325
Оқушылардың әлеуметтік желідегі парақшалары бақылауға алынуы тиіс
Оқушылардың әлеуметтік желідегі парақшалары бақылауға алынуы тиіс
Оқушылардың әлеуметтік желілердегі парақшалары бақыланбақ. Бұл туралы Ақжайық аудандық білім бөлімінің басшысы Мереке Зиналиев аудан орталығында өткен «Жасөспірімдердің өмірге құштарлығын қалыптастыру жолдары» тақырыбында семинар-кеңесте айтты, деп жазады zhaikpress.kz. «Мектеп директорларына оқушылардың әлеуметтік желілердегі парақшаларын бақылауды тапсырған болатынмын. Бірақ бұл тапсырма кейбір мектептер тарапынан орындалмай отыр» деді ол.
Мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психологтар мен әлеуметтік педагогтар, білім бөлімінің мамандары қатысқан семинарда мектеп оқушылары арасында нашақорлыққа, зорлық-зомбылыққа, құқықбұзушылыққа, діни экстремизмге, өзіне-өзі қол жұмсауға жол бермеу жайында сөз болды.
Аудан прокурорының міндетін атқарушы Ерлан Жаңбырбай жасөпірімдердің арасындағы сондай келеңсіздіктердің алдын алуда «Балалар құқықтарын қорғайық» атты жобаның мақсаты мен міндеттеріне тоқталды. Мектеп жетекшілері суицидтің алдын алу жұмыстары жөнінде есеп берді.
Аудандық ішкі істер бөлімінің мәліметінше, былтыр жаз мезгілінде 5 оқушы дүкенге ұрлыққа түскен. Мектеп оқушылары арасындағы төбелес тіркелуде. 19 қыз бала мектеп формасын сақтамай отыр. Ауданда соңғы 5 жылда жыл сайын 2 суицид оқиғасы (тек 2014 жылы 1 оқиға) тіркелген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, суицид жөнінде Қазақстан әлемде үшінші орында тұр. Мамандар балалардың өз-өзін өлтірудің себебі көп деп түсіндірді. Басты проблема – жалғыздық. Яғни, маңайындағылардан жанашырлық көрмеу. Қазақстанда тіпті 10 жастағы балалар арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары тіркелген. Суицидке ұшыраған балалардың орташа жас шамасы 12-17 жас аралығында. Толық емес отбасыларында суицид жағдайы жиірек болады. Сонымен қатар талдау көрсеткендей, суицидке ұшырағандардың не әрекеттенген кәмелетке толмағандардың басым көпшілігі ауылдық жалпы білім беретін мектеп оқушылары екен.
«Жасөспірімдер арасында суицид фактілері мен әрекеттері психологтар мен педагогтардың ерекше назар аударуын қажет етеді. Мектеп директорларына оқушылардың әлеуметтік желілердегі парақшаларын бақылауды тапсырған болатынмын. Бірақ бұл тапсырма кейбір мектептер тарапынан орындалмай отыр. Ауданда 6385 оқушы, орта мектеп директорларының 36 және негізгі мектептерде 40 тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, 468 сынып жетекшісі, 39 психолог пен 39 социолог бар. Медицина қызметкерлерінің және психологтардың арнайы кабинеттері бар. Мамандар жыл сайын біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Тек жұмысты жүйелі ұйымдастырыңыздар»,- деді аудандық білім бөлімінің басшысы Мереке Зиналиев.
Семинар барысында әкелер және аналар мектептерінің жұмыстарын жандандыру, «сенім телефоны» мен «сенім жәшігінің» тұрақты түрдегі жұмысы, әр оқушымен жанды байланыс, тәрбие сағаттарына ата-аналарды түгел қатыстыру, психологтармен қоян-қолтық болу жайында жан-жақты сөз болды.
Шарада облыстық білім басқармасының тәрбие және профилактикалық жұмыс бөлімінің бас маманы Самал Қадерова, аудандық прокуратураның прокуроры Анастасия Семилиди, аудандық емхананың психологі Назгүл Дәулетова пікір-пайымдарымен бөлісті.