Орынбор қазақтары Қазақстанға танымдық сапармен келді

Орынбор қазақтары Қазақстанға танымдық сапармен келді

Орынбор қазақтары Қазақстанға танымдық сапармен келді
ашық дереккөзі
50439
«Отандастар Қоры» КеАҚ шет елде тұратын қазақтармен және қазақ мәдени орталықтарымен үнемі байланыста. Солардың бірі – көрші Ресейдегі «Орынбор аймақтық қазақ-ұлттық мәдени автономиясы» қоғамдық ұйымы деп жазды turkystan.kz, қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Орынбор аймақтық қазақ-ұлттық мәдени автономиясы» – Ресей қазақтарының бірлескен қоғамдық ұйымы. Оның құрамына 11 қазақ ұйымы кіреді. Орынборда бүгінгі күні 120 мыңнан астам қазақ тұрады. Халықтың болмысын сақтау үшін сыртта жүрген қазақтар бірігіп, 2008 жылы аталмыш ұйымды құрған. Қоғамдық ұйымның өкілдері 17 ақпанда Қазақстанға танымдық сапармен келіп, «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамның ұжымымен және жұмысымен танысты. Бекітілген күн тәртібіне сәйкес шетелдік қонақтар 18-19 ақпан күндері Нұр-Cұлтан қаласында қазақтың ұлттық мәдениеті, әдет-ғұрпы және қазақ тілі тақырыбына қатысты шеберлік сағаттарына қатысады. Атап айтсақ, «Астана Балет» театрында ұлттық би өнері, Қазақ ұлттық өнер университетінде домбыра үйрену, «Hazifa шеберлік мектебінде» халқымыздың қолөнері, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында «Қазақ тілін оқытудың әдістемесі» бойынша шеберлік сағат өтеді.  width= Сондай-ақ, қандастарымыз Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақтардың этногенезі. Қазақтардың Ресей Федерациясы территориясына қоныстану тарихы: Орынбор облысы. Қазақтардың дәстүрлі көшпелі шаруашылығы» тақырыбы аясында өтетін  «дөңгелек үстел» мен дәріске қатысады. Ұлттық мұражайда еліміздің тарихы туралы тың деректермен танысып, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында «Құнанбай» спектаклінің көрермені болады. Танымдық сапардың басты мақсаты – өздері алыста тұрса да, Қазақстанға келіп, ұлттық құндылықтарды тану арқылы оларды Орынбор қазақтары арасында әрі қарай насихаттау. Айта кетсек, қазіргі таңда «Орынбор аймақтық қазақ-ұлттық мәдени автономиясы» ұйымында қазақ тілі, домбыра сабағы, қазақ халқының тарихы, қолөнер, ұлттық билер сияқты бес бағыт бойынша ересектер мен балаларға арналған тегін курстар ұйымдастырады. Бұдан бөлек, жерлестердің жетістіктерінен хабар беретін «Орынбор қазақтары» журналы да шығарылады.

Серіктес жаңалықтары