Жаңалықтар

ҚазҰУ-да Жамбыл апталығы ашылды

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай, арнайы апталық басталды.

Рухани шараның шымылдығы ұлы ақынның кітаптары мен суреттері қойылған Әл-Фараби кітапханасының және Жамбыл, Сүйінбай музейлерінің «Жамбыл әлемі» көшпелі көрмесімен ашылды.

whatsapp image 2021 11 23 at 14.14.56

Оқу орны ректорының кеңесшісі Мәлік Отарбаев алқалы жиынды ашып, алдымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын жеткізді. Хатта: «Жыр алыбы Жамбыл Жабаев – тек қазақ халқының ғана емес, түркі дүниесінің әлемдік деңгейге көтерілген тұғыры биік тұлғасы. Ұлт мақтанышын қарашаңырақ төрінде дәріптеп, өлмес мұраларын жастарға насихаттаудың маңызы зор», – делінген.

Ректор кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы бұл іс-шара Жамбыл мерейтойы аясында университет қабырғасында қолға алынған үлкен істің бастамасы екенін айта келе, білім ордасында ұлы ақын шығармашылығы бойынша іргелі зерттеу жұмыстарының атқарылып жатқанын тілге тиек етті.

«Биыл ақынның 175 жылдығына орай, ҚазҰУ-дың «Жамбыл» ғылыми-зерттеу орталығының атсалысуымен 10 томдық жарық көрді. Құрастырған – жамбылтанушы Нағашыбек Қапалбек. Сонымен қатар Жамбыл мұрасын насихаттау бойынша тағы бір 10 томдық дайындалу үстінде. Оның 4 томдығы белгілі ғалым Жанғара Дәдебаевтың құрастыруымен жарық көрді. Осындай ғылыми ізденістер алдағы уақытта жалғаса бермек», – деді кеңесші.

Айтулы рухани шараға Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері, жазушы-жамбылтанушы Нағашыбек Қапалбекұлы, «Жамбыл» әдеби-мемориалдық музейінің директоры Салтанат Жамбылова, Сүйінбай әдеби-мемориалдық музейінің директоры Мұрат Қобдалиев, «Рухани жаңғыру» ғылыми-инновациялық орталығы» жобалық офисінің жетекшісі Нұрғали Ораз, ҚазҰУ-дың «Жамбыл» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Алмасбек Анықбек, жамбылтанушы ғалым Темірхан Тебегенов, Әділғазы Қайырбеков, Байғали Есенәлиев, Ертай Айғалиұлы сынды руханият өкілдері қатысты. Жиында сөз алған жамбылтанушылар кемеңгер тұлға жайлы толғамдарымен бөлісті.

Арнайы шақырылған қонақтар, оқытушылар мен білім алушы жастар көрмеде Жамбыл мұрасымен етене танысты. Сирек кездесетін материалдар, фотосуреттер, архив құжаттары мен жәдігерлердің бірегей кешенін тамашалап, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы маңызды мағлұматқа қанықты.

Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы ақынның даралығы жөнінде сөз қозғап, Жамбылдың даналық сыры ақындық қасиетінде екеніне назар аударып, оның өлеңдері әлемнің 160 тіліне аударылғанын айрықша атап өтті.

Жамбыл мұрасын дәріптеу мақсатында елімізде атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндай келе, университет басшысы Жансейіт Түймебаевтың Жамбыл есімін ұлықтауға қосқан сүбелі үлесін атап көрсетті. Түркияда елшілік қызметте жүргенде сол елден Жамбыл есіміне көше беру, Анкарада Сүйінбай бабамызға ескерткіш орнату және Сүйінбай атында саябақ ашу ісіне ұйытқы болғанын және Сүйінбай мен Жамбыл кітаптарының түрік тілінде таралуына өз септігін тигізгенін ризашылықпен жеткізді.

Сонымен қатар, «Жамбыл апталығының» ашылу салтанаты аясында түрік тіліне аударылған «Көроғлы» дастанының тұсаукесер рәсімі өтті. Түркі халықтарына ортақ туындының Жамбыл Жабаев жырлаған нұсқасы енген жинақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Еуразия жазушылар одағына қарасты «Бенгу» баспасының қолдауымен жарық көрді. Тәржімалаған – жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев.

Кітаптың алғысөзін ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев жазған. Онда Жамбыл Жабаевтың өз өлең-жырларында өмір сүрген уақыттың тамырын дөп басып, заман тынысын айқын бейнелегені баяндалады. Сонымен қатар өмірін өлеңмен өрнектей білген ақынның өзінен бұрынғы ақындардың жыр-дастандары мен айтыстарын жатқа орындап, таңнан-таңға жырлағанын таныстыра келе, жыршы ақынның жадында сақталған «Көроғлы» жырының түркі әлемі әдебиетіне қосылған таптырмас қазына боларына сенім білдіреді.

Жазушы Нұрғали Ораз жиында сөз алып, жуырда ХVI халықаралық Анкара кітап көрмесінде жинақтың тұсаукесер рәсімі жоғары деңгейде жүзеге асқанын атап өтті. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі қолдау білдірген шараға ҚазҰУ делегациясы құрметті қонақ ретінде қатысқанын айтты. «Басқосуда Памуккале университетінің профессоры Нергиз Бирай, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлы Жамбыл Жабаевтың қайраткерлік болмысы және қазақ әдебиеті мен ұлт руханиятындағы рөлін таразылап, Жамбыл нұсқасы түркі әлемі мәдениетіне қосылған соны жаңалық екенін алға тартты», – деді жазушы.

Айта кетсек, апталық аясында «Ақ домбыра қолға алып…» атты жыр кеші, Жамбыл ұрпақтарымен кездесу, «Жамбыл және түркі әлемі» халықаралық онлайн-конференция өткізіліп, Жамбыл және Қарасай аудандарындағы Сүйінбай – Жамбыл кесенесі мен музейіне экспедиция ұйымдастырылатын болады.

Back to top button