Өтер жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп

Өтер жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп

Өтер жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп
ашық дереккөзі

Тағы бір күнтізбені түгесіп, өткен күннің есебін түгендейтін уақыт та жылыстап жетті. Биыл ел егемендігіне 30 жыл толды. Тек бір жылды емес, содан бергі уақытты қорытындыладық. Сонымен, 2021 жыл несімен есте қалды? Қандай елеулі оқиғалар болды?

Індет құрсауындағы екінші жыл Індет құрсауында тағы бір жыл өтті. Биыл да денсаулық сақтау саласы ең көп талқыланған, ең көп сыналған басты назардағы сала болып қалды. Коронавирустың «гамма», «дельта», «омикрон» сияқ­ты түрлі штамдары пайда болды, күрес одан әрі жалғасты. Ақпан айынан бастап вакциналау науқаны басталды, қыркүйекке дейін 10 миллион адамды вакциналау керек деген мақсат қойылды. Ashyq жүйесі қолданысқа енгізіліп, қоғам төрт түске бө­лінді. Одан соң бұл жүйе вакцина паспортымен бірік­тірілді. Алғашында бұл бағыттағы нәтижелер көңіл көншітпеді. Бірақ кейін сең қозғалды, дегенмен 10 миллиондық меже орындалмаған күйі қалды. Ұзақ жүргізілген келіссөзден кейін елімізге Pfizer вакцинасы жеткізілді. Одан бөлек, 2025 жылғы дейінгі «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы бекі­тілді. Өңірлерде жаңа инфекциялық ауру­ханалар салынды, жедел жәрдем пар­кі ашылды, елді мекендердегі жыл­жымалы медициналық кешендер жаңар­тылды, фармацевтика өнеркәсібінде іл­герілеу байқалды. Фармөнеркәсіпті да­мытуға қатысты заң жобалары әзірленді. Президенттің тапсырмасы бойын­ша «Аңсаған сәби» бағдарламасы іс­ке қосылды. Әли НҰРҒОЖАЕВ, медицина сарапшысы: Медқызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру бастамасын ерекше айтып өткен жөн
– 2021 жылғы саланың басты құжаты – 2025 жылға дейінгі «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы. Денсаулық сақтау инф­­­­рақұры­лы­мын жаңар­­туға басымдық беретін Turar Healthcare ұлт­тық опера­торы­ның жұмы­сы басталды (әйгілі 17 аурухана). Бұл бас­таманы институционал жаңалық­тар­дың негізгісі деп айтар едім. Өндірістерді оқшаулау арқылы отандық фармацевтика өнеркә­сі­бін дамыту бойынша жұмыс белсенді түрде дамыды. Pfizer вакцинасы салына бастады. Бірақ оны тасымалдау бойынша әлі екіұшты мәселелер бар. Медициналық қоғамдастықтар мен пациенттер асыға күткен жобалардың ішінен медицина қызмет­керлерінің кәсіби жауапкершілігін сақ­тандыруды және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға бірлесіп төлеу қа­ғидасының бекітілуін атап өтер едім. 2022 жылы біз осы жобалардың, ең бол­ма­ғанда пилоттық жоба ретінде жүзеге асуынан үміттіміз. Қазір ең маңызды мәселе Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балалар­ды жоспарлы иммундауды қалпына келтіру деп есептеймін. 2020 жылы осы бағыттағы жұмыстың қарқыны айтар­лық­тай бәсеңдеді, 2021 жылы да нәтиже өзгерген жоқ. Вакцина арқылы ауыздық­талатын инфекциялардың өршуіне жол бермеу үшін алдағы жылдары осы кезеңде берілген ақпаратқа ерекше тек­серу жүргізіп, балаларды вакциналау қа­жет. Жыл аяғында Денсаулық сақтау министрлігін бір жарым жыл­дан артық басқарған Алексей Цой қыз­ме­тінен кетті. Экс-министрдің жұмысы туралы қорытынды мақала газетіміздің өткен санында жарық көрген болатын. Келер жылы пандемиямен күрес­тің көлеңкесінде қалған саладағы көптеген мәселе шешімін табады деп сенеміз. Әлем халқы жаһанды жайлаған пан­демияның аяқталуынан тегіс үмітті.
Ентіккен экономика Пандемия шатқаяқтатқан ел эко­номикасы биыл еңсе тіктеді деп айту қиын. Сәуір айынан бастап азық-түлік пен тұрмысқа қажетті тауарлардың ба­ғасы күрт өсті. Басқасын былай қой­ған­да, сәбіз, картоп, күнбағыс майы, жұ­мыртқа секілді өнімдердің бағасы аспан­дап кетті. Аспандап кетті дегеніміз ешқандай әсірелеу емес: картоптың 500 теңгеден асып кетуі қоғамдық резонанс тудырды. Бұрын баға тұрақты болды деп те айта алмаймыз, десек те бұл жол­ғы қымбатшылық індеттен ес жия қой­маған халықты тіпті қыспаққа алды. Тек азық-түлік емес, тұрғын үй, құрылыс ма­териалдарының, киім-кешектің баға­сы өсті, қысқасын айтқанда қымбатта­ма­ған дүние қалмады. Инфляция деңгейі өсті. 4 желтоқсанда теңге бағамы бір дол­лар үшін 436 теңгеге жетті. Бұл жыл мобильді аударымдарға қатысты заңның қабылдануымен, зейнетақы қорын­дағы қаражатты пайдалануға рұқ­сат берілуімен есте қалды. Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: Қаржы техникасы бағытында ілгерілеу байқалады
– 2021 жылды аяқтап жа­тыр­­мыз. Биыл экономика са­ласындағы ең үлкен мәселе – қымбатшылық. Инфляция деңгейі жоғарылап кетті. Ұлт­тық банк те көзделген дә­­­­ліз­­дің аясында тұра алма­ды. Азық-түлік инфляциясының өзі 11,5 пайыздан асып кетті. Оның өзі ресми ста­тис­ти­кадағы көрсеткіш, ал негізі кей тауарлар­дың бағасы 2 есе қымбаттады. Одан кейін қуаңшылық болды, оның өзі белгілі бір дәрежеде жем­шөп­тің, еттің қымбаттауына әсерін ти­­­­гізді. Зейнетақы қорындағы аударым­дар­ға байланысты тұрғын үйдің баға­сы, жалдамалы пәтер бағасы өсті. Зей­­нетақы қорындағы жинақтың пай­да­лануға берілуі – үлкен жетістік. Бұл – да­мыған мемлекеттердің тәжірибесінде бар үрдіс. Халықтың табысы артты, бірақ аса көп емес. Нақты табыстың өсіміне қара­сақ, тіпті өте төмен деуге болады. Орта­ша табыстың өсімі 256 мыңға жетті, бір­ақ азаматтардың біразының жалақы­сы төмен. Медиандық жалақы – 150 мың тең­ге. Яғни, ел азаматтарының төлем қа­­білеті төмен болды деп айтуға толық не­гіз бар. Әлеуметтік жағдай бойынша ше­шіл­меген мәселе көп. Енді ғана ең төмен жалақыны 60 мың теңгеге жет­кізіп жатыр. Шын мәнінде, әлемдік стан­дарт бойынша бұл – өте мардымсыз көрсеткіш. Пандемия салдарынан елімізде кедейшілік деңгейі өскен. Дү­ние­жүзілік банктің деректеріне сүйенсек, ке­дей­шілік деңгейі 12,7 пайыздан 14 пайыз­ға жетуі мүмкін екен. Осы тұрғыда Үкіметтің келтіріп отырған (4,8 пайыз) ста­тистикасы мүлдем шындыққа жанас­пайды. Экономикада цифрлардың нақ­ты­лығы, келтірілген деректің, есептеу мо­дельдерінің ескіргенін байқауға бо­ла­ды. Биыл Тәуелсіздікке – 30 жыл. Осы уақыт ішінде экономикамызда іл­герілеу бар, бірақ қарқынды даму бай­қалмайды. Әлі күнге дейін шикізат сек­торы еліміз үшін экономиканың басым ба­ғыты болып отыр. Тағы бір айта кететін нәрсе – жал­пы ішкі өнім мәселесі. Жалпы ішкі өнім көрсеткіші 3 пайыздан асты. Был­тыр 2,6 пайыз болған. Яғни, биыл 1 пайыздық өсімге қол жеткіздік. Бірақ экономикада бұл көрсеткішті өсім деуге кел­мейді. Дегенмен өткен жылғы то­қырау дәрежесін еңсердік деп айтуға не­гіз бар. Сонымен қатар бұл біздің та­бысы орташа елдердің қатарына қосыл­ғанымызды білдіреді. Биыл есте қалған тағы бір оқиға – мо­бильді аударымдарға қатыс­ты дау әлі жалғасып жатыр. Бұл мәселе бойын­ша заң қабылданды. Яғни алдағы уақытта экономиканың көлеңкелі сек­торындағы мәселе белгілі бір дәрежеде шешімін таппақ. Биыл цифрлық теңге айналымға ен­гізілуі керек болған. Бірақ бұл мә­селе келер жылдың еншісіне қалып отыр. Десек те, қаржы техникасы бағы­тын­да ілгерілеу байқалады. Мәселен Кaspi банктің әлемнің ең мықты банк­тері­нің бірі Deutsche bank-ті артта қал­дырғаны ел нарығында үлкен бір орта пайда бола бастағанының белгісі, қаржы секторындағы жетістік.
Басты саяси қадамдар Қаңтарда Парламент пен жер­гілік­ті мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы өтті. Орталық сайлау ко­мис­сиясы сайлауға 11 919 241 азамат тір­келгенін, дауыс беруге 7 389 153 адам қа­тысқанын мәлімдеді. Сайлау қоры­тындысы бойынша «Nur Otan» партиясы 71,09 пайыз көрсеткішпен жеңіске жетті. Сәуір айында Елбасының Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының бас­­­шылығынан кететіні белгілі болды. Ол өзінің құзыреттілігін Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді. 2021 жылғы мамыр айының аяғында Мем­лекет басшысы сайлау заңнамасына ен­гізілген түзетулерге қол қойды. Нәти­жесінде, аудандық маңызы бар қала­лар­дың, кенттердің, ауылдардың және ауыл­дық округтердің әкімдері тікелей сай­лау арқылы сайланатын болды. Ауыл әкімдерін сайлау 149 елді ме­кен­нің 75 сайлау округінде өтті. 257 кан­дидаттың 79-ын саяси партиялар ұсын­са, қалған 178 кандидат – өзін-өзі ұсын­ғандар. Ел бойынша 730 әкім сай­ланды. Жылдың тағы бір басты саяси жаңа­лығы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Төрағасы лауазымын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткізді. Тұңғыш Пре­зидент «Nur Otan» партиясына 22 жыл жетекшілік етті. Ең ашық әрі қызу талқыланған мә­селе – АЭС салу. Президент «Жер шет­ел­діктерге сатылмайды, жалға да беріл­мейді» деген мәлімдеме жасады, артын­ша бұл шешім заңмен бекітілді. Жыл аяғында Парламент Мәжілі­сі­нің де­путаты Бекболат Тілеу­хан­ның өкі­лет­тігі мерзімінен бұрын тоқтатылатыны ту­ралы жаңалық та күт­пеген саяси жаңа­лық болды. Жетістіктер жоқ емес Биыл Түркітілдес мемлекеттер ын­ты­мақтастығы кеңесінің бей­ресми саммиті кезінде Түркістан ресми түрде Түркі әлемінің рухани астанасы атан­ды. Түркістан қаласы қайта түрленді, екін­ші тынысы ашылды. Қазір Түркі­стан­ның тарихи орталығында ғылыми-рес­тав­рациялау жұмыстары жалғасып жатыр. 2021 жыл «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланды, осы салаға көңіл бө­лінді. Рухия Байдүкенова Витебскте өт­кен «Славян базары» халықаралық фестивалінің Гран-приін жеңіп алды. Ел тарихында тұңғыш рет қазақстандық дид­жей Иманбек Зейкенов әлемдік шоу-бизнестің басты сыйлықтарының бірі Grammy-ді иеленді. Домбырашыларымыз Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз Golden Time Talent халықаралық фести­валінде бірінші орын алды. Танымал қа­зақстандық актер Төлепберген Бай­сақалов Asian World film festival кино­фес­тивалінде «Үздік ер адам рөлі» номи­нациясын жеңіп алды. Дәрежан Өмірбаев 34-Токио халықаралық кинофести­ва­лінің конкурстық бағдарламасына қа­тыс­қан «Ақын» фильмі үшін «Үздік ре­жис­сер» атанды. Жеңіліс пен жеңіс Биылғы Токио Олимпиадасы ел тари­хындағы ең сәтсіз Олимпиа­да ретінде есте қалды. 83-орынға табан тіреген Ұлттық құрама алғаш рет байрақ­ты бәсекеден «алтынсыз» қайтты. Бірақ Токиода Паралимпиадашылар үздік нәтижеге жетті. Бір алтын, үш күміс, бір қола ме­даль еншілеген спортшылар рекорд жаңарт­ты. Бокстан әлем чемпионатында 13 боксшымыздың бесеуі жартылай фи­налға шықты, 4 спортшы финалға жол­дама алды. Сәкен Бибосынов пен Те­мір­тас Жүсіпов алтын медаль тақты, ал Махмұд Сабырхан мен Серік Темір­жа­нов күміспен оралды және Абылайхан Жүсіпов қола медаль еншіледі. Биыл мамырда Ригадағы әлем чем­пионатында хоккейшілеріміз жеңістерімен жанкүйерлерін қуантты. Тағы бір есте қалатын оқиға – фут­бол­шыларымыздың әлем чем­пио­ны Франция құрамасымен өткізген матчы. Қазақстан құрамасы бұған дейін мұндай есеппен (8:0) жеңіліп көрмеген. Дүние дүрмектері Адамзат бұл жылды да індет пен үрей құрсауында өткізді: вирустың жаңа штам­дары шығып, індеттің беталысы бол­жамдар мен бағамдаулардан қиыс кет­кен кездер жиі болды. Одан бөлек, Ауғанстанда билік ауысты. Тамызда АҚШ әскері Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін «Талибан» қозғалысы (БҰҰ санкциясы салынған) ел билігін басып алды. Шілдеде Гаити президенті Жове­нель Моиз қастандықпен өлті­ріл­­ді. Полиция кісі өлтіруді ұйым­дас­тыр­ды деген күдікпен президенттің қауіп­сіз­дік қызметінің жетекшісі мен бірнеше қыз­меткерді қамауға алды. Еуропадағы миграция дағдарысы болды. Глазгода (Шотландия) климат жөнінде БҰҰ конференциясы өтті. Иранда жаңа президент сайланды. Ұлыбритания патшайымы II Ели­заве­таның жары Эдинбург гер­цогі 99 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Танымал әрі ықпалды саясат­кер­лер­дің бірі Ангела Меркель Герма­ния канцлері қызметінен кетті. Ұлыб­ри­та­нияның Еуроодақ құрамынан толық шы­ғуы да бұл жылдың басты саяси оқи­ғасының бірі болды. Естеқалар Биыл елімізде үшінші рет жал­пыұлттық санақ өткізілді. Оның бұрынғылардан ерекшелігі жартылай он­лайн форматта өтуі болды. Санақтан бұрын ел халқының саны 19 миллионға жеткені белгілі болды. Ал халық сана­ғының алғашқы нәтижесі еліміздегі қа­зақ ұлтының 70,18 пайызға жеткені хабарланды. Оқушылар онлайн форматтан дәстүрлі білім алу форматына ауы­сып, қайтадан партаға отырды. Уни­верситеттер мен басқа да білім орда­лары­ның жұмысы жандана бастады. Жылыстап бара жатқан жылдың жақ­сылығын жоққа шығарға­ны­мыз емес, десек те қуаңшылықтың, қым­батшылық қыспағында қалған ха­лық үшін бұл жыл жеңіл өтті деуге де кел­мейді. Жамбылдағы жарылыс бүкіл ел­дің қабырғасын қайыстырды. Жал­пыұлттық аза тұту күні жарияланды. Би­лік жарылыстан 13 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккенін, үш адамның ха­бар-ошарсыз кеткенін хабарлады. Қор­ғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отс­тав­каға кетті. Өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы да көп тіркелді. Алматы қаласында үш баласы мен өзін өлімге қиған ананың оқи­ғасы қоғамды дүр сілкіндірді. Бұл оқи­ғалар әлі де болса шешілмеген, ше­шілуге тиіс мәселелердің қордаланып қал­ғанын байқатты.

Қуантып та, мұңайтып та бара жатқан жылды қысқаша осылай қорытындыладық. Ескі жыл есіркесін дейміз. Ал жаңа жылдан күтер жақсылығымыз мол, үмітіміз зор.