50614
Нобель сыйлығының иегерімен бірге қатерлі ісікті зерттеген қазақ
Нобель сыйлығының иегерімен бірге қатерлі ісікті зерттеген қазақ
Қытайда өсіп-өнген қазақ дәрігерлерінің ішінде тың жаңалық ашып, әлем жұртшылығын таң-тамаша етіп жүргендер жетерлік. Тіпті, емін табу қиынға соғатын кеселдің жолын кесер амал-айласын ойлап тауып, ғылыми ізденіс үстінде жүргендер де бар. Соның бірі – Саяхат Берікқажы. Өзі туып-өскен Шыңжаң өлкесінде қазақтардың қылтамақпен жиі ауыру себебін зерттеу үшін дәрігер мамандығын таңдаған ол қатерлі ісікті емдеудің ерекше жолын ойлап тауып, 2018 жылы физиология мен медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын алған әйгілі америкалық ғалым Джеймс Эллисонның жетекшілігінде жұмыс істеген. Қазір Канаданың Торонто қаласындағы орталықта жұмыс істейтін қандасымызға хабарласып, әңгіме өрбіткен едік.
– Шетелде обыр ауруын ауыздықтауға күш салып жүрген қазақ дәрігерлерінің бірісіз. Емін табу қиын бұл дерттің дендеп кетпеуіне үлес қосуыңызға сіз өсіп-өнген орта себепші болды ма?
– Дәл солай. Әңгімені әріден бастасам, мен – Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Толы ауданының перзентімін. Онда орта мектепті бітірген соң, Үрімжі қаласындағы Шыңжаң медицина университетінде білім алдым. Содан соң өз ауданымда орналасқан қазақ медициналық ауруханасында үш жыл жұмыс істедім. Арғы аталарым өңірге белгілі емші-сынықшы болған. Әкемнің немере інілері де саналы ғұмырын медицина саласына сарп еткен. Олардың еңбегі туралы естіп-біліп, көріп өскен мен болашағымды дәрігер мамандығымен байланыстыруды жөн санадым. Бірақ 2014 жылы өзім оқыған университеттің магистратура бөліміне оқуға түсіп, зерттеу ісіне бет бұрдым. Біле білсеңіз, Қытайдың Алтай, Іле, Тарбағатай сияқты үш үлкен аймағында қазақтар көп қоныстанған. Сол жерде тұратын қазақтар өңеш обыры, біздің тілмен айтқанда қылтамақпен жиі ауырады. Қазақ арасында бұл кеселдің кең таралғанын зерттеп жүрген қытайлық профессордың арнайы кафедрасында білім алуды ұйғардым. Онда оқыған үш жыл ішінде біраз нәрседен бейхабар екенімді, білімімнің таяз екенін білдім. Көп нәрсені терең түсініп, көзім ашылды десем болады. Осылайша, бұл аурудың алдын алу жолдарын тағы да біле түсу үшін докторантурада білімімді жалғастыру қажет екенін түсіндім.
– Бірақ сол аралықта Қазақстанға келіп жұмыс істеуді ұйғарыпсыз. Десе де, елге келген соң әлдебір кедергі туындады ма? Неге Шыңжаңға қайта кетіп қалдыңыз?
– Қытайда түлек саны көп болғандықтан, «докторантураға оқуға түсе алмай қалсам, қайтемін?» деген сұрақ маза бермей қойды. Сөйтіп, дұрысы, тарихи Отанымыз Қазақстанға барып тұрақтаған жөн болар деп шештім. Ол жақта бірден жұмысқа алатын танысым жоқ қой. Сондықтан Қытайда жүріп, жұмыс іздестіре бастадым. Қытайдағы дәрі-дәрмек әзірлеумен айналысатын ірі зауыттың Алматыда филиалы бар екенін білген соң, алғашында сонда жұмысқа тұрған жөн болар деп ойладым. Ол зауыттың Қытайдағы басшысына хабарласып, ол талап еткен барлық емтиханнан өтіп, ақырында Алматыға баратын болдым. Достық стансасына жақын орналасқан ауылыма барып, ата-анаммен қоштасып, шекараны кесіп өткелі тұрған сәтте университеттегі оқу бөліміндегілер докторантураға түскенімді хабарлады. Не істерімді білмей, әкемнен ақыл сұрағанымда Қазақстан атажұрт болса да, бейтаныс ортаға бара жатқанымды ескертіп, оқуымды жалғастырған жөн екенін баса айтты. Десе де, сол сәтте Қазақстанға барып, жұмыс істеп көру деген құлшыныс бәрінен биік тұрды. Бірақ «Мен ұрлық істегенде ай жарық болды» демекші, елге табан тірегенде бірнеше тосқауылға тап болдым. Келісілгендей, Алматыдағы филиалдың жетекшілерімен кездескен соң олар мені өндіріс бөлімінің сапасын тексеруге жауапты жетекші етіп тағайындамақшы болды. Бірақ кадр бөліміндегілер республика аймағында тұрақты тұруға рұқсат беретін ықтиярхат алып келуімді сұрады. Маған дейін елге оралған қандастар бұл құжатты оп-оңай алып жүрген екен, ал дәл мен барған уақытта ел ішінде екі жыл бейімделіп, сосын ғана ықтиярхат беруге мүмкіндік беретін «қитұрқы» заң өз күшіне енді. Елде еш кедергісіз жұмыс істеу үшін қолымнан келгеннің барлығын жасадым, араға таныстарды да салдым. Бұдан ештеңе өнбеген соң Қытайға қайта оралуға мәжбүр болдым.
– Ал докторантурадағы оқуыңызды жалғастыра алдыңыз ба?
– Иә. Мен елден келгенше орным сақтаулы тұрды. Осында келген соң, ғылыми ізденіске бұрынғыдан бетер ден қоя бастадым. Бірде Шыңжаңдағы жергілікті университеттердің бірінде Американың Айова университетінде профессор қызметін атқаратын біздің ауданның тумасы Қасым Қабылқақ дәріс оқитынын естідім. Ол кісінің жұмысы мен зерттеп жүрген өңеш обыры ауруына қатысы бар болған соң сол дәрістің маған пайдасы тиер деп, барып қатыстым. Дәріс кезінде Қасым ағаға ағылшын тілінде сұрақ қойып, көкейімде жүрген бір мәселені қозғадым. Дәріс аяқталған соң сыртқа шыққалы тұрсам, есік алдында тұрған орта жастағы бір кісі менімен жақын танысқысы келетінін айтты. Сөйтсем, Америкадағы Хьюстон университетінің профессоры, ұлты қытай Пейджинг Ян әлгі аурудың емдеу шараларынан хабардар екеніме таңғалғанын айтып, Америкадағы М.Андерсон атындағы онкологиялық орталықта бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Өзі арнайы шақыру жіберді, ол кезде төлқұжат алу қиын, бірақ оған да өзі көмектесті. Сөйтіп, Америкадағы сол орталықта екі жыл жұмыс істеп, кейін Шыңжаңға қайтып, кандидаттық диссертация қорғадым. Сосын ақыры ғылым жолына түскен соң, соңғы меже постдокторантурада тәжірибе жинақтайын деп, Америкадағы әлгі орталыққа жұмысқа тұрдым. Айта кетерлігі, сол орталықта жұмыс істеген иммунолог әрі ғылыми жетекшім болған Джеймс Эллисон әріптесі жапондық Тасуку Хондземен бірге қатерлі ісікпен күресуде жаңа әдіс ойлап тапқаны үшін 2018 жылы физиология мен медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын алған болатын. Мұның маған тигізген ықпалы зор екені айтпаса да түсінікті. Күнде көріп жүрген жетекшілерімнің бірі Нобель сыйлығын иеленгенін естігенде ерекше қуандым. Бұл ғылыми жұмысыма жақсы база қалыптастырып бергенін айта кеткен жөн. Сосын бір жарым жылдай Техас университетінде жұмыс істейтін қандасымыз, профессор Асқар Әкімжановтың зертханасында жұмыс істедім. Ол жерде жемісті жұмыс істей беруге болатын еді, алайда маған берілген виза ережесі бойынша Америкада тек бес жыл уақыт тұра аламын. Оны ұзарту үшін жұмыс берушің кепілхат жазып, оған сен туып-өскен жердің консулдығы қарсылығы жоқ екенін растайтын қайтара хат жолдауы тиіс. Асқар ағай шама-шарқы келгенше көмек қолын созып, алаңсыз жұмыс істеуіме мүмкіндік жасағысы келді. Амал қанша, бұл әрекетімізден түк шықпады. Сөйтіп, басқа елдерден жұмыс қарастырып, нәтижесінде әлем бойынша алдыңғы қатарда тұрған Ұлыбританияның Оксфорд университетінде қанға түсетін паразит құрттарға қарсы вакцина әзірлеу орталығынан, Шотландия университетіндегі үлкен зертханадан және Канададағы Торонто университетінің жанындағы госпитальдан шақыру келді. Барлығын таразылай келе, таңдауым соңғы мекемеге түсті. Бәсі биік Оксфорд университетіндегі орталықты неге таңдамадыңыз деп сұрағыңыз келсе, Торонтодағы орталықта мен тыңғылықты зерттеп жүрген иммунитеттің ағзаға кері реакция беруіне баса көңіл бөледі. Қазір мұнда иммунитет әлсіздігінен пайда болатын ауру механизмдерін, сондай-ақ метаболизм процесін жақсарту, диабет, семіздіктің алдын алу тәсілдерін ойлап табумен айналысамын, сонымен қоса түрлі генетикалық зерттеу жүргіземін.
[caption id="attachment_162852" align="alignnone" width="1920"] 2018 жылы физиология мен медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын алған әйгілі америкалық ғалым, ғылыми жетекшісі Джеймс Эллисонмен бірге[/caption]
– Әңгіме басында Қытайда тұратын қазақтар арасында қылтамақтың кең таралғанын, бұл кеселдің ел ішін жайлап кетуіне не себеп екенін қытайлық дәрігерлердің арнайы зерттегенін айтып қалдыңыз. Ал өзіңіз мұның себебі неде екенін біле алдыңыз ба?
– Шыңжаң жақта 56 ұлт өкілі тұрады. Жүргізілген зерттеуге сенсек, сол 55 ұлттың ішіндегі мың адамның бірі ғана обырмен ауырса, ал мың қазақтың ішінен 31 адам осы ауруға шалдыққан.Мұның себебі көп. Біріншісі, бұл – тұқым қуалайтын ісік. Ал ол бәле тұқымға қалай «енеді» дейсіз ғой? Ол біздің өмір сүру салтымыз, тамақтану тәртібіміз арқылы «жайғасып» алады. Біз қазақ халқы шайды ып-ыстық кезінде ішкенді құп көреміз. Суып қалған сорпаны да тамақ құрлы көрмейміз. Бізге барлығы ыстық күйінде берілуі керек. Ал ыстық судың салдарынан өңештің бетіндегі перде қабықтары зақымдалып, ақырында қатерлі ісік туындайды. Біле білсеңіз, адам ағзасында обыр жасушалары өмір сүреді. Адамның иммун жүйесі мықты болса, ол жасушалар өспей, белсенділік танытпайды. Ал бірақ әр төрт сағат сайын ыстық су іше берсең, жоғарыда мен айтқан өңештің бетіндегі перде бірте-бірте жыртылып, ар жағында өсіп тұрған ет ісіп, жара пайда болады. Ал үстіне үнемі ыстық су құйыла берген соң ол жараның жазылуына да «мұрша» жоқ, сөйтеді де обыр жасушалары өсе бастайды. Екінші себеп – біз ата-әжелеріміз үйреткендей етті қақтап, тұздап сақтағанды, жас еттен гөрі сүр еттен тамақ әзірлегенді жөн санаймыз. Құртты да әбден кептіреміз. Өзіңіз білетін боларсыз, сүрленген ет пен кептірілген құрт біраз уақыттан соң көгере бастайды. Тіпті, етке құрт түседі. Ал көгерген, құрт түскен жерде химиялық улы зат пайда болады. Сол улы зат адам ағзасына түскен соң обыр жасушаларын қоздырады. Бірақ біз құрт не ірімшіктің көгерген тұсын көрсек те, алаңсыз жей береміз. Өзім мал шаруашылығымен айналысатын өлкеде өскен соң етті қалай сақтайтынын жақсы білемін. Ондай жерде ет сақтайтын тоңазытқыш қайдан болсын?! Оның үстіне, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында, мал семірмеген кезде анамыз ұнның ішіне сақталған сүр етті алып, бізге асып береді. Ал сүр ет асқазан мен бауырға кері әсер етеді. Сол себепті көпшілік сүр еттің пайдасынан гөрі зияны көп екенін білсе екен деймін. – Құрт демекші, өзіңіз секілді Шыңжаң медициналық университетінде білім алған Әбдібек Қалибек бізге берген сұхбатында Жапонияда құрттың суынан 16 түрлі пайдалы қоспасы бар дәрі әзірлеп жатқанын айтып еді. Байқағанымыздай, Қытайдағы қандастар қазақ медицинасының қыр-сырын бізден жетік білетін секілді. – Расымен, Қытайда тұратын қазақтардың қазақ медицинасынан хабары көп. Әсіресе, мен туып-өскен Толы ауданындағы қазақ медициналық ауруханасының ашылуына мұрындық болған, есімі бүгінге дейні ел аузында жүрген сынықшы Қали атаның ашқан жаңалығы көп. Ол кісінің айтқандарын қазір сізге әңгімелесем, тіпті бір күнде тауыса алмаймын. Жалпы, бұл туралы Қытайда жұмыс істеп жүрген мықты қандастарымызбен әңгіме өрбітсеңіз, аузыңыз ашылып, таң-тамаша боласыз. Тағы бір айта кетерлігі, халық даналығының айғағы саналатын «Шипагерлік баяны» атты кітап жазған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы XV ғасырда қалқанша безінің ісіп кетуінен пайда болатын ауруды зерттеп, оны қорқаншақ без деп атаған. Ал 1895 жылы неміс ғалымдары мұның салдарын зерттеп, оған басқаша атау берген. ХІХ ғасырда Қытай медицина өкілдері де мұны өз бетінше зерттеген. Ал Өтейбойдақ атаның XV ғасырда аталған аурудың емдеу жолдарын жетесіне жеткізіп тұрып түсіндіріп бергенін ескере тұра, қазақ медицинасы дамымаған деп айта аласыз ба? Ол кісілер сол кезде-ақ вакцина егудің жолдарын жақсы білген. Ойлап көріңізші, дүниежүзі вакцинаның не екенін осы ғасырда біліп жатқанда, қазақ медицинасының өкілдері сол кездері-ақ екпе жасап, күллі әлемге беймәлім ем-дом жасап жүрген. Өкінішке қарай, қазақ медицинасының әлеуетін көпшілік біле бермейді, әсіресе халықаралық дәрежеде танылмай жатқанына ішің ашиды. Десек те, Шыңжанда осы мақсатты көздеген қазақ дәрігерлер қоғамы ашылған. Онда жұмыс істейтін профессорлар қазақ медицинасындағы ерекшеліктерді әлемге танытқысы келеді. Қазір олар шама-шарқы келгенше зерттеу жүргізіп жатыр, бірақ «Міне, бізде мынадай дәрі бар. Мынау мынадан алынған. Анау мына нәрсенің қоспасынан әзірленген. Біздің медицина әлемінде ашқан жаңалығымыз осы!» деп жар салу үшін әлі де уақыт керек. Мен де қазақ медицинасының ілгерілеуіне үлес қосқым келеді. Өз білгенімді, оқыған-тоқығанымды өскелең ұрпаққа үйретсем деймін. Әлі де үйренерім көп. Өзіме не керек екенін болжап қарасам, медицинадағы ізденіс жолым ұзаққа жалғасатын секілді. Десе де, Қазақстанда обыр ауруы, иммун жүйесінің нашарлауынан туындайтын кеселдерді зерттейтін орталықпен байланыс орнатып, тәжірибемді ортаға салғым келеді. Ондай мүмкіндік туса, қуана-қуана барушы едім. Лайым, сондай сәт туса екен!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ