582
Өтер жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп
Өтер жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп
Тағы бір күнтізбені түгесіп, өткен күннің есебін түгендейтін уақыт та жылыстап жетті. Биыл ел егемендігіне 30 жыл толды. Тек бір жылды емес, содан бергі уақытты қорытындыладық. Сонымен, 2021 жыл несімен есте қалды? Қандай елеулі оқиғалар болды?
Індет құрсауындағы екінші жыл Індет құрсауында тағы бір жыл өтті. Биыл да денсаулық сақтау саласы ең көп талқыланған, ең көп сыналған басты назардағы сала болып қалды. Коронавирустың «гамма», «дельта», «омикрон» сияқты түрлі штамдары пайда болды, күрес одан әрі жалғасты. Ақпан айынан бастап вакциналау науқаны басталды, қыркүйекке дейін 10 миллион адамды вакциналау керек деген мақсат қойылды. Ashyq жүйесі қолданысқа енгізіліп, қоғам төрт түске бөлінді. Одан соң бұл жүйе вакцина паспортымен біріктірілді. Алғашында бұл бағыттағы нәтижелер көңіл көншітпеді. Бірақ кейін сең қозғалды, дегенмен 10 миллиондық меже орындалмаған күйі қалды. Ұзақ жүргізілген келіссөзден кейін елімізге Pfizer вакцинасы жеткізілді. Одан бөлек, 2025 жылғы дейінгі «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы бекітілді. Өңірлерде жаңа инфекциялық ауруханалар салынды, жедел жәрдем паркі ашылды, елді мекендердегі жылжымалы медициналық кешендер жаңартылды, фармацевтика өнеркәсібінде ілгерілеу байқалды. Фармөнеркәсіпті дамытуға қатысты заң жобалары әзірленді. Президенттің тапсырмасы бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылды. Әли НҰРҒОЖАЕВ, медицина сарапшысы: Медқызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру бастамасын ерекше айтып өткен жөн– 2021 жылғы саланың басты құжаты – 2025 жылға дейінгі «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңартуға басымдық беретін Turar Healthcare ұлттық операторының жұмысы басталды (әйгілі 17 аурухана). Бұл бастаманы институционал жаңалықтардың негізгісі деп айтар едім. Өндірістерді оқшаулау арқылы отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту бойынша жұмыс белсенді түрде дамыды. Pfizer вакцинасы салына бастады. Бірақ оны тасымалдау бойынша әлі екіұшты мәселелер бар. Медициналық қоғамдастықтар мен пациенттер асыға күткен жобалардың ішінен медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға бірлесіп төлеу қағидасының бекітілуін атап өтер едім. 2022 жылы біз осы жобалардың, ең болмағанда пилоттық жоба ретінде жүзеге асуынан үміттіміз. Қазір ең маңызды мәселе Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балаларды жоспарлы иммундауды қалпына келтіру деп есептеймін. 2020 жылы осы бағыттағы жұмыстың қарқыны айтарлықтай бәсеңдеді, 2021 жылы да нәтиже өзгерген жоқ. Вакцина арқылы ауыздықталатын инфекциялардың өршуіне жол бермеу үшін алдағы жылдары осы кезеңде берілген ақпаратқа ерекше тексеру жүргізіп, балаларды вакциналау қажет. Жыл аяғында Денсаулық сақтау министрлігін бір жарым жылдан артық басқарған Алексей Цой қызметінен кетті. Экс-министрдің жұмысы туралы қорытынды мақала газетіміздің өткен санында жарық көрген болатын. Келер жылы пандемиямен күрестің көлеңкесінде қалған саладағы көптеген мәселе шешімін табады деп сенеміз. Әлем халқы жаһанды жайлаған пандемияның аяқталуынан тегіс үмітті.Ентіккен экономика Пандемия шатқаяқтатқан ел экономикасы биыл еңсе тіктеді деп айту қиын. Сәуір айынан бастап азық-түлік пен тұрмысқа қажетті тауарлардың бағасы күрт өсті. Басқасын былай қойғанда, сәбіз, картоп, күнбағыс майы, жұмыртқа секілді өнімдердің бағасы аспандап кетті. Аспандап кетті дегеніміз ешқандай әсірелеу емес: картоптың 500 теңгеден асып кетуі қоғамдық резонанс тудырды. Бұрын баға тұрақты болды деп те айта алмаймыз, десек те бұл жолғы қымбатшылық індеттен ес жия қоймаған халықты тіпті қыспаққа алды. Тек азық-түлік емес, тұрғын үй, құрылыс материалдарының, киім-кешектің бағасы өсті, қысқасын айтқанда қымбаттамаған дүние қалмады. Инфляция деңгейі өсті. 4 желтоқсанда теңге бағамы бір доллар үшін 436 теңгеге жетті. Бұл жыл мобильді аударымдарға қатысты заңның қабылдануымен, зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға рұқсат берілуімен есте қалды. Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: Қаржы техникасы бағытында ілгерілеу байқалады
– 2021 жылды аяқтап жатырмыз. Биыл экономика саласындағы ең үлкен мәселе – қымбатшылық. Инфляция деңгейі жоғарылап кетті. Ұлттық банк те көзделген дәліздің аясында тұра алмады. Азық-түлік инфляциясының өзі 11,5 пайыздан асып кетті. Оның өзі ресми статистикадағы көрсеткіш, ал негізі кей тауарлардың бағасы 2 есе қымбаттады. Одан кейін қуаңшылық болды, оның өзі белгілі бір дәрежеде жемшөптің, еттің қымбаттауына әсерін тигізді. Зейнетақы қорындағы аударымдарға байланысты тұрғын үйдің бағасы, жалдамалы пәтер бағасы өсті. Зейнетақы қорындағы жинақтың пайдалануға берілуі – үлкен жетістік. Бұл – дамыған мемлекеттердің тәжірибесінде бар үрдіс. Халықтың табысы артты, бірақ аса көп емес. Нақты табыстың өсіміне қарасақ, тіпті өте төмен деуге болады. Орташа табыстың өсімі 256 мыңға жетті, бірақ азаматтардың біразының жалақысы төмен. Медиандық жалақы – 150 мың теңге. Яғни, ел азаматтарының төлем қабілеті төмен болды деп айтуға толық негіз бар. Әлеуметтік жағдай бойынша шешілмеген мәселе көп. Енді ғана ең төмен жалақыны 60 мың теңгеге жеткізіп жатыр. Шын мәнінде, әлемдік стандарт бойынша бұл – өте мардымсыз көрсеткіш. Пандемия салдарынан елімізде кедейшілік деңгейі өскен. Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, кедейшілік деңгейі 12,7 пайыздан 14 пайызға жетуі мүмкін екен. Осы тұрғыда Үкіметтің келтіріп отырған (4,8 пайыз) статистикасы мүлдем шындыққа жанаспайды. Экономикада цифрлардың нақтылығы, келтірілген деректің, есептеу модельдерінің ескіргенін байқауға болады. Биыл Тәуелсіздікке – 30 жыл. Осы уақыт ішінде экономикамызда ілгерілеу бар, бірақ қарқынды даму байқалмайды. Әлі күнге дейін шикізат секторы еліміз үшін экономиканың басым бағыты болып отыр. Тағы бір айта кететін нәрсе – жалпы ішкі өнім мәселесі. Жалпы ішкі өнім көрсеткіші 3 пайыздан асты. Былтыр 2,6 пайыз болған. Яғни, биыл 1 пайыздық өсімге қол жеткіздік. Бірақ экономикада бұл көрсеткішті өсім деуге келмейді. Дегенмен өткен жылғы тоқырау дәрежесін еңсердік деп айтуға негіз бар. Сонымен қатар бұл біздің табысы орташа елдердің қатарына қосылғанымызды білдіреді. Биыл есте қалған тағы бір оқиға – мобильді аударымдарға қатысты дау әлі жалғасып жатыр. Бұл мәселе бойынша заң қабылданды. Яғни алдағы уақытта экономиканың көлеңкелі секторындағы мәселе белгілі бір дәрежеде шешімін таппақ. Биыл цифрлық теңге айналымға енгізілуі керек болған. Бірақ бұл мәселе келер жылдың еншісіне қалып отыр. Десек те, қаржы техникасы бағытында ілгерілеу байқалады. Мәселен Кaspi банктің әлемнің ең мықты банктерінің бірі Deutsche bank-ті артта қалдырғаны ел нарығында үлкен бір орта пайда бола бастағанының белгісі, қаржы секторындағы жетістік.Басты саяси қадамдар Қаңтарда Парламент пен жергілікті мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясы сайлауға 11 919 241 азамат тіркелгенін, дауыс беруге 7 389 153 адам қатысқанын мәлімдеді. Сайлау қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясы 71,09 пайыз көрсеткішпен жеңіске жетті. Сәуір айында Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының басшылығынан кететіні белгілі болды. Ол өзінің құзыреттілігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді. 2021 жылғы мамыр айының аяғында Мемлекет басшысы сайлау заңнамасына енгізілген түзетулерге қол қойды. Нәтижесінде, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың және ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайлау арқылы сайланатын болды. Ауыл әкімдерін сайлау 149 елді мекеннің 75 сайлау округінде өтті. 257 кандидаттың 79-ын саяси партиялар ұсынса, қалған 178 кандидат – өзін-өзі ұсынғандар. Ел бойынша 730 әкім сайланды. Жылдың тағы бір басты саяси жаңалығы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Төрағасы лауазымын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткізді. Тұңғыш Президент «Nur Otan» партиясына 22 жыл жетекшілік етті. Ең ашық әрі қызу талқыланған мәселе – АЭС салу. Президент «Жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді» деген мәлімдеме жасады, артынша бұл шешім заңмен бекітілді. Жыл аяғында Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылатыны туралы жаңалық та күтпеген саяси жаңалық болды. Жетістіктер жоқ емес Биыл Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммиті кезінде Түркістан ресми түрде Түркі әлемінің рухани астанасы атанды. Түркістан қаласы қайта түрленді, екінші тынысы ашылды. Қазір Түркістанның тарихи орталығында ғылыми-реставрациялау жұмыстары жалғасып жатыр. 2021 жыл «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланды, осы салаға көңіл бөлінді. Рухия Байдүкенова Витебскте өткен «Славян базары» халықаралық фестивалінің Гран-приін жеңіп алды. Ел тарихында тұңғыш рет қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов әлемдік шоу-бизнестің басты сыйлықтарының бірі Grammy-ді иеленді. Домбырашыларымыз Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз Golden Time Talent халықаралық фестивалінде бірінші орын алды. Танымал қазақстандық актер Төлепберген Байсақалов Asian World film festival кинофестивалінде «Үздік ер адам рөлі» номинациясын жеңіп алды. Дәрежан Өмірбаев 34-Токио халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысқан «Ақын» фильмі үшін «Үздік режиссер» атанды. Жеңіліс пен жеңіс Биылғы Токио Олимпиадасы ел тарихындағы ең сәтсіз Олимпиада ретінде есте қалды. 83-орынға табан тіреген Ұлттық құрама алғаш рет байрақты бәсекеден «алтынсыз» қайтты. Бірақ Токиода Паралимпиадашылар үздік нәтижеге жетті. Бір алтын, үш күміс, бір қола медаль еншілеген спортшылар рекорд жаңартты. Бокстан әлем чемпионатында 13 боксшымыздың бесеуі жартылай финалға шықты, 4 спортшы финалға жолдама алды. Сәкен Бибосынов пен Теміртас Жүсіпов алтын медаль тақты, ал Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов күміспен оралды және Абылайхан Жүсіпов қола медаль еншіледі. Биыл мамырда Ригадағы әлем чемпионатында хоккейшілеріміз жеңістерімен жанкүйерлерін қуантты. Тағы бір есте қалатын оқиға – футболшыларымыздың әлем чемпионы Франция құрамасымен өткізген матчы. Қазақстан құрамасы бұған дейін мұндай есеппен (8:0) жеңіліп көрмеген. Дүние дүрмектері Адамзат бұл жылды да індет пен үрей құрсауында өткізді: вирустың жаңа штамдары шығып, індеттің беталысы болжамдар мен бағамдаулардан қиыс кеткен кездер жиі болды. Одан бөлек, Ауғанстанда билік ауысты. Тамызда АҚШ әскері Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін «Талибан» қозғалысы (БҰҰ санкциясы салынған) ел билігін басып алды. Шілдеде Гаити президенті Жовенель Моиз қастандықпен өлтірілді. Полиция кісі өлтіруді ұйымдастырды деген күдікпен президенттің қауіпсіздік қызметінің жетекшісі мен бірнеше қызметкерді қамауға алды. Еуропадағы миграция дағдарысы болды. Глазгода (Шотландия) климат жөнінде БҰҰ конференциясы өтті. Иранда жаңа президент сайланды. Ұлыбритания патшайымы II Елизаветаның жары Эдинбург герцогі 99 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Танымал әрі ықпалды саясаткерлердің бірі Ангела Меркель Германия канцлері қызметінен кетті. Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан толық шығуы да бұл жылдың басты саяси оқиғасының бірі болды. Естеқалар Биыл елімізде үшінші рет жалпыұлттық санақ өткізілді. Оның бұрынғылардан ерекшелігі жартылай онлайн форматта өтуі болды. Санақтан бұрын ел халқының саны 19 миллионға жеткені белгілі болды. Ал халық санағының алғашқы нәтижесі еліміздегі қазақ ұлтының 70,18 пайызға жеткені хабарланды. Оқушылар онлайн форматтан дәстүрлі білім алу форматына ауысып, қайтадан партаға отырды. Университеттер мен басқа да білім ордаларының жұмысы жандана бастады. Жылыстап бара жатқан жылдың жақсылығын жоққа шығарғанымыз емес, десек те қуаңшылықтың, қымбатшылық қыспағында қалған халық үшін бұл жыл жеңіл өтті деуге де келмейді. Жамбылдағы жарылыс бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды. Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Билік жарылыстан 13 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккенін, үш адамның хабар-ошарсыз кеткенін хабарлады. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті. Өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы да көп тіркелді. Алматы қаласында үш баласы мен өзін өлімге қиған ананың оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді. Бұл оқиғалар әлі де болса шешілмеген, шешілуге тиіс мәселелердің қордаланып қалғанын байқатты.