«БАҚ қаламақы мен шетелдік гранттарға тәуелді болмауы тиіс» – сарапшы

«БАҚ қаламақы мен шетелдік гранттарға тәуелді болмауы тиіс» – сарапшы

«БАҚ қаламақы мен шетелдік гранттарға тәуелді болмауы тиіс» – сарапшы
ашық дереккөзі

AMANAT партиясы Қоғамдық саясат институтының сарапшысы Мәриям Құсайынова Facebook-тегі парақшасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Жолдауына қатысты үндеуін жариялады деп жазды turkystan.kz. Сарапшының айтуынша, Жолдаудағы саяси реформалардың бірі азаматтық қоғам институттары мен БАҚ-тың рөлін арттыру мәселесіне арналған. Қазіргі заманғы үрдістер аясында, бұл - қазақстандық медиа саласын дамытудың маңызды құрамдас бөлігі.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын қаңтардағы оқиғалардың салдары мен тергеулеріне шолу жасай отырып ашуының символдық мәні бар. Президент айтқан «Жаңа Қазақстанды» құруға бағытталған батыл шаралар елімізді одан әрі дамыту үшін нақты бағыт-бағдар берді. Сөйтіп, Сенаттағы президенттік квота үштен бірге қысқартылып, Үкімет алдына ауқымды міндеттер қойылды. Сондай-ақ ҚХА-ның Мәжілістегі квотасы таратылып, Сенатқа ауыстырылады» деп жазды пост авторы.
Мәриям Құсайынова Мемлекет басшысының әкімдердің партия филиалдарында қызмет атқаруына тыйым салуы қоғам көптен күткен реформалардың бірі екенін де атап өтті.
«Партиялық трансформация тақырыбын жалғастыра отырып, Мемлекет басшысы саяси үстемдікке сенімді тосқауыл қою керектігін атап айтып, уақытында түбегейлі шешім қабылдады. Сонымен қатар, ел Президенті заңнамаға ОСК төрағасы мен мүшелерінің, Есеп комитеті мен Конституциялық Кеңестің партиядан міндетті түрде шығуы туралы ереже енгізуге уақыт жеткеніне тоқталды» деп жазды сарапшы.
Сондай-ақ Мәриям Құсайынова жоғарыда айтылған реформалармен қатар, Мемлекет басшысының масс-медианың рөлін жоғары бағалағанын атап өтті.
«Шынында да, заманауи қоғамды қалыптастырудың барлық деңгейінде БАҚ пен блог саласы маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, Президенттің сөздеріне құлақ асқан төртінші билік өкілдері қаламақы мен шетелдік гранттарға тәуелді болмауы тиіс. Олардың іс-әрекеттері өз халқының және тұтастай елдің мүдделеріне қайшы келмеуі керек. Себебі, мемлекеттің тұрақты дамуы объективті, бейтарап және еркін медиа саласынсыз мүмкін емес», - деді ол.