Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты спорт мектебінің директоры Қанат Жанғалиевке қатысты үкім шығарды деп жазды turkystan.kz. БҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 наурызда таңғы 05.00 шамасында спорт мектеп-интернатының директоры қызметтік көлікті мас халде жүргізген. Сот-медициналық сараптамасы интоксикацияның орташа дәрежесін анықтаған. Қанат Жанғалиев өз кінәсін мойындады.
«Сот Қанат Жанғалиевті ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы («Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы») бойынша кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады», – деп мәлімдеді сот өкілдері.Жанғалиев Олимпиадалық резервтегі спорт мектеп-интернатының директоры болып 1 жылдан астам уақыт жұмыс істеген.