Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған жаңа қадамдар
Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған жаңа қадамдар
«Nur Otan»: нақты іске көшер кез келді
28 қаңтарда «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезі өтті. Онлайн форматта өткен жиынға Президент, Тұңғыш Президент – Елбасы, Президент Әкімшілігінің басшылығы, партияның Саяси кеңесінің мүшелері, партия Төрағасының бірінші орынбасары қатысты. Жиын қарсаңында партияның Саяси кеңесінің қаулысымен бекітілген күн тәртібіне сәйкес қатысушылар үш мәселені қарады: 1. Партияның Төрағасын сайлау туралы; 2. Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы; 3. Саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу туралы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен және дауыс беру рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты «Nur Otan» партиясының Төрағалығына сайлау туралы съезд қаулысы қабылданды. Содан кейін Мемлекет басшысы жиынға қатысушылар алдында сөз сөйледі. Президент «Nur Otan» партиясына төрағалық ету аса жауапты жұмыс екенін айтып өтті. Одан бөлек, «қаңтар оқиғасын» тағы бір еске салып, мұндай қасіретке енді жол берілмейтінін, қазір кінәлілерді анықтау үшін тергеу-тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді.
– Құзырлы органдар кінәлі адамдарды анықтап, жауапқа тарту үшін тергеу жүргізуде. Бұл жұмыс тек заң аясында жүзеге асырылатынына күмән болмауға тиіс. Бәрі Бас прокуратураның және менің жеке бақылауымда болады. Адам құқығын міндетті түрде сақтаймыз. Бұдан былай мұндай қасіретке жол бермейміз, – деген Президент қоғамдық құндылықтар жүйесіне, саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларға түбегейлі өзгеріс енгізу қажет екенін тағы бір рет айтты. Президент елімізді жан-жақты жаңғырту үшін ұсынылған ауқымды мәселені еске салды. Оның ішінде «Nur Otan» реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысуға, Қазақстанды қарқынды түрде қайта құрудың және жаңартудың негізгі қозғаушы күші ретінде әрекет етуге тиіс екенін айтып, партияны қайта құру қажеттігіне назар аударды. – Бұл үшін «Nur Otan» өзін-өзі жаңартуы керек. Партияның бүкіл жұмысын сөз жүзінде ғана емес, түбегейлі қайта құру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қасым-Жомарт Тоқаев партия мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамауы керек екенін де еске салды. – Партияның өміршеңдігі сайлауалды уәделердің қаншалықты орындалатынына байланысты екенін түсіну керек. Менің ойымша, шындыққа жанаспайтын және орындалмайтын уәде бермеген абзал. «Арық айтып, семіз шыққан» жөн. Ақиқатқа тура қарау қажет. Сондықтан партия Үкіметпен және әкімдіктермен бірлесе отырып, сайлау алдындағы уәделердің орындалуын түбегейлі қадағалауы керек, – деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Президент партияның ұйымдық құрылымын қайта қарауды, атап айтқанда бірінші орынбасар лауазымын атқарушы хатшы қызметімен алмастыруды, сондай-ақ тиісті бағыттар бойынша басқа да хатшылардың лауазымдарын қайта қарастыруды тапсырды. Президент Мәжілістегі партияның фракциясын қайта қарау, партия мүшелерінің өңірлердегі өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге атсалысуын күшейту, қоғамдық қабылдаулар қызметін жандандыру, партияның сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі стратегиясын жаңа мазмұнда толықтыру, партия құрамындағы толып жатқан тиянақсыз, табансыз, мансапқұмар тұлғаларды орындарынан алу, сондай-ақ партияның «Jas Otan» Жастар қанатының жұмысын сапалы түрде күшейту қажет деп санайды. Одан бөлек, Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламалардың іс жүзінде орындалғанына сенімсіздік білдіріп, нақты іске көшу керек екенін баса айтты. Президент жыл соңына қарай жаңа төраға тағайындалуы мүмкін екенін де атап өтті. Съезден соң партияның Саяси кеңесінің құрамы жарияланды. 31 қаңтарда партияның Саяси кеңесінің қаулысымен (Жарғының 9.4. тармағына сәйкес) «Nur Otan» партиясының Саяси кеңес бюросының жаңа құрамы бекітілді. 2 ақпан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Байбекке «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары лауазымындағы көп жылғы жұмысы үшін алғыс айтты.Президент сұхбат берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «қаңтар оқиғасына» байланысты кейбір сұраққа жауап беріп, алдағы жоспарларын бөлісіп, көлемді сұхбат берді. Сұхбат 29 қаңтарда республикалық телеарналардан көрсетілді. Президент бүлікті кімнің ұйымдастырғанын, неліктен 20 мың содыр шабуылдады деп мәлімдеме жасағанын, ескертусіз оқ атуға бұйрық беруіне не себеп болғанын айтып берді. Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы қызметі қалайша өткенін де тілге тиек етті. Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан әскер алдырғаны үшін Ресейге қарыз болып қалды ма? Қытаймен арадағы қарым-қатынас қалай өрбуі мүмкін? Жақында Парламент те тарауы мүмкін бе? Президент осы сияқты сауалдарға жауап берді. Сұхбат қоғамда қызу талқыланды. «Президент неге мемлекеттік емес, орыс тілінде сұхбат береді?» деген сауал туындады. Бұл сұраққа Президенттің баспасөз хатшысы жауап берді. – Аталған сұхбат әлемдік аудиторияға арналған. Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға әлемдік қоғамдастық қызығушылық тудырып отыр. Сондықтан тақырыптың өзектілігін ескере отырып, сұхбаттың мейлінше кең таралуын көздедік. Қаңтар айында шетелдік (Ресей, Еуропа, АҚШ) ірі бұқаралық ақпарат құралдарынан Мемлекет басшысының атына сұхбат беру жөнінде көп өтініш түсті. Алайда Президенттің жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты біз тек «Хабар24» телеарнасымен ғана шектелуді жөн көрдік. Отандық БАҚ-қа берілетін келесі көлемді сұхбат міндетті түрде қазақ тілінде болады, – деді Берік Уәли.Жаңа Мәжіліс Төрағасы тағайындалды
1 ақпанда Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин өз еркімен қызметінен кетті. Естеріңізде болса, ол өткен жылы қаңтарда бұл лауазымға қайта сайланған еді. Нұрлан Нығматулин үш шақырылым бірге жұмыс істеген барлық депутаттарға осы жылдар ішінде қолдап, сенім білдірген сайлаушыларға, аппарат қызметкерлеріне, барлық қоғамдық ұйым өкілдеріне, Мәжіліске кірмеген саяси партияларға, Мәжіліс жұмысын насихаттаған журналистерге, сарапшыларға алғыс білдірді. – Биыл Мәжіліс Төрағасы болғаныма 10 жыл толып отыр. Үш шақырылым төраға болдым. Бұл, әрине аз уақыт емес. Осы уақыттың ішінде еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене араласып, елімізге, халқымызға қажетті, сапалы заңдар қабылдау жолында бірлесіп, аянбай еңбек еттік. Бұл жолда, ең алдымен Елбасымыз, «Nur Otan» партиясының негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевқа, қазіргі Мемлекет басшысы, партиямыздың Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа маған осы жылдарда бірнеше лауазымды қызметті сеніммен тапсырып, әрқашанда қолдау көрсеткені үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді Нұрлан Нығматулин. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен Парламент Мәжілісі депутатының бос мандаты «Nur Otan» партиясы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ерлан Қошановқа берілді. Осыдан кейін депутаттар Ерлан Жақанұлын Парламент Мәжілісінің Төрағасы етіп сайлады. Ерлан Қошанов тағайындалғаннан кейін пікір білдіріп, Мәжіліске жетекшілік ету ерекше мәртебе екенін атап өтті. – Өмір жолымның бірқатар уақыты осы Парламент қабырғасында өтті. Сіздердің сенімдеріңіздің арқасында осы абыройлы жұмысты жалғастырамыз деп ойлаймын. Парламент Мәжілісіне жетекшілік ету – ерекше мәртебе. Бұл – Қазақстан халқы мен Мемлекет басшысының алдындағы үлкен жауапкершілік, – деді ол. 59 жастағы Ерлан Қошанов бұған дейін түрлі қызмет атқарған. Бұдан бұрын Президент Әкімшілігін басқарған. Мамандығы – инженер-механик. Еңбек жолын «Жезқазған түсті металл» фабрикасында қарапайым жұмыскерден бастап, бас маман, бөлім бастығы, орынбасар, төрағалыққа дейін жетті. Азаматтық авиация комитетін, Премьер-Министрдің кеңсесін басқарды. Әр жылдары депутат болды. Қарағанды облысының әкімі болған.Өзге де ауыс-түйіс
Бұл аптада да ауыс-түйіс аз болған жоқ. Солардың ең басты дегендеріне тоқталып өтейік. 31 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласының әкімі лауазымынан босатылды. Себеп Сағынтаевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты деп айтылған. «Қаңтар оқиғасы» кезінде әкімнің халықтың алдына шықпауы елдің наразылығын тудырып, әкімді орнынан алып тастау туралы онлайн петиция жарияланған еді. «Қаңтар оқиғасынан» үш күн өткен соң Сағынтаев мәлімдеме жасап, алаңға келе жатқанда көлігіне шабуыл жасалғанын айтқан болатын. Бірақ бұл мәлімдеме халық арасында екіұдай пікір тудырды. Естеріңізге сала кетейік, ол Алматы қаласын 2019 жылғы маусымнан бері басқарып келді. Бақытжан Сағынтаевтың орнына Ұлттық банкінің төрағасы қызметін атқарып келген Ерболат Досаев тағайындалды. Бұл тағайындауға да халық оң қабақ таныта қойған жоқ. Досаевтың кезінде жерді сату мен жалға беруді қолдағанын, Денсаулық сақтау министрі болып тұрғанда Шымкентте даулы «Вич оқиғасы» болғаны айтылды. Естеріңізде болса, 2004 жылы ол Денсаулық сақтау министрі болып тұрғанда Шымкент қаласында 150 бала Вич жұқтырды, осы себепті отставкаға кетті. Ал Ұлттық экономика министрі болып тұрғанда 1,7 млн гектар ауылшаруашылық жерін аукционға қою туралы заңды дайындады. Сонымен қатар жаңа әкімнің Forbes нұсқасы бойынша 2013 және 2014 жылдары Қазақстанның ең бай 50 адамының тізіміне енгені де сөз болды. Қорыта айтқанда, Алматы халқының үмітінен гөрі күдігі басым болып тұр. Одан бөлек, Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Нұртілеу Президент Әкімшілігінің Басшысы лауазымына тағайындалды. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарған. Ләззат Қалтаева Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды. Роман Василенко Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Ерлан Әлімбаев Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін атқаратын болады. Еркін Тұқымовқа Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры лауазымы сеніп тапсырылды.Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру
1 ақпанда Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сөз сөйледі. Мемлекет басшысы заң үстемдігін күшейтіп, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен жемқорлықтың тамырына балта шабу керек екенін айтты. Президент соңғы жылдары бірқатар маңызды қадам жасалғанына назар аударды. Ол соттардың сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданғанын, кейінгі үш жылда 174 судья жұмыстан шығарылып, не болмаса лауазымы төмендетілгенін баса айтты. Қылмыстық процестің үш буынды үлгісі енгізілді. Нәтижесінде, прокурорлар былтыр 3,5 мыңға жуық адамның қылмыстық процеске негізсіз тартылуына жол берген жоқ. Басқа да бірқатар институционалдық шара жүзеге асырылды. – Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша әзірленген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын бекітетінін мәлімдеді. Бірақ жұмыстың тиімділігі нақты нәтиже бойынша бағаланады. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жұмысынсыз сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу мүлде мүмкін емес деп санайды. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады. – Бұл жерде ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректердің анықталғанын атап өтуге болады. Кейінгі бес жылда мемлекет аграрилерді қолдау үшін 2 триллион теңге бөлді. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда. Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылым жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жемшөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек, – деді Президент. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық бағытын түбегейлі қайта қарауға шақырды, сондай-ақ уәкілетті органдардың алдына бірқатар міндет қойды. Оның пікірінше, кәсіпкерлер мен жұртшылықтың сыбайлас жемқорлық деректері бойынша берген өтініштері негізінде жүйелі жұмыс жүргізу қажет. – Кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жемқорлықпен күресуге баса мән беру керек. Жауапты министрліктер осы бағыттар бойынша жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуі қажет. Бұл жоспарды бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мұқият пысықтап, ұсынуды тапсырамын. Барлық іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісу қажет. Құзырлы органдардағы бірінші басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтын боламын, –деген Президент мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың тұтас жүйесін қайта қарауды да басты назарға алуды тапсырды. Президент мемлекеттік сатып алуларға беделі бар, тиісті техникасы бар, білікті жұмысшылары бар, салықты уақытылы төлейтін өндірушілер қатысуы керек екенін айтты. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындаған кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қорытынды анықтамасын міндетті түрде талап ету қажеттігін айтты. Сонымен қатар енді мемлекеттік қызметшілердің қымбат дүниелер сатып алуы да қатаң бақылауға алынады. – Еліміздің құқықтық жүйесі үшін мүлде жаңа институттар бар. Мемлекеттік қызметшілердің жылжымайтын мүлік, автокөлік және басқа да қымбат дүниелер сатып алуы қатаң бақылауға алынады. Сонымен қатар шенеуніктердің адалдығын тексеруге арналған Integrity check әдісін атап өтуге болады. Әрине, бұл ұсынысты әлі де жан-жақты пысықтау қажет. Дегенмен халықаралық тәжірибеде мұндай тексерістер жақсы нәтиже көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы. Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған өткен аптадағы саяси қадамдар осындай болды. Халық түбегейлі өзгеріс біртіндеп, кезең-кезеңімен болатынынан үмітті. Әсіресе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында атқарылады делінген міндеттер жүзеге асса, ел үшін серпіліс, үлкен бетбұрыс болары сөзсіз. Ділда Уәлибек