50518
Дәрігерлер жүкті әйелдің бауырынан бір уыс құрт алды (ВИДЕО)
Дәрігерлер жүкті әйелдің бауырынан бір уыс құрт алды (ВИДЕО)
Науқастың ішкі ағзасындағы паразитті жою үшін медицина мамандары бір мезетте екі операция жасаған, деп хабарлады turkystan.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Шұғыл ота жасалған 19 жастағы келіншек жүктіліктің 37 аптасында болған. Оң жақ қабырғасы қатты ауырғасын дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. Тексеру кезінде мамандар аяғы ауыр келіншектің бауырынан бірі - 15 см, екіншісі - 10 см болатын эхинококк кистасын анықтаған. Жағдайы ауырлаған әйел мен оның баласын аман алып қалу үшін дәрігерлер оны алдымен кесарь тілігі арқылы босандырған. Артынша хирургиялық жолмен науқастың ішінен бір уыс құртты алып шыққан. Күрделі ота жасалған әйел біраз күн ауруханада емделеді. Ал оның сәбиі қазір перзентханада.
«Бұл ауру өте баяу өршиді. Негізінен, ешқандай белгілері байқалмайды. Ауру сезімі тек құрттың көлемі үлкейгенде барып білінеді. Эхинококк негізінен мал өнімдерін шала пісіріп жегенде және ит-мысықтардан жұғады. Жалпы, қазір ананың да, баланың да жағдайы бірқалыпты. Отадан кейін асқыну белгілері болмады», - деді Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мақсұт Аймағамбетов.