Өлеңнің обалы бар, зауалы да

Өлеңнің обалы бар, зауалы да
Қай нәрсенің де түбіне құрметтемеу жетеді. Қадірліңді қадірсізге айналдыру оңай, керісінше ‒ қиын. Бірақ соны жұрт түсінбейді деп тағы айта алмайсың. Ендеше білмей істегеннің күнәсінен біліп істегеннің күнәсі қашанда ауыр...
Жалғанда есепсіз нәрсе жоқ, қазақтың «Судың да сұрауы бар» дейтіні сол. Ал Құдай Тағала адамға шексіз сыйлай салғандай көрінетін сөздің ше, сөз төресі – өлеңнің ше, сұрауы жоқ па?..
АБАЙ НЕ ДЕП ЕДІ?
Қай заманда да ақындар аз, өлеңшілер көп болған ғой. Алайда шын ақын мен алдамшы ақынсымақты әркім-ақ айыра бере ме, содан болар, бір-екі сөздің басын қосып ұйқастырып «айта салғышты» жұрттың көбі ақын деп таниды, «паһ шіркін, айтқыш-ау» деп таңдайын тақылдатады. Одан әрі... «Жындыны жынды десең, телпегі қара қазандай болады» емес пе, жұрт «ақын», «айтқыш» атандырған әулекіңіз аз күннің ішінде астамсып, өзіне ұнамайтын кез келгенді сөзбен жасқауға көшеді. Айтқанын жүре тыңдағанның немесе «осының өзі не, сөзі не» дегеннің намысына тиер сөзді «өлеңдетіп» айтып, жеке басының қадір-қасиетіне тиерлік әрекетке көшеді. Өйткені ол «ақын», «айтқыш». Сөйтіп «Бір теңге беріп айтқызып, мың теңге беріп қойғыза алмай», халық төбеге өзі көтерген адамын өзі түсіре алмай әлек болады...
Бұл қолдан «ақын» жасаудың зардабы десек, ол індет қазір де бар. Бірақ қазбалай берсең ізі шұбалып кететін пайдасы кем әңгімені осы арадан үзіп, негізгі сөзімізге көшейік.
«Шайтан адамға еріп ақиретке де барады» демекші, басқасы басқа, Абайдай алып ақын өмір сүрген заманда да қазақта өлеңшілер өріп жүрген сыңайлы. Ол турасында Абайға қатысты әңгімелерде көп айтылады. Кейбірін Абай көңіл көтеру үшін тыңдаса (мәселен, Қиясбайдың «ақ өлеңдерін»), кейбірінің өлең қадірін кетіріп жүргеніне налыған («Сөз айттым Әзірет Әлі, айдаһарсыз, мұнда жоқ алтын иек сарыала қыз»...). Өз кезінде айналасындағы ақындар – өзімен тетелес Көкбай, Мұқа, інілері Шәкәрім, Кәкітай, балалары Ақылбай, Мағауияларға өлең қадірі, өнер киесі туралы айтып, олардың шығармаларына әрдайым сын көзімен қараған Абайдың мақсаты – қазақ жырының жай жел сөз емес, Құдайдан келген қасиетті бағалау керегін ұғындыру болатын. Бұған ерекше мән берген ұлы ақын 1887 жылы 43 жасында «Өлең ‒– сөздің патшасы» дейтін атақты өлеңін жазып, онда ақынға, өлеңге қойылатын талапты көрсетті.
Ең алдымен:
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы. ‒ – деп өлең көркемдігінің қандай болуы керегін байқатса, содан соң:
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы? – ‒ деп өлеңді шығарушының осалдығы мен қабылдаушының талғамына сын айтты. Ақыр-соңында Құдайдың берген қабілетінің қадіріне жетпей қор қылушылардың да өзге жұртқа зардабы аз болмайтынын:
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап, – деп ескертті. Бұл, шын мәнінде, әдебиет ғылымы жоқ дәуірде тұтас халықтың өлең өнерімен айналысушыларына бағдар болатын ой-темірқазығы еді. Ал одан әрірекке ой жүгіртсек, Абайдың бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымына іргетас болған ғылыми-философиялық шығармаларының бірі осы өлең деуге болады. Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы жарық көрген «Әдебиет танытқыш» атты қазақ әдебиет ғылымындағы тұңғыш ғылыми-теориялық еңбегінде Абайдың көптеген өлеңдерін жай мысал емес, теориялық тұжырым ретінде көрсетуі жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі болса керек.
Бір қызығы, содан кейінгі дәуірлерде Абайды қазақ әдебиеті классигі ретінде шәксіз мойындасақ та, ұлы ақынның өнерге, өлеңге қойған талабымен санасуымыз аз . Оған бір ғасырдан бергі әдебиетіміздің, дәлірегі – поэзиямыздың барлық кезеңінен мыңдап, миллиондап мысал табуға болады...
ҚЫЗЫЛ САЯСАТТЫҢ
СОЙЫЛЫН СОҚҚАН
АҚЫНДЫҚ
Анау, арғы әдебиетімізде «жыраулық поэзия дәуірі» деп аталатын кезеңде Асан Қайғы, Қазтуған, Ақтамберді, Шалкиіз секілді елді ерлікке, елдікке үндеген алмас қылыштай өткір жыраулардан бергі дауылпаз Махамбетке дейінгі ақындарға дейінгі аралықта әр сөзі қорғасындай салмақты, алтындай асыл қасиетке ие болған поэзиямыздан кейін қазақ жыры Абайға келіп тұңғиықта маржан теріп тереңдесе, одан кейінгі дәуірде қазақтың әр аймағынан небір бойына сөз киесі қонған ақындар ұлттық әдебиетіміздің тынысын кеңейтіп, алуан түрлі өнегелі үлгілер жасады. Қазақтың шығысы мен батысында, оңтүстігі мен солтүстігінде ғұмыр кешкен небір айтулы ақындардың шығармашылығы бұған дәлел. Тек сол тұста әлемдік өркениеттен шеттеу қалған қазақ қоғамы бір кеңістікте, бір ұлттық дүниетанымда өмір сүрсе де бірінің сөзін біріне жеткізетін зор мүмкіндік – ұлттық баспасөзіне ие болмай, жалпы халық өз аймағындағы ақындарының шығарған өлеңдерін естумен қанағаттанды. ХХ ғасырдың бас кезінде жарық көрген «Қазақ» газеті, «Айқап» журналы секілді бірлі-жарым газет-журналдарымыз күллі қазақты қамти алмады. Сөйтіп, қазақ даласында кеңес өкіметі құрылып, ана тілімізде баспасөзіміз пайда болып, ел жаппай сауаттанып, ойдағы-қырдағы қазақ бір-бірінің тұрмыс-тіршілігімен, әдебиет пен мәдениетімен хабардар бола бастағанмен оның желкесінде тұрған кеңестік большевиктік саясат басқа салалармен бірге ұлттық әдебиетімізді де шектен тыс саясаттандырып, асыл сөздің әрін кетірді. Солайша ендігі ақындар кеңестік құрылыстың артықшылығын, қазан төңкерісінің жеңісін, кеңес үкіметі мен больщевиктер партиясының «данышпандыққа толы шешімдерін» жырлауға мәжбүр болды және ол қолына қалам ұстаған барлық адамға міндеттелді. Бұл үдеріс КСРО-ны И.Сталин (1924-1953), Н.Хрущев (1953-1964),
Л.Брежнев (1964-1982) және Ю.Андров (1982-1984), К.Черненко (1984-1985) билеген дәуірлерде 60 жылдан аса уақытқа созылды. Дегенмен, кеңестік кезеңнің алғашқы ширек ғасырында Мағжан, Жұмабаевтың өлеңдері мен поэмалары Ілияс Жансүгіровтің дастандары қазақ жырының еңсесін көтерсе, одан кейінгі дәуірде Қасым Аманжолов, Әбділдә Тәжібаев, Қуандық Шаңғытбаев, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекхожин, Жұбан Молдағалиев секілді ақындардың шығармашылығы кеңестік идеологиядан толық тазармаса да қазақтың тарихын, ұлттық болмысын дәріптеуге ұмтылды. Содан өткен ғасырдың 60-жылдарында басталған қазақ әдебиетінің ренесансы кезеңі басталып, поэзиямыздағы өрлеу басталды. Бұл дәуірде Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Өмірзақ Қожамұратов, Жүсіп Қыдыров, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова секілді ақындар адамның жан дүниесінің психологиялық иірімдерін суреттеп, рух, ой азаттығын алдыңғы қатарға шығарды. Дегенмен бұл ақындардың шығармашылығында да «советтік дәуірдің шындығын жырлау» үрдісі болды. Тіпті, ол түгілі бұл жағдай әдебиетімізге 70-80-жылдарда келген ақындарда да болды. Тек КСРО мемлекетінің құлар алдындағы «демократиялық жаңғыру» кезеңі басталғанда қазақ жырының томағасы сыпырылып, поэзиямыз еркін тыныстай бастады.
Сөйтіп, Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналардан сәл бұрын ғана біз өткеніміз туралы ашық айтып, әдебиеттің, оның ішінде поэзияның кеңестік дәуірде тұмшаланғаны жайында еркін пікір білдіре бастадық. Сөйтіп 70 жылдай уақытта өлеңнің не себепті қадірі қашқанына көз жеткіздік. Бұл арылу үдерісі бізге кеңестік дәуірде жасалған поэзиямыздың көп бөлігінің заман талабына жауап бермейтін кезеңдік дүниелер екенін танытты.
Еріксіз қызыл саясаттың сойылын соққан ақындық өлеңге көп зиянын тигізді. Соның кесірінен сол дәуірде шыққан қаншама жыр кітаптарын қазір біз оқи алмаймыз. Бұл түсінген адамға өлеңді ешбір саясаттың қолжаулығы қылуға болмайтынын, өйтпеген күнде оның зардабы ауыр боларын байқатқандай еді. Бірақ содан біз сабақ алдық па?..
БҰЛ КҮНДЕ
«ӨЛЕҢ ДЕГЕН БІР ҚАДІРСІЗ»...
Ел тәуелсіздігі барлық салаға еркіндік сыйлады, сөз өнеріне екібастан. Енді әр ақын не туралы жазса да өзі біледі. Бұрынғыдай кітап тек санаулы баспалардан ғана шықпайды, баспа көп. Оның үстіне авторға кітапты өз ақшасына шығаруға рұқсат берілгеннен бастап баяғыдай қолжазбаның редактордың қатал сүзгісінен өтуі, кітапты редактордың ескертпелерімен автордың өңдеуі деген жағдайлар жойылды. Өйткені баспалар пайда көруі керек, сондықтан клиенттерінің (өлең жазатындар) құқығы бірінші орында. Солардың айтқаны болуы керек.
Әрине, кітап жазатындарға еркіндік берген дұрыс, бірақ тек солардың құқығын қорғаймыз деп әдебиетке обал жасап жатқан жоқпыз ба? Бұрын әдебиет тек шығарма жазатын авторлардан ғана тұрмайтын. Баспа, редактор, рецензент дегендер бар еді, оның үстіне шыққан кітаптардың жетістігі мен кемшілігін саралап отыратын әдеби сыншылардың сөзінде салмақ болатын. Міне, осылардың бәрі (автордан өзгесі) жойылғаннан кейін өлеңге деген жауапкершілік те құрыды. Бүгінде шығып жатқан кітаптарда аты-жөні жазылатын рецензент, редактор дегендердің түгелге жуығы жай ғана жазылып қояды. Кітаптың көркемдігі мен сапасына олар мүлде жауап бермейді. Ешкім керек етпеген соң әдеби сын да мүлде өшіп тынды. Бұл – әдеби орта, әдеби үдеріске қатысты әңгіме. Ал одан тысқары жердегі өлеңнің күні мүлде күн емес деуге болады...
Бұрынғы кезде нағыз өлеңді әдебиетте жүрген ақындар жазады, нағыз шығарма солар шығарған кітаптарда деп саналатын. Әдебиеттен сыртта жүргендер тіпті «өлең жазамын» деуге ұялатын. Ал қазір екі ауыз сөзді ұйқастырғанның бәрі ақын. Содан келіп өлеңнің жүрмейтін жері жоқ...
Өткен ғасырдың соңғы онжылдығында газет-журналдар мен радио-телеарна ақылы жарнама бере бастады. Міне, сол кезде жақын-жуығын туған күнінде баспасөз беттерінде құттықтау үрдісі пайда болып, өлеңнің жарнама қызметін атқаруы басталды. Туған күндер мен үйлену тойлары, мерейтойлар арнау өлеңдерсіз өтпейтін болды. Ас-жиындарда ақындар жарысып мақтау-мадақтау өлеңдерін оқитын болды. Қыл аяғы мектептерде өтетін түрлі іс-шараларда оқушылардың «өзін таныстыруы» да өлеңмен «өрнектелетін» болды. Тіпті, біреу қайтыс болғанда оның жаназасы шығатын жерде қарамен қоршалған үлкен портретінің астына өлең жазылып қоятын, тіпті марқұмдар қабірі асына қойылатын құлыптастарда өлең жолдары қашалып қойылады. Айта берсең көп енді. Осылайша қаладан молаға дейінгі аралықта қазақ өлеңінің «қызмет» етпеген жері қалмады және сол үрдіс әлі жалғасып келеді...
Қазақ «Арыңды жасыңнан сақта» дейді ғой, ал біз соны өз қолымызбен құртып жатқан секілдіміз. Бір ғана мысал: қазір оқушылар қатысатын түрлі ақылы байқаулар көп. Соған қатысатындарға қойылатын талаптың бірі «өз өлеңін оқу». Әрине, бұл ақындық қабілеті бар балаларға арналған талап шығар, бірақ «өз өлеңін оқығандарға» бал берілетіндіктен барлық бала ол мүмкіндіктен айырылғысы келмейді. Оған ең бірінші баланы жарысқа дайындайтын ұстазы мүдделі. Себебі бүгінде мұғалімнің кәсіби біліктілігінің бағалануы олардың оқушыларының жетістігімен тікелей байланысты. Сосын мұғалімдер ары-бері жүгіріп таныс іздеп, тапса ақысын төлеп қаптаған ақындардың біріне өлең жаздырып алады да оқушысына оқытып қояды. Сөйтіп бір жарысқа бес жүз бала қатысса, бес жүзі де «ақын» болып шыға келеді. Ал бұл нағыз ақындығы бар, өлеңді өзі жаза алатын талантты балаларға обал жасап қана қоймайды, өлең деген қасиетті өнердің қадірін түсіріп жатыр...
Қызыл тілін жалдап – өлеңдетіп қу тамағын асыраған, бай көрсе мақтап, жағымпазданып абырой-атаққа қол жеткізген ақындар бұрын да болған. Қазір де бар. Ондайларды Абай да сынаған, басқа да сынаған, бірақ сол жарамсыз әдет тоқтаса кәне... Керісінше, үдеп бара жатқандай.
Қазір әлеуметтік желіде екінің бірі ақын. Кіл қойыртпақ шумақтармен «әнге сөз жазғыштар» қаптап жүр. Газет-журналдарда да халтураның не түрі басылып жатыр. Бірақ оған тоқтау салар еш құдірет жоқ. Дегенмен ештен кеш жақсы демекші, кез келген жерде өлеңдете беруді доғаруды қазірден бастасақ та жаман болмас еді. Қазақты «ақын халық» атандырған өлеңнің обалы бар ғой, обалға көз салмасақ зауалына ұшырамаймыз ба?..
Кейде ойлаймын, өлең көп жазылмаса және оны кім көрінген жазбаса ғой деп. Шыққан өлең кітаптары тек керемет өлеңдерден тұрса, әр ақыннан ары кетсе екі-үш том тамаша поэзиялық туындылар қалса. Сонда өлеңнің қадірі арта түсер ме еді...
Ұлы ақын Абайдың артында қалған мұрасы бір томнан аспайды. Көзі тірісінде бірнеше мың жол өлеңін отқа жағып жіберген ғажайып талант иесі Төлеген Айбергеновтің артында қалған кітабы – бір-ақ том. Мұқағали Мақатаевтың өзі жарияламай кеткен өлеңдерін қоспағанда ең жақсы жырлары – қалың бір кітап. Жұматай Жақыпбаевтың бар жазғаны бір кітапқа сыйып тұр. Күні кеше арамыздан кеткен Есенғали Раушановтың өзі «бар жазғаным 18 баспа табақтан аспайды» дейтін. Бірақ осылардың қайсысы 5-10 том өлең жазғандардан абыройсыз? Демек, ақындық құдіреті көлеммен емес, сапалы өлеңмен өлшенетіні көрініп тұр емес пе? Мұның бәрі өлеңді құрметтеу мен оның қадір-қасиетін сақтауды парыз санаудан туған ізгі әрекет шығар. Сондықтан бүгінгі қазақ барлық жерде «өлеңдетуден» аулақ болып, жыр қадірін кетірмеуді ойласа дейміз.