50987
Ақылы байқау ақылды бала қалыптастыруға негіз бола ала ма?
Ақылы байқау ақылды бала қалыптастыруға негіз бола ала ма?
Ізденіс жолына түскен, мектеп жасындағы оқушы үшін өз қабілет-қарымын көрсететін әрбір мүмкіндік алаңы маңызды. Ол мектепішілік өнер сайыстары немесе аудандық, облыстық байқаулар болуы мүмкін. Тіпті, «республикалық» деген статусы бар кез келген конкурстың сертификаты мен марапаты жетістікке ұмтылған жасөспірім үшін аса өзекті екені сөзсіз. Сол үшін де мектеп оқушылары конкурс, олимпиада атаулыға жарыса қатысып жатады.
Дегенмен «саны көп, сапасы жоқ», 300, 500, 1 000 теңге болса да баланың қалтасын қағуды мақсат тұтатын байқаулардың бар екені жасырын емес. Жай ғана бар емес, олар өте көп. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, ондай олимпиадалар білімнің құнын түсіріп, баланың ұмтылысына, ынта-жігеріне кері әсер етеді. Олай деу себебіміз, ол ақылы байқауларда нақты бір құрылған алгоритм жоқ. Мысалы, 1-орын жеңімпазы біреу емес, бірнеше болып шығып, алғашқы 2, 3-орынды да 10-20 шақты қатысушы қатарынан иеленіп жатуы ғажап емес. Одан бөлек, ақпарат құпиялылығының сақталмауы. Өйткені ақысы төленген соң байқау сұрақтары қолға беріледі. Сол арқылы бала парақтағы тапсырмаларды ағайын-туыс, ата-анасының жанында отырып та оңай орындап тастай алады. Бұлардың барлығы – оқушының білім көрсеткіштерін нақты бағалау критерийіне қарама-қайшы келіп, пәндік олимпиада мәртебесін төмендететін факторлар.
Сондай-ақ министр білім ордаларында ақылы олимпиада өткізілмеуі керек деген талап қойылғанын қадап айтқан еді. Ал оған баланың өзі қатысуға ниетті болса, ол процесс мектептен, мұғалімдерден тыс жүргізуге тиіс. Оған шектеу жоқ. Бұл – әр адамның жеке таңдауы екенін алға тартқан министр тағы бір жайтты жіті бақылауда ұстау керегін ескерткен.
«Бірақ мектеп ұйымдастырып, олар ақылы олимпиадаға қатыс деп мәжбүрлесе, бұл басқа мәселе болып саналады. Қазір біз ақысыз олимпиадалардың санын көбейтіп жатырмыз. Ондай олимпиадалар көп болуы керек. Бұл – балалар үшін маңызды. Біріншіден, ол ашық, адал болуы керек. Екіншіден, баланың білімін анықтайтын олимпиада болуы керек» деп ескерткен Асхат Аймағамбетов.
Дәл осы тұста «қазіргі орта және жоғары білім беру саласында «Республикалық, халықаралық деңгейдегі деген титулды иеленіп алып, ақылы-тегіні бар, сапалы-сапасызы бар, санына жетіп болмайтын конкурстар мен байқауларды бақылап, сараптап отыратын орган бар ма?» деген заңды сұрақ туатыны сөзсіз. Сол байқаулардың ең басты қатысушылары оқушылар мен оқытушылар, ал қамтитын аумағы мектеп аудиториясы болғандықтан, Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің бас сарапшысы Марат Сүлейменовке көтерген мәселеге қатысты бірнеше сауал жолдаған едік.
Марат Сүлейменов,
Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің бас сарапшысы:
Артықшылық берілген олимпиадалар бар – Жеке қоғамдық ұйымдар Білім және ғылым министрлігіне бағынысты болмаған соң, олар қандай да бір конкурстар өткізетін болса, оны тексеруге, жұмысын үйлестіруге министрліктің құзыреті жоқ. Жеке ұйымдар кәсіпкерлік қызмет субъектілері болғандықтан, Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жұмыс атқарады. Сондай-ақ осы бұйрықпен бекітілген олимпиадалар мен жарыстар тегін өткізіледі. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар, кәсіби шеберлік конкурстары және спорттық жарыстардың ішінде ресми түрде рұқсат етілгендері Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы №514 бұйрығында көрсетілген. Сондай-ақ барынша ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында министрлік өткізетін барлық олимпиада мен жарыс «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының daryn.kz сайтында жарияланады, оған кез келген адам кіріп көре алады. «Ал ол байқаулар талапкерлерге қандай ықпал етеді?» деген сұраққа келсек, «Білім туралы» Қазақстанның 2007 жылғы 27 шілдедегі заңына сәйкес, бiлiм беру гранттарын алу конкурсы кезiнде түлектердің 8 ұпайлары тең болған жағдайда, халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған), халықаралық, республикалық конкурстарының және спорттық жарыстардың соңғы үш жылдағы жеңiмпаздардың, сондай-ақ өздерi таңдаған мамандықтары бойынша олимпиада жеңiмпаздарының артықшылықты құқығы бар.«Бізде оқушылардан ақша жиналмайды» БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің жауабын алып болған соң бұл байқау, олимпиадаларға қатысу мектептердің өзінде қалай жүзеге асады екен деген ойға қалдық. Астаналық мектептердің осы салаға жауапты мамандарын сөзге тартқан едік. Ең бірінші BINOM Ұлы дала мектебінің бейіндік оқыту жөніндегі директордың орынбасары Самал Жәдігерқызынан мектеп оқушылары жиі қатысатын республикалық немесе халықаралық олимпиадалар туралы сұрадық. Оның сөзінше, балалар қатысатын байқаулардың ең негізгілері — «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен ұйымдастырылатын тегін, мектептен бастап, кейін қалалық, аудандық, республикалық, халықаралық деңгейде өтетін байқаулар мен жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадалар. Әлбетте, мектеп оқушылары үшін әрбір марапат, мадақтың орны ерекше ыстық болатыны сөзсіз. Ал сол барын салып, жанын салып қатысқан олимпиадалардан алған диплом-сертификаттардың нақты қандай пайдасы болады?! БҒМ жолдаған сауалымызға қатысты Самал ханымның да жауабын естігіміз келді. Оның айтуынша, биылғы жылы министрліктің бекітіп жатқан халықаралық деңгейдегі олимпиададан оқушы орын алса, әр медальға ақшалай түрде сыйақы беріледі деген қаулысы мотивация беретін жаңалық болып тұр. Осылайша, оқушылар ауқымды деңгейдегі конкурс-олимпиадаларға қатысуға тырысатын болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында халықаралық пәндік олимпиадаларда жеңімпаз және жүлдегер болған оқушыларға бір реттік ақшалай сыйақы беруді тапсырған болатын. Дарынды балаларды қолдау үшін Президенттің тапсырмасына сәйкес, конкурсқа қатыспай-ақ гранттар беру, сондай-ақ халықаралық олимпиада жеңімпаздарына біржолғы ақшалай сыйақы беріледі деп жоспарланып отыр. Атап айтсақ, алтын медаль үшін – 4,5 млн, күміс медальға –3 млн, қола медальға 1,5 млн ұсынылмақ. Сонымен бірге жүлдегерлерді дайындаған педагогтерді қолдау мақсатында 450-150 мың көлемінде сыйақы беріледі. Әбунасыр Әбдукамалұлы, №76 Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің менеджері:
Ақылы олимпиадаларға көңілім толмайды – Жалпы, мектеп оқушылары қатысатын байқау, олимпиада саны өте көп. Негізгілерін айта кетсек, олар 5-6-сыныптарға арналған республикалық пән олимпиадасы, 7-8-сыныптарға арналған «Юниор» жасөспірімдер олимпиадасы, 9-11-сыныптарға арналған республикалық пән олимпиадасы. «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінің ұйымдастыруымен еліміздің бірнеше қалаларында өткізілетін «Алтын сақа», «Алтын түлек» математикалық олимпиадасы бар. Мен олимпиадаға жауапты маман ретінде тағайындалғаннан бері мектепте өткізген білім бәйгелерінің ішінен көңілімнен шыққандары деп осыларды бөліп айтар едім. Менің көңілім толмайтын олимпиадалар – ақылы түрде өтетін олимпиадалар. Сондай-ақ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыруымен ақылы түрде жүргізілетін, министрлік бекіткен екі олимпиада бар. Біріншісі — «Ақбота», екіншісі — «Кенгуру» олимпиадасы. Бұл олимпиада үшін ата-анадан ақша алынбайды. Оған қатысу жауапкершілігін мектеп әкімшілігі немесе жеке органдар өз мойнына алады. Қазір сол екі олимпиада мәселе ретінде көтеріліп, қызу талқылауға түсіп жатыр, – дейді маман. Материалды дайындау барысында интернет желісіндегі қазақ және орыс тілінде қатысуға болатын ақылы, онлайн олимпиада, конкурстарға бір мониторинг жасап көрген едік. Солардың ішінде ҚКО (конкурс, конференция, олимпиада), sayatty-el.kz танымдық сайты, www.азбука.kz, bilim-teniz.kz сияқты білім порталдары мен қазақтілді qaztest.kz интернет олимпиада сайты бар екен. Шығармашылық конкурстарынан бастап, танымдық, пәндік олимпиадаларға дейін бар. Оқушыларға қатысу үшін 500 теңге, ал мұғалімдер мен тәрбиешілер үшін 600-1 000 теңге (немесе одан да жоғары) төлейді. Білім министрі айтқандай, бұл ақылы онлайн олимпиадаларға қатысу еш мәжбүрлеусіз, ерікті түрде жүргізіледі. Дегенмен жалпы ақылы түрде білім бәйгелерін өткізудің жолын және оған деген БҒМ көзқарасы қандай екенін білмекке Qaztest онлайн олимпиада орталығының ұйымдастыру комитетіне сауалымызды жолдап едік.«Біздің ақылы өткізу себебіміз – басқа қаржыландыру көзі жоқ» Біздің министрлік олимпиадаларынан айырмашылығымыз — қолжетімділігіміз. Бізге көп мұғалім «Министрлік тегін байқаулар ұйымдастырамыз, ақылы байқауларға қатыспаңыздар деп айтады. Бірақ сол тегін олимпиадаларға бәрі бірдей қатыса алмайды. Сіздердікі қолжетімді болғаны жақсы», – дейді. Бұл салада Қазақстанға өзіміз өнім ұсынбасақ, шетелдік компаниялар қазақ аудиториясын өз олимпиадаларына қатысуға шақырады. Біздің жобаның ең басты миссиясы – қазақтілді аудиторияға контент ұсыну. Олимпиадаларымыздың басым көпшілігі – ақылы. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен бірігіп бірнеше рет тегін олимпиадалар ұйымдастырдық. Біздің ақылы түрде өткізу себебіміз – басқа қаржыландыру көзі жоқ. Қатысу жарнасы компания жұмысына, марапаттарға, тесттерді дайындауға және мамандарға жұмсалады. Егер қаржыландыру көзі болса, олимпиадаларды тегін ұйымдастырып, платформа ұсынуға қарсы емеспіз. Осы ретте біздің тараптан ұсыныс бар. Онлайн олимпиадаларды ұйымдастыруға заңды шектеу жоқ, рұқсат екенін Асхат Аймағамбетов мырза да айтады. Демек, онлайн олимпиадалардың статусын анықтау керек. Онлайнның бәрі сапасыз деуге болмайды, – деп жауап берді Qaztest онлайн орталығы. Түйіндей келсек, білім бәйгелері оқушының таным көрсеткішін анықтауға мүмкіндік беретін әдістемелік құралдардың бірі болғандықтан, оның сапалы әрі қолжетімді болуы әрқашан маңызды. Олимпиадалардың тегін ұйымдастырылуын БҒМ өз бақылауына алып отырғаны да көңіл қуантады. Дегенмен сол байқаулардың өткізілуі барысында тамыр-таныстық пен сыбайлас жемқорлық фактілерінің орын алмауы министрлік пен олимпиада әкімшілігі тарапынан қатаң қадағалануға тиіс. Сонымен қатар кейбір конкурс, білім сайыстары тек «республикалық» немесе «халықаралық» деген титулды иеленгені үшін ғана баланың уақыты мен ресурсын ұрламауы керек. Министрлік бекіткен №514 бұйрық негізіндегі білім додасы мен шығармашылық конкурстарға ғана басымдық беріліп, өздерінің коммерциялық мақсатын көздейтін, не мұғалімнің аттестациясына, не оқушының болашақ портфолиосына жарамсыз олимпиада, байқаулар сұрыпталып, сауатты ой сүзгісінен өткені дұрыс.
Әсем БЕКТЕМІРҚЫЗЫ