Министрлік Армения ұсынған тарихи аудиожазбалардың негізінде винилді пластинкалар шығарды

/
Министрлік Армения ұсынған тарихи аудиожазбалардың негізінде винилді пластинкалар шығарды
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Армян тарапы ұсынған тарихи аудиожазбалардың негізінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Halyk қайырымдылық қорының қолдауымен винилді пластинкалардың арнайы сериясын жарыққа шығарды. Бұл туралы ведомство басшысы Аида Балаева мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жуырда Ташкент қаласында «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы үлкен табыспен өтті. Бұл — шығармашылық салаға жанашырлық танытып, қолдау көрсеткен меценаттардың арқасында мүмкін болған айтулы жетістік. Олардың әрқайсысымен жеке танысып, сұхбаттасу мен үшін үлкен мәртебе болды.

Осы маңызды мәдени жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық серіктестерге – Halyk қайырымдылық қорына, Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорына, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-на және Freedom Holding Corp. компаниясына шын жүректен алғысымды білдіремін. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында қазақ өнері халықаралық деңгейде танылуда.

Сонымен қатар Армениядағы Қазақстанның Мәдениет күндері аясындағы сапарым барысында Ереван қаласындағы Радио үйінде болдым. Онда халқымыз үшін аса қастерлі, сирек мұралар — қазақтың біртуар композиторларының архивтік жазбаларын тыңдау мүмкіндігі бұйырды. Осы құнды материалдарды сақтап, ұқыптылықпен қорғап отырған Радио үйінің ұжымына шынайы ризашылығымды білдіремін.

Армян тарапы ұсынған тарихи аудиожазбалардың негізінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Halyk қайырымдылық қорының қолдауымен винилді пластинкалардың арнайы сериясын жарыққа шығарды. Бұл коллекцияға қазақ сахна өнерінің бірегей майталмандары — Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева және өзге де танымал орындаушылардың туындылары енгізілді. Аталған серия — ұлттық мәдени мұрамызды сақтау ісіне қосылған маңызды үлес әрі қазақ музыка өнерінің асыл қазынасын келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған ерекше жобалардың бірі.

Осы орайда, ел мәдениетінің дамуына, оның қоғамда және халықаралық аренада кеңінен танылуына үлес қосып жүрген барлық серіктестерімізге шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында біз ұлттық өнеріміздің байлығын әлемге паш етіп, оны жас ұрпаққа аманаттай аламыз», - деді А. Балаева.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары