50579
Қазақ ғалымы NASA-мен бірге Марсты игеруге күш салып жүр
Қазақ ғалымы NASA-мен бірге Марсты игеруге күш салып жүр
Ғалымжан Исабеков – Америкада NASA агенттігі қаржыландыратын бірнеше жобаны іске асыратын жұмыс тобына мүше ғалым. Ғылым жолына түскенге дейін жалпы медицина, сосын нейрохирургия саласы бойынша білім алып, Бейжіңдегі ауруханалардың бірінде дәрігер қызметін атқарған. Бүгінде Ғалымжан ғарыш медицинасы секілді тың салаға бет бұрып, ғарышкерлердің денсаулығын зерттеп, ғарышқа ұшудан туындаған мәселелерге сараптама жасап жүр. Алдағы уақытта Марсқа аттанатын мамандардың алаңсыз жұмыс істеуіне үлес қосқысы келетінін де жасырмайды. Сыртта жүрсе де, білген-көргенін қазақстандық оқушылармен бөлісіп жүрген ғалымға хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Дәрігерлердің көбі бір ауруханада көп жыл жұмыс істейтіндіктен, бізге оларға сол жерде өсіп-өніп, жетілген қолайлы секілді, тұрақтылықты жаны қалайтын сияқты көрінеді. Ал сізде барлығы керісінше екен...
– Иә, дәрігер мамандығын таңдаған адам ұзақ жыл бойы бакалавриат бөлімінде оқиды, сосын ауруханадан тәжірибеден өтіп, резидентурада тағы да білім алады. Басқа факультетте 3-4 жыл оқығандар икемі келмей жатса басқа салаға ауысып, ақырында өсіп-өніп жатады ғой. Ал медицина секілді күрделі салада дәрігердің өсуі ұзақ уақытқа жалғасады. 35 жаста ғана отаны жеке жасауға мүмкіндік береді немесе сол жаста ешкімнің көмегінсіз жеке дәрігер ретінде ем-дом тағайындай алатын деңгейге жетесіз. 10-15 жыл теория мен практиканы ұштастырып жұмыс істеген соң ғана қолыңызға «Енді өзің емде» деп науқас адамды сеніп тапсырады. Бұл – әлемде бар практика. Негізі, мен мектепте оқып жүргенде дәрігер боламын деп тіпті де ойламағанмын. Кентауда қазақ-түрік лицейінде оқып жүргенде халықаралық олимпиадаларға қатысып, шетелдік оқушылармен етене араластым. Сол кезде жоғары білімді шетелде алу керек екенін түсіндім. Оның үстіне, оқушы кезімізде барлығы қызық қой. Сол уақытта Қазақстан мен Қытай арасында мұнай ісі бойынша байланыс енді дамып жатқан кез. Сөйтіп, екеуара ынтымақтастық нәтижесінде бізге грант бөлініп, Қазақстанның әр өңірінде мектеп бітірген 14 оқушымен бірге бағым жанып, Қытайға оқуға келдім. Алдымен тіл курсын оқыдым, оң-солымды танымайтын сол шақта әкемнің ақыл-кеңесіне құлақ түріп, экономист оқуына түстім. Бірақ бұл мамандықты жүрек қалауым бойынша таңдамаған соң, оқуды жалғастыруға өзімді мәжбүрлей алмадым. Сосын сол жақта оқып жатқан адамдармен ақылдасқанда, олар: «Қытайға келсең оқитын үш-ақ нәрсе бар: қытай тілі мен әдебиеті, қытай медицинасы және сауда-саттық ісі. Ойлана келе медицинаны таңдап, емдеу ісімен айналысамын деп шештім. Біздің әулетте маған дейін ешкім ғылымға ден қоймаған, сол себепті бұл істің қолымнан келетінін дәлелдегім келді. Сөйтіп, Бейжің университетінде бір жыл бойы физика, химия, математика, биология пәндерін оқып, медицина факультетіне оқуға түсуге дайындық жүргіздім де, алты жыл бойы сол университетте білім алдым. Теорияны осында оқыған соң, практиканы да осында жүзеге асырайын деп Бейжіңдегі үздік ауруханалардың бірінен резидентурадан өттім. Орталық жүйке жүйесін зерттеу бұрыннан қызықтыратын, сол себепті өзіме қызық іспен айналысайын деп нейрохирургия бөлімін таңдадым.
– Сіз туралы көпшілік біле бермейтін бір дерек: резидентурада оқып жүргеніңізде Бейжің метросында есінен танып қалған қытайлық қарияға дер кезінде медициналық көмек көрсеткен соң, жергілікті БАҚ сіз туралы жарыса жазған деседі.
– Иә. Таңертең сағат жетіде жұмысқа бару үшін метроға кірген кезде егде жастағы адамның жерде құлап жатқанын байқадым. Екі қытайлық азамат әлгі қарттың қасына жүгіріп барып, көмектескелі жатыр екен. Мен де қарап тұрмай дереу қастарына жетіп барып, қарияның жағдайын тексере бастадым. Жасы келген кісі болғандықтан, жүрегі ұстап қалған болар деп жүрегін тыңдап, тынысын тексердім. Сосын жүрекке тікелей емес массаж жасадым. Бірнеше минуттан соң жедел жәрдем стансасының қызметкерлері келіп, науқасты ауруханаға алып кетті. Бірақ бұл әрекетімді ерлік санамаймын. Менің орнымда басқа адам болса да тура осылай көмектесер еді. Негізі, бұл туралы көпшілік білмейтін де еді. Жұмысқа келген соң бөлімдегілерге болған жайтты айттым. Дәрігер болған соң қарияны «ауызға-ауыз» әдісімен жасанды дем алдырғаннан кейін жұқпалы аурудың бар-жоғын міндетті түрде тексертуіміз керек. Жұмыстағылар бой бермей болған оқиғаны желіге жазуымды сұрады. Содан соң көпшілік мұны батырлыққа балап, жан-жаққа тарата бастады.
– Сосын өзіңізді ерекше қызықтырған нейрохирургиядан әлемге беймәлім ғарыш медицинасына бет бұруға не түрткі болды? Қытайдан Америкаға оқуға түсуіңізге де осы себеп болды ма?
– Қытайда оқып жүргенде түрлі конференцияға жиі қатысатынмын. Сол кезде нейрохирургияның «түбі» Америкада екеніне көзім жетті. Келіншегіммен ақылдаса келе білімімді жалғастыру мақсатында сол елге барамыз деп шештік. Алайда Америкада нейрохирургия мамандығы бойынша докторантураға түсу қиын. Әлемнің әр түпкірінен жиналатын мықты дәрігерлерді есептемегенде олардың өз арасындағы бәсекелестік қыз-қыз қайнап тұр. Сосын алған бағаңыз, жазған ғылыми мақалаңыздан бөлек, сізге мінездеме жазып беретін тұлға Денсаулық сақтау министрі секілі лауазымды қызметте болуы тиіс. Кейін бір конференцияда танысқан шетелдік ғалымның «Оқуға түсу үшін ешкімде жоқ бір ерекшелігің болуы керек» деп айтқаны есімнен шықпай қойды. Сол сұраққа бас қатырып, ойланып жүрген кезде бір күні Facebook желісінен Байқоңыр туралы жаңалықты көзім шалды. «Медицина мен ғарыш арасында байланыс бар ма екен осы?» деп ойланып, интернеттен деректер іздей бастадым. Сөйтсем, түйсігім алдамаған екен, ғарыш медицинасы деген өз алдына бөлек сала бар екеніне көз жеткіздім. Содан Мәскеуде аэроғарыш медицинасына қатысты үлкен конференция өткелі жатқанын естідім. Ақша жинап, жұмыстан сұранып, Мәскеуге бардым. Ол жерде мені танымайтын ғалымдар «Қайдан келген мамансың?» дегендей таңғалып, сұрап жатты. Оларға мұндай саланың бар екенін енді біліп жатқанымды, қызығушылығым зор екенін айттым. Сол конференцияға қатысқанда көкейімде жүрген сұрақтарға жауап таптым. Сосын Ұлыбританиядан келген ғалымдар «Ақыры ғарыш медицинасына қызығып жүр екенсің, осы саланы Англияда біржылдық магистратурада жақсы оқытады, соған тапсыр» деп ақыл-кеңес айтты. Оларға уәде бергендей ол оқуға тапсырдым, бірақ оқу ақысын төлейтін қаржы табу қиын болды, оның үстіне дәл сол уақытта балам дүниеге келді. Оған коронавирус салдарынан бекітілген шектеулерді қосыңыз. Сосын елге келіп, осы саланы бір жыл бойы терең зерттедім. Қанша дегенмен бізде ғарышқа ұшқан үш ғарышкер бар. Оларға да түрлі эксперимент жасалатыны белгілі. Алматыда ғарыш зерттеулерімен айналысатын орталыққа барып, өз ісінің білгірі саналатын мамандармен таныстым. Олардың көп көмегі тиді. Одан бөлек, интернеттен ғарыш медицинасының жілігін шағып, майын ішкен шетелдік мамандардың сабақтарын қарап, жүздеген ғылыми мақаланы ақтарып шықтым. Сол арқылы бірнеше маман тауып, оларға хат жаздым. Артынша олар менімен байланыс орнатып, сұхбаттасты. Оларға нейрохирургия секілді бэкграунды бар менің ғарыш медицинасына қызыққаным жаңалық болды. Өйткені бұл сала бойынша оқуға тапсыратын зерттеушілердің дені – басқа саланы меңгергендер. Ал бірнеше жыл бойы ауруханада жұмыс істеген дәрігердің келуі мұндай жаңа салаға екіталай. Бірақ жолым болып, ғылыми жетекшімнің қолдауымен грантқа түсіп, Флорида университетінің докторанты атандым. Қазір осында бірнеше жоба жүргіземін.
–Қазір айналысып жүрген жобаңыз кімді болса да қызықтыратыны анық. «Ғарышқа ұшқан ғарышкерлер жерге келген соң 10-15 жыл бойы дәрігердің бақылауында болады» дегенді сізден бірінші рет естуіміз. Сіз жүргізіп жатқан, NASA агенттігі қаржыландыратын жобалардың тағы қандай ерекшеліктері бар? Сол бірнеше жобаның ішінде Қазақстанға қатыстысы бар ма?
– Әлбетте, бар. Осы салаға келгенде танысқан қазақстандық мамандар маған сенім артып, өз жұмыс топтарына қосты. Қазір біздің университеттегі жұмыс тобымен бірігіп, ғарыштағы тербеліс мәселесін шешуді қолға алып жатырмыз. Одан бөлек, ғарышқа ұшудан туындаған орталық жүйке жүйесінің өзгеруін қалпына келтіруді іске асыратын, NASA қаржыландыратын үлкен жобамен айналысудамын. Сізге айтып өткендей, ғарышқа ұшып барып келген ғарышкерлердің денсаулығын 10-15 жыл қадағалау қажет. Жерге оралған соң, ғарышкердің ағзасында өзгерістер пайда болады, ақыр аяғында түрлі мәселе туындайды. Жалпы, ғарышкердің жағдайына кері әсерін тигізетін көптеген фактор бар, бәрінен бұрын олардың көру қабілеті нашарлауы мүмкін. Сосын ғарыш стансасындағы көмірқышқыл газының деңгейі жерге қарағанда 10 есе жоғары. Одан басқа, сүйек әлсіз болады, себебі салмақсыздық жағдайында олар қолданылмайды. Бұлшық еттер де массасын жоғалтады. Ғарышкер біраз уақыт емделіп, жағдайын түзесе де, қартайғанда қайтадан денсаулығынан кінәрат шығуы ықтимал. Сол үшін оларды орталыққа шақырып, тексеру жүргіземіз, анализ алып, сараптама жасаймыз. Сонымен қоса NASA қаржыландыратын тағы бір жоба – жердегі жасанды ауырлықты қалпына келтіру және оның миға әсерін зерттеу ісін қолға алдық. Қазір осы жөнінде деректер жинап, сараптама жұмыстарын жүргізудемін.
– Instagram-дағы жеке парақшаңыздың жоғары тұсында «Марста тұратын астронавтарды әзірлеп жатырмын» деп жазулы тұр. Ғарышкерлердің денсаулығын тексеруге бағытталған бұл жобаларыңыздың нәтижесі болашақта Марста тұрақтауы мүмкін мамандарға да оң әсерін тигізуі мүмкін ғой.
– Әрине. Қазір жүргізіп жатқан зерттеулердің мақсаты осыған келіп тірелуде. Жалпы, ғарыш агенттіктерінің басты мақсаты Марсты бағындыру екені бесенеден белгілі. Қазір барлығы сол жаққа ғарышкерлерді ұшырып, олардың денсаулығына зиян тигізбестей сол жақта ұзақ уақыт «ұстаудың» амал-айласын ойлап табуды көздеп отыр. Осы мақсатта ғарышкерлер алты ай бойы Халықаралық ғарыш кемесінде зерттеумен айналысады. Жерге оралған соң оларға тағы эксперимент жасалады. Мұндағы мақсат – олар Марсқа 9 немесе 12 айға ұшып барса, жерде жасаған әрекетін қайталай ала ма, жоқ па, соны тексеру. Оған қоса, жердікіндей емес, ол жақтың гравитациясына бейімделу оңай емес. Бізге керегі – ғарышкер Марсқа барғанда еш қиындықсыз жұмысқа кірісетіндей жағдайда болуы керек. Осы мақсатта күн сайын көптеген эксперимент жүргізіп жатыр.
– Бұл салаға бас сұққаныңызға 4 ай ғана уақыт болса да, Еуропа ғарыш агенттігі әзірлеген бағдарламаға қатысуға шақырту алыпсыз.
– Еуропалық ғарыш агенттігінің мамандары әлемнің әр бұрышында ғарыш медицинасы бойынша тәжірибе жинаған дәрігерлер, зерттеу жасаған немесе жұмыс істеген мамандардың басын қосып, Кельн (Германия) қаласында арнайы курс өткізеді. Ол курста ғарышкерлермен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлер сабақ береді. Биыл пандемия шектеулеріне байланысты бұл бағдарлама онлайн форматта өтті. Бұл курсқа шақыру алу да оңай емес. Сол себепті аз уақыт ішінде мұндай мүмкіндік туындағанына қуаныштымын. Жаңа сіз «4 ай» деген соң ойланып отырмын. Расымен, нейрохирургияда тәжірибе жинақтап жүрген менің аяқ астынан ғарыш медицинасына келгенім қызық болды. Қазақта «нәсіп» деген әдемі сөз бар. Осындай қызықты салаға бас сұғып, ынта-шынтаммен беріліп жұмыс істеу нәсіп болып бұйырып тұр екен. Қайырлысы – осы.
–Бір-екі сайтқа берген сұхбатыңызда барлығын айтсаңыз да, алға қойған мақсатыңызды бөліспепсіз. Қазір қандай мақсат діттеп жүргеніңізді білсек бола ма?
– Мендегі мақсат екеу: ғарыш медицинасына маманданатын дәрігерлер әзірлеу. Өзімді оқытушы рөлінде көремін. Бар білгенімді біреумен бөліскен, өзім үйренген нәрсені өзгеге үйреткен ұнайды. Қазір де бар білгенімді ортаға салып, бөлісіп жүрмін. Қазақстанда білім беру ісіне бағытталған Leadership KZ бағдарламасының көмегімен оқушыларға ашық сабақ өткізгенім бар. Сосын Бурабай маңындағы бір ауылдағы мектепте оқитын оқушылармен онлайн форматта кездесу өткіздім. Жалпы, бүгінге дейін елдегі 5-6 мектептің оқушыларына дәріс оқыдым. Ай сайын қоғаммен байланыс орнатып, осындай игі істермен айналысамын деп шештім. Тағы бір айта кетерлігі, алдағы уақытта YouTube-те жеке каналымда ғарыш медицинасы жөнінде ағылшын, орыс, қытай және қазақ тілінде сабақтар жүргізуді жоспарлап отырмын. Екінші мақсатым – адамзатты толғандырған мәселені шеше алатын, мүйізі қарағайдай майталман ғалымдармен бір ортада жұмыс істегім келеді. Олармен бірге пайдалы іс атқарып, жаңалық ашып, адамзаттың өркендеп-дамуына үлес қосуды көздеймін.
– Сөз соңында, медицина секілді күрделі мамандықтан жаңашылдық тауып, басқа қырынан жұмыс істеуге болатынын дәлелдеген сіздің мамандығына деген махаббаты, ғылыммен айналысуға құлқы жоқ мамандарға айтарыңыз бар ма?
– Негізі, ғылым – өте қиын кәсіп. Үнемі жалғыз жұмыс істейсіз, ал кейбір адамдар жаңалықты жалғыз жүріп ашқанша топпен бірге жар салғанды жаны сүйеді. Ең алдымен, мектеп бітіргелі отырған жас түлек өз-өзін таныған жөн. Өзіңді қазбалап, өзгеруге талпыну керек. Өз-өзін танымайынша бойыңа жиған білімің мен әлеуетің тесік шелектен су аққан секілді ағып кете береді. Қай жерден қалайша ағып кетіп жатқанын түсінбей, дал боласың. Сосын тағы бір мәселе – жастар талдау жасай білуі керек. Сыни ойлауды дамыту керек. Өмір тек ақ пен қара болып қана бөлінбейді. Басқа да түстер бар. Бізде ақпарат ағыны өте көп. Пайдалы және пайдасыз нәрсені ажырата білу керек. Егер адам талдай алмаса, сол қоқысты қабылдап, өзі де қоқыс шығаратын болады. Қазір қарапайым отбасынан шыққан жастардың анализ жасау, сыни тұрғыда ойлаудан хабары жоқ. Ол – түсінікті жайт. Десек те, бірден әлеуметтік желіге «сүңгіп» кетпей, озық ойлайтын қатарластарынан қалмаудың қамын ойлаған жөн.
Мысалы, мен түске дейін әлеуметтік желілерді мүлде ашпаймын. Осылайша, күш-қуатым асып-тасып, күні бойы өзімді жақсы сезініп жүремін. Біле білсеңіз, адам энергиясы шектеулі. Ал таң атпастан әлеуметтік желіні шолып шықсаңыз, кешқұрым көңіл хошыңыз соқпай, ештеңе істегіңіз келмейді, концентрация жоғалып, әлденені ойлап, абдырайсыз. Сөйтіп, барлық күш-қуатыңыз сарқылып қалады. Сол үшін әлеуметтік желіге тәуелді болуды доғарған жөн. Сосын сананы тұрмыс билеген қазіргідей заманда жастардың мұраты жақсы көлік алу, жақсы үй салумен ғана шектелмеуі тиіс. Қанша тыңдасаң, құлақ құрышы қанбайтын, қанша қауышсаң мауқың басылмайтын тұлғамен араласып, көкжиекті кеңейтіп тұрған дұрыс.
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ