысы пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп алып қою мерзімін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқартқан заңға қол қойды. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне салық мөлшерлемесі екі есе өсті. Дегенмен 31 наурызда Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет жанындағы Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның екінші отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігі әлі де өңірлерде жайылым жерлері өте өзекті мәселе болып отырғанын мәлімдеді. Министр 2019-2021 жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 8,1 миллион гектар пайдаланылмайтын немесе мақсатты пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері анықталғанын баяндады. Тиісті шаралардан кейін осы көлемнен 3,4 миллион гектар жер телімін бұрынғы меншік иелері игере бастапты. 2,1 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылыпты, ал 2,6 миллион гектар жергілікті атқарушы органдардың қарауында екен. Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне жайылым жер тапшылығына байланысты жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Яғни, бұл мәселеге қатысты да әлі талай іс атқарылуы керек. «Ауыр» шаруашылық Қазір өңірлерде көктемгі дала жұмыстары басталды. Ал өңірлердегі шаруалар көктемгі дала жұмыстары кезінде мемлекеттік қолдау шараларының жоқтығын айтып шағымданып отыр. Бұған өңірлерді аралап барған депутаттардың да көзі жетіпті. Олар бұған бірінші кезекте Ауыл шаруашылығы министрлігінің дәрменсіздігі мен әрекетсіздігі тікелей себеп дейді. Ең алдымен, шаруалар жеңілдетілген жанар-жағармайдың жетіспеушілігі және бағасының қымбат екеніне шағымданған. Одан соң минералды тыңайтқыштар мен қосалқы жабдықтар да былтырмен салыстырғанда екі-үш есе қымбаттапты. Оған қоса, егіс тұқымы жоқ, ағын су тапшы. Тіпті, «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарының қаржыландыруы кешіктірілген. Мұның барлығы өткен жылы қуаңшылықтың зардабынан әлі айықпаған диқандарға «жығылғанға жұдырық болып отырғанын» айтқан депутаттар Ауыл шаруашылығы министрлігінен есеп сұрап, жауапкершілік талап ету керек деген ұсыныс айтқан. Депутаттардың дегеніне сүйенсек, құзырлы орган былтырғы қуаңшылықтан еш сабақ алмаған. Оған қоса, елде бидай тапшылығы бар деген ақпарат тарады. Сәйкесінше, баға да шарықтаған, диірмендердің жартысынан көбі жұмысын тоқтатқан. Дегенмен Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров елімізде астық тапшы деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, 1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада 6,4 млн тонна бидай бар. Вице-министр ішкі қажеттілікті ескерсек, бұл көлем елді қамтамасыз етуге жеткілікті екенін атап өтті. Тіпті, астықтың бір бөлігін экспортқа да шығаруға болады екен. Вице-министр мәселе бидай тапшылығында емес, бидай бағасында екенін айтады. Бұған дейін ұн тартатын кәсіпорындар бидайды арзан бағаға Ресейден импорттап келген. Әсіресе, шекарадағы облыстар: Павлодар, Солтүстік Қазақстан. Алайда Ресей дәнді дақылдарды сыртқа шығаруға тыйым салғаннан кейін бұл баланс бұзылып отыр екен. Көрші елдің мұндай шешімі диірменшілерді астықты тез арада ішкі нарықтан сатып алуға итермелеп отыр. Ал ішкі нарықта тиісінше бидай бағасы өсіпті. Жауапты орган ішкі нарықта тапшылық болмауы үшін ведомствоаралық комиссия 2022 жылғы 15 сәуірден 15 маусымға дейін ұн мен бидай экспортын квоталау туралы шешім қабылдаған. Бидайға квота көлемі – 1 млн тонна, ал ұнға – 300 мың тонна. Сондай-ақ ішкі нарықтағы ахуалды жете түсіну үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі статистика бюросымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлерде бидайға инвентаризация жасамақ. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында мәселе шаш етектен. Бітпейтін тапшылық пен оңалмайтын олқылықтар бәсекеге қабілетті экономика құруға белгілі бір дәрежеде тосқауыл болып отырғаны жасырын емес.
– Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн, – деген Президент.Мұның бәріне, әрине елдің әлеуеті толық жететініне күмән жоқ. Бөлініп жатқан қаражат та аз емес. Сонда мәселе тағы атқарушы биліктің қаперсіздігіне келіп тіреле ме? Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев ауыл шаруашылығы саласындағы мәселе тым күрделі екенін, бірақ оны еңсеруге жалғыз ғана министрліктің шамасы жетпейтінін айтады. Сарапшының сөзінше, ауыл шаруашылығы саласының мәселелеріне мемлекеттік масштабта көңіл бөлу керек. Жигули ДАЙРАБАЕВ, Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы: 30 жылымыз орындалмайтын жобаларды құруға кетті
– Ауыл шаруашылығы министрін қыспаққа алғаннан ештеңе шықпайды. Бұл – күні бүгінге дейін біздің жүйе жіберген қателіктер, қате шешімдер, дұрыс құрылмаған жоспарлардың салдары. Кезінде үлкен кооперативтердің, кеңшар, ұжымшардың түкке де керегі жоқ деп бәрін тараттық. Оның орнына ештеңе ойластырған жоқпыз. 30 жыл болды ештеңе бітіре алмай отырмыз, уақыттың бәрі орындалмайтын жобаларға кетті. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе – қазір мемлекетті азық-түлікпен қамтамасыз ететін 780 мың фермер бар. Былтыр жайылым туралы заң қабылдадық, кооперация туралы заң қабылдадық, бізде заңның түрі көп, оны іске асыру жағы ақсап тұрады. Ең алдымен, фермерлердің жұмыс істеуіне жағдай жасалуға тиіс. Шаруаға, ең алдымен қолжетімді несие керек. Қазір жері бар шаруалардың өзінің жағдайы жақсы деп айтуға келмейді. Мен бүгін Маңғыстау облысын жетінші күн аралап жүрмін. Бес ауданда мәселе шаш етектен: қып-қызыл топырақ, бір түйір шөп жоқ. Мемлекеттік масштабта ауыл шаруашылығының стратегиясын жүргізіп, саланың дамуына баса назар аударуымыз керек. Ең алдымен ауыл шаруашылығына деген көзқарасты өзгерту қажет. Әр облыстың, әр аймақтың бесжылдық жоспары өңірдің ерекшелігіне сай, жеке-жеке жасалуға тиіс. Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз, бастама дұрыс, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласы тасада қалмауы керек. Қазір ең алдымен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін реттеу маңызды болып тұр.Қорыта айтқанда, ауыл шаруашылығы саласы да жүйелі реформаны қажет етеді. Мұны қазіргі ахуал да нақтылап отыр. Үкіметтің жұмысы үмітті ақтай ма, әзірге белгісіз, дегенмен қордаланған мәселені реттеуге аз уақыт кетпейтіні анық.