Тұрғын үй және құрылыс нарығы.«Қаңтар оқиғасынан» кейін не өзгерді?
Тұрғын үй және құрылыс нарығы.«Қаңтар оқиғасынан» кейін не өзгерді?
Қарқын бәсеңдемеген
Қаңтар оқиғасынан кейін құрылыс саласындағы жұмыстар дереу жанданды, сонымен қатар ең аз зардап шеккен де осы құрылыс секторы болды. Жалпы, еліміздің құрылыс секторы дағдарыс салдарына төзімді екенін байқауға болады. Ресми деректерге қарасақ, экономикалық дағдарыстар кезінде салада тұрақты өсім байқалған. Мысалы, 1997-1998 жылдардағы Азия нарығының құлдырауы кезінде құрылыс саласы 1997 жылы 8 пайызға және 1998 жылы 15 пайызға өскен, ал тура осы кезеңдегі елдің ЖІӨ 1997 жылы бар-жоғы 1,7 пайызға өскен және 1998 жылы 1,9 пайызға төмендеген. Тіпті, 2020 жылы коронавирусқа қарсы шектеу шараларының енгізілуіне байланысты салалардың жұмысы тоқырап қалған кезде құрылыс 11,6 пайызға өскен, ал ел экономикасының өзі 2,5 пайызға төмендепті. Жалпы, мұндай оқиғалардан кейін құрылыс секторы тез қалпына келеді, бұған халықаралық тәжірибе дәлел. Мысалы, 2014-2015 жылдардағы Украинадағы саяси дағдарыстан кейін 2016 жылы құрылыс секторы ең жоғары өсімді көрсетті (+15,2 пайыз), ал ел экономикасының өсуі бар болғаны 2,4 пайыз болған. Бұдан әрі 2017 жылы құрылыс секторы 25 пайызға, 2018 жылы 8,4 пайызға өскен. 2010 жылғы сәуірде Қырғыз Республикасында болған жаппай наразылық пен тәртіпсіздіктен кейін 2011 жылы құрылыс секторы 2,5 пайызға, 2012 жылы 29,7 пайызға, 2013 жылы 16,4 пайызға, 2014 жылы 27,1 пайызға өсіпті.Өткен жылы елімізде 17 миллионнан астам шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Бұл 2020 жылға қарағанда 11,4 пайызға артық. Құрылысқа 2,4 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Барлығы 43,5 мыңға жуық тұрғын үй ғимараты тапсырылды, оның ішінде 1 712 көппәтерлі үй (151 192 пәтер), 41 688 жекеменшік үй және 82 жатақхана. Былтырғы 11 ай қорытындысы бойынша елімізде құрылыс материалдарының өндірісі 9,2 пайызға өсіп, 820,2 миллиард теңгеге жеткен. 2025 жылға дейін Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіретін 165 жаңа зауыт пен фабрика салу көзделіп отыр деген мәлімет те бар. Дегенмен бұл сандар құрылыс материалдар бағасының реттелуі мен сапасының жөнделуіне әсер етіп отырмаған сияқты.
«Күштілердің» қолындағы сала
Құрылыс саласындағы көрсеткіштер мен қарқынға қарамастан, Мәжілістің отырысында Мемлекет басшысы құрылыс саласын қатаң сынға алды. Президент «құрылыс олигархтары да жоғары кабинеттерге кіре алатынын пайдаланып, өз жобаларын жүзеге асыру үшін артықшылықты-привилегиялы шарттарға қол жеткізетінін», олардың қатарына кімдердің кіретінін аты-жөніне дейін білетінін айтты. Салдарынан құрылыс саласын олигополия жайлаған. Сонымен қатар салынған құрылыстың сапасыз екені де қатты сыналады. Президент сынынан кейін бұл саланы ретке келтіру үшін Үкімет ұсыныстар мен тетіктер әзірлеуде. Бұған дейін де саладағы көп түйткілді шешу үшін Үкімет сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін бақылауды автоматтандыруға, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс саласын цифрландыруға кіріскен еді. Жауапты ведомство жұмыс біртіндеп, жүйелі түрде жүзеге асатынын мәлімдеген. Ұлттық заңнамаға өзгеріс енгізілмек. Нақтырақ айтсақ, құрылыс саласын реттеуге, цифрлық технологияларды енгізуге, құрылыс жұмыстарының сапасын арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданады. Шаралардың тағы бір бағыты – үш жылдан бері сөз болып келе жатқан еQurylys құрылыс саласын жүргізу порталы қолданысқа енгізілмек. Жаңа оператор құрылады. ИИДМ мәліметінше, Министрлер кабинеті еQurylys порталының операторы ретінде «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-ны бекітті. – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы «ҚазҚСҒЗИ» АҚ құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерді әзірлеумен, өзектілендірумен және цифрландырумен айналысатынын ескеріп, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-на портал операторы өкілеттігін беру мақұлданды. Осыған байланысты Үкіметтің 2012 жылғы 30 шілдедегі №992 қаулысына толықтыру енгізіліп, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ қызметінің негізгі мәні ретінде аталған порталды жүргізу функциясы айқындалады, – деп түсініктеме берді министрлік. Осы тетік арқылы елдегі барлық құрылыс «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастыруға кірісуі керек. – Қағидаларда құрылыс саласын реттеу мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша құрылыс жүргізуді ұйымдастыруға арналған порталды құру көзделген. Оның шартты атауы – еQurylys. Бүгінде ИИДМ инвестормен бірлесіп, өтеусіз, тегін негізде ол порталды әзірледі. Алайда бұл портал тиімді жұмыс істеуі және құрылыс саласын жетілдіру үшін қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттарды жетілдіру және уақытылы өзгеріс енгізу талап етіледі. Бұдан басқа, порталды өрістету жұмыстары дереу қолға алынуы керек. Оны басқа жүйелермен интеграциялау және порталды пайдаланушыларды техникалық қолдау қажет етіледі, – деп алда жаңа операторды күтіп тұрған жұмыс ауқымын белгіледі ведомство.Бағаның бақылауға көнер түрі жоқ
Жаңадан салынған үйлер саны жыл сайын еселеп артса да, елдегі баспана мәселесі шешілер емес. Елімізде пәтерақы бір жыл ішінде 17 пайызға өскен. Баға, әсіресе тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында қатты шарықтап, 50 пайызға өсті, бір бөлмелі пәтерді бір айға жалдау бағасы елдегі орташа айлық жалақы делінетін сомадан да асып кетті. Осылайша, пәтер сатып алу тұрмақ, оны жалға алудың өзі мұңға айналды. Үй алғысы келіп жүргендердің арманы одан сайын алыстап барады. Қаңтардағы оқиға үй бағасының арзандауына еш әсер еткен жоқ, керісінше бағаның өскені байқалады. Мәселен, krisha.kz дерегінше, Алматы қаласында үйдің 1 шаршы метрінің бағасы өткен жылдың соңына қарағанда, яғни бір айдан аз уақыт ішінде 1,5 пайызға өскен. Осылайша, қалада болған дүрбелеңнен кейін үй бағасы арзандауы мүмкін деген сарапшылардың пікірі теріске шықты. 2021 жылғы шілденің аяғымен салыстырғандағы өсім тіпті көп – 23,9 пайыз. Мұндай жағдай басқа қалаларда да байқалады. Бағаның өсуіне қарамастан, халықтың ипотекалық несиесі қарқынды түрде өсіп барады. Елдегі ипотекалық қарыз сомасы ай сайын рекордтық көрсеткішті жаңалап келеді. Мәселен, желтоқсанда рәсімделген ипотеканың орташа мөлшері 13,8 млн теңгеден асты (ҚР бойынша орташа). Бір жыл ішінде орташа чек 2,8 млн теңгеге өсті. Мұндай мәліметтерді бірінші несие бюросы ұсынды. Яғни, бір жыл ішінде елде орташа ипотекалық несие 26 пайызға өскен. Жалпы, 2021 жыл пәтер бағасы сан рет құбылған жыл ретінде есте қалатын сияқты. Жылдың басында зейнетақы жинағының бір бөлігін үй алу үшін пайдалану мүмкіндігі пәтер бағасын 15-тен 30 пайызға дейін өсіріп жіберді. Осылайша, халық игілігі үшін іске асуы керек болған бастама, керісінше жағдайды шиеленістіріп жібергендей болды. Осы кезде «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова бұл бастапқы кездегі дүрбелең, біраз уақыттан соң баға өткен жылғы көрсеткіштерге қайта оралады, күту керек екенін айтқан еді. Дегенмен бұл болжам теріске шықты. Ал биыл баспана бағасының арзандайтынына бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов сенімді болған еді. – Баға түседі. Мен министр ретінде осы бағытта жұмыс істеп жатырмын. Ал бағаның өсіп жатқаны, әрбір транзакциядан кейін кейбір компаниялардағы пәтерлердің бағасын көтеретін жасанды интеллектке байланысты, бұл – дұрыс емес. Біз толық спектрін қарастырып жатырмыз. Монополияға қарсы комитетпен бірлесе отырып, бір шаршы метр баспана қанша тұратынын жақсы білеміз, кейбір компаниялар оны екі есе қымбаттатты, – деді министр. Енді бұл бағыттағы жұмысты жаңа министр Қайырбек Өскенбаев жалғастыратын болады. Әзірге бағаны реттеуге емес, салдарымен күресуге көңіл бөліне бастағаны байқалады.Пәтерақының жартысын мемлекет төлемек
Енді Үкімет мұқтаж жандарды қолдау ретінде пәтер жалдау ақысын субсидияламақ. Яғни, пәтерақының тең жартысы бюджет қаражатынан өтелсе, қалған бөлігін жалға алушы өзі төлейді. Оған 50 миллиард теңге қарастырылып отыр. Үкімет басшысы бағдарламаны биыл мамырға дейін іске қосуға тапсырма берді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алғаны үшін берілетін төлемді табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен (36 018 теңге), жергілікті атқарушы органдарда пәтер кезегінде тұрған азаматтарға беру ұсынылмақ. Яғни, көпбалалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырғандар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар көмек ала алады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде 70 мың азамат айтылған санаттарға жатады. Ал жалпы елімізде 590 мыңдай адам тұрғын үй кезегінде тұр екен. Соның 210 мыңы – тұрмысы төмен азаматтар. Көмек алу үшін алдымен үй қожайынымен келісімшартқа отыруы керек. Онда ай сайынғы төлемнің сомасы көрсетілуі тиіс. Төлем 1 жыл бойы беріледі. Осы уақытта үй кезегі келмеген болса, төлемді әрі қарай создыруға болады. Осылайша, Үкімет үй кезегінде тұрған мұқтаж жандарға аз да болса көмек көрсетпек. Тек біздегі «есіктен-есікке» жүгіртіп қоятын қағазбастылық әдеті кесірін тигізбесе дейміз. Жоғарыда айтылған «бір терезе» қағидаты осы мәселеге де керек екені анық. Моноқала тұрғындарына жеңілдік қарастырылады Бұдан бөлек, елімізде 10 пайыздық бастапқы жарна және 5 пайыздан аспайтын үстемеақы мөлшерлемесімен жеңілдетілген ипотека әзірленіп жатыр. Ол даму қарқыны бәсеңдеп қалған моноқалалардың тұрғындарына арналған. Бұл бастаманы іске қосу осы жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Бұл туралы «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Айдар Әріпханов мәлімдеді. Бағдарлама операторы «Отбасы банк» мәліметінше, тұрғын үй заемын 20 жылға алуға болады. Алдын ала есептеулер бойынша, бағдарламаны іске асыруға жыл сайын шамамен 11 млрд теңге бөлінеді. Жаңа үйлердің құрылысы қарқынды болғанымен, баспаналы болғандардың қатары көбейер емес. Құрылыс материалдарының бағасы қаншалықты артса, соншалықты сапасызданып барады. Жалпы, еліміздегі құрылыс саласы мен тұрғын үй нарығында мәселе қордаланып қалған. Бұл мәселелер бұған дейін де үздіксіз көтеріліп жүрді, алаңға шыққан халықтың шағымы ретінде де айтылды. Баспана нарығы қатаң бақылауға алынып қана қоймай, түйткілдердің түйіні де тарқатылса дейміз: ескі проблемалармен жаңа қоғам, жаңа мемлекет құру мүмкін емес екені анық.