354
Мақсаты игі, орындалуы шикі
Мақсаты игі, орындалуы шикі
Еліміздегі халық санының көрсеткіштерінде тұрақты өсім байқалғанымен, ішкі демографиялық ахуалға байланысты шешілмеген мәселе жетерлік. Әсіресе, теріскейдегі жағдай мәз емес. Халық санының азаюы, еңбек күшінің тапшылығы сияқты өңірдегі шиеленіскен мәселелерді реттеу үшін оңтүстік өңір тұрғындарын ерікті түрде солтүстікке көшіру бағдарламасы қолға алынған болатын. Шынында да, бұл бастама қадау-қадау жұрты бар, қаңырап қалудың аз-ақ алдында тұрған солтүстіктегі талай ауыл тіршілігінің тамырына қайта қан жүгірткендей болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушыларды қолдаудың форматын жаңарту керек екенін айтқан болатын. Бес жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келе жатқан жоба одан әрі жалғасын таппақ.30 мыңнан астам азамат көшіп барды
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында демографиялық теңсіздік мәселесі бар. Яғни, бұл аймақтарда оңтүстік өңірлермен салыстырғанда бала туу көрсеткішінің төмен, халықтың Ресейге немесе басқа да шетелдерге көшуі байқалады. Осылайша, көші-қонның теріс сальдосы мен егде жастағы азаматтардың үлесі артып отыр. Оған қоса, өңірлерді қазақыландыру мәселесі де назарға алынды. Оңтүстік өңірлерде жағдай мүлде керісінше. Жалпы, халықтың 55 пайызы сол жаққа шоғырланған, жастардың да үлес салмағы жоғары. Бір сөзбен айтқанда, демографиялық жағдай өте жақсы, бірақ соған сәйкес жұмыс орны тапшы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің соңғы 10 жылдағы ішкі миграцияға жүргізген талдауының нәтижесінде Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Алматы облыстары тұрғындарының бір бөлігін Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарына көшіру қажетін анықтаған. Кейіннен бұл тізімге Қарағанды мен Ақмола облыстары да енгізілді. 2050 жылға қарай оңтүстік аймақтардағы халық саны 5 миллион 300 мың адамға дейін жетіп, жұмыссыздық мәселесі одан әрі ушығуы мүмкін, ал солтүстік өңірлерде тұрғындар саны 900 мыңға азайып, сәйкесінше жұмыс күшінің жетіспеуі ықтимал деген болжам да айтылған болатын. Міне, осы мәселелерді реттеуге бағытталған азаматтарды оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге ерікті түрде көшіру бағдарламасы 2017 жылдан бастап «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып келеді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында солтүстік өңірлердің демографиялық мәселелерін шешуге ерекше назар аударылды. Нақты деректер бойынша, 2015-2017 жылдар аралығында 1 392 адам, яғни 347 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударған. Ал 2017-2020 жылдарда оңтүстік өңірлерден солтүстікке 30 мыңға жуық адам көшіп барыпты. Бұл – шамамен 7 965 отбасы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржановтың мәлімдемесінше, 2021 жылғы қаңтар мен қыркүйек аралығында солтүстікке көшкендер қатарына тағы 1,3 мың отбасы немесе 4,5 мың азамат қосылыпты. Қоныс аударғандардың басым бөлігі Павлодар (33 пайыз) және Солтүстік Қазақстан (26 пайыз) облыстарына қоныстанған. Ал Ақмола облысына тек 4 пайызы көшіп барыпты. Қоныс аударғандардың ішінде 600-дей адам жаңа ортаға бейімделе алмай, кері көшіп кеткен. Негізінен тұрғын үй мәселесі реттелген Солтүстік Қазақстанды таңдаушылар көп көрінеді. Солтүстік өңірлердің әкімдіктері көпбалалы отбасыларға көбірек көңіл бөледі. Ауа райын, климат жадайын ескере отырып, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарын таңдап жатқандар да бар. Солтүстікке орныққандардың ішінде 9 мың адам ғана жұмысқа орналасқан екен. Бұл теріскейдегі еңбек нарығы мәселесін реттеуге ықпал етерліктей күш болмай тұр.Еңбек нарығына әлі де күш керек
Көшіп барғандарды жұмысқа орналастыру мәселесіне келер болсақ, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының деректеріне сәйкес, 2017-2020 жылдары қоныс аударған 25,7 мың адамның тек жартысы еңбекке қабілетті азаматтар екен. Сол 13 мың адамның 9 мыңы жұмысқа орналасқан. Көшіп барған еңбекке қабілетті азаматтардың көбі – фельдшер, дәрігер, мұғалім, механизатор. Жеке кәсібін дөңгелеткісі келетіндер және егіншілікті, мал шаруашылығын дамытқысы келетіндер де көшіп келіп жатыр. Осының негізінде солтүстік өңірде жылыжай шаруашылығы да дами бастапты. Қызмет көрсету саласында да жақсы нәтижелер бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жалпы көшіп барғандардың 613-і өз ісін қолға алған. Ал 109-ы шағын несие алған. 223-і мемлекет грантын иеленіпті.– Өз еркімен көшіп барғандарға негізінен жеке кәсіпкерлер жұмыс тауып береді. Мәселен, 2020 жылы жеке кәсіпорындар мен ұйымдар қоныс аударушылардың 71 пайызын жұмысқа орналастырса, ал мемлекеттік мекемелерге 29 пайызы жұмысқа тұрды. Солтүстік өңірлерде ауыл шаруашылығы бағыты басым болғандықтан, механизатор, тракторшы, комбайнер, жүргізуші, технолог-машинист, ауыл шаруашылығы жұмысшылары қажет. Жалпы алғанда, бұл бағыттардың тиімділік деңгейі жұмыс күші тапшы аймақтардың өзіндік ерекшелігіне байланысты, – дейді Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары.Солтүстікке келгендерге мемлекеттік қолдау көрсету үшін 2017-2020 жылдар аралығында бюджеттен 16,2 млрд теңге, 2021 жылы 4,7 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат азаматтарға қоныс аудару (отбасының бір мүшесіне 70 АЕК), көшіп келген жылы тұрғын үй жалдау шығындарын өтеуге, оларды жұмысқа алған жұмыс берушілерге субсидия төлеуге жұмсалған. Осы жылдары оңтүстіктен көшкендерге берілген мемлекеттік субсидия, жәрдемақы, олардың баспана жалға алу және сатып алуы үшін 20 миллиард теңгеден аса қаражат кетіпті.
Біржолғы жәрдемақы 2 есе артады
Солтүстікке қоныс аударған оңтүстік азаматтарына жеңілдіктер мен қаржылай көмек ұсынылады. Нақты айтсақ, республикалық бюджеттен бағдарламаға қатысушыларға және оның әрбір отбасы мүшесіне бірреттік жәрдемақы төленеді. Мөлшері – 35 айлық есептік көрсеткіш, яғни 84 175 теңге. Сонымен қатар коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеу үшін 12 ай бойы ақшалай көмек көрсетіледі. Қалалық жерге қоныс аударғандарға 48 100 теңге төленсе, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса – 60 125 теңге, ал 5 немесе одан да көп болса 72 150 теңге төлеу қарастырылған. Ауылдық жерге қоныс аударғандарға бір жыл бойында ай сайын 36 075 теңге беріліп отырады. Отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 43 290 теңге, 5 не одан да көп болса 50 505 теңге материалдық көмек көрсетіледі екен. Ал баспана сатып алғысы келетіндер осы қаражаттың біржылдық ақысын бірден алып, үй сатып ала алады. Тек кем дегенде бір адам жұмыспен қамтылуы керек. Бұл үшін жұмысты жергілікті билік, яғни елді мекендердегі жұмыспен қамту бөлімдеріне мамандығы бойынша жұмыс тауып беруін сұрап, өтініш жазу қажет. 2016 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысында қоныс аударушыларға арнап тұрғын үй салу және сатып алу жөніндегі пилоттық жоба қолға алынды. Соның аясында негізінен ауылдық жерлерде тұрғын үйлер салынды. Енді төленетін біржолғы жәрдемақыны 35-тен 70 АЕК-ке дейін өсіру көзделіп отыр. Бұл туралы биыл наурызда Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлімдеді.– Қоныс аударғандарды жұмыспен қамтуға, жаңа жерге бейімдеуге жағдай жасау үшін көшуге берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшерін 35 АЕК-тен (102 095 теңгеден) 70 АЕК-ке (204 190 теңгеге) дейін көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Серік Шәпкенов.Сонымен қатар жұмыс берушілерді ынталандыру мақсатында көшіп барғандардың еңбекақысының бір бөлігін субсидиялау, оқыту шығындарын өтеуге қатысты шаралар қабылданады. Қоныс аударушылардың жалақысының 35 процентін бір жылға дейін субсидиялау көзделіп отыр. Бұдан бөлек, бос жұмыс орындары туралы мәлімет алу, көшуге өтінім беру және қабылданған шешімдермен танысу электронды еңбек биржасы арқылы жүзеге асады. Жалпы, министрдің сөзінше, 2021-2025 жылдар аралығында өңірге 10 мыңнан астам жұмыс күшін көшіру, жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайызға дейін азайту сияқты меже белгіленіпті. Бұл үшін 1,8 триллион теңге қарастырылып отыр. 2019 жылы Түркістан облысынан Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Подгорное елді мекеніне көшіп барған Серік Әлтаев қоныс аударғандардың көптеген мәселесі шешілгенін айтады.
– Біз осы бағдарлама бойынша Арыс қаласынан Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Подгорное елді мекеніне ерікті түрде көштік. Отбасымыз үлкен: жеті баламыз бар. Ақпараттың шындығына көз жеткізген соң, мемлекет тарапынан көмектің болатынына әбден иланғаннан кейін әрекетке көше бастадық. Бір қызығы, бұл бағдарлама туралы көп ешкім біле бермейтін. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды неге пайдаланбасқа деген ниетпен 10-15 адам жиналып, өзіміз де елді хабардар ете бастадық. Әлеуметтік желілерде парақшалар аштық. Қызығып жатқандар болса, жұмыспен қамту орталығындағы мамандармен байланыстырдық. Әлі де осы істің басы-қасында жүрміз. Мәселенің көбі шешілді, үйлерге су тартылды. Алайда баспаналар сапасыз салынғанын айта кету керек. Өрт қауіпсіздігі назарға алынбаған екен, осы себепті ауылдағы 2 үй өртеніп кетті. Көшіп кеткендер бар, бірақ көп емес, шамамен көшіп келгендердің 10 пайызы қайтадан кетіп қалды, – дейді Серік Әлтаев.Подгорное елді мекеніне 175-тей отбасы қоныстаныпты, бағдарлама әрі қарай жалғасын тапса, халық үшін тиімді болса, көшіп келуге ниеттілердің қарасы қалың көрінеді.