50694
«Біздің билік үлкен қауіптің алдында тұр» – Мұрат Әбенов
«Біздің билік үлкен қауіптің алдында тұр» – Мұрат Әбенов
Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов «Әлеуметтік желіні бұғаттайтын заңды тоқтату керек» деп отыр. «Әлеуметтік желіні шектейміз деген саясаткерлер бірінші кезекте Ресейдің саяси мүддесін қорғауда. Қасақана жасай ма, әлде білместік пе, бірақ негізгі ұтатын жақ - көршілеріміз» деген ол, бұл жағдайдан қазақ еліне келетін қауіпті жіпке тізді деп хабарлады turkystan.kz.
Қоғамдық резонанс туғызған мәселе жөнінде үнсіз қалмайтын қоғам белсендісінің пайымдауынша, желіні шектесе, теледидар әсері күшейіп, халық Ресей хабарларын көруге мәжбүр болатын көрінеді. Өйткені жергілікті арналардың көршілерге қарағанда аудиториясы аз, көрермен қызуғышылығы төмен. Мұның ақыры қазақ тіліндегі сауатты жаңаша контенттің азаюына әсер етпек.
Осы орайда, Мұрат Әбенов Сенат депутаттарына үндеу жолдады.
«Біздің билік үлкен қауіптің алдында тұр. Егер біздің әлеуметтік желіні Ресейдің идеологиясына жығып берсе, оған төтеп беретін тәуелсіз өз ақпараттық арналары дамымаған. Сонда біздің азаматтардың көбісі көршінің саясатына, геосаяси ұстанымына сенетін, қолдайтын болады. Сырттан еш әскер кіргізбей-ақ басқаруға оңай болады. Қазір Сенатта әлеуметтік желіні бұғаттауға жол беретін заң жобасы қаралып жатыр. Тағы да Сенат депутаттарына айтарым, Қазақ Елінің Тәуелсіздігіне нұқсан келтіруге жол бермеңіздер! Заңды тоқтату керек. Президент Тоқаев саяси реформалар жайлы жақсы бастамалар жариялады. Оны көпшілік қоғам қолдады», – деді жазба авторы.Сонымен қатар, Әбенов әлеуметтік желіні шектеу туралы заңның «Жаңа Қазақстан» ұстанымдарына сәйкес келмейтінін алға тартты.
«Менің ойымша, бұл бастамалар «Ескі Қазақстанға» қайтарғысы келеді, Президент Тоқаевтың жаңа бастамаларына қарсы саяси топтардың әрекеті. Бір қолмен саяси бәсекелестікті бастап, екінші қолмен ақпараттық ашықтықты шектеу - бір-біріне қарсы ұстанымдар. Мемлекет басшысы бастаған «Жаңа Қазақстан» идеологиясына мүлдем сәйкес келмейтін ескі көзқарастағы заң жобасы. Керісінше, Президент Тоқаевтың халыққа ұсынған «Жаңа Қазақстан» идеологиясын іске асыру үшін бізге әлеуметтік желіні кең пайдалану керек. Жастардың 87%-ы теледидарды мүлдем көрмейді. Қайтадан оларды мәжбүрлеп көгілдір экранның алдына отырғыза алмаймыз. Сол себептен, мемлекет тарапынан әлеуметтік желіге арнап жаңа контент шығару керек. Бәсекелестікке төтеп бере алатын, ұлттық мүддені алға қоятын сауатты дүниелер жасауға мемлекеттік мүмкіндікті бағыттау қажет. Әлеуметтік желіні бұғаттайтын заңды тоқтату керек», – деді Мұрат Әбенов Facebook-тегі парақшасында.