655
Талғат Есеналиев: Қуыршақтар да мәңгілік құндылықтар туралы айтады
Талғат Есеналиев: Қуыршақтар да мәңгілік құндылықтар туралы айтады
Қазақ топырағындағы ең алғашқы кәсіби ұлттық қуыршақ театры ретінде ашылған ұжымның тарихы тереңде. Сонау 1935 жылы құрылған Алматы Мемлекеттік Қуыршақ театры бүгінге дейін қуыршақ өнерінің түрлі жүйесін бастан өткерді. Әуелгіде қарапайым жіппен басқарылатын, саусаққа кимелі қуыршақтардан бастап күрделі марионеткаларға дейін ойнатқан әртістердің еңбегі өлшеусіз. Себебі қуыршақтар әлемі анағұрлым шынайы, анағұрлым таза, анағұрлым көңілді. Ал Қуыршақ театрының бүгінгі беталысы қалай? Театр қойылымдары көрермен көңілінен шыға ма? Біз бұл жөнінде театр директоры Талғат Қамқабайұлы Есеналиевтен сұрап көрген едік.
– Қуыршақ театрының 81 жылдық тарихы бар. Аз уақыт емес. Осы уақытта театр дәуірлеу кезеңіне толық қадам басты деп айта аласыз ба? – Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры 1935 жылы құрылды. Бұл біздің отанымыздың тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. Жалпы қазақ жеріндегі қуыршақ ойынының кейбір элементтері ұлттық ойындарда кездескенімен, оның театр деңгейіне көтерілуі 1938 жылы ғана басталды. Театрда 1935-38 жылдары орыс труппасы ғана өнер көрсетіп, қазақ труппасы тек 1938 жылы Қазақ КСР-нің мәдениет жөніндегі халық комиссары Темірбек Жүргеновтің шешімімен құрылған көрінеді. Сондай-ақ, осы жылы оған республикалық қуыршақ театры дәрежесі берілген. Бірнеше рет өзге мәдениет мекемелерінің құрамына еніп, көшіп-қонып, мәртебесі сан мәрте өзгерген қуыршақ театрының жағдайы бүгінде оңалып, үлкен ұжымға айналды. Біз Мемлекеттік қуыршақ театры деп аталғанымызбен, Алматы қалалық Мәдениет басқармасына қараймыз. Жергілікті әкімдік қаржыландырады. 2013 жылдың қыркүйегінен Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Мемлекеттік қуыршақ театры» реконструкциядан кейін өз жұмысына қайта кірісіп кетті. Бір қуанарлығы, қазір қуыршақ театры әр қалада, әр облыста ашылуда. Былтыр Өскеменде Жастар театры ашылса, биыл Қуыршақ театры тұсауын кесті. Сондай-ақ Астана, Ақтау, Ақтөбе, Қостанай, т.б. қалаларда қуыршақ театры жұмыс істейді. Яғни біздің қатарымыз көбейіп жатыр деген сөз. – Бұл ұжымға басшылық қызметке келгеніңізге көп бола қойған жоқ. Қандай түйткілмен бетпе-бет келдіңіз? – Театрда жүргізіліп жатқан әрбір іс, сахналанған қойылым кішкентай бүлдіршіндерді бір қуантып қалу, балалардың өміріне кішкене болса да бақыт әкелуге септігін тигізеді. Қуыршақ театрының мақсаты – балаларды мәдени өмірге баулып, рухани өсіп, кемелденуіне септігін тигізу. Ал басты міндет – балалардың көңілінен шығатын көріністер қою. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, театр да бала тәрбиесіне ерекше ықпал ететіні белгілі. Шыны керек, қуыршақ театрының репертуарында қазақ драматургтерінің төл туындысы аздық етеді. Көбінде көрші Ресей авторларының шығармалары қазақ тіліне аударылып беріледі. Репертуардағы 25 қойылымның 80 пайызы орыс тілінен аудармалар. Ал басқа театрлардан ерекшелігіміз актерлер қазақ және орыс тілінде ойнайды. – Қайсысына сұраныс көп? – Жасыратын несі бар, орыс тіліндегі қойылымдарға сұраныс көптеу көрінеді. Кей күндері аншлаг болып, көрермендер сыймай қалып, қосымша қойылым сұрап жатады. Әрине, бұл қазақ тіліндегі қойылымдарға адам аз келеді деген сөз емес. Біз мейлінше тепе-теңдікті сақтаймыз. Әлгінде айтқан қазақ тіліндегі төл пьесалардың санын көбейту үшін қазақ драматургтерімен әңгімелесіп, жұмыс істеуді қолға ала бастадық. Негізгі мәселе – бүгінгі талапқа сай қазақ драматургиясы мен режиссурасы. Қазақ тілінде және бүгінгі күннің талабына ыңғайлап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызға лайықталған пьесаларды жазуға ұсыныс жасадық. Мәселен, қуыршақ театрында Дулат Исабеков ағамыздың «Аққу жібек» спектаклі талай жыл сахналанған. Қазір қойылмайды. Себебі әр қойылымның өз кезеңі бар. Енді біз белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековпен қарым-қатынасты қайта жандандырып, бірлесіп жұмыс істеуге кіріссек дейміз. Егер Дулат Исабековтің спектаклін қойсақ, қаншама ата-әжелер немересін Дулат ағаның қойылымы үшін әкелуі мүмкін. Пьесасы сахналанып жатса, Дулат аға сөзсіз театрға келіп тамашалайды. Ата-аналармен, балалармен кездесу өткізеді. Бұл да театрға көрермен тартудың жолы. Ал ақындар тарапынан ақын Бақыт Беделхан ұсынысымызға қарсы емес екендігін білдірді. Құдай қаласа, жаңа жылдан бастап қазақ драматургтерінің спектаклін көбейтеміз деп сенемін. – Балаларға арнап дүние жазу қиынның қиыны. Сондықтан да пьеса жазатын драматургтер де аз шығар. – Жағдай солай болып тұр. Балалар әлеміне ену, олардың қиялынан шығу, сендіру қиын. Бүгінгі интернеттің дамыған заманында кішкентай бүлдіршіндердің өзін таңқалдыру оңай емес. Сол себептен де қаламгерлер балаларға арналған дүниелерге қалам тербей бермейді. Театрға жас драматургтерді тартсақ деймін. Осы бағытта алдағы жылға біраз жоспар түзілді. – Шыны керек, басқа театрларға қарағанда Қуыршақ театрының бәсі төмен болып жатады. Неге? Бұған басты себеп насихаттың аздығы емес пе? – Кеңестік кезеңде Қуыршақ театры танымал еді. Есіңізде ме, телеарна қуыршақтар арқылы балаларға ертегі айтып, ұйқтататын еді ғой. Әлгі қуыршақтар көк жәшікке шыққан соң, өзің-ақ ұйықтайтын уақыттың келгенін білесің. Қандай жақсы! Қазір де телеарналарға осындай ұсыныс жасауға болатын еді. Бірақ бүгін түрік пен үндінің телехикаяларының мысы басып тұр. Ал насихатталуы жағына келсек, біз де басқа театрлар сияқты халыққа қызмет етеміз. Театр премьералары көрермендердің жоғары бағасына ие және Алматы театрларының афишасынан лайықты орын алуда. Алайда Қуыршақ театры деп аталғандықтан мұны жұрт тек бүлдіршіндерге арналған деп ұғады. Сондықтан да жаппай түрде келе бермейді. Балалар үшін атқарып жатқан істерімізді халық білу үшін жергілікті телеарна, газеттермен байланысты орнаттық. Арнайы жеке сайтымыз бар. Балалар мен жасөспірімдер жиі отыратын әлеуметтік желілерде де жарнаманы жандандырсақ деген ниеттеміз. Өйткені балалар ВКонтакте сияқты әлеуметтік желілерге байланған. Олардың зейіні басқа бейәдеп сайттарға ауып кетуде. Міне, осы секілді әлеуметтік желілерге бейнероликтер орналастырсақ деген ойымыз бар. Білім ұяларымен, балабақшалармен жұмыс істеп келеміз. Балабақшаларға барып қойылым көрсетеміз. – Демек, театрға әуелі ересектердің өзі келу керек дейсіз бе? Білуімізше, өзіңіз әр қойылымды қадағалап, артынан көрерменнің пікірін білуді әдетке айналдырған екенсіз. Қазақ отбасылары баласын Қуыршақ театрына жиі әкеле ме? – Әкеледі. Театр сәби жүректерінің қалтарысына жол таба отырып, ересектерше мәңгілік құндылықтар жайлы әңгімеге тартады. Театрдың бір спектаклін қалдырмайтын қазақ отбасылары бар. Қаланың шетіндегі «Шаңырақ» ықшам ауданынан баласын үзбей әкелетін ата-ананы білемін. Олар келмей қалса, кәдімгідей іздейміз. Әр көрерменді барлап, пікірін біліп, кемшіліктерін сұраймын. «Қай спектакльді ұнатасыздар? Қандай қойылым көргілеріңіз келеді?» деп сауалнама жүргіземіз. Дегенмен, қазақ ата-аналарының балалардың дүниетанымын кеңейтуге деген ықыласы аздау сияқты. Біз театрға, киноға апарғаннан гөрі, көңіл көтеретін жерлерге қыдыртуға құмармыз. Мақтағаным да, даттағаным да емес, кейбір орыс ұлтының ата-аналары театрға екі айлық баласымен келеді. Киімін шешіп, кәдімгі көрермен ретінде алдына алып отырады. Ал шыққаннан кейін баласын киіндіріп жатып, спектакльдің негізгі идеясын айтып береді. Екі айлық бала! Өзің қызығып кетесің. Біз түсінбейді деп ойлаймыз. Бірақ баланы құрсақтан, сәби кезінен тәрбиелеп жатыр. Бәрі өзімізге байланысты. Біздің ойлау жүйемізде Қуыршақ театры балалар театры деп қалыптасып кеткен. Сондықтан да премьераға келмейді. Демек, ересектердің өздері келіп көру керек. Болашақта ересектер мен балаларға арнап қойылымды сахналасақ деген жоспарымыз бар. Осы театрға келген бір жарым айдың ішінде өзімше зерттеу жүргізіп көрдім. «Неге қазақ көрермендері аз?» деген сауалға бас қатырдым. Оның себебін әлгінде ғана айтып өттім. Бұл олқылықтың орнын толтыру керек деп ойлаймын. – Театрдың репертуары жайында айтсаңыз. Неше қойылым бар? – 25 қойылым бар. Жыл сайын оған төрт қойылым қосылады. Келесі жылы да театр осы жүрісінен жаңылмайды. Бұған дейін халық ертегілерінен «Алдар көсе», «Алтын сақа», «Алпамыс батыр» жүрді. Ескіргені алынып тасталады. Бұл ертегілер қазіргі балаларды қызықтыра алмайды. Бүгінгі заманауи үлгіге лайықтап жасау керек. Көрген шығарсыздар, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында «Алдар көсе» қойылымы жаңа үлгіде қойылды. Бірақ оған аға буын сын айтса да, үлкен аншлагпен өтті. Біздің кезімізде қораз кәмпитке деген сағыныш қандай еді?! Біз соны қанша аңсасақ та, бүгінгі бала оны қажет етпейді. Себебі бүгінгі баланың талабы басқа. – Ал әртістер құрамы қандай? Қуыршақ театрына жұмысқа келетін жас әртістердің шығармашылық мүмкіндігі жоғары ма? – Театр бұған дейін талантты әртістердің, қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шығарды, олардың көпшілігі ондаған жылдар бойы қуыршақ өнеріне шын берілгендер. Актер жағынан еш кедергі жоқ. Өйткені Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы жанымызда. Төрт жылда бір 15-20 әртіс дайындайды. Одан бөлек Эстрада және цирк колледжі үш жылда маман жіберіп отырады. Бізге режиссер, қуыршақ жасайтын суретші шеберлер тапшы. Себебі оқу орындары қуыршақ суретшілерін бөлек оқытпайды. Өзіміз бейімі бар жастарды қуыршақ тігуге баулып, үйретіп аламыз. Әсіресе, бұл істе ардагер әртістердің көмегі көп. Бүгінгі таңда театрдың дамуына талантты режиссерлер, суретшілер, әртістер мен көпжылдық тәжірибелері бар қуыршақ шеберлері үлкен үлес қосып жүр. – Мәселен, М.Әуезов атындағы академиялық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрымен салыстырғанда Қуыршақ театрының ардагерлері көп насихатталмайтын сияқты... – Біздің де ардагер апа-ағаларымыз көп. Оның ішінде зейнетке шықса да, еңбек етіп жүргендері бар. Кеңес кезінде балет, цирк, қуыршақ театрларының әртістері зейнетке ерте шығатын еді. Қазір бұл алынып тасталды. Көптеген жылдар бойы оның сахнасында қуыршақтың барлық түрлері: қарапайым таяқ қуыршақтан бастап күрделі марионеткаларға дейін пайда болды. Қуыршақ түріне, оны қимылға келтіру тәсіліне, сахнасына қарай қуыршақ театры бірнеше топқа жіктеледі: киілмелі (қолға киіп ойнайтын), сылдырмақты (жіп немесе сым арқылы қозғалтатын), суретке түсірілген қуыршақтармен (қағаздағы қуыршақ кескінін экранға түсіретін) ойын көрсететін театрлар. Мәселен, драма театрының актері тікелей өзі ойнап, өзі сөйлесе, ал Қуыршақ театрында актер өзі сөйлеп, өзі ойнап, онымен қоса қуыршаққа жан бітіреді. Қиындығы сол. Бір күнде төрт қойылым қойсақ, кей актердің қолы қажалып кетеді. Кейде актер еңкейіп те, жатып та ойнайды. Осындай кезде жасы үлкен әртістер қиналып жатады. Қазір 40 актер жұмыс істейді. Үш апамыз бар. Ең үлкен апамыз 67-де. Қалғаны – жастар. Ардагер әртістер қойылым барысында да, дайындық кезінде де үнемі жастарға үйретуден жалықпайды. Ал қуыршақты сөйлету, оған жан беру актердің шеберлігіне байланысты. Көрермен қуыршақтың сол кейіпкер екеніне сену керек. Аузы, сөзі, қимылы қатар жүру қажет. Сондықтан да драма театрға қарағанда әлдеқайда қиын. Ал қаржы мәселесіне келсек, драма театрында әр актерге құрам бойынша қаржы бөлінсе, Қуыршақ театрында әр қуыршақ әр актердің өзіне арнап жасалады. Өйткені бір актердің қолы ұзын, енді бірінің қолы қысқа болады. Мысалы, келесі жолы бойы ұзын актер ойнаса, оған келмей қалады дегендей. – Қуыршақ театрының әртістері гастрольге шығып тұра ма? – Ең алдымен театрдың жетістіктерін айта кетсем деймін. Осыдан алты жыл бұрын Прагада өткен дүниежүзілік қуыршақ фестивалінде «Ең үздік театр декорациясы және қуыршақ дизайны» аталымы бойынша бас жүлдені 44 елдің ішінде ең үздік ретінде «Қаңбақ шал» қойылымы жеңіп алды. Театр одан бері қаншама белесті бағындырды. Әртістер гастролдік сапарларға, шетелдерге жиі шығып, тәжірибе алмасып жүр. Бүгінде театр әртістері халықаралық, республикалық фестивальдер мен конкурстардың жүлдегерлері және дипломанты атанған. Біздің ұжым қуыршақ театр өнері ерекше дамыған Қытайға да барып, біраз дүние үйреніп келді. Жақында Талдықорғанға фестивальға Татарстан Қуыршақ театрларының сыншысы келгенде әсерлі кездесу болды. Сыншы шеберлік сабағын өткізді. Алдымыздағы көктемде Татарстанда үлкен фестиваль өтеді. Сәтін салса, осы шараға шақырту алсақ деген жоспар бар. Ал түркітілдес мемлекеттердің қуыршақ театрлар фестивалі көбіне Түркияда өтеді. Қазір бұл мемлекетпен де келіссөз жүріп жатыр. Тағы бір қуанышты жайт, қараша айының басында Астана қаласындағы «Алматы күндері» мәдени шарасы аясында театр гастролдік сапармен барды. Қ.Қуанышбаев атындағы театр халыққа лық толды. Аншлагпен өтті. Сыймай қалған көрермендерден кешірім сұрап, қойылымды қайта қойдық. Міне, халықтың ыстық ықыласына бөленіп қайттық. – Жаңа жылдық мерекеде балаларды немен қуантасыздар? – Жаңа жыл қарсаңында «Алладин» қойылымы қызықты думан мерегеке ұласады. Біз бұған «Шығыс әлемі» деп ортақ ат қойдық. Қазір дайындық жұмыстары қызу жүруде. Балалар мерекелік қойылымдарды 20 желтоқсаннан бастап 15 қаңтарға дейін тамашалай алады. – Әңгімеңізге рахмет! Ұжымға шығармашылық табыс тілейміз!Әңгімелескен
Динара Мыңжасарқызы