1382
Жалға берер пәтердің қол жетпейтін құны бар
Жалға берер пәтердің қол жетпейтін құны бар

Жаздың аяғына қарай Алматыда пәтер жалдау бағасы күрт қымбаттады. Ізін ала Нұр-Сұлтанда да баға шарықтап шыға келді. Мамандардың пікірінше, жалға берілетін тұрғын үй құны екі ай ішінде 30 пайызға өскен.
Мәселен, Нұр-Сұлтанда маусым айында бір бөлмелі пәтерді орта есеппен 100-105 мың теңгеге жалдап тұруға болатын, қазір баға 155 мың теңгеге жетіпті. Алматыда да жағдай тура осындай. Баспана мәселесі халықтың басты мәселесіне айналғалы қашан, енді үй сатып алу тұрмақ, жалға алудың өзі мұң болып отыр.Жалдауға жалақы да жетпейді
Интернеттегі хабарландырулар Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы ұзақ мерзімге жалға берілетін үйлердің бағасы расымен де қатты қымбаттағанын растайды. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша, елордада пәтер жалдаудың орташа құны 239 195 теңге болған, бұл —тамыз айындағы бағадан 3 пайызға артық. Бір бөлмелі пәтерді жалға алу бағасы 170-180 мың теңгеден асып кеткен. Ал қала орталығындағы бір бөлмелі пәтерде тұру үшін 200 мыңнан жоғары төлеуіңіз керек.

– Үй бағасының күрт өсуіне нарықта сұраныстың артқаны, қалаға ағылған адамдардың көптігі әсер етіп отыр. Бұл – нарықтағы әдепкі құбылыс: үйге сұраныс артқан сайын, баға да еселенеді. Оған қоса, елдегі өмір сүру деңгейі жоғарылағаны туралы ақпарат та (шындығында керісінше) белгілі бір дәрежеде әсер ететінін айта кеткен жөн. Жалпы ішкі өнім көлемі жалақы өсті деген сайын бағалар да өсіп жатыр. Пәтер иелері «Мына пәтерді жалға беруші осындай баға деп көрсеткен екен, мен де өсіремін» деп, бағаны негізсіз көтеріп отыр деп ойламаймын. Жүргізілген жөндеу жұмыстарына, жиһаздардың бағасына үйді жалға беру бағасы сәйкес келеді. Яғни, шығынды ақтауы керек. Сонымен бірге құрылыс материалдарының бағасы да шарықтап тұр, – дейді ол.Дегенмен қымбат пәтерлердің барлығы бағасына сай емес екенін айта кету керек. Әсіресе, бір бөлмелі пәтерлерге белгіленген бағалар асырасілтеушілік десек, артық айтқандық емес. Бағаның өсуі, ең алдымен әдепкі оқу форматына ауысып, қалаға ағылған студенттерге үлкен мәселе болды. Оқу жылы басталарда пәтерақының қымбаттауы үйреншікті жағдай болса да, биыл ахуал мүлде басқа болып тұр, сарапшылар да пәтерақы енді арзандай қоймайтынын айтады. Ал жатақхана жетіспеушілігі бізде қалыпты жағдайға айналғалы қашан...
Еліміздегі студенттердің 16 пайызы ғана жатақханамен қамтылған
Жақында пәтер жалдайтын студенттердің мәселесі Мәжілісте көтерілді. Депутат Елнұр Бейсенбаевтың мәліметіне сәйкес, елімізде 1,1 миллионнан астам студент бар. Олардың 16 пайызы ғана, шамамен 174 мың адам жатақханамен қамтамасыз етілген. Қазірдің өзінде жатақхана жетіспеушілігі 80 мың орынды құрап отыр.
– «Еліміздің тірегі – жастар» деп ұрандатып жатамыз. Дегенмен сол студент жастарды жатақханамен қамту мәселесі шешімін таппай отыр. Елімізде 1,1 миллионнан астам студент білім алады. Оның 16 пайызы ғана (174 мың) жатақханамен қамтамасыз етілген. Осы мәселеге қатысты жуырда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдаған едік. Жатақхана, әсіресе Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жетіспейді. Мысалы, Алматы қаласында 170 мыңға жуық студент білім алса, оның тек 31 мыңы жатақханамен қамтылған. Дәл қазірдің өзінде Алматы қаласы бойынша 35 мың орын жеткіліксіз. Жақында осы мәселені тағы бір талқыладық, қазір жатақханаларды реконструкциялау, жөндеу бойынша жұмыс істеліп жатыр. жылдың аяғына дейін 10 мың орын пайдалануға беріледі, – дейді депутат.Ал Білім және ғылым министрлігі осы жылдың соңына дейін 37 жаңа жатақхана пайдалануға берілетінін мәлімдеді. Құрылыс жұмыстары Нұр-Сұлтан қаласында, Қызылорда, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында қызу жүріп жатыр. Нұр-Сұлтан мен Алматыда жеке инвесторларды қосымша ынталандыру үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту мәселесі қаралып жатқан көрінеді. Оқу орындары мүмкіндігіне қарай өз ақшасына да жатақхана салмақ. Ал кейбір университеттер тұрғын үй, жатақхана мен қонақүйлерді жалға алып, соған студенттерді орналастыруға кіріскен. Министрлік мәліметінше, қазір 13 жоғары оқу орны 5 мың студенттің тұратын жерін жалға алып отыр. Ал келесі жылы тағы 60-қа жуық студенттер үйі пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Ал елордалық студент Диана Асанбекованың айтуынша, биыл тек бірінші курс студенттері жатақханаға орналасқан.
– Төртінші курста оқимын, негізі соңғы курста жатақхана берілмейді, ал биыл тіпті екінші курс студенттеріне де орын жетпеді. Дегенмен биыл пәтер бағасы қатты қымбаттап кетті, бір бөлмелі пәтерді 5 қыз жалдап тұруға мәжбүрміз, соның өзінде пәтерақыны төлеу үшін жұмыс істеп жүрмін. Үй тауып орналасудың өзі оңайға түскен жоқ. Риэлтормыз дегендерге алданып та қала жаздадық, – дейді студент.Еліміздегі жылжымайтын мүлік нарығында риэлтор мәселесі де әлі шешімін таппаған түйткіл болып тұр. Расымен де, қазір өздерін риэлтормыз деп таныстырып, алдап кетіп жатқандар аз емес. Оған қоса, пәтерақының өсуімен қатар олардың да сұрайтын ақысы еселеніп, жұмыс істеу тәсілі өзгерген. Қазақстанда риэлтор қызметі 90-жылдары жұрт делдалдықты меңгере бастаған кезде пайда болған. Қазір елімізде 430-ға жуық жылжымайтын мүлік агенттігі бар екен. Риэлтор қызметінің құны нарықта 30 мың теңгеден басталады.

Бізде риэлторларға қатысты заң жоқ
– Халықаралық тәжірибе бойынша жылжымайтын мүлікті сату, жалға беру риэлтор арқылы жүзеге асады. Себебі ол – маман, оның сертификаты, лицензиясы болады, соған сай оның жауапкершілігі де бар. Яғни, олар келісімшартта жазылған талаптардың бәрін орындауға міндетті. Ал біздің заңнамада риэлтордың құқықтық жағдайы белгіленбеген. Біздің заңнамамызда риэлтор туралы, оның қызметі туралы ешқандай заң жоқ. Яғни, қазір нарық, жылжымайтын мүлікке қатысты ешқандай білімі жоқ бос жүрген адамның бәрі риэлтор бола алады. Риэлтор болам деген ниет болса болды, барасың да өзіңе жарнама жасайсың, сөйтіп жұмыс істей бересің. Екіншіден, риэлторлардың бәрінде бірдей жауапкершілік бола бермейді. Негізі, олар үйдің тазалығына, қауіпсіздігіне жауап беруі керек, бізде олай емес. Шетелде осының барлығына риэлтор жауап береді, кейін бір жағдай болса, ол оның имиджіне, беделіне кері әсер етеді. Сондықтан елімізде риэлтор және оның қызметі туралы заң қабылдау керек деп ойлаймын, – дейді заңгер.Ал Азамат Ескендіров үй жалдайтындардың арасында жауапсыз адамдар бар дегенді алға тартады.
– Риэлторлардың жұмыс тәртібі өзгергені рас, яғни төленетін ақшаның белгілі бір бөлігін алдын ала беру керек. Себебі қазір келісіп алып, артынан жоқ болып кететін адамдар көбейді. Мұндай жағдайда істеген жұмысың зая кетеді. Ал алдын ала ақша төленсе, клиент те, риэлтор да сенімді болады, – дейді ол.Риэлтор қызметі кәсіпкерлікке жатады. Сондықтан онымен айналысу үшін міндетті түрде жеке кәсіпкер немесе ЖШС ретінде мемлекеттік тіркеуден өту керек. Яғни, қатынастар азаматтық-құқықтық заңнамалық актілерге, Ата Заң, Азаматтық, Салық кодексі және Заңды тұлғаларды тіркеу туралы заңға сәйкес реттеледі. Бірақ риэлторлардың қызметі туралы заң қабылданатын болса, ол жылжымайтын мүлік агенттігі мен оның тұтынушыларын қорғай алатын еді. Сондай-ақ нарықтан ел бюджетіне түсетін салықтың көлемі күрт артады. Сонда ғана жылжымайтын мүлікке қатысты барлық операция агенттік арқылы жүргізіледі де, сол арқылы нотариус деңгейіндегі құқыққа ие болған риэлторлар келісімшарт үшін барлық жауапкершілікті өзіне жүктейді. Ақпараттық қызмет көрсететін заңсыз риэлторлардың негізгі құрбан- дары – жас әрі тәжірибесіз адамдар. Мұндай адамдар көбіне шартты оқуға құлықты болмайды. Сондықтан мамандар пәтерді жалға не сатып алардан бұрын, сондай-ақ қызмет үшін ақы төлер алдында шартты мұқият оқуға кеңес береді.