854
Цойдың соқпағы
Цойдың соқпағы
Аптаның басы ауыс-түйістен басталды. 20 желтоқсан күні Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды қызметінен босатты. Ведомство бұл өзгерістің себебін министрдің басқа қызметке ауысуымен байланыстыра түсіндірді. Ал Денсаулық сақтау министрінің қызметін Жандос Бүркітбаев уақытша атқаратын болды.
Ойда жоқта министр болып, аяқ астынан қызметтен кеткен Алексей Цой не атқара алды? Үкіметтің үмітін ақтады ма? Халық не күтті? «Өткелде» ауысқан министр Алексей Цой Денсаулық сақтау министрі қызметіне былтыр, 2020 жылғы 25 маусымда Елжан Біртановтың орнына тағайындалған болатын. Бұл кез індет ушығып, денсаулық сақтау саласы шатқаяқтап тұрған шулы уақыт еді. Дәріханалардан ең қажет деген дәрі-дәрмек пен медициналық бетперденің табылмауы, ауруханаларда бос орын болмауы жалпы елдің пандемияға, ешқандай қауіп-қатерге дайын болмауы жүйесіз жүргізіліп келген жұмыстың нәтижесі іспетті болды. Ведомствоны бір жарым жылдан аса басқарған министрдің өзі де «шулы» министрлердің бірі ретінде есте қалды. 2020 жылғы 22 маусымда Алексей Цой Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ол кезде сол уақыттағы министр Елжан Біртанов індет жұқтырып, оқшауланып жатқан. Ал арада 3 күн өткен соң Цой министр болды. Одан соң Елжан Біртанов сыбайлас жемқорлық бойынша күдікке ілініп, тергеуге алынды, іс әлі жалғасып жатыр. Министрлікке қатысы бар құрылымның екі топ-менеджері жұмыстан кетті. «СҚ-Фармацияға» қатысты да үлкен дау туды, кейіннен компанияның жұмысы тексеріліп, дәрі-дәрмек тапшылығының себебі анықталғандай болды. Бір айта кететін нәрсе, адвокат Ерлан Мәкен «СҚ-Фармация» компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріптің ісіне қатысты сотқа Алексей Цойды куәгер ретінде шақыруды талап етті. Бірақ ведомство өкілі бұл артық екенін айтып, мәлімдеме жасады. Селкеу түскен сенім немесе халық Цойдан не күтті? Пандемия басталған кездегі алашапқын халықтың денсаулық сақтау саласына деген сенімін сетінетті. Өзін-өзі емдеп, қойдың майы, імбірдің тамырын іздеп кеткен елдің ауыс-түйіске мән беруге мұршасы болмады. Бірақ біраз уақыт өткен соң Алексей Цой елдегі ең жиі талқыланатын, ең көп сыналатын министрлердің қатарына қосылды. Бұған министрдің үш сценарийлі болжамдары мен вакцина дауы ықпал етті десе де болады. Оған қоса, халық жағдай тұрақтала бастағанда аяқасты пайда болатын штамдардың үздіксіз тізбегінен қажыған да еді. Вирусқа, вакцинаға, жүйеге сенбеген халық министрге де аса сенім артпады, ол кезде елдің ойы жалғыз-ақ індет аяқталса деген тілекте тоғысты. Ал биыл маусымда халықтың 53,3 пайызының медициналық көмектің сапасына әлі де көңілі толмайтыны туралы статистика БАҚ-та жарияланды. Бұған қатысты министр бұл статистика тәуелсіз сараптамалық ұйымдардың объективті бағасы екенін алға тартып, тіпті Еуропада да медкөмектің сапасына берілетін оң баға 65-70 пайыздан аспайтынын айтқан еді. Министрдің бұл жауабына Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин тағы да сын айтты, министрге халыққа жақын болуға, ауруханаларға барып ондағы кезекті өз көзімен көруге кеңес берді.– Қазір Денсаулық сақтау министрлігіне оңай емес екенін түсінеміз. Бірақ халықпен байланыс орнататын уақыт келді. Журналистер қойған сұрақтардың жартысына да жауап бермейсіз. Кім үшін жұмыс істеп жүрсіз? Барып, адамдармен сөйлесіңіз. Олар бізді сайлайды, ал Парламент сізді тағайындады. Ел басшылығы, Парламент сізді қолдады. Сізге қаражат бөлінді. Жұмыс істейтін уақыт келді, – деген еді Мәжіліс Төрағасы.Министр қызметтен кеткенде халық арасында анау айтқандай у-шу байқалмады, кейбіреулер сәттілік тілеп жатса, енді біреулер жалғыз министрдің орнын ауыстырғаннан нәтиже жоғын айтып жатты. Мемлекеттік тілде сөйлемеген министр Мәжіліс Спикерінің сынынан-ақ түсінікті, экс-министр халыққа да, БАҚ-қа да аса қатты ашық болған жоқ. Бірлі-жарым телеарна, порталға сұхбат, пікір берген. Аса көп емес. Жалпы, Алексей Цой тілге байланысты жиі сынға ұшырады, оның мемлекеттік тілде мәлімдеме жасағанын да естімедік. Дегенмен еліміздегі министрлердің қанша тіл білетіні жөнінде Ranking.kz сарапшылары жасаған зерттеуде Алексей Цой қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді деген мәлімет бар. Үкіметтің үдесінен шықты ма? Экс-министр қызметін бастағанда Мемлекет басшысына дәрі тапшылығы болмайды деп уәде берді. Ол үшін көтерме және бөлшек баға екі есе төмендегені, коронавирус инфекциясы және пневмониямен ауырып жатқандарға дәрі-дәрмек тегін берілетінін айтты, сонымен қатар коронавирусты емдеуде қолданылатын дәрілердің бағасы 27 пайызға арзандағанын жеткізді. Министрдің бұл уәдесі орындалды, алғашқы ажиотаждан кейін елде дәрі-дәрмек тапшылығы байқалған жоқ. Дегенмен бұл кезде «СҚ-Фармацияның» да жұмысы жөнге келе бастаған еді. Алексей Цой қызметінен кеткеннен кейін жасаған мәлімдемесінде өзіне жүктелген міндеттерді тізбектеп, қорытынды жасаған екен.
– Мемлекет басшысы COVID-19 бойынша жағдайды тұрақтандыруды, денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыруды тапсырды. Біз эпидемиологиялық қауіп-қатерге ден қою үшін жағдай жасадық: әр өңірде жаңа инфекциялық ауруханалар салынды, жедел жәрдем паркі ашылды, жасанды тыныс алу аппараттары, ауылдағы жылжымалы медициналық кешендер жаңартылды, отандық фармацевтика өнеркәсібі өнімділік өскенін көрсетеді, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қажетті қоры жасалды, СЭС пен зертханалық қызметтің әлеуеті артты, QazVac вакцинасы шығарылды және тағы да басқа, – деп жазады министр.Министр атап өткен инфекциялық ауруханалардың төңірегінде дау болғанын айта кету керек. Жауаптылар COVID-19 жұқтырған науқастарға арналған модульді аурухананы салу кезінде 3,9 миллиард теңге жымқырылды деген күдікке ілінген еді. Одан соң тағы бір инфекциялық аурухана алғашқы ызғарға төтеп бере алмағанын БАҚ жарыса жазды. Экс-министр тұсында қабылданған игі заң жобаларын айтпай кету ағаттық болар еді. Түрмелердегі медициналық қызметті Ішкі істер министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігіне өткізу, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және медқызметкерлердің мәртебесін көтеру, фармөнеркәсіпті дамыту қарастыратын заң жобалары әзірленген. Алайда денсаулық сақтау саласын цифрландыру сияқты даулы мәселені министр жолға қоя алмай кеткені айтылып жатыр. Одан бұрын Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин экс-министрден вакциналанған адамдардың санын дұрыс жариялауды сұраған еді. Бұл –вакциналардың екі дозасы арасындағы уақыт мәселесі талқыланған тұс болатын. Одан бөлек, экс-министр вакциналау қарқынының бәсеңдігіне байланысты да сынға қалды, қыркүйекке дейін 10 миллион адамды вакциналаймыз деген меже орындалмады. «Осы мақсатты орындамасаңыз отставкаға кетесіз бе?» деген сұрақ та төтесінен қойылды. 14 желтоқсанда Үкіметтің кезекті отырысында есеп берген Цой коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін 8,3 миллион адам алғанын мәлімдеген. Соның ішінде 150,6 мың жасөспірімге және 38 мың әйел адамға Pfizer вакцинасы салыныпты. Осы айтылған Pfizer вакцинасын жеткізу мәселесінің сиырқұйымшақтанып кетуі де кезекті сынға ұласқанын айтып өту керек. Цойдың қызметін депутаттар да сынады. Ал депутат Лариса Павловец Алексей Цойға халықпен сөйлесу үшін ауруханаларға баруға кеңес берген болатын. Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова вакциналау бойынша жұмыс шала атқарылғанын және Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы күресте өз тәжірибесінен де, әлемдік тәжірибеден де сабақ алмағанын мәлімдеген болатын. Бұған экс-министр халықтың вакцинаға деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін барлық шара қабылданғанын атап өтті. Ал Алексей Цойға қызметінен кеткеннен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оған белсенді жұмыс істегені, әсіресе індеттің таралуына қарсы күресте атқарған еңбегі үшін алғыс білдірді. Вакцинаның жыры «Алексей Цой министр болған тұс» вакциналау процесімен ассоциацияланатыны анық. Жалпы, министрге тағылған мін мен айтылған сынның көбі осы мәселеге байланысты болды. Оған ақпаннан қыркүйекке дейін 10 миллион адамды вакциналау міндеті жүктелді. Алғашында ерікті вакцинаны алуға құлықтылардың саны өте аз болды, вакциналау динамикасының көрсеткіштері көңіл көншітпеді. Түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, халық вакцинаға үмітпен емес үреймен, күдікпен қарады. Бұдан кейін Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмысты сынады. Осыдан кейін ғана статистика көрсеткіштеріне жан біткені байқалды. Ashyq жүйесі қолданысқа енгізілді. Қоғам төрт түске – қызыл, жасыл, сары, көкке жіктелді. Алғашында тек ауырған-ауырмағаныңды, ауырған адаммен байланыста болғаныңды, не болмаса болмағаныңды ғана айқындайтын жүйе кейіннен вакцина паспортымен біріккеннен кейін басқаша сипат алды. Оған қоса, жаңа «бизнес» пайда болып, министрге тағы бір мәселемен қүресуге тура келді: вакцина паспортын сататындар мен сатып алғандар геометриялық прогрессия бойынша өсті. Ashyq жобасын бірлесіп әзірлеген ведомстволардың басшылары Бағдат Мусинге және Алексей Цойға наразылық білдірушілер көбейді. Тіпті, Ата Заңдағы 145-бапты алға тартып, бұл адам құқығын бұзу екенін айтып жатты. Бірақ Әділет министрлігі Конституцияның 39-бабы 1-тармағына сәйкес, азаматтардың құқығына шектеу қойылатын жағдай болатынын, олардың бірі халықтың денсаулығын сақтау мәселесіне байланысты екенін түсіндірді. Вакцинаға қарсы болғандар министрлікке дейін барды. 19 шілде күні он шақты адам вакциналау процесін тоқтатуды талап етті. Олармен кездесуге ведомствоның вице-министрлері шықты, бірақ антиваксерлер Цойдың өзі шықсын деген талап қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тырысқан қызметкерлерге тап берді. Ал 19 қарашада 50 шақты әйел жиналып, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың отставкаға кетуін талап етті, олар балаларға вакцина салу шешіміне қарсы шықты. Кейіннен Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кейбір адамдардың өзінің отставкаға кетуі туралы өтінішіне қалай қарайтынына қатысты пікірін айтты.
– Мен оған еш ренжіген жоқпын, себебі біздің елде кез келген азаматтың өз пікірін білдіруге құқы бар. Мен мұны жеке пікір ретінде қабылдаймын, – деді экс-министр.Жалпы, Цой сынды жеңіл қабылдайтынын, өзі туралы карикатураларды достары жіберіп отыратынын да айтқан еді. Осы тұстағы тағы бір елеулі оқиға – отандық вакцинаның өндіріле бастауы. Ғалымдар мен сарапшылар мұның үлкен жетістік екенін, вакцинаның тиімділігі жоғары екенін жарыса айтысты. Алексей Цойдың өзі де отандық QazVac вакцинасын алған алғашқылардың бірі болды. Жамбыл облысында вакцина өндіретін зауыттың іргетасы қаланды, алайда салынып бітпеді. Сонымен қатар вакцинаны әлі күнге дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде мойындаған жоқ. Отандық вакцинаның өндірісіне қарамастан, Ресей вакцинасына көбірек сенім артылды. Оған отандық вакцина өндірісінің ішкі нарықты қамтуға қауқарсыз екені себеп болды деп түсіндірілді. Еліміз жаппай вакциналауды Ресейдің «Спутник V» вакцинасынан бастады. 10 млн доза вакцина сатып алынды. Қыруар қаржы бөлінді. Одан бөлек, Ресейден «Спутник Лайт» вакцинасын сатып алуға тағы ниет білдірдік. Ал ДДСҰ мойындаған Pfizer вакцинасы ұзақ уақыттан соң елге әзер жетті. Тағы несімен есте қалды? 2020 жылғы қарашада Алексей Цой жұмыста физикалық жаттығу жасау ережелерін бекітті. Ережеге сәйкес ұйымдарда жұмыс уақытында дене жаттығуларын жасау керек. Жұмыс беруші орындалатын жұмыс түріне, еңбек жағдайына, қызметкердің жасына және жынысына байланысты арнайы жаттығуларды дайындайды. Қызметкерлер жаттығу жасайтын бөлме таза болуы керек және жаттығуға дейін бөлме желдетілуі қажет. Кейіннен бұл үшін ешкім жауапкершілікке тартылмайтыны да ескертілді. Министрдің 2021 жылғы 27 мамырдағы шешімі жұртты дүрліктірді. Ведомство жыныс ауыстыруға рұқсат беру туралы бұйрық шығарды. Жыныс ауыстыру үшін адамның жасы 21-ден асуы керек, психикалық және мінез-құлық ауытқулары болмауы керек деген талап бар. Оған қоса, ота тегін жасалатыны да айтылды. Кейіннен министр осыған қатысты мәселені кеңірек түсіндірді. Оның айтуынша, жыныс ауыстыруға қатысты мәселе бұрыннан талқыланып келе жатыр. 2003 жылы Қазақстанда барлық нормативті құжат қазіргімен салыстырғанда бірдей болған.
– Оған дейін де сол ережелер болған. Тиісінше, біз көптеген жыл бұрын бекітілген бұйрықты қайта шығардық. Мұндай жағдай іс жүзінде Қазақстанда аз және олар мемлекет есебінен төленбейді. Яғни, бұл тек азаматтардың құқығы. Мемлекет бюджеті есебінен немесе сақтандыру қоры есебінен төленбейді. «Цой бірдеңе шығарды» деп шулатып жіберді. Ол маған дейін, тіпті менің алдымдағы бес министрге дейін болған жағдай, – деп түсіндірген еді экс-министр.Мыңжылқы Бердіқожа, дәрігер, медицина сарапшысы:
Өзіне жүктелген міндеттерді орындады
– «Алексей Цой қызметінен кетті» деген хабар ойламаған жерден келді. Десек те, бұл күтіп жүрген жаңалық қой, өйткені өзіне жүктелген міндеттің барлығын атқарып шыққандай болды. Ол басшылық еткен кез пандемияға қатар келіп қалды, модульді клиникалардың қаражатын қадағалап, аяғына дейін жеткізу керек еді. Коронавирус қарқыны қазір бәсеңдеді, дегенмен «омикронға» байланысты ахуал күрт өзгеріп кетуі ғажап емес. Бұл проблеманы болашақ министр шеше жатар. Жалпы, Цойдың және командасының жұмысына оң баға беруге болады. Әрине, олқылықтар болған шығар, бірақ көзге көрінетіндей нәрсе болмады. Экс-министр өзі публикаға жақын емес. Пресс-конференцияға көп қатыса қойған жоқ. Цифрландыру, тағы басқа бойынша сын айтылып, мәселе көтеріліп жатыр, оны жауапты органдар тексеріп, баға берер, министрдің жұмысының нәтижесін уақыт көрсете жатар. Жалпы, біздің салада жолға қойылуы тиіс мәселе көп. Педиатрия факультеттерін қайтару керек, осы сала назардан тыс қалып қойды. Медицина бойынша мамандар тапшылығы байқалады. Ана мен бала өлімі азаймай тұр. Дәрігерлердің жалақысын көтеру керек. Алайда оның барлығы жүйелі мәселелер, жалғыз Денсаулық сақтау министріне ғана қатысты емес екенін ескеруіміз керек.Жұмабек САРАБЕКОВ, саясаттанушы:
«Қанағаттандырарлық» деген баға беруге болады
– Алексей Цой Денсаулық сақтау министрі қызметіне 2020 жылғы маусымда келген болатын. Жалпы алғанда, бұл саланы бір жарым жылдай басқарды. Осы уақыт ішінде Цой мырзаның атқарған жұмысына «қанағаттандырарлық» деген баға беруге болады. Бір жағынан Цой өзіне тапсырылған министрліктің жұмысын бір ретке келтіре алды. Ол министр лауазымына тағайындалған кезде пандемияға байланысты денсаулық сақтау саласында үлкен дағдарыс басталған болатын. Ел ішінде пандемия өршіп, ең керек деген дәрі-дәрмекке тапшылық байқалды. Одан бөлек, министрлікте жемқорлық бойынша бірқатар резонансты іс ашылды. Мысалы, Цойға дейін басшылықта болған Біртанов мырзаға қатысты тергеу әлі күнге дейін жалғасуда. Яғни, Цой өз қызметіне кризис-менеджер ретінде келді және көптеген қиындыққа қарамастан пандемияның айналасындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша министрліктің жұмысын барынша жүйелі түрде жүргізуге тырысты. Белгілі бір деңгейде ол өз алдына қойған тапсырмаларды орындады. Дегенмен де Цойдың тұсында денсаулық сақтау саласындағы негізгі проблемалар шешілді деп айта алмаймыз. Бұл – мәселенің екінші жағы. Иә, пандемия бойынша жағдай бір қалыпқа келді, вакциналауға байланысты да жақсы көрсеткіштер бар. Бірақ денсаулық сақтау бойынша халыққа көрсетілетін қызмет, ол медициналық көмектің сапасы, дәрігерлердің жағдайы, дәрі-дәрмек шығару өндірісі – осы сияқты фундаменталды мәселелер түбегейлі өзгерген жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Цой мырза пандемияға байланысты пайда болған уақытша мәселелердің шешімін таба алған министр ретінде есте қалатын сияқты. Бірақ оны денсаулық сақтау саласындағы реформатор деп айтуға мүлде келмейді. Мұндай жаһандық өзгерістерді жүзеге асыруға Цойдың уақыты аз болды, ал өз еркімен қызметтен кеткеніне қарағанда аса қатты құлқы да болмаған сияқты.