1347
Классик
Классик
Ортамызда жүре түскені жөн еді.
Жүреді деп ойладық. Жүреді деп сендік...
Хас ақынға 70, 80 тіпті 90 жасың не, тәйірі. Тіпті, аз дегенде Гетенің жасын жасауға болар еді де... Әлде таланттың ғұмыры біздің пенделік танымдағы өлшемімізбен емес, басқаша кеңістіктік-уақыттық ауқыммен белгілене ме?! Хақ Тағала біледі бәрін...
Оның қазақ еліне, Ұлы даласына деген сүйіспеншілігі ерекше болды. Зобалаң кезде үрке көшкен елдің, кеңес жүйесінің айыптауымен «банды» атанған Әбдіжаббардай әкенің тағдыры, ел көкірегіндегі, әке жүрегіндегі зар-шемен Есенғалидай ақынның дүниеге келуіне себеп болған шығар. Туған жерден жырақта, өзге топырақта дүниеге келіп, Әуехандай анадан туа сала атакүлдігіне деген шексіз сағыныштың жөргегіне оранған ұл өсе келе Маңғыстаудың Қараойы мен Үстіртін, Сыр бойындағы қараша ауыл Келінтөбені, ару Алматыны алапат махаббатпен жырына қосты. Халықтың өткен тарихын өлең тілімен толғады. Сол кездегі республикалық «Пионер» журналының 1979 жылғы шілде айында (№7) «Шалғынға тұнған шық моншақ» атты өлеңдер топтамасы жарық көргенде Есенғали Раушанов 22-ге де толмаған екен. Болмысы бөлек жыр үлгісі сол топтамадағы өлеңдерінен-ақ аңғарылған.
Үркер жамбасқа келді,
Жаздың жеткені ғой бұл.
Жадырап ән бастады енді,
Жасарып көктеді де ой-қыр.
Бармақтай таң еркесіне
Балқиды балапандай гүл.
Нардың нән өркешіне
Қонған қараторғай бұл.
Көзіме толды нұр бөлек,
Шалқытып көңіл кемерін.
Екі ауыл қонды бірге кеп,
Бауырына Келінтөбенің.
Шашын тараған емен
Тұрды сән құрып тағы.
«Бағым жана ма», – деп ем,
Кетті жаңғырып бәрі:
«Үркер жамбасқа келді,
Жаздың жеткені ғой бұл»...
«Бастаудан» басталып, «Келінтөбеге» жалғасқан көшін «Шолпан жұлдыз туғанша» қара өлеңнің сара жолына салып үлгерген Ақын «Ғайша-Бибі» секілді өз ортасынан оза туған поэманы һәм оны айнала қонған жауһар жырды жарқыратып ұсынды. «Қара бауыр қасқалдақ» қара өлеңнің көгінде қанат қаққанда ақын 30-ға да толмаған еді...
...Үлкеннің сөзін нұсқаға ап,
Бір рет жонып, үш қарап,
Сартасты кесіп, сазды ойып,
Қиюын тауып, қыш қалап,
Тізілдіріп тізбелеп,
Үзілдіріп үзбелеп, –
деген жыр үзіндісінде айтылған бабадан балаға мирас өнер мен шеберлік – Есенғали өлеңінің бір сипаты.
Ол бар болмыс-бітімі, жан жүрегімен ақын бола тұра көркем прозаға да атбасын бұрды. «Нұрдан жаралған» романы дүниеге келді. Досы Аманханның «авторлығымен» алты әңгімесін жариялады. «Сейсебайды» жазды. «Сирень гүлдегенде» новелласының лирикалық сазы қандай! Новелла емес, қара сөзбен жазылған баллада еді... «Айғырға ода», «Көктем еді» хикаялары аяқталған дүниелер болғанымен, оларды жариялауға асықпады. «Call Shop ағай» жазбасы да бітімі өзгешелеу дүние. Құстар әлемін көркем проза тілімен, поэзия үнімен толғады. Жыл он екі айды да солай бейнеледі.
Қара сөзбен жазылған өлеңдері
(Prose poetry – «стихотворение в прозе») осы жанрда арғы-бергіде жазылған күллі дүниеден мойны озық тұрғанын айтайық. Бұл жанрдың тарихын Алоизиюс Бертраннан бастап, Шарл Пьер Бодлермен жалғастыра отырып, И.Тургенев, М.Жұмабаев сияқты сөз зергерлерінің суреткерлік шеберханасына тән екенін білеміз. Қара сөзбен жазылған өлеңнің типтік белгілері – бейнелеу арқылы өрілетін сюжеттің өте қысқалығы, кейде сюжеттің мүлдем жоқ болуы, салыстырмалы түрде оқиғаның толық шеңберінде емес, оның жеке бір көрінісіндегі кейіпкер бейнесі, баяндаудың, ерекше әсерлілігі. «Ымырттағы» көне түркінің тасқа қашалған жазуларының қараңғы түнде қара тастан қанат бітіп ұшып шыққаны, сөйтіп бүгінгі ұрпағының тыныс-тіршілігін бақылағаны, лирикалық кейіпкердің ашық терезесінен дәптеріне үңілгені – бұл «оқиғаны» Есенғали ғана көре алды, сезе алды, жаза алды! «Тас балбал» ше? Көнеден жеткен белгінің сырына ақын түйсігімен үңілу жаңа сипатты бейнелеуді туғызған. Заман, уақыт, адам – бәрі сырт айналғанда күн ғана оған – тас балбалға деген ықыласын жоғалтпаған. Күн – ақиқаттың, тас балбал – тарихтың өзі емес пе? «Сатқындағы» ақ жаулықты ақ толқын мен қаба сақал қара түннің қақтығысының астарында не жатқанын оқырман өзі-ақ түйсінеді. «Тек» – ақынның ақын тағдырын өкси отырып толғауы. Қара сөзбен жазылған өлеңдерінің қай-қайсысына да бейнелеудің классикалық үлгісімен қатар ескіні еске салатын, тарихымызды, тегімізді тергейтін оқиғаларды арқау еткен.
Қаламгер ретінде әдебиеттің қай жанрда болсын шеберліктің, білгірліктің, қарымдылықтың классикалық үлгісін ұсынған Есенғалидың талант кемелдігі даусыз.
Драма жанрында «Зауал» пьесасынан бастап, «Нұқ пайғамбардың кемесіне» жалғасқан қаламгерлік ізденісі «Цицеронды», «Кападокия ертегісін» жазуға дейін әкелді. «Абай мен Құнанбай» пьесасы талантты режиссер Гүлсина Мерғалиеваның қойылымында көрерменінің ықыласына бөленіп үлгерді. Болғаны – осы...
Перғауындар туралы жазбақ болды, алғашқы адамдар туралы да жазуды ойлады. Шығыс поэзиясының бір үлгісі – арузды терең зерделемек еді. Ақтөбе облыстық театрының өтінішімен Ер Едігенің қаһарман тұлғасын сахнада тірілтпек болды... Әдебиеттің теориялық мәселелерін жаңаша пайымдауды жоспарлады... «Цицеронның» сахналануын жан-тәнімен қалады... «Сирень гүлдегенденің» екінші бөлімін архитектоникасын айқындап, жазуды қолға алған... Ел ішінде аңызға айналған оқиғаларды прозалық туындыларына арқау етуді көкседі... Болмады.
Классик ақынның, дара туған суреткердің ортамызды толтырып жүргенін көп көрді ме, көзге көрінбей, жүрісі білінбей келген ажал періштесі тез-ақ алып жөнелді.
Аспан жақын сияқты жерден гөрі,
Кешіріңдер... –
деді де, кете берді.
Бозаңға біткен боз жусан
Боқыраудың күні болғанда
Бозарып барып солар ма
Мен бозаңды құшып көз жұмсам,
Қара жер, қойның толар ма?! –
деп, өзі тірісінде жиі барғыштайтын Кеңсайына табан тіреді...
Ақын көңіліне не құлазу кіргенін біз білмейміз ғой, соңғы өлеңдерінің бірінде:
Бiзде нендей алысқа самғар күш бар,
Бәрi өтпелi – арзу, ой, арман құштар.
Қалатыны түк те емес – бiр құлпытас,
Қонып ұшар қанаты талған құстар, –
депті...
Студент кезімде Фариза Оңғарсынованың «Мұқағали Мақатаев туралы жыр» атты көлемді өлеңін оқығанда ерекше әсерленіп едім. Әсіресе, мына бір жолдар жадымда жатталып қалған:
Шың Қадыр, бір жағымда шоң Тұманбай
Тұрса да бір тірегі олқы жандай,
Жаралы жүрегімді жарға соғам
Орныңды еш тұлғамен толтыра алмай...
Фариза апамыздың Мұқағали ақынды іздеген хал-күйін енді түсінгендеймін.
«Байқап жүріңдерші... Аман жүріңдерші...». Осы бір ескертуді бізге, өзінен кейінгі жас буынға қайта-қайта айтты. Өзіне осы сөзді айтқан жан баласы болды ма екен?!
Бәрі өткен күннің еншісінде қалды. Өткен күн дегеніміз Есенғали ақынның «күңіреніп күн түбіне жортып кеткен» ХХІ ғасырдың 21 жылының төртінші айындағы 15 түнінен бұрынғы мезеттер...
Енді ол өзін сағынған тірілердің түсіне ғана ара-тұра келіп-кетіп жүр.
Бірақ... ол мәңгілік ғұмырға ие болып қалды. Бақидан фәниге көшкені шартты түрде ғана сияқты. Ақын туралы айтылған әр сөз оны ортамызға алып келгендей болады.
Қалың қазаққа оны қадірлі еткен – қара өлең, текті жыр. Көненің көмбесінен әспеттеп алып шыққан көнермес сөз асылы оның өлең-жырларының ішін алтындап, сыртын күмістеді. Түпсанадан түлеп шыққан құнарлы ойдың өлең болып құйылып түсе қалуы қандай ғажап! Көз алдындағы көріністі көрікті тілмен кестелеп, өнердің өлмес туындысы етіп жаңғыртудың не сыры бар екен?!
Түпсананың өзегі, шығармашылықтың бастау көзі – түпкі ой болса, сол түпкі ойдың санадан өсіп, дараланып бой көтеруіне себеп тұлға санасының жасампаз, тылсым қабаты екенін эстет, теоретик оқымыстылар дәйектейді. Бейнелерді туындатып, көркемдік кеңістікті қалыптастыру үшін суреткер санасының «тылсым қабаты» оның талант деңгейін танытады. Есенғалидың қайталанбас, дара сипатты шығармашылық болмысы оның сонау 20 жасынан басталып, 62 жасымен тәмамдалған ғұмырының айдынында жарқырап жатыр десек болады.
Есенғали Раушанов өлеңдері –қазақ поэзиясының қазынасына қосылған ескірмес, тозбас құнды жәдігер. Музейге кеткен әкесінің құранды ері бар еді ғой. Сол секілді қазақтың санада сақталар рухани экспонаты. Музейге келіп, әкеден қалған көзді көрген сәтінде ақынның өзін де осы бір ой қатты толғантқан еді ғой:
Нақышы бұл киелі паң даланың,
Бояуы да осында бар, қарағым.
Сары шалдың өзі емес, көзі қапты,
Сөзі қалса жарар ед сары баланың...
Есенғали поэзиясындағы сюжет пен кейіпкер (баллада, поэмаларындағы емес, лирикасындағы) – суреткердің қырағы көзі мен сезімтал ойы қалт жібермей іліп қалған мезеттің сана көрігінде қорытылуының ерекше үлгісі. Кез келген шығармашылық иесінің түйсігінен тууы неғайбіл сойы кесек ой мен қатпары қалың, астары терең сөз ақынның әр өлеңінің тармағында, тіркесінде тізіліп тұр.
Рейім шалдың, Көркембай ақсақтың, Рахила қыздың, Саламатханның, Шарапат пен Қанағат шопырдың, күйші қыздың, Абылғазы мен Ақтеңгенің, Ділшот-ханымның... осылай тізбектеліп көз алдымызға келетін кейіпкерлерінің ерекше қалыптары, көңіл күйлері, сезімі, арман-мұраты лирика деп атап-түстелетін шағын ғана өлеңнің өн-бойына сіңіп кеткендей әсер қалдырады.
Шағын өлеңге тұтастай сюжетті сыйдыра отырып, оның композициялық бітімін суреттеудің алуан түрлі амалымен даралау – Есенғалидай дегдар ақынның танымы мен талғамына тән. Оның өлеңіне арқау болған оқиғаның берілу тәсіліне қарайық:
Бүгін айдың он бесі,
Айдын жаққа келі деші.
Айдын жақта не бар-ау – қатқан мұз бар,
Қатқан мұзға көміліп жатқан қыз бар.
Қыздың аты – Ақтолқын. Айды күтіп,
Мұзға айналды ақыры ақпанда ызғар.
Айна көлге тесіліп Ай қараған,
Ай қараған аяулым қайдалаған.
Қайран жаз-ай, айдында оңаша қап,
Ақтолқынды түнімен аймалаған.
Мұз айдынды таусылған үміт дейін,
Ай қайтады діңкесі құрып кейін.
Сүйген қызын алыстан іздеп келіп,
Моласына жолыққан жігіттейін.
Он бесінде толған айдың бейнесі қаншама қазақ жырына арқау болғаны анық. Ал Есенғали өлеңіндегі сурет басқаша. Ай мен айдын, мұз, қыз, жаз, толқын сияқты ұғымдар детальға айналып, тұтастай көркемдік әлеміне ауысқан. Ақпан айында судың мұзға айналуы, қатып жатқан толқынның қыз сипатына көшірілуі – ұлт поэзиясындағы жаңашыл ізденіс нәтижелерінің бірі. Суреткерге ассоциативті ойлау тән екені белгілі. Кез келген ұғым, яғни зат (деректі, дерексіз) шығармашылық «көрігіне» түскенде түрлі мағына тудырып, сан қилы суреттеулерге тірек болады. Ұғым мен затты сипаттайтын сөз көпмағыналығымен, көптүрлілігімен де шығармашыл тұлғаға ассоциацияның шексіз мүмкіндігін сыйлайды. Сол мүмкіндікті таланттың кемелі ғана биік деңгейде пайдалана алмақ. Есенғалидың шағын ғана лирикаға түрлі детальдардан түзілген бейнелерді тоғыстыра отырып, оны сюжеттің желісімен өрбітуін, ширықтыруын, шешімін табуын біз осылайша түсіндірер
едік.
Көркем бейне бір құбылысты екінші бір құбылыс арқылы танытатын табиғатымен ерекшеленетіні белгілі. Көне үнді ойшылдарының бірі бейнелі ойдың негізгі тіректері ретінде поэтикалық айшықты, мағынаны және көңіл күйді атаған екен. Осы үшеуінің тұтастықтағы әрекеті бейнелілікті туындатады. Ал сол бейнелілік табиғатын метафоралық деп сипаттау қалыптасқан. Біз оқып отырған өлеңдегі метафоралық тәсіл осыларды ойға салады. Көркем бейнелеудің құрылымына үңілсек, түрлі ұғымдарды үйлестіре отырып, жүректі толқытқан күйді жеткізудің өзіндің тәсілін байыптай аламыз. Ал бұл өлең – бір ғана мысал. Үлгіге алар ондай өлеңдер ақынның күллі шығармашылығының
өзегі.
Есенғали поэзиясы – әдебиеттанудағы жаңа парадигмалар аясында талданып, зерделенетін, сөйтіп ұлттық поэзияның өрісін әлемдік өлең өнеріне жалғайтын дүние.
Сөйтіп, қазақ өлеңінің шашасына шаң жұқпаған хас жүйрігі «сом тұяқ жыр болып» өте шықты. Қас қағымда... Набат жеңгеміз «40 жыл бірге кешкен ғұмырымыз бір сәт қана болып қалды» деп еді ағаның жылдық жиынында. Есенғали дәурені өмірдің бір ғана жалт еткен сәті болды... Алайда өлеңнің – ХАС ӨЛЕҢНІҢ ғұмыры тоқталмасы, үзілмесі хақ!
Анасын сағынып өтті. Анасын ойламаған, анасы туралы айтпаған сәті жоқ шығар. Өлеңдерінен де әзіз анасына деген перзенттік сүйіспеншілігі аңқып тұрған... Аша құрсағынан шыр етіп дүниеге келгенде алақанын ашып туған екен. Өзі айтқан еді: «Мен таңда туыппын, мамам түнімен ұйықтай алмай қиналыпты, алақанымды ашып туыппын, әкем айтыпты мынау ырысы мол бала болады деп»... Ашылған алақанға қонған ырыс – қазыналы өлең екен де...
Ақынның мұрасы қазақ әдебиетінің ескірмес, тозбас құндылығына айналары сөзсіз. Оны көздің қарашығындай қастерлеу, санаға сіңіру шаңырағын ұстап қалған үш тал гүлі – Айнұр, Әйгерім, Нұргүл мен бір тал ұлы – Нұр-Мұхаммедке ғана емес, біздерге – тірісінда ағалап алқалаған өзінен кейінгі буынға аманат.
Жастар оның айналасына көп жиналатын. Ол бәрімен тіл табысатын, емін-еркін әңгіме-дүкен құратын. Әңгіме тақырыбының ауқымы кең. Сол тақырыптардың бәрі айналып келіп өлеңге тірелетін.
«Қазаққа бірдеңе бере алдым ба?!» деп сұрар еді бізден, сосын өзінен.
Ол қазаққа берерін берді. Енді сол берген құнды мүлкінің қадіріне жете алсақ, ақынның рухы шат болар.
Жанат Әскербекқызы