2021
«Мені» жоқ менеджер мемлекетке жүк
«Мені» жоқ менеджер мемлекетке жүк

Шенеуніктер бірінің орнына бірі келіп, ауысып жатады. Ал қордаланған мәселелер шешілмеген күйі қала береді. Содан да болар, жүйесіздік пен дұрыс ұйымдастырылмаған жұмыстың себебімен емес, салдарымен күресуге тура келеді. Ал оның салдары жеңіл бола бермейтіні белгілі.
Шенеуніктердің жауапкершілік алуға, жауапты шешімдер қабылдауға құлықсыз болып бара жатқанын Мемлекет басшысы талай мәрте айтты. Биылғы Жолдауында сондай енжар басшылардың қызметтен кетуі керек екенін де ескерткен болатын. «Мемлекеттік қызметкерлер және бүкіл қоғам біртұтас ел ретінде алға қойған міндеттерді орындау үшін жұмылуы тиіс. Әйтпесе кеш қалуымыз мүмкін. Дүниежүзіндегі ахуал құбылмалы. Мемлекет басшысының бағытына күмәнданатындар, міндетін атқара алмай отырғандар, қызметте отырып, жай уақыт өткізгісі келетіндер, тапсырманы орындаудан жалтаратындар, менің ойымша, қызметінен кетуі керек», – деді Президент. Жалпы, бізде әбжіл қимылдап, жүйелі жұмыс істейтін, сол ісіне есеп беріп, сенімді сөйлейтін, шұғыл жағдай бола қалса, бұйрық күтпей, жауапкершілік алатын бастамашыл басшылар бар ма?«Апат айтып келмейді», бірақ...
Індет басталып, төтенше жағдай жарияланған кезде көптеген саланың жұмысы кенеттен болған өзгерістің көшіне ілесуге қауқарсыз екені анық байқалған еді. Пандемия «бәрі мінсіз» деп сайрап тұрған статистикалардың біразын жоққа шығарды. Ең алдымен, денсаулық сақтау саласындағы жүйесіз жұмыстың салдары анық байқалды. Елде індет өршіген тұста аса қажет дәрі-дәрмек жетіспей, ауруханаларда бос орын болмады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің пандемияға дайын болмағаны үшін денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығын, бейқам әкімдерді сынады. Бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі ұсталып, Елжан Біртанов қызметінен кеткеннен кейін Денсаулық сақтау министрлігімен тығыз байланысты әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен «СҚ-Фармация» компаниясының топ-менеджерлері жұмыстан босатылды. Министр ауысса да, коронавирус жұқтырғандардың статистикасын жүргізудің өзі үлкен проблема болды. Одан кейін министрлік халықты вакциналау жұмыстарының баяулығына байланысты тағы бірнеше мәрте сынға ұшырады. Пандемияға байланысты білім беру саласының көп кемшілігі айқындалып қалды. Дәстүрлі оқудың дағдылы соқпағымен ғана жүріп келген білім беру мекемелерінің басым бөлігі қашықтан оқытуды тәжірибе жүзінде бекітпеген. Себебі пандемияға дейін қашықтан оқытудың қажеттілігі болмады. Қаншама жылдық тәжірибесі бар, білікті мұғалімдердің өзі жаңа форматты жатырқап, өз жұмыстарын бірден дөңгелетіп әкете алмады. Осы жерде тағы бір саланың шешілмеген мәселелері шықты. Яғни, бұған бір жүйеге негізделген платформаның, білім беру ресурсының болмағаны себеп болды. Цифрлық сауаттылық деңгейі көңіл қуантпайтыны бесенеден белгілі. Электронды гаджеттер мен ноутбук, компьютерлердің тапшылығы балалар тұрмақ, министрліктің өзін тығырыққа тіреді. Кей аймақтарда әлсіз, кей жерлерде мүлдем тартылмаған интернет жағдайды одан әрі ушықтырды, сөйтіп ауылдардың барлығы дерлік интернет желісіне қосылғанын растайтын статистиканың шындыққа жанаспайтыны анық байқалды. Мектеп оқушыларын осылай оқыту мүмкін емес екенін, ел аумағындағы интернеттің қауқары мұндай ауқымды жұмысты көтере алмайтынын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің өзі де әу баста мойындаған болатын. Сөйтіп министр қашықтан оқыту үшін басқа да механизмдерді қарастырды. Соңында оқушыларға тапсырма жіберу үшін тіпті Қазпоштаның қызметіне жүгіндік. Сөйтіп, 2,5 миллион оқушыны онлайн оқытуға қауқарсыз болып шықтық. 42 500 теңгенің «жыры» да осы ғаламтордан басталғанын білеміз. Алғашында жәрдемақы алу үшін Egov порталы арқылы өтініш беру керек болатын, бірақ сайт жүктемені көтере алмай халық тағы әурес-арсаңға түсті. Кейіннен жеке сайт пен әр аймақ үшін қосымша телеграмботтар іске қосылды деп хабарланғанымен, олар да бірден мүлтіксіз жұмыс істеп кете қоймады. Интернет түгілі әлі күнге дейін ұялы байланыс желісі жоқ қаншама ауылдар бар. 90-жылдары үдемелі индустриалды-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама іске қосылды, 2005 жылы электронды үкіметті қалыптастыру басталды, инновациялық экожүйенің бірқатар элементтері құрылды. Ал «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы 4 бағытқа негізделсе де, нәтижесі жүйесіз болды. Жобаның алғашқы бағыты – алыс аймақтарды ғаламтормен қамтамасыз ету – толық нәтижелі болмағанын жоғарыда айттық. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны енгізу болса, бұл бағыттың да атқарылғанынан атқарылмағаны көп сыңайлы. Тағы бір мақсат – білікті IT мамандарды даярлау. Бұл бағытта жоғарғы оқу орындарындағы IT саласына бөлінген грант саны көбейтілді. Шетелде білім алып жатқан жастар қаншама? Бірақ білімді жастардың көбі шетел асып, кремний алқабы сияқты әйгілі жерлерде жұмыс істеуді арман ететіні жасырын емес. Осының бәріне «СБЕР» дауы қосылды. Премьер-Министр Асқар Мамин мен Ресей Сбербанкінің басшысы Герман Грефтің Data-Driven Government тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі жазбаларында, сөйлеген сөзі мен мәлімдемелерінде eGov порталы тек Қазақстанға тиесілі және ешкімге берілмейді деп сендіріп баққанымен, қалың сынның астында қалды. Биыл шілдеде Президент Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты отставкаға жіберді. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласы күрмеуі қиын мәселелерге тап болды, атап айтсақ, сібір жарасы, құс тұмауы, бруцеллез де өршіп кетті. Оған қуаңшылықты қосыңыз. Бұдан бөлек, дала өрті де өршіп кетті. Оңтүстік пен батыс аймақтарда мал аштықтан, ал солтүстік пен орталық аймақтарда қызыл жалыннан қырылды. Малға өріс жерлердің, шабындықтар мен жайылымдардың барлығы жарамсыз болып қалды. Осының барлығына коронадағдарыстың ықпал етіп отырғаны белгілі, десек те, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы аспандап кеткені мәселені одан әрі ушықтырды. Министр АӨК кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға үшінші болып талпынған еді, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын бірқалыпты ұстап тұруға күш салды. Өкінішке қарай, бұл талпыныс нәтиже бермегеніне куә болдық. Екінші жағынан, азық-түлік бағасының шарықтап кетуі ішінара ведомствоның жауапкершілігінде болмаған факторлардан туындағанын да атап өткен жөн. Мысалы, кәдеге жарату алымын енгізу ауыл шаруашылығы техникасының бағасын өсірді. Бұған жауапты – Экология және табиғи ресурстар министрлігі. Теңге бағамының төмендеуі фермерлердің агрохимияға, тұқымға және сол ауыл шаруашылығы машиналарына жұмсаған шығындарының өсуіне әкелді. Ал бұған жауапты – Ұлттық Банк. Климаттық қоймалардың болмауынан көкөністер мен жемістердің тапшылығы байқалды. Көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту бойынша тапсырма бірнеше рет берілген. Ол мәселе Үкімет отырыстарында да қаралған еді. Бұл Сауда және интеграция министрлігі қадағалауы тиіс мәселе еді. Осының бәрі тізбектеліп келіп, ақырында азық-түлік бағасының өсуіне ықпал етті. Алайда сауда желілері мен делдалдар бағаның одан әрі аспандап кетуіне себепші болды. Бұл мәселені реттеу – жергілікті атқарушы биліктің міндеті. Арыстағы оқиғадан сабақ алмағанымызға, қорғаныс саласындағы кемшіліктерге Жамбыл облысындағы жарылыс кезінде қайта куә болдық. Осыдан екі жыл бұрын Арыс қаласында №44859 әскери бөлімінде оқ-дәрі жанып, көп ұзамай бірнеше жарылыс болды. Апат салдарынан 3 адам қайтыс болып, 21 тұрғын үй толықтай өртеніп кетті. Жарылыс ісі бойынша 16 адам сотқа тартылды. Оқиға салдарынан 1473 адам зардап шекті. Ал қылмыстық істің өзі 550 том болды. Сот 2020 жылдың маусымында басталған болатын. 2021 жылдың қаңтарында іс прокуратураға қайтарылып, әлі де тергелетіні хабарланды. 26 шілдеде әскери қоймадағы жарылыс бойынша айыпталғандарға қатысты сот шешімі шықты. Айып тағылған 16 адамның 12-сі 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, ал төртеуі 4 жылдан 7 жылға дейін шартты түрде сотталды. Арыстағы жарылыстың шығыны – 173 млрд теңге. Ал биыл 26 маусымда Жамбыл облысы Байзақ ауданында №28340 әскери бөлімінде инженерлік оқ-дәрілер қоймасында жарылыс болды. Ресми мәліметтер бойынша, 26 тамызда сағат 18.45-те «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының инженерлік оқ-дәрілер базасында қоймалардың бірі өртенген. 15 азамат қаза тапты, бір азамат әлі күнге дейін табылған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын. Кейін Президент қаза тапқандарды марапаттаған. Ал Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев 31 тамызда отставкаға кетті. Бірақ бір ғана министрдің отставкаға кетуі жүйедегі жүйесіздіктің күрмеуін шешпейтінін қоғам белсенділері жарыса айтып жатты.Тығырықтан шыға алатындар аз
Басшы көп болғанымен, осындай шұғыл оқиға кезінде сол саладағы немесе аймақтағы жағдайды реттей алатын, тығырықтан шығарады деп сенім артуға болатын басшылар туралы бізде аз айтылады, соған қарағанда мұндай кризис-менеджерлердің өзі де көп емес деген қорытындыға келуге болады. Соңғы жылдары Бердібек Сапарбаевқа көпбалалы аналардың мәселесімен, Қордайдағы төтенше жағдайдың салдарымен күресті. Қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау облысына Нұрлан Ноғаев басшы болып барды. Бұл қатарға тағы кімдерді қосуға болады, жастардың арасында бастамашыл, тығырықтан шыға білетін қабілеттілер бар ма? Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым соңғы 10 жылда шыққан басшылардың, менеджерлердің тәжірбиесі аз екенін, бірақ жастардың арасынан да мықты менеджерлер шығатынына күмәнданбайтынын айтты. Айдос САРЫМ, Мәжіліс депутаты:Жүрек пен абырой керек
– Апатты, жағдайы шиеленіскен аймақтарды реттеуге, басқаруға көбінесе 90-жылдарды көрген, барлығының ретін білетін, халықпен сөйлесе алатын азаматтарды жібереді. Жалпы өмірлік тәжірибесі мол болғандықтан, олар қиын жағдайда да халықтың алдына батыл шығып, мәселе көтере алады. Мұндай азаматтар әртүрлі дәрежеде өз қызметтерін атқарып жүр. Ал соңғы 10 жылда шыққан басшылардың, менеджерлердің өкінішке қарай, ондай тәжірибесі жоқ. Саяси таңдау жасаған кезде осының барлығы ескеріледі. Қазақша, орысша еркін сөйлеу, кез келген аудиторияның алдына шығып сөз сөйлей білу, уәжді, пікірлерді тыңдай білу, ести білу деген сияқты. Ең бастысы – қиын немесе апатты, дағдарысты жағдай болған кезде менеджердің өзінің де психикасы, ойлау қабілеті сыр бермеуі керек. Бұл – өте маңызды. Жастардың арасынан да мықты менеджерлер шығатынына күмәнім жоқ, бірақ қарап отырсақ, аймақтардың көбісін басқарып отырған әкімдер, олардың орынбасарлары – 40 пен 30 жас арасындағы азаматтар. Жалпы мықты менеджердің бойынан табылуы керек ең негізгі қасиет – жауапкершіліктен қашпау. Мен жауап беремін, бір жағдай болатын болса, барлығын өз мойныма аламын деп командаға, басқасына пікір айта алу, елдің алдына шыға алу. Наразы аудитория болады, ызалы аудитория болады, азалы аудитория болады. Дәрігерлердің бір қағидаты бар ғой: жақсы дәрігер палатаға кірген кезде өзінің сырт келбетімен, жүріс-тұрысымен-ақ адамның өмірге құштарлығын оятып, дәрігерге деген сенімін қалыптастыруы керек. Яғни олар ұқыпты, дұрыс жүруі керек, батыл сөйлеуі керек. Бұл да сол сияқты дүние. Әкім, басшы ынжық болмауы керек, айтатын ойын нақты жеткізе білуі керек. Керек кезде үстелді бір ұрып, «мен жауап беремін» деуге дайын болуы тиіс. Өкінішке қарай, байқасаңыз, қазір кейбір басшылар, жас басшылар, басқалар тіпті қағазға қол қоюдан, тендер өткізуден қашатын болып кетті. Бұл – жұмыс емес. Бұдан бұрын Президенттің айтқаны да осы болатын. Қазір жауапкершілік арқалайтын уақыт келді. Әкімдер, министрлер, басқа да шенділер өзінің істеп жатқан жұмысының жауапкершілігін ала білуі керек. Әр деңгейдегі биліктің сатысында жауапкершілік болуы тиіс. Міне, мен істеп отырмын ба, жұмысымды адал атқарып отырғанымды білемін, бәлкім ол біреуге ұнамауы мүмкін, біреудің қытығына тиюі мүмкін, бірақ мен осыны іске асырамын дейтін адам болмаса, онда дәл қазір, пандемия дейміз, басқа дейміз бәрінде де осындай батылдық пен жауапкершілік керек. Жүрек пен абырой керек.Біздің түсінігімізде шенеуніктердің «шаблон» үлгісі қалыптасып, санамызға әдбен сіңіп те кеткен. Ашығын айтқанда шенеунік ұғымы ұнамсыз бейне ретінде қабылданады. Екінші жағынан, олардың өзі де осы қалыптан аса қатты өзгере қойған жоқ. Бірақ бастамашыл, жаңашыл тұлғалар керек дегенімізбен, біреу суырылып шықса, жақтыра қоймайтынымыз тағы бар.