472
Пәкістанның босқын қазақтары ел Президенті мен қазақ халқына үндеу жолдады
Пәкістанның босқын қазақтары ел Президенті мен қазақ халқына үндеу жолдады
Ата-бабалары Ауғанстаннан Пәкістанға босып келген этникалық қазақтардың ұрпақтары еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктен қаза тапқан отандастарымыздың жақындарына қайғырып көңіл айтты. Мемлекет басшысы мен ел халқына Карачи қаласындағы 40 отбасы үндеу жариялады.
Үндеуде өз тағдырларын айтып, елдегі бейберекетсіздікке бейжай қарай алмайтындарын, қазақстандықтардың әлемдегі ең бақытты халықтардың бірі екенін де атап өткен. Бұдан бөлек, тарихи Отандарының дамуы үшін халықты ел Президентімен бірге болуға шақырады.
«Біздің көпшілігіміз Карачиде жарық дүниенің есігін аштық. Ата-бабаларымыз Ауғанстанға Кеңес әскері кірген кезде, тағдырдың тәлкегіне түсіп осында босып келген. Бұл үндеуді жолдаудағы басты мақсат – сүйікті Қазақстанымызда болған жаппай тәртіпсіздіктерге бейжай қарай алмадық», – дейді.
«Жүрегіміз де, көзіміз де әсем Алматы мен бірқатар өңірдің ойрандалғанына қатты қынжылды. Біз Пәкістанда өмір сүріп, атамекеніміз Қазақстанның табиғаты мен көрікті жерлері үшін мақтанамыз! Қазақстандықтар әлемдегі ең бақытты халықтардың бірі екенін ұмытпаса екен. Өйткені Алла Тағала атажұртымызға көптеген қазба байлықты нәсіп еткен», – делінген үндеуде.
Олар әрбір сәт сайын тарихи Отанымыздағы жағдайларға алаңдаумен болғанын жеткізеді. Одан бөлек, атамекеніміз де енді мұндай қантөгістер болмасын дейді. Осы үндеумен қандастарымыз қаза тапқан азаматтарымыздың жақындарына, олардың артында қалған жетім-жесір отбасыларына көңіл айтты.
Ел халқын сабырға шақырып, бірлік пен ынтымақта болуларын да атап өтті.
«Бақытты елде өмір сүріп жатқаныңыздың қадірін біліңіздер. Сіздер босқындар өмірінің қаншалықты ауыр әрі тағдырының қиын екенін білмеуіңіз мүмкін. Босқын болып жүрудің қаншалықты қиын екенін білгілеріңіз келсе, біздердің жағдайымызды сұрасаңыздар болады», – деді олар.
Пәкістандағы барша ағайын атажұртымыздың әлі де дамып, басқа елдерден озық болуы үшін Алладан жәрдем тілейтінін жеткізіп жатыр.
«Қазақстанның гүлденуі үшін қазақ халқын ел Президентімен бірге болуға шақырамыз», – деп отандастарына Карачиден ыстық сәлемдерін жолдады.
Қадірәлі САРЫПБЕК