Аймақ

Қарағандыда атыс болды – оқиғаның мән-жайы анықталды

Ресми мәліметке сәйкес, 27 қазанда түнгі сағат 22:00-де Қарағанды қаласының Октябрь полиция бөлімшесіне такси жүргізушісіне шабуыл жасалғаны туралы ақпарат түскен.

Такси жүргізушісі көлікте пышақ алып шыққан жолаушыдан қашқан. Ал жанынан өтіп бара жатқан ер адам оған көмектесемін деп, тапаншадан оқ атыпты.

«Оған жанынан өтіп бара жатқан ер адам көмекке келді. Екеуі жолаушыны көліктен шығаруға тырысты. Ол пышағымен қорқытып, екеуіне тап берді. Сол кезде көмекке келген ер адам белгісіз травматикалық қарудан бірнеше рет оқ атты», – дейді полицейлер.

Тәртіп сақшылары мас күйінде болған 55 жастағы ер адамды ұстады. Оған медициналық көмек көрсетілді. Бірақ ауруханаға жатқызудың қажеті болмады.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.

Оған сәйкес, 2 000 АЕК-ке (5 834 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жүмыстары, я болмаса, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Полицейлер оқ атқан адамды іздестіріп жатыр.

Back to top button