612
"Алаштың Әлиханы" атты конференция және салтанатты кеш өтеді
"Алаштың Әлиханы" атты конференция және салтанатты кеш өтеді
24 қараша күні Алаш ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына орай Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен сағат 10:00-де "Ғылым Ордасының" кітапханасы конференц-залында (мекен-жайы: Шевченко көшесі, 28) "Алаштың Әлиханы" атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, сағат 18:30-да М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында салтанатты кеш өтеді.
Ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық автономиясы Халық кеңесінің төрағасы Әлихан Бөкейханов қазіргі Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай елді мекенінде 1866 жылы 5 наурызда дүниеге келді.
Патшалық Ресейдің озбыр саясатын жастайынан көріп, түйсініп өскен Әлиханның бойында отаршыл билікке ғана емес, жан алып, жан беріспей-ақ отарлық қамытты киюге мәжбүр күйде отырған өз халқының салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы туралы сыншыл көзқарасы да ерте қалыптасты.
Семей түрмесінде сегіз ай отырған кезінде ол «Қазақтың суармалы егістік жерлерінің алынуы», «Дала өлкесінің түкпірлеріндегі орыс қоныстары», «Ақмола облысындағы переселендердің жер үлестері» - деп аталатын мақалалар жазды. Әлихан Бөкейхан бұл еңбектері басқа емес, отаршыл метрополияның дәл жүрегінде – Петербург қаласында, «Сибирские вопросы» журналында жарияланды.
Алып Ресей империясымен алысып, байырғы тәуелсіздікті қарулы көтеріліспен қалпына келтіру мүмкін емес деп тұжырған Әлихан Бөкейхан «бұл жолды халықтың жаппай қолдауы да неғайбыл, Кенесары көтерілісінің жеңіліске ұшырауы – соның бір көрінісі» - деп есептеді.
Алаш жетекшісі отаршыл империяны саяси тұрғыдан реформалап, федеративтік демократиялы мемлекетке айналдыру арқылы ғана қазақтың әуелі өзін-өзі билеп, кейін толық тәуелсіздікке қол жеткізуіне болады деп санады.
Ол мұның ұзақ та азапты жол болса да, ең дұрыс жол екенін көре білді. Сондықтан да 1905 жылы «Халық бостандығы» немесе Конституциялық-демократиялық партияның Ақмола облыстық және Омбы қалалық комитеттерінің ұйымдастырушылары мен жетекшілерінің бірі болды.
Партия 1905 жылы 23 сәуір мен 17 қазандағы манифестердің аралығында дүниеге келді, бірақ аз уақытта-ақ Ресейдегі ең ірі әрі аса танымал оппозициялық ұйымға айналды. Кадеттердің бағдарламасы мен алға қойған мақсат-міндеттері қазақ халқының арман-тілегіне сай келді.
Тәуелсіздікті байырғы хандық басқару институттары негізінде қалпына келтіруді Әлихан Бөкейхан дұрыс деп санамады. Сол себепті де ол өзгеше стартегиялық мақсаттарды жүзеге асыруға ұмтылды. Бұл ұмтылыстарының бір парасы «Қарқаралы петициясы» деген атпен тарихта қалған 1905 жылғы «Қазақтардың петициясында» көрініс тапты.
Әлихан Бөкейхан бұл талаптарды Петербургтің «Сын отечества» газеті мен Омбының «Иртыш» газетінде жариялап, оларды өзі редакциялап шықты. «Қазақтардың петициясының» төртінші тармағында «қазақ отырған жерлердің қазақтың меншігі болып саналатынын патша өкіметінен мойындауды» талап еткен Әлихан Бөкейхан «жерсіз мемлекет болмайды» деген ұстанымда болды. Қазақ жерін сақтап қалу және Ресейдің қазақ жеріне орыс шаруаларын орналастыруына жол бермеу мақсатындағы қажырлы күресті ол Санкт-Петербургтегі оқуынан Омбыға оралысымен бастап кетті.
Қазақ халқы петицияда қазақ балалары білім алатын барша бастауыш мектептерге ана тілі мен жазуын енгізуді, қазақ тілінде газет шығарып, іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді талап етті. Әлихан Бөкейханов қазақтың көне жыр-дастандарын, ел аузындағы аңыз-әңгімелерді жинақтады. Оның қазақ ұлты алдындағы өлшеусіз, өшпес еңбегінің бірі - Санкт Петербургта 1909 жылы жарық көрген Абайдың тұңғыш шығармалар жинағы еді.
Әлихан Бөкейхан қазақтарды руға да, жүзге де жіктемеді, әлеуметтік мәртебесіне де, біліміне қарай да бөле-жармады. Қазақты біртұтас халық ретінде көргісі келді. Осы орайда ол ұсынған Алаш атауы ұлтты ұйыстыруға мұрындық болатын тамаша идея болып шықты. Бұл идеяны Әлихан Бөкейхан Алаш қозғалысы пайда болғанға дейін-ақ әрдайым айтып жүрген еді. Сонау 1910 жылдың өзінде-ақ «Қазақтар» деп аталатын тарихи очеркінде қазақтардың соғыс ұраны «Алаш деген мифтік тұлға» екенін атап өткен болатын.
1917 жылы қараша айында өткен Құрылтай жиналысының сайлауында қазақтардың басым көпшілігі «Үш жүз» партиясын емес, «Алаш» партиясын қолдады, сөйтіп «Алаш» партиясы 43 депутаттық мандатты иеленді. «Алаш» партиясы Қазан төңкерісінің қарсаңында Ресейдегі елуге жуық партияның ішінде сегізінші орында тұрған еді.
Әлихан Бөкейхан қарапайым өмір сүрді. Ол тұтқынға алынып, 1937 жылы атылып кеткенде, қызы Елизавета мен немересі Ескендірге Мәскеудің коммуналдық пәтерінен бір бөлме мен кітаптар, фотоальбом, бірқатар қолжазбалар ғана қалды.
НКВД-ның тергеуінде Алаш партиясы мен кеңестік билікке қарсы әрекеттеріне байланысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алған Бөкейханов ақтық сөзінде «Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ мойындауға мәжбүрмін» - деп мәлімдеді. Үкім сол күні-ақ жүзеге асырылды. Қошке Кемеңгерұлы «Қазақ тарихынан» деп аталатын тарихи очеркінде: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан», – деп жазды.
Негізінде Әлихан Бөкейханов 1955 жылы 8 қыркүйекте толықтай ақталған. Бірақ КГБ осы жаңалықты халықтан 34 жыл бойы жасырып келді. 1989 жылы қайта отырыс өтіп, Бөкейханов тағы да ақталады.
Тіршілігінде қазақтың азаттығын арман қылған асыл текті, арда туған Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығын бүгінде Тәуелсіз Қазақ Елі кең көлемде атап өтуде.
Ескерту!
Baq.kz сайтынан алынды.