"Ойын бизнесі" туралы заңды Парламент мақұлдады
"Ойын бизнесі" туралы заңды Парламент мақұлдады
ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы мақұлданды. Еліміздегі ойын бизнесіндегі заң нормаларын жетілдіруді көздейтін құжатта ойын бизнесі туралы заңнаманы айналып өтуге мүмкіндік беретін алшақтықтар мен қайшылықтарды жою шараларын қарастырады. Аталмыш заң жобасында интернет-казино қызметіне, әсіресе, Қазақстандағы шетелдік интернет-казино қызметіне тыйым салынған. Ойын бизнесінде лицензия алуда өтініш берушілердің талаптарын қатаңдату мәселесі де жаңадан қабылданған заң жобасында көрсетілген. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде ойын бизнесіне қатысты заң нормаларын бұзғандарға да белгілі жауапкершіліктер белгіленеді. Аталмыш заң талаптары бойынша букмекер кеңсесі және тотализатор кассаларынан алынатын салық көлемі 150 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаймақ. Заңнамалық құжаттағы басты жаңалық ойын мекемелерін, букмекер кеңсесі кассаларын және тотализаторларды тұрғын үй ғимараттарына орналастыруға тыйым салынатындығы. ҚР Парламенті қабылдаған заң жобасы енді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қоюына жолданбақ.