Сәния Дүркеева: Бес құрлық тамашалайтын YouТube каналымда қазақ әуендерін шетелдіктер ұйып тыңдайды

Сәния Дүркеева: Бес құрлық тамашалайтын YouТube каналымда қазақ әуендерін шетелдіктер ұйып тыңдайды

Сәния Дүркеева: Бес құрлық тамашалайтын YouТube каналымда қазақ әуендерін шетелдіктер ұйып тыңдайды
ашық дереккөзі
50456
Елге есімі белгілі виолончельші Сәния Дүркеева бүгінде Цюрих өнер университетінің магистратура бөлі­мінде білім алып жүр. Оған дейін атағы жер жарған Мәскеу мемлекеттік консер­ва­ториясының қасындағы орталық музы­калық мектепте, кейіннен сол консер­ва­торияның бакалавриат, содан соң ассис­тентура бөлімінде білімін жетілдіріп, Ресейде он жыл бойы оқыған ол оқу еш­қа­шан кеш емес екенін айтады. Шетел­ге танымал музыканттарды елге шақыру, YouТube-тағы әлем жұртшылығы бақы­лай­тын жеке парақшасына қазақ әуен­дерін жүктеу арқылы қазақ мәдениетін паш етуді көздеп жүрген Сәнияның мақсат еткен жоспары көп. Әзірше алда тап­сыратын күрделі емтиханға дайын­далып жүрген оған хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Ең алдымен кішкентай кезінен дом­быраға әуестенген Сәнияның кейін­нен виолончель аспабына неліктен көңілі ауға­нын білгіміз келеді. – Өнерлі отбасында тәрбиеленіп өс­кен мен кішкентай күнімнен дом­быра­ның ша­на­ғынан төгілген ән-күйді естіп өс­тім. Әкем му­зыкалық мектепте сабақ беретін әрі өзі – домбыра жасаудың шебері. Кейде оқушылар біз­дің үйге сабақ оқуға келетін. Сол кезде құ­лағымды түріп, есік­тің сыртынан са­бақ­тың өту барысын ба­қылап, «Олар секілді мен де үйренсем ғой» деп қызыға­тын­­мын. Ал оқу­шы­­ларынан уа­қы­ты артылмайтын әкем «Дом­быра тар­­туды үйретші» де­ген өтінішімді ер­теңге қалдыра бере­тін. Бір күні өзім ыңыл­­дап отырып, дом­быра­ның көмегімен бір ән ой­лап шығардым. Осы­дан кейін менің ұлт­тық ас­папты үйренуге құлшыны­сым­ның асып-тасып тұрғанын байқаған әкем маған са­бақ беру ісін қолға алды. Ол кезде нота та­­­нымайтын едім, бірақ 10 шақты күннің ішін­де тыры­сып-тырмысып, 7-8 күйді үйре­ніп алдым. Бастапқыда 1-сыныпқа жалпы білім бере­тін мектепке барғанмын, 1-2 айдан соң анам бетімді қақпай, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған му­зыкалық мектепке ауыстырып алды. Біле білсеңіз, ол мектепке жайдан-жай қа­­­былдай салмайды. Балаларды физика­лық, му­зыка­лық қабілетіне қарай қатаң конкурстан өт­кізеді. Содан соң түрлі аспап­тар сыныбына бөледі. Әдепкіде ол мек­тепке «домбыраның құлағында ой­наймын» деп келген едім, бірақ мұ­ғалімдер қа­білет-қарымыма қарай вио­лончель сы­ныбында оқуға кеңес берді. Бұл аспап маған бейтаныс емес, өйткені әп­кем сол музыкалық мектепте оны ше­бер ойнауды үйренген. Сонымен қа­тар оған сабақ бер­ген Люд­ми­ла Қазиахметова ел мақтаған мық­­ты педагог болды. Сон­дық­тан анам екеу­міз сол кі­сінің сыныбында оқу­ды жақ­сылыққа теңеп, 8-сыныпқа дейін сонда білім алдым. Кейін педагогім көз жұмған соң, басқа мектепке ауысу туралы ойлана бастадым. Оған қоса, мені түрлі байқауда байқаған басқа мектептегі оқытушылардан шақырулар көптеп түсті. Үйдегілермен ақылдаса келе Күләш Байсейітова атын­дағы музыкалық мектепке ауысып, онда үш жыл оқыдым. Содан соң жатсам да, тұрсам да Чайковский атындағы Мәскеу мем­лекеттік консерваториясының жа­нын­дағы орталық музыкалық мектепте оқу­ды ойлап, сонда білім алуды көздедім. Себебі ол мектепті бітірген түлек тікелей мем­лекеттік консерваторияға оқуға түсе­ді. Сөйтіп, сол консерваторияға оқуға тү­сіп, кейіннен ассистентура бөлімінде білі­мімді жетілдірдім. Жалпы, Мәскеуде 10 жыл­ға жуық оқыдым.  width=– Бір сұхбатыңызда Мәскеуде білім алу оңайға соқпағанын, бастапқыда қи­налғаннан жылағаныңызды айта­сыз. Тәртіп тым қатал болды ма? –Иә, Мәскеу консерваториясында оқу оңай емес. Педагогтердің тәртібі тым қатал. Берілген тапсырманы дұрыс түсін­бесең, төмен баға алып, нәтижесінде түрлі курсқа өтпей қалатының айтпаса да түсінікті. Бірақ ол жақта музыкалық жа­ғынан ғана емес, менталды жағынан да өзге­шелік байқалады. Қазақы тәрбие көр­ген маған ә дегенде орыстардың ортасына сіңісіп кету оңайға соққан жоқ. Бірақ мен мұның барлығын еңсеріп, сабақты жақсы оқып, консерваторияны абыроймен аяқ­тадым. –Сіз туралы мәлімет іздегенде Мәс­кеуде репетитор ретінде жұмыс істе­геніңізді білдім. Оқу мен жұмысты қа­тар алып жүру де оңай болмаған шы­ғар? – Өзім ғана біліп қоймай, білгенімді бас­қалармен бөлісуді мақсат тұтқан соң оқу оқып жүріп сабақ беруді еш қиынсын­бадым. Маған жетекшілік ететін профес­сор мен оқыған орталық мектепте әрі кон­сер­ваторияда сабақ беретін. Маған се­нім артқан ол «Сен дайындашы, бүгін сен сабақ берші» деп оқушыларын маған жібере­тін. Оған қоса, оларға үй тапсырма­сын орындауға көмектесетінмін. Сөйтіп жүріп, сол музыкалық мектепте камералық ансамбльдің және ішекті квартеттің әртісі болып жұмыс істедім. Айтпақшы, Мәскеу­ден соң, Қазақстанға келіп жұмыс істе­генім бар. Ассистентураға түспес бұ­рын Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында үш ай жұмыс істедім, кейіннен Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консер­ва­ториясында алты ай­дай уақыт сабақ бердім. – Ал Цюрихке қа­лай жол түсті? –Еуропа көрер­менін таң-тамаша еткен музыкалық стильді үйренгім келді. Осы мақсат­ты көздеген мен қара­жат жинап, өз бетімше іздене бас­тадым. Интернеттен Цюрих өнер уни­вер­ситетінің про­­фессор­ла­рын тауып, оларға хат жазып, ізін­ше өзім орын­даған туынды­ларды жібердім. Менің өнерімді жо­ғары бағалаған олар Цюрихке келіп, емти­хан тапсырып, ба­ғым­ды сынап көруім­ді өтінді. Айым оңы­нан туып, ақырында өзім мақсат еткен Цюрих өнер универ­сите­тінің магистратура бөліміне оқуға түстім. Бірінші оқуда барлық бағыттағы музыканы үйре­тетін орындаушы ше­бер мамандығын игердім, ал қазір солист шебер бөлімінде білім алудамын. Алдағы күндері 40-50 минуттық бағдарламаға кірік­тірілген түрлі стильдегі музыканы орын­дап, күрделі емтихан тапсыруым қажет. Қазір сол емтиханға дайындалып жүрмін. Одан бөлек, наурыз айында үлкен бір жобаға қатыспақпын.  width=– Осыдан үш жыл бұрын Алматы мен бас қаланың сахнасында қойған «Вио­лончель үн қатқан мамыр кеші» ат­ты жеке концертіңізде атақты швей­цариялық виолончельші, ұста­зыңыз Орфео Мандоцци қазақтың күйін тыңдап, тамсанғанын айтқан еді. – Ол кісі менің шақыртуыммен Қа­зақстанға бірінші рет келген болатын. Оның қазақ мәдениетін, тағамын ұнат­қа­ны соншалық, біз жөнінде көп білгісі ке­ліп, ақырында ұлттық музыкамызды вио­лончельге салып ойнау ниетін жеткізді. Со­сын әкемнен бірнеше күйдің нотасын алып, ол кісіге тарту еттік. Алдағы уақытта қа­зақ күйлеріне әрлеу жасап, жеке ком­пози­ция ретінде шығаратын ойы бар. Ке­лешекте Орфео секілді тағы басқа шет­елдік мықтыларды шақырып, осылайша мә­дениетімізге қызығушылығын оятып, тағы бірнеше концерт қою туралы ойым бар. Жыл сайын біздің ән мен күйге қы­зығатын шетелдіктердің қатысуымен фес­тиваль өтіп тұрса екен дейсің, бірақ біздің елде концерт ұйымдастырудың ма­шақаты көп. Барлығы қаражатқа келіп тірелетіні айтпаса да түсінікті. Негізі, бұған дейін көп демеушінің алдына барып, көмек сұраған болатынмын, бірақ «Әрине, көмектесеміз» деп жылы шығарып салған олардан ізінше еш жауап ала алмадым. Мәскеу консерваториясында оқып жүрген кезде шетелдегі музыкалық оқу орда­ларында оқып жатқан қазақстандық студенттердің басын қосып, біздегі қалың бұқараға біздің осындай таланттарымыз бар екенін көрсеткім келді. Екі қаладағы зал­ды жалдап, афиша жасап, ары-бері шап­қылап, үлкен концерт өткіздік. Бірақ біз бұл кеш­терді тегін өткіздік, қатысу­шы­ларға еш­қан­дай қаламақы берілмеді. Сол кезде бізге қол ұшын созған ешкім болма­ды, әкімшілік қызметкерлерінің аздап кө­мектескені бар, десе де барлығын анам екеу­міз атқарып шықтық. Содан соң Қа­зақ­станда мұндай игі іске қолдау білдіре­тін демеуші табу өте қиын екенін жақсы біле­мін.  width=– «Қазақстанда классикалық музы­каның тыңдарманы аз» дегендерге не айтасыз? – Мен олай демес едім. Жоғарыда сіз ай­тып өткен Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында болған жеке концертімде зал­да ине шаншар жер болмады. Моцарт ту­ған Еуропа елдерінде классикалық му­зыка концерттеріне келушілер саны көп екені әмбеге аян. Бізде де бұл стильді ұна­та­тындар қатары көбейіп келеді. Бай­қа­ғаным, Қазақстанда жастар классикалық кеш­ке көп келеді екен, сондай-ақ тың­дар­мандар қатарынан музыкант еместерді де көп байқадым. Классикалық музыканы да­мыту жағынан алған бағытымыз жаман емес. Жәния Әубәкірова, Айман Мұса­ход­жаева бастаған тұлғалар бүгінде көп іс-шара ұйымдастырып жатқанын естіп-біліп отырамын. Олар тек классикалық ба­ғытқа мән беріп қоймай, оны дәстүрлі ән­мен біріктіріп, түрлі жобалар жасап жүр. Мысалы, екі бағытты үйлестіру ар­қылы оркестрлер айтысын ұйымдастырып, тындарман тартудың, сондай-ақ дәстүрлі әнді де ұмыт қалдырмаудың тың айла-әді­сін қолданып жүр. Десе де, жас мемлекет бол­ған соң, жоғары мәдениетті жете түсі­не бермейтінімізді айта кеткен жөн. Тек ертеңін ойлап, күнкөріс қамы үшін нәпақа тауып жүрген басым көпшілікке бұл стиль бейтаныс. Осы ретте әлеуметтік деңгейіміз көтеріліп, әлем ұйып тыңдайтын туындыларды біздің қауым да құлақ құрышын қандырып тыңдаса екен дейсің.  width=– YouТube парақшаңыздан клас­си­калық шығармалардан бөлек, поп жан­рындағы әншілердің туындыла­рын виолончельге салып орын­дай­тыныңызды байқадым. Өткен аптада шотландия­лық әнші Льюис Капал­ди­дің әлем білетін әнін орын­дап, көпшілікті таң­ғалтқаныңыз та­ғы бар. Бұл кө­рер­мен­ді тартудың әдісі ме, әлде көп ән­ші секілді ка­ран­тин­де іш пыс­­қан­нан жа­сал­ған қадам ба? – Барлығы ка­­­рантиннен бас­­­талды. Сол уа­қыт­та барлық кон­церт пен жоба жайына қалып, үйде бос отырған кез­де жеке кана­лым­ды жандандырайын деп түрлі туындыларды орын­дап, жүктей баста­дым. Кейін жақын досым «поп жанрындағы әндерді орын­дап көрсең қайтеді?» деп ұсыныс айт­ты. Осылайша, бұл бағыттағы хит ән­дерден кавер жасау дәстүрі пайда болды. Негізі, поп жанрындағы әндердің нотасын түсіріп, виолончельде орындау үшін ар­найы әрлеу оңай іс емес. Мен ол каверлерді екі, кейде тіпті төрт виолончельді «жұмыл­дыру» арқылы әзірлеймін. Бүгінде YouТube каналым бес құрлық тұрғындары қарай­тын каналға айналды. Шетелдіктер көп қарайтын болған соң, арасында қазақ әуен­дерін де орындаймын. Қазақ әуендері қамтылған видеоларға шетелдіктер жа­ғымды пікір білдіріп, мұндай ерекше му­зыканың тамсандырмай қоймайтынын айтады. Ән қоржынымда бірнеше қазақша туындысы бар. Осындағы елшілік ұйым­дас­тыратын түрлі іс-шараларда көп орын­даймын. Жаңылыспасам, Цюрихте 20-ға жуық қазақ музыкант тұрады. Барлығымыз елшілік өткізетін ивенттерден қалмай, қазақ әуенінің осында дәріптелуіне бір кісідей атсалысып жүрміз.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

 

Серіктес жаңалықтары