668
Оффшордағы ақша: 5 жұмыс тобы құрылды
Оффшордағы ақша: 5 жұмыс тобы құрылды
Ақпан айының басында Президент Үкіметке заңсыз шетелге шығарылған ақшаны қайтаруға байланысты ұсыныс әзірлеуді тапсырып, екі ай уақыт берген еді.
5 сәуір күні Премьер-Министр Әлихан Смайылов төрағалық еткен отырыста Үкімет шетелге шыққан қаржыны қайтару аясында 5 жұмыс тобынан тұратын комиссия құрылғаны белгілі болды.
Қайтуы қиын қаражат
Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов ақпан айында Қаржы мониторингі агенттігіне осы мәселе бойынша сауал жолдаған болатын. Ол депутаттар 10 жыл бойы «Панама тізімі», «Парадис досье» сияқты Швейцария банктеріндегі қазақстандық есепшоттарға қатысты бірнеше рет сұрақ қойғанын да атап өтті. Депутат Tax Justice Network халықаралық ұйымының мәліметін дереккөз ретінде алға тартып, соңғы 25 жылда елімізден шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 млрд доллар шығарылғанын мәлімдеді. Бұл бүкіл елдің жылдық жалпы ішкі өнімі мен оның сыртқы қарызына тең екені де сол кезде айтылған болатын.
Tax Justice Network халықаралық ұйымының 2020 жылғы деректерінде Қазақстаннан тек оффшорлық аймақтарға жылыстаған капитал шамамен 140 миллиард доллар екені айтылған.
Ал еліміздің құқық қорғау органдары соңғы 5 жылда шетелге капиталды заңсыз шығару фактілері бойынша 200-ден астам іс қозғаған деген мәлімет бар. Алайда бұл жұмыстың нақты нәтижелері туралы ештеңе белгісіз екенін айтқан депутат қаңтар оқиғасы кезінде олигархтардың Қазақстаннан жеке ұшақтарымен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шетелдегі есепшоттарға шұғыл түрде аударып алғаны қызу талқыланып жатқанын қосып өтті.
Газетіміздің алдыңғы сандарының бірінде осы мәселе туралы жазғанбыз, сол кезде сарапшылар шетелге шығарылған ақшаны қайтару қиын жұмыс, күрделі процесс екенін, тіпті шетелге шығарылған қаражаттың қайтарылу-қайтарылмауы екіталай болатынын айтқан еді. Капиталдың жартысының өзі экономиканың жаңа моделін қалыптастыруға жеткілікті деген пікірді де естідік. Не десек те, сол кезге дейін трюизм ретінде қабылданып келген мәселе ашық көтеріліп, сең қозғалғандай болды.
Бірақ содан бері шетелге нақты қанша қаражат шығарылғаны, оның артында кімдердің тұрғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Ұрланды дейміз, ұрлаған кімдер? Дегенмен Мемлекет басшысының Қазақстанда байлықтың 55 пайызы бар болғаны 162 адамға тиесілі деген сөзі қызу талқыланды. Артынша бұл мәселе тіпті Ұлыбритания үкіметінде де көтерілді, ол жерде біраз адамның аты да аталды. Не десек те, осынша қыруар ақшаны ұрлағандардың ізі құмға сіңген судай жоғалуы мүмкін емес.
Енді Үкімет осы мәселеге қатысты арнайы комиссия құрылды деп мәлімдеді. Әзірге комиссия жұмысының жалпы бағыттары жайлы ақпарат қана бар.
Жоқ іздегендер
Премьер-Министр Әлихан Смайылов заңсыз шығарылған ақшаны елге қайтару және енді мұндай жағдайдың қайталануына тосқауыл болатын шараларды күшейту туралы ұсыныстарды талқылап, кеңес өткізді. Кеңесте Премьер-Министрдің өкімімен арнайы комиссия және оның аясында бес жұмыс тобы құрылғаны мәлім болды.
Жұмыс топтары осы мәселеге байланысты жалпы ахуалға талдау жасап, капиталды шетелден елге қайтару, шектеу шараларын енгізу үшін тиісті ұсыныстарды әзірлейтіні айтылды.
Атап айтқанда, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне валюталық бақылаудың жекелеген функцияларын беру жөніндегі ұсыныс талқыланды.
Ынталандыру шараларының бірі – келіп түскен валюта түсімінің 80 пайызына айырбас жасалған жағдайда, қайтаруға ұсынылған ҚҚС сомаларын оңайлатылған тәртіппен өтеу. Яғни, қаражат қайтарылған жағдайда оның 80 пайызы теңгеге конвертацияланбақ.
Сондай-ақ резидент еместерге дивидендтер төлеу кезінде салықтық жеңілдіктерді жою, резидент емес өзара байланысты тұлғалар көрсеткен материалдық емес қызметтер бойынша шегерімдерді шектеуді енгізу сияқты салық мәселесін жеңілдететін шаралар ұсынылады. «Трансферттік баға белгілеу туралы» заңын жетілдіруге бағытталған нормалар әзірленді.
Одан бөлек, ресми ақпаратта капиталды елге қайтаруды ынталандыру, сондай-ақ капиталды елден шығаруды салықтық әкімшілендіруді күшейту бойынша да шаралар пысықталып жатқаны да айтылған.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша сарапталған тиісті ұсыныстар Мемлекет басшысының атына жолданбақ.
Осыған дейін қаражаттың қайтарылуы қиын екені айтылған болатын, бірақ өзге елдердің тәжірибесінде мұндай жағдай болған ба, комиссия жұмысы қандай бағытта жүруі керек деген сауалдардың төңірегінде сарапшы маманның пікірін білген едік.
Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:
Қаражатты күштеп
қайтару мәселесі де
көтерілуі керек
– Шынын айтқанда, бұл – өте күрделі мәселе. Шетелге шыққан қаржының мөлшері негізінде 140-160 миллиард доллар деп бағаланған. Ал бұл тұтастай бір Қазақстан шетелге шығып кетті дегенмен тең. Ал егер де бұл қаражат ел экономикасына, халық игілігіне жұмсалған болса, онда біз мүлдем басқа кейіптегі Қазақстанды көрер едік. Сондықтан да Президент нақты тапсырма берді. 5 жұмыс тобының құрылғанын біліп отырмыз.
Дегенмен олардың қалай жұмыс істейтіні әлі белгісіз. Ең алғашқы ынталандыру мәселесі айтылды, егер қаржы қайтарылатын болса, оның 80 пайыздан астамын теңгемізге конвертациялап, салық мәселесін жеңілдетуді қарастырамыз деген сияқты бастамалар айтылып жатыр.
Одан бөлек, әрине заңсыз шығарылған ақшалар болса, ондай қаражатты күшпен қайтару мәселесі де көтерілуі керек деп ойлаймын. Ол енді заңның күші мен құзыретті органдарды жұмылдыру заңсыз ақша шығарылған елдерге арнайы ақпарат жолдау арқылы қайтаруға болады деп ойлаймын. Дей тұрғанмен кодталған шоттарға байланысты қиындықтар туындауы мүмкін. Бірақ Өзбекстанның өзінен байқап қарауға болады, олар қазір шетелге шығып кеткен қаражатын қайтарып алып жатыр. Оның өзі тез емес екенін тағы көріп отырмыз: жаңа Президент келгеніне 5 жылдай уақыт болды. Демек, бұл комиссияның жұмысы ұзақ уақытқа созылатын болады деп ойлаймын.
Алайда елімізден қазір шығып жатқан қаражатты жіті қадағалау керек деп есептеймін. Өйткені шелектің түбі тесік болса, бәрібір ешқандай өзгеріс болмайды. Ең әуелі, елімізден енді қаражат шықпайтындай етуіміз керек.
Комиссия қалай жұмыс істейді, процесс қанша уақытқа созылады, оның нәтижесі қандай болады – мұның барлығы әлі белгісіз, тіпті болжауға келмейтін күрделі мәселе болып тұр. Дегенмен үміт жоқ емес, судың да сұрауы бар екені қашаннан анық қағида.