751
Тарихи деректерге неге мән бермейміз?
Тарихи деректерге неге мән бермейміз?
Содан соң үнсіз қалғаным жарамас деп шешім қабылдадым. Сонымен, 2010 жылы Алматы қаласындағы «Арыс» баспасынан шыққан «Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы» кітабының 236-бетінен үзінді келтірейін: «Доспанова Хиуаз Қайырлықызы (15.05.1922 ж.т., Орал қ. 2008, Алматы) – әскери ұшқыш, Халық Қаһарманы, қоғам қайраткері. 1940 ж. Мәскеу медициналық институтына оқуға түскен. Атақты орыс ұшқышы М.Раскова (1912 - 43) басқарған 46-гвардиялық полкіне, 1942 ж. көктемде Е.Бергиадскаяның полкіне қабылданады...» деп дерек келтірген. Ал керек болса, аталмыш еңбекте Хиуаз апамыздың алақандай өмірбаянынан біраз қате таптым. Біріншіден, Хиуаз Қайырлықызы емес, Хиуаз Қайырқызы. Екіншіден, Хиуаз Доспанова Орал қаласында дүниеге келмеген. Ол Орал қаласында соғысқа дейін мектепте оқыған. 2010 жылы Алматы қаласындағы «Өнер» баспасынан жарық көрген «Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары» атты энциклопедиялық жинақтың 80-бетінде: «Доспанова Хиуаз Қайырқызы (15.5.1922, Атырау обл, Құрманғазы ауд, Ганюшкино с. 21.5.2008 ж. Алматы қ.)» деп мәлімет келтірген болса, 2004 жылғы 15 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан Мейрамбек Төлепбергеннің «Қазақтың қаһарман қызы» атты мақаласында «Халқым сыйлайтын, ұрпағымды ұялтпайтын өмір жолынан өтіп келемін» деп ойлаймын, топырағым Атырау облысының Теңіз ауданы ғой. Кейін мектепті Орал қаласында бітірдім»,– дейді Хиуаз Доспанова. Бұл жерде Хиуаз Доспанованың өз сөзіне сенуіміз керек.
Сонымен қатар РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіндегі №1267519437 жазбада Доспанова Хиуаз туралы мәліметті орыс тіліндегі нұсқасын жаза кетейін. Архив құжаты былайша сыр шертеді. Назар аударайық: «Доспанова Хыйуаз (құжатта солай). Год рождения: 1922. Гв. Ст.лейтенант. в РККА с 1941 года. Место рождения: Казахская ССР, Гурьевская обл., Денгизский р-н, с. Ганюшкино».Үшіншіден, Хиуаз Доспанованың атақты орыс ұшқышы «М.Раскова басқарған 46-гвардиялық полкіне, 1942 жылы көктемде Е.Бергиадскаяның полкіне қабылданды» деп жазылған жеріне нақты тоқталып өтейін. Хиуаз Доспанова әуелгіде 1941 жылы әскерге шақырылғанда 46 гвардиялық полкте емес, 588 түнгі жеңіл бомбалаушы авиаполкте қызмет етеді. Оған дәлеліміз Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен [Қор:33. Тізбе:682526. Сақтау бірлігі: 67. Жазба № 11689911] алынған мына құжат. Оқып көрелік. Доспанова Хиуаз 1922 жылы туған. Әскери шені: сержант. 1941 жылдан жұмысшы-шаруа Қызыл Армия қатарында. Әскерге шақырылған жері: Қазақ КСР-і, Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек аудандық әскери комиссариаты. Қызмет орны: Закавказия майданы, 218 түнгі бомбалаушы авиадивизия, 588 түнгі жеңіл бомбалаушы авиаполк. Ерліктің мерзімі: 19.09.1942, 20.09.1942, 25.09.1942-27.09.1942, 10.10.1942, 18.10.1942, 01.11.1942, 06.11.1942.
Закавказия майданындағы 218 түнгі бомбалаушы авиадивизияның 1942 жылғы 26 желтоқсандағы № 3/Н Майдан бұйрығымен сержант Хыйуаз Доспанова «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Бұл құжатта Хыйуаз Доспанованың лауазымды қызметін құжат негізінде орыс тіліндегі нұсқасын жазып отырмын: Назар аударайық: «стрелок-бомбардир 588 ночного легко-бомбардировочного авиационного полка» деп жазған. 1942 жылы 20 желтоқсанда 218 түнгі бомбалаушы авиадивизия командирі, авиация генерал-майоры Попов пен 588 түнгі жеңіл бомбалаушы авиаполк командирі, майор Бершанская қолдарын қойып, Хыйуаз Доспанованы «Қызыл Жұлдыз» орденіне марапатқа лайық деп таныған.
Төртіншіден, Хиуаз Қайырқызын 1942 жылы көктемде Е.Бергиадскаяның полкіне қабылданды деп жазғаны да қате дерек. Жоғарыда ұшқыш жерлесімізді «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынғанда 588 түнгі жеңіл бомбалаушы авиаполк командирі, майор Бершанская құжатқа қол қойғанын жазған едім. Полк командирі Бергиадская емес, Бершанская екенінде ешқандай дау тумауы қажет.
«Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы» кітабын шығарған шығармашылық топтың еңбегін еш етуден аулақпын. Ондай ойым да жоқ. Тек менің жаныма бататыны тарихи деректердің қате жазылатыны. Мұндайда нақты саралап, зерттеп барып жазу қажет деп ойлаймын. Негізінен тарихшылар архив құжаттарына және тарихи тұлғаның өз сөзіне басымдық береді. Сондықтан осындай кітап шығарарда ой елегінен өткізіп, жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс болар. Шынымен де, солай болуы керек. Басқалай алып-қосарым жоқ. Сіз не айтасыз, патша көңіл оқырман қауым?
Ахмедияр БАТЫРХАНОВ, Батыс Қазақстан облыстық тарихи- өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі