«Мені тұтқындайтын шығар деп ойладым...» - Елбасы ашық сұхбат берді

«Мені тұтқындайтын шығар деп ойладым...» - Елбасы ашық сұхбат берді

«Мені тұтқындайтын шығар деп ойладым...» - Елбасы ашық сұхбат берді
ашық дереккөзі
50266
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында 90-жылдары болған «Тамыз бүлігін» еске алды, деп хабарлады turkystan.kz. Бұл ретте, Елбасы 18 тамызда Борис Ельциннің Қазақстанға ресми сапармен келгенін атап өтті. Сол сәтте олар келіссөз өткізіп, тиісті келісімге қол қойып, Кеңес Одағын сақтау туралы шартты қолдауға келіскен.
«19-ы күні таңертең ұйқыдан оянсам, теледидардан «Аққу көлін» көрсетіп жатыр екен. Әдетте, бірдеңені жасырғысы келсе, эфирді музыкамен толтыратын. Ал содан кейін Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет құрылғанын хабарлады. Түк түсінбедім. Сыртқа шықсам, көлігім жоқ. «Мені тұтқындайтын шығар, бұйрық берілді» деп ойладым. Жоқ, олай емес екен. Менің жүргізушім көлікпен бірге көлеңкеде тұрған екен», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кейін ол жұмысқа жеткеннен кейінгі Ельцинмен болған телефон әңгімесін баяндады.
«Жұмысқа кірген соң ең алдымен Ельцинге қоңырау шалдым. Ол жауап бермеді. Біраз уақыттан кейін өзі қайта соғып, «Нұрсұлтан Әбішұлы, міне, бұл төңкеріс. Олардың ең басты күші – МҚК төрағасы Крючков пен Қорғаныс министрі Язов қазір танкілер Ақ үйге бара жатқанын айтты. Бәлкім, бұл біздің соңғы әңгімеміз шығар. Егер мүмкіндік болса, Язовпен байланысқа шығып, әрі қарай не істейтінін сұра» деді. Осыдан кейін мен МҚК төрағасы Крючковқа хабарластым. Ол елдің астаң-кестеңі шыққанын, айнала ұрлық, жемқорлық, қазір тәртіп орнататынын айтты. Мен «Горбачев қайда?» деп едім, ол «Горбачев бәрін біледі, ауырып жатыр, бірақ, бізді қолдайды, өзі жариялайды» деді. Міне, дәл осылай айтты», - деп жалғастырды сөзін Елбасы.
Крючковпен сөйлескеннен кейін Назарбаев сол кездегі Орта Азия әскери округінің басшысына телефон соққан.
«Язовқа қоңырау шалдым, оны жақсы танитын едім. Ол Алматыда тұрды, Орта Азия әскери округін басқарды. Біз өте жақын араластық, дос едік. Мен одан не болып жатыр деп сұрадым. Ол үндеген жоқ, содан кейін: «Ақымақтармен байланыстым, енді не істейтінімді білмеймін» деді. Мен оған қаруды оларға бұрып, бүлікшілерді тұтқындап, танкілерді шығаруға кеңес бердім. Осымен әңгіме бітті. Одан кейін не болғанын сіздер білесіздер», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы осыдан кейін Жоғарғы кеңесті шақырып, бүлік заңсыз, оның жарлықтары да заңсыз екенін айтып, Қазақстанда төтенше жағдай енгізілмейтінін мәлімдеген.

Серіктес жаңалықтары