Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктер саны өсті дейді. Бірақ...

Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктер саны өсті дейді. Бірақ...

Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктер саны өсті дейді. Бірақ...
ашық дереккөзі
1048

Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында кең байтақ қазақ өлкесін 1,5 миллионға жуық киік мекендеген. Сол киіктер бүгінде тым сиреп қалған. Боз даланы мекен еткен сахараның сұлу кербезінің саны 2003 жылы 21 мыңға әзер жеткені белгілі.

Сәкен Сейфуллиннің «...Азайды соңғы кезде байғұс бөкен, Мың-мыңдап баяғыда жүреді екен...», – деп жырлағаны да бекер емес-ау. Иә, миллиондап жүрген киіктердің қазіргі саны көңіл көншітпейді. Десек те, соңғы деректер бойынша, Қазақстанды мекендеген киіктер санының артқандығы байқалады. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған соңғы мәліметтер қазақ даласындағы киіктер санының 257 мыңға жеткендігін көрсетті.

Сахараның сұлу кербезі

Қазақ халқы киікті киелі жануар ретінде бағалайды. Олар өте ақылды жануарлар қатарынан, кез келген табиғи ортаға тез бейімделеді. Тұяқты түз жануарының бес популяциясы бар: үшеуі Қазақстанда, екеуі Ресей (Қалмақ елі) мен Моңғолияда. Киіктің кейбір түрлері Өзбекстан жерінде мекендейді. Ақбөкендер үшін шөлді, шөлейтті және далалық аймақтар тіршілік етуге өте тиімді. Жұп тұяқты жануарлардың арасындағы ең өсімталы да – киік. Бұл жануар жылына бір рет төлдейді. Мамырдың алғашқы жартысына сәйкес келетін ақбөкендердің төлдеуі кезінде күн салқындап, жауын-шашын көбейеді екен. Осы мезгілді қазақ халқы «Құралайдың салқыны» деп атап кеткен. Ал құралай – киіктің лағы. Қазір республикамызда киіктердің Бетпақдала-Арыс, Үстірт, Еділ-Жайық деген үш тобы сақталған. Олардың арасында жиі кездесетіні – Бетпақдала-Арыс тобы. Бұл топқа жататын киіктерді Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстарының елсіз жазықтарынан кездестіруге болады.

Археологиялық қазба жұмыс­тарының нәтижесінде табылған киіктердің қаңқалары олардың ерте заманда Ұлыбритания аралынан бастап Аляскаға дейінгі кеңістікті мекендегенін дәлелдейді. Ал Қазақстанда Павлодар облысындағы Ямышево, Подпуск ауылдарынан, Семей қаласының түбіндегі Нұра өзені бойынан, Жамбыл облысындағы Қараүңгір, Үшбас үңгірлерінен киіктің сүйектері табылған. Біз­дің дәуірімізге дейінгі VІІ-V ғасырларда Тамғалы жартасына киіктің суреттері қашалып салыныпты. Қазақ жерін мекендеген сансыз көп ақбөкендер туралы ХІV-XVІ ғасырлардан бері халық эпостарында айтылып келеді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Қырым, Таврия, Кавказ жерлерінде киіктер жойыла бастаған екен. Осылайша, Еуропа мен Азияны түгелдей мекендеген киіктер қазір тек қазақ даласында ғана сақталып қалған көрінеді. Алайда бұдан бұрын да қазақ даласындағы киіктердің жойылып кету қаупі туындаған. Бұл жөнінде зоолог А. Слудский: «Қазақстанда 20-жылдардың басында ақбөкендердің саны күрт азайып кетті. 1917-18 жылғы қыстың жұты түз тағысының жүздеген мың басын шығынға ұшыратты. Сол кездегі жергілікті үкіметтің шешімімен, 1919 жылдан бастап Сарыарқада киік аулауға қатаң тыйым салынды. Бірақ одан көп өзгеріс бола қоймады, 1927-28 жылы болған жұттан кейін ақбөкендерге жер бетінен мүлде жойылып кету қаупі төнді», – деп жазған. Ал 1930-32 жылдары жүргізілген ұжымдастыру науқаны мен ит-құс, шыбын-шіркейдің азаюы киіктердің өсуіне қолайлы жағдай туғызды. Қазақ халқы отырықшылық өмірге бейімделе бастаған кезеңде ақбөкендердің санын көбейтуге мүмкін­дік туды. Қолайлы жағдайдың әсерінен табындары көбейген киелі түз жануары 1941-45 жылдары, ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде еркін өмір сүрді, бөкендердің ең көбейген сәті де нақ осы кезең болатын. Кейін қазақ халқы кие тұтқан киіктер жаппай қырғынға ұшырай бастады.

«Кей қазақ кәсіп қылып киікті атқан»

Киік – дәмді еті, құнды әрі пайдалы мүйізі мен тұяғы, әдемі терісі үшін жоғары бағаланатын жануар. Ал бүгінгі күні жойылып кету қаупі туындап тұрған көзі жәудіреген киіктердің басты жауы – адамдар. Қазақ даласында «ақбөкендер жоғалып барады, оларды сақтап қалу қажет» деп қанша дабыл қағылғанымен, оның нәтижесі шамалы. Даланың сұлу аңдарына браконьерлерден төнген қауіп әлі де сейілер түрі жоқ. Заңсыз аңшыларды құрықтау үшін, заңсыз әрекеттеріне тыйым салу үшін түрлі шаралар қолданылғанымен, нәтиже аз. Браконьерлер киікті көбінесе мүйізі үшін аулайды. Сол себепті, қатыгез браконьерлер киіктің басын ғана алып, денесін тастап кетеді екен. Ақбөкеннің мүйізі ертеден-ақ дәрілік шикізат ретінде белгілі болып, шет мемлекеттерге қымбат бағаға сатылған. Кейбір деректерге сенсек, ертеде киіктің бір жұп мүйізі бір жылқының құнына тең болыпты. Бұл сауда қазір де қызып тұрғандықтан, киіктерді заңсыз аулау әрекеттеріне тосқауыл болмай тұр. Қазіргі уақытта еліміздің көптеген өңірлерінде киік аулаушылар бөкеннің мүйізін орта есеппен 35-40 мың теңгеге саудаласа, Алматы қаласында киік мүйізінің бір келісі 200 мың теңгеден жоғары бағаға сатылады. Ал киік мүйізінің бір келісі Қытай базарларында 3,5 мен 5 мың АҚШ долларының аралығында бағаланады екен. Аспан асты елінің дәстүрлі медицинасында дәрілік шикізат ретінде киік мүйізіне сұраныс жоғары. Аталған ел медицинасының ақбөкеннің мүйізіне деген сұранысы жыл сайын 8 тоннаға дейін көтерілуде. Қомақты қаржыға қол жеткізетін болғандықтан, браконьерлер киіктің киесін еске де алып жатқан жоқ. Зияны жоқ, пайдасы көп киелі жануар болғандықтан киіктің соңына қару алып түскендер көбеюде. Тіпті, қазір «киіктің мүйізін сатып аламыз» деген хабарландырулар да көзге жиі түседі. Киікті мүйізі үшін ғана аулайтындар, әрине, киіктің текесін аңдиды. Киік тұқымының құрып бара жатқанына да осы киік текесінің жиі ауланатындығына байланысты.

Киік мүйізінің емдік қасиеті халықтық медицинада ерте кезден белгілі. Одан пантокрин дәрісі алынады. Аталған дәрілік шикізат өкпе қабынуы, жүрек ауруы, паралич сынды ауруларға ем. Ал ақбөкеннің тұяғын күйдіріп, күлін денедегі жараға (теміреткіге) жағуға, сусамыр ауруына шалдыққандарды емдеу үшін қолдануға болады. Киелі жануардың тұяғы жерді түлету үшін аса қажет дейді мамандар. Сұлу бөкен шөпті таңдап жейді, сондай-ақ, шөптің жоғары жағынан ғана алып жайылады. Сондықтан бөкендердің жайылуы өсімдіктердің өсуіне кедергі болмайды. Керісінше, өсімдіктің тұқымын шашып, оны аша тұяғымен жерге енгізеді.

Киіктер неге қырылды?

Кейінгі жылдары еліміздің бірнеше өңірінде киіктердің жаппай қырылып қалу жағдайы тіркелді. Мұның себебін мамандар пастереллез ауруымен байланыстырғаны мәлім. 2010 жылдың мамыр айында Батыс Қазақстан облысында төрт күн ішінде 12 мың киік қырылып қалды. Әуелде ақбөкеннің өлекселері Жәнібек, Қараоба, Казталовка ауылдарының маңынан табылған. Қырылып қалған киіктердің белгілері ұқсас: іштері кеуіп, ауыздарынан жасыл түсті көбік аққан. Дәл осы белгілерге сүйеніп отандық және халықаралық ұйымдардың сарапшылары киіктердің пастереллезбен қатар шүйгін шөпті шектен тыс көп жегендіктен іші кеуіп, буынып өлген деген болжамдарын да ұсынды. Батыс Қазақстан облысында араға жыл салып, ақбөкендердің қырылу жағдайы тағы да орын алып, қазақ даласын мекендеген киіктер саны 500-ге кеміді. Өлген киіктердің 90 пайызы – аналықтар мен лақтары болған. Киіктердің жаппай қырылуы 2012 жылдың көктемінде Қостанай облысында да орын алды. Облыс аумағын мекен еткен сұлу жануардың 500-ден астамы тағы да белгісіз себеппен қырылды. Сарапшы мамандардың бұл жолғы болжамы: «даладағы шашылып жатқан химиялық тыңайтқыштар мен ғарыштық кемелерден бөлінетін улы заттар киіктердің қырылуына әсер етуі мүмкін», – дегенге саяды. Киіктердің жаппай қырылу фактісі мұнымен тоқтай қойған жоқ. 2013 жылы Ақмола мен Қарағанды облыстарын мекендеген 3 мыңға жуық ақбөкен тағы да белгісіз себептермен қырылып қалды. Онсыз да жойылып кетуге аз қалған киіктердің жыл сайын жаппай қырылуы шығынды арттырса да, шенділер мен зерттеушілер бөкендердің қырылуының нақты себебін анықтай алмаған сыңайлы. Киіктердің қырылуы қазақ даласында бұрын да орын алған көрінеді. Мәселен, 1981 жылы Торғай өңірінде 180 мың, 1984 жылы Батыс Қазақстан облысында 250 мың, 1988 жылы 500 мың бас киік қырылып қалған.

Елімізде киіктердің саны жыл санап азайып бара жатқанын ескерген Үкімет 1999 жылы киіктерді аулауға, ал 2004 жылдан бастап олардың мүйіздерін экспортқа шығаруға тыйым салды. Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің дабыл қағуымен ел Үкіметі киіктерді қорғау үшін қаржы бөліп, «ОхотзоопромӨБ» мемлекеттік мекемесі құрылған болатын. 2005 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті ел аумағында киіктерді аулауға, олардың мүйіздері мен өнімдерін жинауға, дайындауға, сатып алуға немесе өткізуге тыйым салу туралы бұйрық шығарды. Аталған бұйрық бойынша әуелде бөкен аулауға 2011 жылға дейін тыйым салынса, кейінірек бұл шектеу мерзімі 2020 жылға дейін ұзартылды. 2006 жылы ақбөкендер жойылып кету қаупі бар жануарлар енгізілген «Қызыл кітаптан» орын алды. Осындай қорғау шараларының нәтижесінде 2004 жылы киіктер саны 30700-ге, 2005 жылы 39600-ге жетті. Ал 2012 жылы қазақ даласын мекен еткен 137,5 мың киік тіркелсе, бұл көрсеткіш 2013 жылы 36 пайызға өсіп, 187 мыңға жеткен. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған соңғы деректер сайын даланы еркін жайлаған киіктердің саны біршама көбейгенін көрсетіп отыр. Алайда қазақ даласында жосылып жүрген ақбөкенді көріп, ол жөнінде қуана айтып жүргендер көрінбейді.

Мұның бәрі қуаныш етуге боларлық-ақ жайт. Бірақ Алма­тының кез келген бұрышында ілулі тұратын «Ақбөкеннің мүйізін сатып аламыз» деген хабарландырулар нені білдіреді? Ондай хабарландыруларды берушілер ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоғарыда айтылған бұйрығынан бейхабар ма? Бұл бұйрықты көзге ілмейтіндердің сенгені кімдер?..

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары